Әлімханұлы Головкиннің орнын басады
Қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы (5-0, 2 КО) 12 сәуір күні АҚШ төрінде кезекті жекпе-жегін өткізеді.
Бұған дейін бес кездесуді өз пайдасына шешкен Әлімханұлы кәсіпқой рингтегі алтыншы жекпе-жегінде 2 бірдей чемпиондық белбеуге таласқалы отыр. Лос Анжделесте өтетін бокс кешінде шаршы алаңға шығатын Жәнібек мексикалық Кристиан Олливаспен жұдырықтасады. 10 раундқа жоспарланған бұл жекпе-жекте WBO Global және WBC Continental Americas чемпиондық белбеулері сарапқа салынады.
Ерекше айта кетерлігі, Жәнібек жеңіс санын көбейту мақсатында төмен деңгейлі боксшылармен кездесіп жүрген жоқ. Мәселен өткен жылы 3 қараша күні Техас штатындағы Эль-Пасо қаласында жолыққан қарсыласы америкалық Ван Александр 13 жекпе-жек өткізіп, 12-ін жеңген. Бесінші жекпе-жегіндегі қарсыласы тағы бір америкалық боксшы Стивен Мартинес (18-4, 13 КО) те нашар спортшы емес болатын.
Алда кездескелі отырған қарсыласы Кристиан Олливас 20 жекпе-жек өткізіп, оның 16-ын жеңген аса тәжірибелі боксшы.
Естеріңізде болса, Жәнібек Әлімханұлы өткен жылы маусым айында әлемге әйгілі промоутер Боб Аруммен келісімшартқа қол қойған болатын.
Алдына үлкен мақсат қоятын Жәнібек АҚШ-қа қатардағы көп коксшының бірі болу үшін барған жоқ. Ол үнемі Qazaq stylе дегенді айтып жүреді. Әлем боксына жақсы таныс "мексикалық стиль" деген бар, дәл сол секілді "қазақ бокс стилін" әлемге танытуды көздейтінін жасырмайды. Әрі өз салмағының үздіктерімен, әлем чемпиондарымен кездескісі келетінін айтады.
««Канело» - менің салмағымдағы көшбасшы. Мен әлем чемпионымен жекпе-жек өткізгім келеді, сондықтан «Канеломен» айқасқанды қалаймын. GGG оған жеңілді, біз Геннадий екеуміз бір елденбіз, сондықтан «Канелодан» белбеулерді тартып алып, қайта Қазақстанға апарғым келеді», - деген еді Жәнібек Fino Boxing-ге берген сұхбатында.
АҚШ төрінде өнер көрсетіп жүрген қазақстандық кәсіпқой боксшылар аз емес. Алайда, дәл қазір әлем чемпионы атағы үшін жекпе-жек өткізуге еш қайсысының мүмкіндігі жоқ. Жанкүйерлер әлі де болса Геннадий Головкин сынды әлем чемпионын асыға күтеді. Кәсіпқой бокстағы жолын жаңа бастап жатқан жастарды айтпағанда, әуесқой бокста тәп-тәуір жетістікке жеткен Жәнібек Әлімханұлы қазақ жанкүйерлерінің үмітін ақтауға бір табан жақын деп есептейміз.
Бәріміз білетіндей, жақында Қазақстандық кәсіпқой боксшы Фируза Шарипова төңірегінде үлкен дау туындады. Бір жыл бойы чемпиондық атағын қорғамаған Шарипова IBO және WBC Silver белбеулерінен айырылып қалды. Бұны қаржының аздығы мен демеушінің жоқтығынан көрген боксшы өкпесін айтқан.
«IBO әлем чемпионы атағы мен WBC Silver белбеуінен айырылғанымды ақпарат құралдарынан білдім. Бұған себеп, біз бір жылдан астам уақыт чемпиондық атағымды қорғаған жоқпыз. Ал ереже бойынша чемпиондық атақты қорғап тұру керек. Былтыр жыл соңында WBC және IBO әлем чемпионы атағы үшін Ева Вальстреммен жекпе-жек өткізуді жоспарлаған едік. Алайда қаржылық мәселелер бұған кедергі болды. Мәдениет және спорт министріне және әкімдерге хат жазып, қаржылай көмек сұрадық. Өкінішке қарай, бізге қаражат табылмады.
