Сенбі, 23 Қараша 2024
Деп жатыр 17030 2 пікір 10 Сәуір, 2019 сағат 17:30

Ғаламтор қазақ еліне қалай келді?

Ең негізгі байлық – бұл адамдар

арасындағы өзара  қарым-қатынас.

Антуан Экзюпери

Бұқаралық коммуникация құралдары ғасырлар иірімінде қарыштап
дамыды. ХV ғасырда − кітап, ХVІ − газет, ХVІІ ғасырда журнал
жарыққа шықты. ХХ ғасырда радио мен телевизияның жасалуы ақпарат
саласында орасан зор толқыныс тудырса, ал, ХХІ ғасырда аталмыш
коммуникация құралдарын бір арнаға тоғыстырған интернет пайда
болды.

Қазақстан 1994 жылы алғаш рет "Релком" фирмасы арқылы бүкіләлемдік
интернет жүйесіне қосылды. 1997 жылы жазда Көкшетау қаласында
"Арна-Спринт" компаниясының арқасында нағыз интернет пайда болды.
Оның бастапқы тарифтік құны сағатына $10 болғанына қарамастан ерекше
танымалдыққа ие еді. Қазір әрине сіздерге күлкілі болуы мүмкін бірақ
сол кездегі ең мықты интернет жылдамдығы 14400 бит\сек болатын. 1999
жылы бірінші қыркүйектен бастап "Қазақтелеком" өзінің филиалдары
арқылы "Зона интернет" атты жобасын жасады. Бұл жобаның жұмыс істеуі
үшін Қазақстанның әрбір үлкен қалаларында фирманың құрылғылары
орнатылды.

Бүгінде интернет жүйесі – ақпарат алмасу, әлемдік рынокқа шығу,
инвестиция тарту, отандық экономиканың әлеуетін арттыру, кәсіпкерлікті,
ғылым мен білімді, мәдениет саласын, азаматтардың белсенділігін
арттыруда шешуші рөл атқаруда. Мәселен, қазірде интернет
конференциялар өткізу дәстүрге айналып келеді (бұл әдістер әлем
мемлекеттерінде де қолданылуда). Тіпті бұл үрдіс қарым-қатынастың
тиімді түрі болуда. Теледидар, радио мен газет парақтарының орнын да
біртіндеп интернет желісі басып келеді.

Академик Ғ.Есімнің: «...біздің өмір сүріп жатқан қоғамымыздың
мазмұнын анықтайтын фактор - ақпарат. Оны біз ақпараттық қоғам деп
жүрміз. Бүкіл әлем бір сәтте үйіңізге сыйып кетеді. Интернет, электрондық
пошта жүйесі,  жетілген коммуникация әлемді тұтастырып барады.
Бұрынғыдай әр елдің «сырын» сақтауы мүмкін емес. Ел ішіндегі оқиға
күні ертең әлем тілдеріндегі басылым беттерінде жария етілмек. Мұның
бәрі қазақстандықтардың ой-өрісіне, сезім-санасына, мінезіне, тұрмысына
сапалы өзгерістер енгізуде» – деген пікірі интернеттің зор мүмкіндігін паш
етеді.

2017 жылғы Бүкіләлемдік экономикалық форумның статистикасы
бойынша Қазақстан әлем елдерінің ішінде ғаламтор
қолданушыларының саны жағынан 36-орынды иемденген. Бұл
көрсеткіш 2016 жылғы статистикадан 4%-ға көбірек болса, 2018 жылы
2%-ға төмендеген екен. Дегенмен бүгінде елмізде 100 адамның 77-сі,
тіптен одан да көбі ғаламтор қолданушысы болып табылады. Казнеттің
мәліметтеріне сүйенсек, қазақ тілді сайт қолданылушылар саны 135 808
(134 903 –.KZ, 905 –.ҚАЗ) — өсім саны 2016 жылмен салыстырғанда 6,7%
жоғары (+8 573 домен). 2018 жылғы деректер бойынша Интернетті
қолданушылардың саны бізде 80 пайызға немесе 14,5 миллион адамға
жеткен. Олардың ішінде ең белсенді топта 25-34 және 35-44 жас
аралығындағы азаматтар (сәйкесінше 30 бен 20 пайыз).

