Сенбі, 23 Қараша 2024
Бірлігіміз жарасқан 5944 31 пікір 3 Сәуір, 2019 сағат 15:11

Қазақстандағы №1 тұлға кім?

Биліктегі ауыс-түйістен кейін биылғы бюджетті бөлісу ісіне де аз-кем түзету жасалатыны туралы өткенде белгілі болған. Бұрынғы президент өз командасын жасақтады. Жаңа мемлекеттік органдар ашылды. Оларға да ақша керек. Ол ақшаны қайдан алады? Қазынадан, әрине.

Елбасы канцеляриіне 1 миллиард теңге бөлінеді

Күні кеше ғана Қаржы вице-министрі Татьяна Савельева дейтін адам сөйледі. Бюджет ақшасын бөлісудің мәселесі қазір сенат талқысында көрінеді. Бюджет бөлісіне үш түрлі түзету жасалмақ. Ол не дейсіз ғой, тәптіштеп айтайық. Бірінші, Астана атауын ауыстыру туралы заң жобасына өзгерту жасау керек. Сосын жұмысшылардың жалақысын көтеруге және Елбасының канцеляриін жасақтауға ақша бөлу керек.

Шынтуайтына келгенде бұл үш мәселені шешудің ақыры ақшаға келіп тіреледі. Есеп-қисап жасалыпты. Қажет қаражат есептеліпті. Енді соған бюджеттен ақша бөлу керек. Мысалы, жаңағы Татьяна дейтін тәтей Елбасы канцеляриін жасақтау үшін мемлекет қазынасынан 1 миллиард теңге бөлінетінін айтты.

Жалпы бізде мемлекет басшысының, яғни президент Тоқаевтың канцеляриі бар. Екінші канцеляридің қажеттілігі бар ма? Қазір ел ішінде «Қазақстанда екі президент бар. Екеуінде де билік бар» деген қаңқу сөз желдей есіп жүр. Сол сөзді шындыққа айналдыру үшін бе?

Тәуелсіз Қазақстанның екінші президенті тағайындалып, қызметіне кіріскелі жарты айға жуықтады. Ойлап тапқанымыз емес, көзбен көргенімізді айтайық. Президент Тоқаев біраз кадрды ауыстырды. Тоқаев қызметсіз қалдырған адамдарға, экс-президент Назарбаев ертесі күні-ақ, қызмет ұсынды.  Солардың бірсыпырасын жанына жинап, өзінше канцелярий жасақтап жатыр, әне.

Экс-президент Назарбаев өз еркімен отставкаға кеткенде әлемдік ақпарат құралдары мен саясаткерлер «Назарбаев президенттіктен кеткенімен, биліктен кеткен жоқ» деп жазған еді. Сол шынға айналған сыңайлы. Олай деуімізге себеп те жоқ емес.

Ақорда сайты Президентті емес, негізінен Елбасының ақпараттарын жариялап жүр

Ақорданың сайты Қазақстан президентінің ресми ақпарат құралы. Ақорда қожайынының жаңалықтарын жариялайтын мінбер. Ал Қазақстанның президенті қазір Қасым-Жомарт Тоқаев. Нұрсұлтан Назарбаев ендігі экс-президент. Ол Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы.

Алайда Ақорданың сайтын жүргізушілер батыс ақпараты айтқан «Қазақстанда екі билеуші бар» дегенді шын көрсе керек. Екі президентті қатар ұлықтап келеді, әйтеуір. Екіншісін де, эксін де. Сенбесеңіз, міне көріңіз...

21 наурыз бен 3 сәуір аралығында Нұрсұлтан Назарбаев Иордания королі II Абдалламен, Германия канцлері Ангела Меркельмен, Украина президенті Петр Порошенкомен, Түркияның экс-президенті Абдолла Гүлмен, Польша президенті Анджей Дудамен, Ресей президенті Владимир Путинмен, Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанмен, Армения президенті Армен Саркисянмен сөйлескен.

Нұрсұлтан Назарбаевтың Алматыға, Алматы облысына барған әр сапарын қалт жібермей жазып, жариялап жүр. Оның сыныптастарымен кездескенін де, ел-жұрттың алдында сөз сөйлегенін де Ақорда ақпараты таратты.

