Сейсенбі, 26 Қараша 2024
Енді қайттік?.. 9830 23 пікір 26 Наурыз, 2019 сағат 14:24

Дариға Нұрсұлтанқызын арандатушыға қимаймыз...

Тұңғыш президенттің тұңғыш қызы, Сенаттың спикері, Дариға Назарбаева туралы тағы да бір  екі ауыз сөз жазбақпыз, бүгін.

Кешелі-бері әлеуметтік желіні Дариға Нұрсұлтанқызының атынан ашылған «твиттер» парақшасының шата тілді, шала сауатты шимай-шатпақтары шарлап жүр.

Жетімдерді сүреңсізге теңеген, қырғыздарды ұсқынсыз құбыжыққа балаған, боқ ауызды, бәдік тілді @dariga_senate дейтін аккаунттың жазбалары туралы айтып отырмыз.

Аккаунт «Дарига Назарбаева» деген атпен тіркелген. Тіркелген уақыты: 2019 жылдың ақпан айы. 356 оқырманы, 9 жазбасы бар екен тағы.

Осы аккаунт кеше ғана бір пост жариялапты. Сонда бүй депті: «Придумала себе новый титул, Я буду – ЕлАнасы!».

Бөтен тілдегі бұл жазбаның қазақша қотармасы былай болады: «Мен өзіме жаңа атақ ойлап таптым. Енді мен – Ел Анасы боламын!».

«Ел әкесінің» тұңғышы енді «Ел Анасы» болмақ па деп, даурыққан жұрт әлеуметтік желіде әжептәуір талқы жасапты. Д.Н-ің атына қарата неше түрлі сыни сөздер айтылыпты.

Осыны көрген біз, 30 жыл ел басқарған әкесінің өзі өз-өзіне атақ беруге арланған адам еді, бірінші қыздың бұл қай сасқаны дедік. Сөйттік те, «твиттердегі» әлгі парақшаны шолып шықтық. Сонымыз дұрыс болған екен...

24-наурыз күні Дарига Назарбаева деген аккаунт қырғыздарды тілдепті. Жәй тілдеп қана қойса кәне, аузына ақ ит кіріп, көк ит шыққанша көкбеттік жасапты. Орыс әдебиетінің ең экзотикалық терминдерін (боқтық сөздерді) қолдана отырып, бар өшін қоңсылас қоныстанған қырғыз туғандардан алыпты.

«В древности детдомов не было, по этому Казахи сбрасывали кдетей-уродов со скалы, но они выжили, так появились Кыргызы», деп жазба жариялаған. Қазақшаласақ, «Ертеректе  жетімдер үйі болмаған. Сондықтан қазақтар құбыжық балаларды жардан лақтыратын. Бірақ олар тірі қалды. Сөйтіп қырғыздар пайда болды» дегенге саяды. Бұл әрине, айыр қалпақты ағайынның ашуын келтірген. Біраз талқы болған.

Ал жаңағы аккаунт авторы одан әрі қырғыз ағайындарға тағы шүйлігіп, шекараны жауып тастаймын деп, доқ көрсеткендей сөйлейді. Өзіне қарата айтылған сыни пікірлерге түкіргені барын ашық айтады. Бұның барлығы да бейсауат, бәдік, тіпті боқауызды, анайы тілмен жазылады. Біз әлгі @dariga_senate дейтін аккаунттың барлық жазбаларын тізбелеп жатпадық. Оған жүйкеміз шыдамады.

Дариға Нұрсұлтанқызының саяси қызметіне сыни көзқарасымызды бір емес, бірнеше мәрте жазсақ та, дәл осы даулы жазбаға келгенде ол кісіні арандатушыға қимадық. Иә, жаңағы жаға ұстатарлық, жау шақырған жағымсыз жазбаларды басқа-басқа емес, Дариға Нұрсұлтанқызының өзі таратты дегенге сенгіміз жоқ.

Сондықтан, алдағы уақта Сенаттың баспасөзі, Дариға Назарбаеваның өзі бұл мәселеге қатысты пікір білдіреді деп күтеміз.

Тақырыпқа тұздық. Дариға Нұрсұлтанқызы Назарбаеваның атына қарата айтылып жатқан сын аз емес. Оның сенатор мансабында жүріп айтқан кей сөздері әлі күнге ел ішінде қызу талқылануда.

Дариға Нұрсұлтанқызы Назарбаева жоғарыда айтқанымыздай, Қазақстанның екінші адамы, қазір. Парламенттің жоғарғы палатасы саналатын Сенатты басқарады.  Кейбір саясаткерлердің болжауынша, ол алдағы сайлаудағы басты фавориттердің бірі. Жуырда «Financial Times» басылымы «Дариға Назарбаева: Қазақстанның дублер президенті» (Dariga Nazarbayeva: Kazakhstan’s understudy president) атты мақала жариялады.

Мәскеулік білімі бар опера әншісі, Тұңғыш президенттің тұңғыш қызы елдегі алғашқы әйел басшы болуға дайын көрінеді.

Әрі қарай мақала авторы экс-президент Назарбаевтың үш жыл бұрын айтқан сөздерін мысал етіпті. «Үш жыл бұрын Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның мемлекет басшысы ретінде әйел адамды қабылдауға әзір екенін ашық айтқан. «Бұл мүмкін. Менің үш қызым барын ескерсек, менің әйел затына көңілім ерекше» деген еді Назарбаев» деп жазады «Financial Times» басылымы.

Түйін. Елдегі соңғы апталардағы ауыс-түйістен кейін Дариға Назарбаеваның саяси рөлі жоғарылады. Ең кемінде ол Сенаттың спикері, Қазақстанның «запастағы» президенті атанды.

Жоғарыдағы арандатушы пиғылды аккаунттың кімге тиесілі екенін анықтау Қазақстанның құзырлы органдарының міндетіндегі шаруа. Егер аккаунт шын мәнінде Дариға Назарбаеваға тиесілі болса, оның отставкасы өтініш емес, талап болмақ. Керісінше жағдайда, мемлекетаралық алауыздықты тудырмақ ниеттілер анықталып, жазалануы керек...

Сондықтан да Қазақстанның құзырлы органдары бұны бақылауға алып, мәселенің ақ-қарасын анықтауы тиіс. Өйтпегенде, бұл жазбалар мемлекеттер арасында дау тудырып жіберуі әбден мүмкін. Біздікі қауіп! Біздікі сақтық!

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

23 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1535
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3316
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6019