Дүйсенбі, 22 Сәуір 2019
Мың бір мысал 1658 9 пікір 12 Сәуір, 2019 сағат 09:21

Киелі бесіктің таңғажайып тарихы туралы...

Көрнекі сурет

Дала өркениетінде тал бесік қай уақытта да қажеттілігі жойылмайтын, уақыт қанша өтсе де қасиеті өзгермейтін, тұрпаты қайталанбайтын дара мәдениеттің жемісі. Бесіктің табиғилығы мен жасампаздығы тепе-
тең, міне сол жайлы бір үзік әңгіме:

Солтүстіктегі бұрын Кереку деп аталатын қаланың мұражайына қойылған бесікке «Оралманның бесігі» деген анықтама беріліпті. Қашан жасалғаны және иесінің кім екені де жазылған. «Мүсілім Мұхамадиұлы, 1897 ж.»

Менің көргенім 2001 жыл еді. Сонда бұл бесікке 104 жыл толған болатын.
Көне бесіктің көзге оттай басылатын тұрпаты көз алдымда қалыпты. Екі басының иілген доғасы қақтап шабылған, тастай болып кепкен қара тал екен, ақ таяқ секілді арқалық ағаш отқа қыздырған істікпен қарыла-қарыла ине шаншар жер қалмаған. Бәлкім, әр жаңа туманы бөлеген сайын «пәледен сақта!» деп, жасалған ескі ырымнан қалған белгілер болу керек. Ең алғашқысына әрине жүз жылдан асты, соңғысы... ол мәлім емес.

Бір қызығы Белоград деген ауданнан осы бесіктің иесін тапқан едім. Мүсілім
деген 84 жасқа келген қария Моңғолияның Баян-Өлгей аймағынан 1992- жылы көшіп келіпті. Бала шағында көргенін кешегідей қылып әңгімелейтін зерделі ақсақалдың бесіктің тарихы туралы айтқан қызықты хикаясын оқырманмен бөлісудің осы жолы бір сәті түсіп отыр.

Жаңағы мұражайға қойылған бесік Мүсілімнің ең үлкен ағасы Биғазы туғанда Өр Алтайдың Шіңгіл деген өзенінің жағасындағы талдан қиылып жасалыпты. Содан көп уақыт «Биғазының бесігі» атаныпты. Мұражайға қойылғанға дейін «Үлкен атаның бесігі» делініп жүріпті.

Мүсілім өзі осы бесікке Мұхамадидің оныншы баласы болып бөленген екен.
Өзінен кейін және бес іні, қарындасы бөленіпті. Кім қайда туып, қандай кемпірдің бөлегеніне дейін ұмытпапты, ол өз алдына бөлек әңгіме. Мұхамадидің ауылы 1898 жылы Қобда бетіне асқанда Биғазы бір жаста, бесікте болған. Бұл бесіктің «киелі бесік» атанып, жүз жыл бойы әулеттің қолынан түспеуі осы көш оқиғасынан басталған секілді. Шешесі екінші баласына аяғы ауыр болғандықтан, бала бөленген бесікті атқа өңгеріп жүре алмай, жүк артқан түйенің біріне таңса керек.

Қытай мен Моңғолдың шекарасындағы Жарғылынтының тік асуыннан асқанда бесік таңылған түйе тайып жығылып, жүк-мүгімен шыңырау сайдың аяғына домалап кеткен. Биғазы мерт болған шығар деген қорқынышпен сүт пісірім уақыт өткенде жан ұшырып іздеп келсе, атан түйе мойыны қайырылып өлген екен, үйдің жүгі күл-парша болған, бесік қана анадай жерде төрт аяғынан тік тұр! Емшек іздеген сәбидің жылаған дауысы естіледі.

Осыдан кейін де бұл бесікке бөленген сәбилердің ішінен жеті реткі қатерден аман қалғандары тағы бар. Үшінші ағасы Жекей киіз үйлері түк қалмай өртеніп кеткенде іргеде тұрған бесіктің ішінде тірі қалған. Жетінші әпкесі Самал шешесі бесік өңгеріп Бұлғын өзенінен өтіп келе жатқанда,
астындағы аты сүрініп кетіп, қозы көш жерге дейін ағып барған бесіктің ішінен аман шыққан.