Әзірге мен WIBA нұсқасы бойынша әлем чемпионымын. Ал қалған атақтардан айырылу менің және командамның кінәсі емес. Мен белдеулерімді шайқаста жоғалтқан жоқпын. Өкінішке орай, Қазақстанда бізге ешкім қолдау көрсетпеді.
Қазіргі уақытта 63,5 келі салмақ дәрежесінде әлем чемпионы титулын иелену үшін жұмыс істеп жатырмыз. Қазір демеуші іздестіру үстіндеміз, бұл мәселе әлі шешілген жоқ. Біз Мәдениет және спорт министрлігі мен қазақстандық кәсіпкерлердің қолдауын күтіп отырмыз», - деді Шарипова.
Боксшы қыз өзіне мемлекет тарапынан көмек көрсетілмеді деп мәлімдеме жасағанымен, Мәдениет және спорт министрлігі бұны жоққа шығарды.
«Отандық спортшыға қолдау көрсету мақсатында, фируза Шарипованың WBC чемпиондық белбеуінің иегері Ева Вальстреммен біріккен жекпе-жегін өткізу үшін ҚР Мәдениет және спорт министрлігі 2018 жылдың мамыр айында 74,8 млн көлемінде қаражат бөлді. Алайда, осы жекпе-жекті өткізудің орнына, Юлия Куценкомен өз титулын қорғау жекпе-жегін өткізген. Осылайша, аса маңызды бірлескен кездесуге бөлінген 74,8 млн. теңге қаражат қорғай жекпе-жегін ұйымдастыруға жұмсалған», - Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері Комитетінің басшысы Серік Сәпиев.
Осыдан кейін қазақстандық журналистерге сұхбат берген Шарипованың промоутері, ресейлік менеджер Сергей Завильский мемлекет бөлген қаржыны мүлде азсынып отыр. Оның айтуынша, Министрлік тарапынан бөлінген ақша Фирузаның жекпе-жектеріндей бокс кешін ұйымдастыруға жетпейді. Сол үшін тағы да 500 мыңнан миллион АҚШ доллары көлемінде қаржылай көмек керек екен.
Ресейлік менеджердің айтуынша, Шариповаға мемлекет жоғарда аталған 74,8 млн. теңгеге дейін де бірнеше мәрте көмектескен. Алғаш рет EXPO халықаралық көрмесі аясында кездесу өткізгенде ақшалай қолдау жасаған. Ал екінші мәрте «Самұрық Қазына» қоры қаржы бөліп, Фирузаның 2017 жылы Алматыда WBC, IBO белбеулері үшін жекпе-жек өткізуіне көмектескен.
Демек, "Қазақстанда бізге ешкім қолдау көрсетпеді" деп өкпелеп жүрген боксшы қызға Қазақстан билігі үш мәрте қаржы берген. Әрі бұл ақшаның аз емес екенін спортшының менеджері мойындап отыр. "Қазір жалпы мөлшері есімде жоқ, ұшақта отыр едім. Бір шетінен бұл өте көп ақша" депді Сергей Завильский қазақстандық журналист Серік Ноянбайұлына берген сұхбатында.
Біз бұл мәліметті салыстыру үшін айтып отырмыз. Себебі, қазақ бокс жанкүйерлері үлкен үміт артып отырған Жәнібек Әлімханұлына мемлекет мүлде демеушілік жасаған жоқ. Бұл туралы боксшының PR директоры Берік Сұлтан Жәнібектің бесінші жекпе-жегі алдында forbes.kz-ге берген сұхбатында былай деген еді:
«Боксшы әр жекпе-жек сайын өсуі керек. Өсу үшін қажетті витаминдер, білікті мамандармен жұмыс істеу керек. Бұйыртса осы жекпе-жектен соң бірнеше танымал мамандарды командамызға алуды жоспарлап отырмыз. Ол үшін әрине қосымша қаражат керек. Біз бүгінге дейін ешқандай демеуші іздегеніміз жоқ. Себебі ақшамыз команданың шығынына жетіп тұрды. Бірақ осы жекпе-жектен соң іздеуге кірісеміз. Еліміздегі үлкен компаниялармен келісімшарт жасап, олардың брендін жарнамалайтын күн де алыс емес деп ойлаймын. Демеушілермен ұсынар ұсыныстарымыз да дайын».
Қуаныш Қаппас
Abai.kz