Жексенбі, 24 Қараша 2024
ШОЛУ 5619 20 пікір 21 Наурыз, 2019 сағат 15:08

Орыс ақпараты: Назарбаеваның Президент болуға мүмкіндігі бар

19 наурыз күні Н.Назарбаев Қазақстан Халқына үндеу жолдап, өзінің Президенттік өкілеттігін тоқтататынын мәлімдеді. Бұл айтулы оқиғаны Ресей басылымдары да жарыса жазып жатты.

Әуелі “Еженедельник звезда” сайты: «Назарбаев уходит, но недалеко»  атты мақала жариялады. Онда, 78 жастағы Н.Назарбаевтың отставкаға кеткені туралы аз ғана ақпаратпен қатар ТМД елдері институты директорының орынбасары  Владимир Жарихиннің пікірі берілген. Жарихин өз пікірінде, жақын арада айтарлықтай өзгеріс болмайтынын айтқан:

-Нұрсұлтан Назарбаев - саясатта үлкен тәжірибесі бар ақылды адам. Ол осы  қадамды жасамас бұрын, мұрагерін сайлау туралы мәселеге байыпты қарау керек еді. Менің ойымша, Қазақстанның болашақ президенті Назарбаевтың саясатын жалғастырады.

Назарбаев өкілеттігін тоқтатқанмен,ол әлі Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы. Бұл қызмет оған елдегі жағдайды бақылап отыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, Назарбаев «Нұр Отан» партиясының жетекшісі қызметін де атқарады, яғни ол саясатты тастап кетпейді.

Ал, Ресей мен Қазақстан тығыз ынтымақтастық қарым-қатынасын жалғастырады. ТМД елдері туралы да солай айтуға болады. Жалпы, жақын арада елеулі өзгерістер болады деп ойламаймын,- деген.

Ал, осы сайттағы “Один из самых зрелых и серьезных политиков” - политолог о Назарбаеве”  атты мақалада, саясаттанушы, Елена Кузьминаның пікірі берілген. Оның ойынша, мұндай саяси қайта құру Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынасқа қатты әсер етпеуі керек. Өйткені, екі ел арасындағы экономикалық мәселелер айтарлықтай дамыды. Ал, шаруашылық субъектілеріне қатысты кішігірім даулар - қалыпты жағдай дейді. Және ол:

-Бұл өте күтпеген нәрсе. Себебі күнделікті маңызды жұмыс барысында жаңа бағдарлама қабылданды, үкімет жаңартылды. Екінші жағынан, бұл аса тосын жағдай емес. Себебі, билік құрылымдарын қайта бөлу арқылы елдің даму жағдайлары зерттелген,- деді.

Ал, Посткеңестік зерттеулер орталығының директоры Станислав Чернявский:

- Қазақстан - біздің стратегиялық одақтасымыз. Бұл мемлекетте мұрагерлік демократиялық жүйе бұрыннан қалыптасқанын білеміз. Барлық ерекшеліктеріне қарамастан, таңдау құқығы қазақ халқына тиесілі. Сондықтан, менің ойымша, бұл жаңалықты тыныштықпен  және Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа құрметпен қабылдау қажет.

Өз басым Нұрсұлтан Әбішұлын  посткеңестік кезеңдегі ең талантты көшбасшылардың бірі деп ойлаймын. Оны Гейдар Әлиевпен ғана салыстыруға болады. Бұл Кеңес Одағын құтқару үшін көп нәрсе жасауға тырысқан адам. Ол Қазақстанның гүлденуі мен халықаралық қатынастарда маңызды рөл атқаруы үшін көп нәрсе жасады », - деп пікір білдірген.

Ал, Белсат TV сайты “Кремль вынуждает Назарбаева освободить кресло президента” деген тақырыпта көлемді материал берген. Онда Қазақстанның тұрақты көшбасшысы Н.Назарбаев президент кеңсесін мұрагеріне бергенмен, билік өз бақылауында қалады деп жазады. Ал, саясаткер Виктор Ковтуновскийдің пікірінше, қазір Ресейдің посткеңестік кеңістіктегі абыройы айтарлықтай төмендеген. Бұл үрдіс, әсіресе, Қырымды аннексиялағаннан кейін үдей түскен. Осындай жағдайдан кейін, оған Қазақстан сияқты соңғы және шынайы одақтасын жоғалту кешірілмейтін қателік болады. Және, В.Путин үлкен саяси жеңіліске ұшырайды дейді:

-Әзірге, Назарбаев отырғанда, бұл мәселеге аса алаңдаудың қажеті жоқ. Бірақ, ол 2020 жылы 80 жасқа келеді. Ал, мұндай сәтте билікті өздігінен беруге мәжбүр. Және, ол кезде билік үшін күрес, саяси жүйенің тұрақсыздығы тағы басқа процестердің әсерінен билікті бақылау қолдан шығып кетуі мүмкін. Осындай сәтте Қазақстан билігіне Ресейге адал емес адам келе алады. Сондықтан Кремльдің күн тәртібінде - Қазақстандағы биліктің өзгеруі тұрды. Әрине, Назарбаев мұны қаламайды. Бірақ ол Путиннің бұл сценарийді қабылдауына ықпал ете ала ма? Мен мұндай мүмкіндіктің бар екендігіне сенімдімін.