Тіпті Назарбаев отставкаға кеткенде оның атына келіп түскен жеделхаттарды да жариялады. Мысалы, Қытай төрағасы Ши Жинпиннен, АҚШ Мемдепартаментінен, Бельгия королі Филипптен, Сербия президенті Александр Вучичтен, Моңғолия президенті Халтмаагийн Батулгадан, Мажарстан премьері Виктор Орбаннан, Татарстан президенті Митимер Шаймиевтен, Люксембург премьері Ксавье Беттельден, Сингапур премьері Ли Сянь Луннан, Польшаның бұрынғы президенті Александр Квасьневскийден, Хорватияның бұрынғы президенті Степан Месичтен, Австрияның бұрынғы президенті Хайнц Фишерден, Германияның бұрынғы канцлері Герхард Шрёдерден, Еуропалық комиссия төрағасы Жан-Клод Юнкерден, БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриштен, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының Бас хатшысы Владимир Норовтан, Еуразия экономикалық комиссия алқасының төрағасы Тигран Саркисяннан т,б, келіп түскен жеделхаттардың барлығын дерлік Ақорда сайтынан көріп білдік.

Ол аз десеңіз, Ақорда сайтында «Тұңғыш президенттің дербес парақшасы» деген арнайы парақша бар. Ол Нұрсұлтан Назарбаевтың парақшасы.

Ал өзі бас болып, барлық әкім-қараларға, шенді-шекпенділерге түгел әлеуметтік желіге тіркелуді тапсырған Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңағы Ақорда сайтында парақша түгілі арнайы айдары (колонка) да жоқ. Бұл факт. Ақорда сайты қазіргі президент Тоқаевқа парақша арнаған жоқ.

Жо-жоқ, Ақорда сайты президент Қасым-Жомарт Тоқаев туралы еш ақпарат жазған жоқ демейміз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазақстандық 14 шендіні (әкімі бар, министрі бар, меморган басшысы бар) қабылдағаны, 10 шетелдік мемлекет басшысымен сөйлескені, Түркістан облысына, Шымкент қаласына сапарлап қайтқаны, Наурыз мерекесіне Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге барғаны да Ақорда сайтында жарияланды.

Солай боулы керек те. Мемлекет басшысының сайты мемлекет басшысының жаңалығын жариялайтын мінбер. Десек те, біз сайт материалдарына контент-анализ жасадық. Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ел-халықтың алдында ант қабылдап, президенттік қызметіне кіріскен 21 наурыздан бастап күні бүгінге дейін Ақорда сайты Нұрсұлтан Назарбаев туралы ұзын-ырғасы 20-ға жуық ақпарат жариялапты.

Өткенде бұрынғы президент Назарбаев Алматыға келді. «Қазақстан-Нұрсұлтан» деген айғай-ұрандарын айтқан адамдар тіпті әуежайдың ұшақ қонатын алаңына кіріп кетіпті. Отставкаға шыққан Елбасыны асыға күткендерді ақпарат құралдары түсіріп таратты. Нұрсұлтан Назарбаев мінген борт әуежайға келіп қонды. Назарбаев әдеттегідей алқалаған адамдармен амандасып, әрі қарай жүріп кетті.

Осы тұста көп жұрт мән бермеген бір деталь – Назарбаев Алматыға Қазақстан президентіне тиесілі «01» нөмерлі бортпен ұшып келді. Ол ұшақ ендігі президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа тиесілі ұшақ емес пе еді?! Жалпы экс-президенттің қызмет мансабы президент Тоқаевтан жоғары ма? Көп жұртты мазалаған көп сұрақтың бірі осы, міне.

Тұңғыш президенттің құқығы мен міндеті қандай?

«Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентi-Елбасы туралы» Конституциялық заң бар. Сол заңға сәйкес:

- ҚР Президенті болып сайлану құқығы бойынша мерзімдік шектеу жоқ;

- Экс-президенттің абыройы мен ар-намысына ешкімнің тиісуіне болмайды;

- Оның және отбасының қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі;

- Оларға қызмет көрсету және қорғау мемлекет есебінен жүргізіледі;

- Өз өкілеттілігін тоқтатқаннан кейін басқа президенттерге конституциялық өкілеттіліктерін береді;

- Ғұмыр бойы ҚР Конституциялық кеңесінің мүшесі болып табылады;

