Сенбі, 23 Қараша 2024
Өнер 8776 8 пікір 16 Сәуір, 2019 сағат 09:54

Затаевич еңбектерінің беймәлім қырлары

Жуырда А.В.Затаевичтің 150 жылдығына арналған Халықаралық ғылыми-теориялық конференция болып өтті. Шараға еліміздің түкпір-түкпірінен және шетелдерден қонақтар келіп қатысты. Іс-шара тізгінін М.О.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының директоры, филология ғылымдарының докторы Кенжехан Ісләмжанұлы Матыжанов мырза ұстады.

Үлкен шараның алғысөзін А.В.Затаевичтің қазақ музыкасына сіңірген еңбектерінен бастаған модератор: «Институт қызметкерлері, 1963 жылы ғалымның ең басты еңбегінің бірі «Қазақ халқының 1000 әні» кітабын қайта басып шығару жұмыстарын жүзеге асырған болса, 2007 жылы осы мақсатпен «Қазақтың 500 ән-күйі» түпнұсқа және толықтырылған түрінде жарияланды. Сонымен қатар, осы Ғылым Академиясында А.Затаевичтің 100 және 125 жылдық мерейтойларына да ғылыми сессия, халықаралық конференция өткізген болатын. Кезінде Қ.Сәтбаев оң бағасын берген, 1958 жылы шығарылған «А.В. Затаевич. Исследования, воспоминания, письма и документы» атты еңбек те осы Институт ғалымдарының қатысуымен жарық көріп еді. Сондықтан, А.В. Затаевичтің 150 жылдығына арналған іс-шаралардың М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында басталуын біз өзімізге мұрагерлік парыз санаймыз» – деп осы шараның институт қабырғасынан басталуының қандай мәні бар екендігін жиналған қауымға түсіндіре кетті.

Баяндамашылар қатары толығып, сақадай сай тұрғанша сөз кезегі әр оқу орындары мен арнайы мекемелерден келген құттықтау хаттарға берілді. Композиторлар одағы басшылығының құттықтау хатын ала келіп, қатысушыларды қазақ музыкасының көрнекті өкілі, еуропалық бағыттағы ұлттық кәсіби музыканың басында тұрған А.В.Затаевичтің торқалы тойымен құттықтаған сол ұйымның мүшесі, композитор Бейбіт Дәлденбай: «Оқып жүрген уақытта осы еңбектермен танысу арқылы өзім де таным көкжиегін кеңейттім. А.В.Затаевич – қазақ ән-күйлерін жинап, тұңғыш қағазға түсіріп, ұлт музыкасының ішкі болмысын түсініп, халықтың түпсанасын тереңінен ұғынып, музыкалық тілінің сырлары мен қырларын жан-жақтылы ашып, оған талдау жасап, өзінің зерттеушілік пікірін айтып, қазақ музыкасына тұңғыш ғылыми сипаттама берген қажырлы жан. Ғалым кез-келген уақытта, орайы келген жерде қазақ әндерін жазып алуға қатты құмартып, аз да болса саз өнерінен хабары бар адамдарға немқұрайлы қарамай, солардың ұсынған дүниелерін де керегіне жарата білді» деп зерттеушінің қазақ мәдениетіне қосқан үлесі мен еңбек жолын атай келе, оның қаншалықты музыкаға ғашық болғандығын жеткізді. Одан кейін сөз кезегін алған Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының проректоры, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Сәкен Майғазиев пен Құрманғазы атындағы қазақ Ұлттық консерваториясының халық аспаптар кафедрасының деканы, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Нұркен Әшіров оқу орны басшылықтарының ыстық лебіздерін жеткізді.

«Қазақ энциклопедиясы» баспасының директоры – Бас редактор, философия ғылымдарының докторы Жадыра Нұрбайқызы Тойбаева:

«Біздің баспа ашылғалы бері М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғалымдарымен жұмыс істеп келеді. Осы ғалымдардың көмегімен тәуелсіздік алған жылдардан бері: «Ұлттық совет энциклопедиясы», халқымыздың шоқтығы биік тұлғалары – «Абай», «Жамбыл», «Ахмет Байтұрсынұлы», «Әлихан Бөкейханұлы» сияқты бірқатар энциклопедиялар жарыққа шықты. Соның ішінде А.В.Затаевичтің еңбектері туралы нақты деректерге сүйене отырып жазылған мол мағлұматтар бар. Мерейтой құтты болсын! Конференция қарсаңында шығып жатқан жинақтарыңыз болашақта зерттеу саласына келетін жастардың еңбектеріне арқау болады деп сенеміз. Осы іс-шараның Әдебиет және өнер институтынан бастау алып отырғандығы қуантады» деп барша жиналғандарға шығармашылық табыс тіледі.