Сондай-ақ, ол Қазақстанның экономикасы Ресейге өте тәуелді. Теңгенің барлық циклдары рубльді айна қатесіз қайталайды. Бұдан басқа, Қазақстанның Еуропалық нарықтарға кіруі Ресей арқылы жүреді. Ол транзиттік ағындарды бақылайды, ал Қазақстан сыртқы сауда айналымының шамамен 40% -ын ЕО елдеріне экспорттайды. Ал, Қытайға 13% аспайды.

Екінші тәуелділік -  ақпараттық тәуелділік. Яғни, Қазақстандың медиа  Ресейлік БАҚ тың аймағында тұр. Және интернет ресурстарында Ресейдің әлеуметтік желілері мен ақпараттары басым. Демек,  әзірге олар ақпараттық салада түбегейлі өзгерістер мен қандай да бір маңызды қадамдар жасай алмайды дейді Виктор Ковтуновский.

Ал, атақты РиаНовости: “Политолог: дочь Назарбаева может претендовать на пост главы Казахстана”  атты мақалада Орталық Азия және Ауғанстан проблемаларын зерттеу орталығының директоры Андрей Казанцевтің пікірі берілген. Оның ойынша, тұңғыш президенттің қызы Дариға Назарбаеваны сенат спикері ретінде сайлауы Назарбаев отбасының билікке деген ұстанымын нықтай түседі. Және, бұл жағдай Назарбаеваның президенттік лауазымға дейін өсуіне мүмкіндігі бар екенін көрсетеді дейді.

20-наурыз күні Парламент Сенатының депутаттары Н.Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаеваны сенат төрайымы ретінде сайлады. Мақалада бұл жағдайға қатысты Казанцев тағы да өз пікірін былай білдірген:

-Мысалы, Өзбекстандағы Гүлнар Каримованың (Өзбекстан президентінің қызы) жағдайы бәрімізге белгілі. Әрине, Назарбаев өз отбасымен ондай жағдайдың болуына жол бермейді. Сондықтан, Дариғаның осы лауазымға сайлануы “Назарбаевтың отбасында бәрі жақсы” дегенге кепілдік береді.

Және, Казанцевтің ойынша, Дариға мансап жолында өсуін тоқтатпайды. Ол Қазақстандағы ең тәжірибелі саясаткерлердің бірі. Оның потенциалы бар және әкесінің ықпалы да жеткілікті. Сондай-ақ, ол Назарбаеваның Қазақстанның болашақ Президенті болуға мүмкіндігі бар дейді.

Сондай-ақ, ИтарТАСС агенттігінің ақпараттық сайты, “Назарбаев ушел досрочно — как это скажется на экономике Новосибирска?” атты мақала жариялады. Онда, Ресейдің Новосибирск облысы Қазақстанмен шекараластығы және Новосібір бизнесінің бір бөлігі Қазақстанмен тығыз экономикалық байланыста екені айтылған. Бұл жайтқа қатысты «Центр деловой жизни» агенттігінің бас редакторы Андрей Кузнецовтың пікірі берілген:

-Президенттің өзгеруі – біздегі шағын және орта бизнеске әсер етпейді. Егер билік транзиті дәйеуті түрде жүзеге асырылатын болса.Ал, ірі кәсіпкерлікке келетін болсақ, егер жобаларды жүзеге асыру - жоғары лауазымды шенеуніктермен қарым-қатынасқа тікелей байланысты болса, онда мұндай жобалар тоқтап қалуы мүмкін.

Сондай-ақ, ол бірнеше жыл бойы Новосібір облысының экономикасы қазақстандық инвесторлар үшін өте тартымды болғанын айтып өткен.

- Новосибирск бизнесі - қазақстандық инвесторларға дағдарыс кезеңінде қызығушылық тудырды. Бірінші  - 2008 жылдың дағдарысынан кейін, екінші рет - 2014 жылдан кейін пайда болды.

Кейбір жағдайларда қазақстандықтар бізден, негізінен, жылжымайтын мүлік сатып алды. Кейбір жағдайларда бизнесті инвестициялады, өйткені олар айырбас бағамының айырмашылығынан пайда тапты,-дейді.

Және, олар да Нұрсұлтан Назарбаевтың кетуі Қазақстан үкіметінің негізгі саяси бағытына әсер етпейді деп үміттенеді.

Түйін.

Әрине, Ресей ақпарат кеңістігінде -  біздің биліктің ауысуы өте маңызды тақырып. Бірақ, осы сараптаулардан  түсінгеніміз - Ресей Қазақстан сияқты маңызды әріптесінен айырылудан қатты қорқады. Және, дәл қазіргі саясаттың өзгеруін қаламайды. Оның себебі түсінікті де...

Нұрбике Бексұлтанқызы

Abai.kz

20 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1494
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3263
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5592