Жұма, 22 Қараша 2024
46 - сөз 6015 11 пікір 10 Сәуір, 2019 сағат 12:41

"Қазақстанның Норвегия секілді болғанын қалайсың ба?"

Әдетте үкіметке жақын тұлғалар соғыстан көз ашпаған, дағдарыстан дағдарысқа тап болып, бағытынан жаңылған бейшара мемлекеттерге назар аудартып, халықты сабыр мен шүкірге шақырып жатады.

Сириядағы соғыс бізде де болғанын қалайсың ба? Әлде Йемендегі аштықты? Мүмкін Грекиядағы қаржы дағдарысын? Венесуэладағы жұмыссыздықты ма?

Бұлар халықты "шүкір" мен "қанағатқа" шақыратын кісілердің жиі қоятын сұрақтары.

Алайда олар ешқашан бізден "Қазақстанның Норвегия секілді болғанын қалайсың ба?" деп сұрамайды. Сұрай да алмайды! Себебі:

- Норвегия сөз бостандығы бойынша әлемде 1-орында. Қазақстан 158-орында. (дереккөз: Reporters Without Borders)

- Норвегия тұрғындардың бақыт индексі бойынша әлемде 3-орында. Қазақстан 60-орында. (дереккөз: UNSD)

- Норвегия адам дамуы индексі бойынша 1-орында. Қазақстан 58-орында. (дереккөз: UNDP)

- Норвегия гендерлік даму индексі бойынша да 1-орында. Қазақстан тағы да 58-орында. (дереккөз: UNDP)

Бұл тізімді жалғастыра беруге болады.

Норвегия - мұнайға бай мемлекет. Қазақстан сияқты. Олар мұнайдан түскен табысты жарата бермей, болашақ ұрпақтың игілігіне сақтайық деп, ұлттық әл-ауқат қорын (Norway's Sovereign Wealth Fund) құрған. Дәл қазір бұл қордың активтер көлемі 1 трлн долларға жуық. Қазақстан да Норвегияны үлгі етіп, бір жылдары Ұлттық Қор құрған-ды. Алайда біздің Ұлттық Қор тесік шелек сияқты: ақша бір жағынан кіріп жатса, екінші жағынан шығып жатады. 2014 жылы қордың активтер көлемі 77 млрд доллар еді. Кейін дағдарыс деді, ЭКСПО деді, универсиада деді, сөйтіп қазір қорымызда 59 млрд доллар ғана қалды.

Норвегияның ұлттық қорына жауапты тұлғалар қор қаржысын әлемдегі түрлі жобаларға инвестиция ретінде құяды. Қордың этикалық ұстанымдары да бар. Мысалы, балалар еңбегін пайдаланатын, жұмысшыларды қанайтын, қоршаған ортаға зиян тигізетін, табак, есірткі, қару-жарақ өндірісімен айналысатын ұйымдарға, басқыншы мемлекеттердің компанияларына инвестиция құюдан бас тартады. Ел азаматтары мен журналистер қор жұмысын жіті қадағалап, сынап отырады. Өйткені Норвегия сөз бостандығы бойынша бірінші орында.

Иә, Норвегия монархиялы мемлекет. Нақтырақ айтқанда, конституциялы монархия. Алайда оларда король - қарамағындағылар жеке басына табынып, қаһарынан қорқа зыр жүгіретін, билігін өктем қолданатын культ-тұлға емес, мемлекеттің өткені мен бүгінін байланыстыратын, көбіне мәдени іс-шараларда ғана көрінетін символикалық бейне. Норвегия патшасының паркте балалармен ойнап жүргенін көрсеңіз еш таңғалмаңыз.

Иә, Норвегия идеал мемлекет емес. Бұл мемлекеттің де минустары бар. Мысалы, исламофобиямен проблемасы бар. Алайда ел үкіметі бұл мәселеге көз жұмып отырған жоқ: шешім іздеп әлек.

Норвегия жүргізіп отырған гендерлік саясат мақтауға тұрарлық. Әйелдердің ерлермен тең жалақы, тең білім алу, теңдей жұмысқа орналасу мүмкіндігі басқа елдермен салыстырғанда көш ілгері. Алайда соған қарамастан, Норвегияда әйелдердің жыныстық зорлыққа ұшырау оқиғалары көп екен. Кеше осыған байланысты Amnesty International мәлімдеме жариялады. Әлбетте, бұл Қазақстанда әйелдер аз зорланады дегенді білдірмейді. Керісінше, бұл Норвегияда біздегідей зорлық оқиғасын ашық жариялауға тыйым салатын "ұят" ұғымының жоқ екенін көрсетуі әбден мүмкін.

Иә, мен ислам дінін ұстанамын. Менің сенімімде қанағат, шүкір, сабыр, ұят ұғымдары ерекше қастерлі. Алайда мен бұл қасиетті ұғымдардың қалай болса солай қолданылғанын қаламаймын. Әсіресе билік иелерінің қоғамға зиянды әрекеттерін немесе әрекетсіздіктерін ақтап алу үшін қолданылуын.

Иә, мен "шүкір" ұғымының мазаққа айналғанын қаламаймын. Алайда менің одан да қатты қаламайтын нәрсем бар:

- елде түрлі бассыздықтар орын алып жатқанда;

- билік халық үшін емес, өзінің қалтасы үшін жұмыс істеп жатқанда;

- экологиямыз ластанып жатқанда;

- тапа-тал түсте азаматтарымыз қала ортасында пышақталып өліп жатқанда;

- азаматтарды қорғауы тиіс полиция өзінің негізгі миссиясын ұмытып, керісінше, күш көрсетіп жазалаумен айналысып жатқанда;

- ешкімге пайдасы жоқ пропагандалық форумдарға халықтың миллиардтаған теңгесі шашылып жатқанда ештеңе байқамаған болып, жаттанды "шүкір", "тәуба", "сабыр", "қанағатымызды" айтып үн-түнсіз отыра беру.

Қазір біреулер пікір жазатын шығар. Норвегия бірнеше жылда мұндай деңгейге жеткен жоқ. Бізге әлі біраз уақыт керек, т.б. нәрселерді айтып. Құдайым-ау, айтыңдаршы енді, бізге әлі қанша уақыт керек? Тағы қанша уақыт "шүкір" етіп, төзіп отыруымыз қажет?

Уақыт демекші. Өткенде бір досым айтқан еді. АҚШ осыдан бірнеше ғасыр бұрын құрылған мемлекет. Біздің олар секілді демократияға қол жеткізуіміз үшін сонша уақыт қажет деп. Біз дәл осы бағытпен жүре берсек, жүздеген жылдан кейін де батыс елдерінің демократиясына қол жеткізе алмаймыз. АҚШ-та соңғы екі ғасырдан бері президент сайлауы уақытылы өткізіліп келеді. Әр 4 жыл сайын. Тіпті азамат соғысы, дүниежүзілік соғыс, ұлы депрессия жылдарында да сайлау уақытылы өткізілген. Ал бізде КСРО ыдырап, Қазақстан Республикасы құрылғалы бері президент сайлауымыз бір де бір рет уақытында өткізілмеген, үнемі кезектен тыс сайлаулар өткізіліп келеді. Белгісіз бұлыңғыр болашақтағы емес, дәл қазір, дәл осы сәттегі, дәл осы жердегі демократия мен теңдік, зайырлылық, ашықтық пен есептілік қажет бізге.

Оразай Қыдырбаевтың facebook парақшасынан

Abai.kz

11 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1458
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3225
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5282