Парламент мәжілісінің төрағасы қызметін атқарған Нұрлан Нығматулин
2017 жылғы өткен палатаның жалпы отырысында «Біз қазір арнайы
комитетпен балаларға ақпараттық қолжетімділікті шектеу бойынша заң
жобасымен жұмыс істеудеміз. Осы орайда жеткіншектердің
планшеттерге, айпадтарға және басқа да құрылғыларға қолжетімділігіне
қатысты көп мәселелер бар. Балалар жастайынан кітап оқығанның
орнына планшеттермен отырады. Кейіннен бес жастағы баланың көзі
нашар көретіні және басқа да проблемалары анықтала бастады» деп
ғылыми-техникалық дамудың балаларға кері әсерін қарастырған
болатын.

Ғаламтордың жастарға әсерінен бөлек билік тарапынан мемлекеттегі ғаламторды «жекешелендіру» мәселесі де бар. Мемлекеттік шектеулерге
қатысты Әбен Әбдірахманұлы, «Болашақ» республикалық қозғалысы
төрағасының орынбасары «Abai.kz» ақпараттық порталына берген
сұхбатында: «Мой мир» деген әлеуметтік бағдарлама бар. Оған тек
Алматы бойынша 150 мыңнан астам адам тіркелген. Егер оған сіз
Үкіметке қарсы сөз жазар болсаңыз, сіздің ғаламтордағы бетіңізді
бірден жауып тастайды. Бұл адам құқын шектеу емей, немене?
«Интернет няня» деген түсінік бар, егер үйіңізде ғаламдық желі болса,
ондағы қажет етпеген сайттарды өз еркіңізбен жауып тастай аласыз.
Жалпы, интернетке шабуыл жасамай, қайта біз осындай әдістерді
дамытуымыз керек. Мәселен, ол сайттар балалардың психологиясына
зиян келтіруі мүмкін. Бізде интернетке БАҚ ретінде қарау да бар.
Адамдар арасындағы байланыс құралын «соғыс қаруына»
айналдырудың керегі не?» деп, өз пікірін білдірді.

Ал мәжіліс депутаты Камал Бұрханов керісінше,  «Ғаламтор - қоғамдық пікір
қалыптастыруға, адамдар арасында байланыс орнатуға мүмкіндік
беретін керемет құрал. Бірақ оның ұлт қауіпсіздігіне, ел тұтастығына
қатер келтіретін тұстары бар. Мәселен, Ата заңымызда тыйым
салынған кейбір дүниелер кейде интернет арқылы тарап кетіп жатады. Әсіресе, ұлтаралық, дінаралық қатынастарға байланысты айтылған
ойлардың таралуына жол бермеуіміз керек», - деген пікірін айтқан
болатын.

Қорыта айтқанда, қоғамның жаңашылдығымен бірге жаңғырған ғаламтор
әлемі қазаққа да қажет. Тек оның қызметіне «құл» болмау
қоғамның принципіне айналуы қажет.

Түйін

Адамның қолдан жасалған дүниеге тәуелді болуы оның мүмкіндіктерін
шектейтіндігі сөзсіз. «Білім – ең маңызды аспап» деген ғаламдық кәсіпкер
Билл Гейтстің сөзі де адамның ең үлкен мүмкіндігі – білімі екендігіне
бірден-бір дәлел. Қарыштаған заманның қалыспаған тұлғасы болсақ та
адами қабілеттерімізді қолдан келгенше, ғылыми нәтижелерді өзіндік
мақсатында, дұрыс нормада пайдалануды ұмытпайық.

Шынар Төлеухан

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5489