Мүсілімнің өзі үш айлығында шешесі қой сауып жатқан кезде аяқ астынан
Тулайтыдағы Қарағайты жайлауында сел түсіп, қотан шетінде ішінде бала бөлеулі тұрған бесікті дүлей тасқын ілезе іліп кеткен. Тіпті, адам сену қиын, бір көш жерге 2 барғанда бесік көрпешесі түсіп жалаңаштанып, өзен шетіндегі суға төніп тұрған талға арқалық ағашынан ілініп қалыпты, тауып алған кезде нөсерден кейінгі ыстық күнге суы сорғып тұрған жөргектің ішінде үш айлық нәресте ештеңе де сезбей ұйықтап жатқан екен дейді, көзімен көргендер.

Осынау киелі бесікке байланысты қасиетті де, қайғылы оқиға 1943 жылдың күзінде болған еді. Баян-Өлгей аймағының шекараға жақын жердегі Құжырты Бұлғын деген елді мекенінің халқы Моңғолияда болған «эсерку» (төңеріске қарсылар) деген зобалаңнан бас сауғалап бір түнде Шыңжаңға қарай қашады. Осы босқындардың ішінде Мүсілімнің де көші бар еді. Екінші баласына босанғалы екі-ақ ай болған 21 жасар келіншегі Күнбике
сәбиі бөленген бесікті өңгеріп, қара-шобыр көшпен Жырғылты асуына енді келген кезде шекарадағы әскерлер алдарынан оқты қарша боратады. Біраз адам оққа ұшады, Күнбикенің атына оқ тиіп жығылып жолда қалады. Екі күннен кейін арттағы ел іздеп келсе, бесікке сүйеніп отырған әйелді көреді. Жас ана аз уақыт бұрын қансырап өлген екен, күнәсіз сәби жансыз шешесінің омырауын сорып тірі жатыр. Бесікті тауып алған Бескерей деген жігіттің айтуынша бесатардың оғы бесіктің төрт жерінен көктей тесіп өтсе
де бөлеулі сәбиге соның бірі де дарымағаны адам таңғаларлық жағдай еді.

Ең соңғы оқиғаны 1991 жылы Баян-Өлгейден Қазақстанға қарай Мүсілімнің өз әулеті КамАЗ-бен көшіп келе жатқанда бесіктің машинаның үстінен ұшып кетіп, 30 шақырымнан кейін жоқтап, қайта іздеп барып алғанда бүп-бүтін жатқанын айтуға да болар, бірақ онда ішінде бөлеулі сәби болмаған.
Ең соңы қайғылы оқиға ретінде, Мүсілім ақсақалдың немересі Ұларбек жас
келіншегі екеуі 1997 жылы көмір жаққан бөлмелерінде ыс тиіп қайтыс болғанда осы бесіктің ішінде бөлеулі жатқан балалары Атамекен атты үш айлық сәбидің аман қалғанын ғажап деуге болады.

Бесіктің де мұражайға баруы осы бір қайғылы оқиғадан кейін болғанға ұқсайды. Облыстық газеттің тілшісі Нұржан деген азамат «Оралманның бесігі» деген мақала жазған соң мұражайдың меңгерушісі өзі келіп, бесікті бес мың теңге беріп қалап әкетіпті.

Осы киелі бесікке Мұхамадидің 15 баласы, Мүсілімнің өзінің және аға інілерінің 21 сәбиі, олардың бала-шағаларының 19 нәрестесі, шөберелерден 6-уы бөленген екен. Соңғы 4-шісі атажұрт Қазақ Елінің топырағында туғандар...

«Киелі бесік» деп, аталса да кие бесікте емес, керемет кемелдікпен жасалған
бесіктің себебімен сәбилерді қатерден қорғап тұрған Жаратушының құдіреті демеске шара жоқ.

Абай Мауқара

Abai.kz

9 пікір