Алғашқы болып келелі кеңестің томағасын сыпырған М.О.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының корреспондент мүшесі, қазақ музыкатану ғылымының белді маманы, профессор Сара Әділгерейқызы Күзембаева: «Затаевичтің ел басына қиындық түскен жылдарда музыканы жинап, сақтап қалуы үлкен ерлік. Аштыққа, одан таралатын неше түрлі эпидемиялық ауруларға қарамай сапарын жалғастыруын батырлыққа балар едім. Біз оның қазақ музыкасына деген адалдығы мен 16 жылдық еңбегі үшін қандай сый-құрмет көрсетсек те жарасады. Бүкіл «қазақтың әні дайын тұрған опера» екендігін Затаевич айтып кеткен. Оның ішінде ария да, дуэт те, хор да бар. Затаевичтің осы ойын кейіннен қазақ композиторлары дамытты» деп этнографтың ғылым жолындағы үлесін кеңінен тарқатты.

Одан кейінгі кезекте «А.В.Затаевич мұрасы және қазақ музыкасын зерттеудің герменевтикалық мәселелері» тақырыбында баяндама жасаған Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті, Өнер және мәдениет факультетінің музыкалық білім берудің теориясы мен әдістемесі кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, Қоңыратбай Тынысбек Әуелбекұлы: «Соңғы кездері гуманитарлық бағыттағы философия, әдебиеттану, музыкатану ғылымдары герменевтикалық ізденістерге елеулі орын беріп келеді. Қазақ музыкасында бұл мәселелер көп зерттеле қойған жоқ. Осы талаптар тұрғысынан келгенде А.В.Затаевич жеткізген халқымыздың музыкалық мұрасын герменевтикалық тұрғыдан зерделеудің мақсат-міндеттерін айқындаудың да кезегі келіп отыр» дей келе, қазақ халқының музыкалық-эпикалық дәстүрі, әсіресе Сыр бойындағы оғыз-қыпшақ мәдениетінен саға тартқан жыршы-жыраулық дәстүр мен Батыс Қазақстан аймағындағы орындаушылық өнер тыс қалғандығын тілге тиек етіп, «Герменевтикалық тұрғыдан қайта пайымдайтын мәселелердің бірі – осы» деген тың ойды ортаға тастады. Этнограф еңбектеріндегі жыршылар бейнесі осы күнге дейін аса терең деңгейде зерттелмеген тақырып екендігі ақиқат.

«А. Затаевич пен Алаш ғалымдарының өнерге қосқан үлесі» тақырыбында баяндама жасаған М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор Ісімақова Айгүл Серікқызы: «А.В.Затаевич қазақ жеріне келгенде Мәскеуде Әлихан Бөкейханов бастаған Орынборда тұратын Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатовтар бар, барлығы музыка зерттеушісін қазақ өнеріне қатысты мағлұматтармен таныстырып, қай жерге барып, кіммен кездесуі керек екендігі туралы бағыт-бағдар беріп отырған. Міржақып Дулатовтың да үйінде тұрғандығы туралы уақтысында Дулатовтың қызы жазды.

 Этнографтың еңбегінде «Наурызбай в старости» деген өлең бар. Наурызбай 27 жасында өлсе, мына шығармадағы атау қалай берілген деген сияқты қайшылықтарды да ескертпе түрінде А.В.Затаевич түртіп отырған. Бұл ақпаратты ол қайдан алды? Әрине, Міржақып Дулатовтың «Қазақ тарихы» мақаласына сүйеніп айтып отыр. Ақан сері туралы, оның әндері туралы түсінік бере келіп, 1923 жылы Мағжанның жазған мақаласына сілтеме жасайды. Осындай деректерден-ақ, А.В.Затаевичтің бастаған ісінің оңға басуына Әлихан Бөкейханов, Сәкен Сейфуллин, Иса Байзақов, Темірбек Жүргенов, Бейімбет Майлин, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов сияқты Алаш ордашылардың тікелей атсалысқандығын көреміз» деп, қазақ музыкасын сақтап қалудағы  зиялы қауымның ерен еңбектері жайлы бірнеше деректермен таныстыра кетті.