- Қазақстан халқына, мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдарға мемлекеттік құрылыстың, елдің ішкі және сыртқы саясаты мен қауіпсіздігінің аса маңызды мәселелері бойынша тиісті мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар міндетті түрде қарауға жататын бастамалар жасау;

- Қазақстан Републикасы Парламенті мен оның палаталарының алдын да, Республика  Үкіметінің отырыстарында ел үшін маңызды мәселелерді талқылау кезінде сөз сөйлеу;

- Қазақстан халқы Ассамблеясын басқару;

- Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің, Қауіпсіздік Кеңесінің құрамына құрамына кіру құқығы берілген;

- Оның заңды қызметіне кедергі жасауға;

- Оны көпшілік алдында қорлауға немесе оның абыройы мен қадір-қасиетіне өзгедей қол сұғуға;

- Оның бейнесін бүлдіруге жол берілмейді.

Жоғарыда экс-президент Назарбаев ҚР Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы болып тағайындалғанын айттық. Ал енді сол Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы не істей алады? Оның міндеттері мен мүмкіндігі қандай?

- Елдің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету;

- қорғаныс қабілетін нығайту;

- заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын жоспарлау, қарау және олардың іске асырылуын бағалау;

- тиісті шешімдер мен ұсынымдарды әзірлейді және қабылдайды;

- мемлекеттік органдар мен ұйымдардың қызметін үйлестіреді.

- Қауіпсіздік кеңесінің қызметіне басшылық жасайды;

- Қауіпсіздік кеңесінің мүшелеріне тапсырма береді;

- Контитуциялық орган елдің ұлттық қауіпсіздігі мен халықаралық ұстанымдарын, мемлекеттің қорғаныс қабілетін, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету саласында мемлекеттік органдар мен ұйымдардың қызметін үйлестіреді;

- мемлекеттік бағдарламаларды, заң жобаларын, маңызды сыртқы саяси және мемлекеттік мәні бар өзге де бастамаларды талдайды және бағалайды;

- Үкіметтің ұлттық қауіпсіздікті, қорғаныс қабілетін, құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету саласындағы қызметінің нәтижелері мен негізгі бағыттары туралы жыл сайынғы баяндамасын тыңдайды;

- елдің ұлттық қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілетін қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру мәселелері бойынша мемлекеттік органдардың бірінші басшыларын тыңдайды;

- орталық және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдарының, сондай-ақ Қазақстан президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың бірінші басшы лауазымына тағайындауға ұсынылатын кандидатураларды талқылайды;

- Мемлекеттік органдар, ұйымдар мен лауазымды адамдар Қауіпсіздік кеңесі мен оның төрағасының шешімдерін мүлтіксіз орындауға міндетті. Барлық шешім Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы бекіткеннен кейін күшіне енеді, қажет болған кезде Қазақстан президентінің актілерімен жүзеге асырылады.

Ал Қауіпсіздік кеңесіне:

- ҚР Премьер-министрі,

- Мемлекеттік хатшы,

- ПӘ басшысы,

- ҰҚК төрағасы,

- Сыртқы істер министрі,

- Қорғаныс министрі,

- Сенат төрағасы,

- Мәжіліс төрағасы,

- ҚР Бас прокуроры,

- Ішкі істер министті,

- «Сырбар» (сыртқы барлау) қызметінің директоры кіреді.

Түйін. Қош! Енді ойымызды түйіндейік. Ақорда сайты президентпен қатар ұлықтап жүрген, ел арасында президенттің ұшағымен ұшып-қонатын Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы, экс-президент Назарбаевтың констиуциялық құқығы осындай. Десе де, халық Елбасы канцеляриін құруға бюджеттен 1 миллиард теңге жұмсалатындықтан біраз өзгеріс болғанын қалайды. Сол қыруар қаржының аз бөлігіне Елбасы канцеляриінің жеке сайтын ашуға әбден болмай ма? Ақорданың сайты тікелей ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтің жұмысын насихаттауы тиіс. Ал, Елбасының ісі мен екінші Президенттің жұмысын араластыру дұрыс емес. Рас, Қазақ еліндегі №1 адам қазір Елбасымыз. Сөйтсе де, әлем алдындағы ресми Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев екенін ұмытып кетпесек екен...

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

31 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3238
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377