«Александр Викторович Затаевич және қазақ даласындағы қобыз өнері дәстүрі» тақырыбындағы аспап жайына тоқталған, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының қобыз кафедрасының меңгерушісі, профессор Қосбасаров Базархан Әбуұлы өз кезегінде: «Мақаламның кіріспесінде А.В.Затаевичтің еңбекқор болғаны, қазақ өнерін сүйіспеншілікпен жинағаны, ұлтымыздың ән-күйлеріне бас игендігі жайлы айтылады. Негізгі мәселеге келетін болсақ, Александр Викторович қазақ даласында халық әндері мен домбыра күйлерін жинағаныменен, қобыз аспабына көп бара бермегені байқалады. Зерттеуші туралы 1958 жылы шыққан кітапта ол кісінің қазақ қобызшысының күйін тыңдап, нотаға түсіріп отырған суреті жарияланғаны болмаса, қобыз жайында мәліметтер көп кездесе бермейді» деп, қобызға қатысты біраз мәліметті әңгімелеп, қазақ қобызшылары Дәулет Мықтыбаев пен Жаппас Қаламбаевтың 1934 жылы Алматыда өткен слетте Мәскеуден арнайы шақырылған А.В.Затаевичпен кездескендігін айтып өтті.

«А. Затаевичтің еңбектерін музыкалық білім беру жүйесінде зерделеу» тақырыбында тәжірибесімен бөліскен еліміздің Астанасынан келген музыкатанушы Қазақ ұлттық өнер Университетінің доценті, өнертану ғылымдарының кандидаты Байбек Айгүл Қыдырғалиқызы: «Әрбір музыкатанушының негізгі мақсаты білім беру ісінде өз түйгенін практикадан өткізу. Затаевич еңбектерінің музыкалық білім беру жүйесіндегі пайдаланылуына қатысты оны қаз-қалпында сақтау және дәстүрімізді дамыту тұрғысынан алғанда өзектілігін байқатты. Себебі, әндердің бұрмаланып орындалғаны ассимиляцияға ұшыратты.

Бұған дейін де М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтындағы музыкатану бөлімінің мамандарының бастамасымен этнографтың «Қазақтың 500 ән-күйі» кітабы жаңартылып жинақталғанын білеміз. Біз кейінгі уақытта студенттермен бірігіп этносольфеджио пәнінде А.В.Затаевичтің «Қазақ халқының 1000 әні» кітабын зерттеп, зерделеуді қолға ала бастадық. Жұмысымыз алдағы уақытта жемісін береді деген ойдамыз. Әзірге сіздерге осы жұмыс нәтижелерінен біраз видеоүзіктер көрсетейін» деп, университеттегі білім алушылардың қатысуымен бірнеше ән, күйге жасалған тәжірибелер түрлерін көрсетті. Бұл институт тарапынан да, баяндамашылар тарапынан да үлкен қызығушылық тудырды.

Арасында көңіл сергітер әсем әндер мен сұлу сазды күйлер шалықтай төгіліп, сол күнгі кештің шырайын кіргізіп тұрды. Т. Жүргенов атындағы өнер академиясының ұлттық өнер факультеті, дәстүрлі музыкалық өнер кафедрасының меңгерушісі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері Стамғазиев Рамазан Өмірәліұлы А.В.Затаевич өміріне қатысты қызықты деректерді майын тамыза әңгімелеп, сөз аяғын этнограф жазбаларында нотаға түсіп, сыны мен сипаты бұзылмай осы күнге сау-саламат жеткен халық әні «Екі жиренмен» тәмамдады. Өз кезегінде «А.В. Затаевичтің этнографиялық жинақтарындағы әндерді жаңғырту мәселелері» тақырыбында баяндама жасаған Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының доценті, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Шүкіманов Еркін Тұрсынғалиұлы да сол жерде жиналған ғалымдардың пікірімен өз пікірі тоғысатын тұстарды атап өтіп, жалпы музыка саласындағы, оның ішінде әншілік өнердің біраз ішкі мәселелеріне тоқталды. Зерттеу саласындағы кемшіліктер мен артықшылықтарды тізе келіп, қазіргі кездегі жас әншілердің ізденісіне көңілі толмайтындығын жеткізді. Сонымен қатар орындаушы ретінде өзі кейінгі кезде Затаевич еңбектерінде жарияланған әндерді тірілтіп айтып жүргендігін баяндай келіп, сол әндердің біреуін жұртшылыққа орындап берді. Сыбызғы күйлерінің шебері, өнертану ғылымдарының кандидаты, ҚР мәдениет қайраткері, доцент Талғат Мұқышев Затаевич еңбектерінде екі ұлттың сыбызғысы мен қурайы жайлы салыстырмалы түрде анықтама берілгендігін айта келіп, башқұрттың халық күйі «Баяш батыр» мен қазақтың халық әні «Гүлдариғаны» сызылта ойнап, жиналған қауымның құлақ құрышын қандырды.

«А.Темирбекованың А.В.Затаевич туралы еңбектері» атты тақырыпты қозғаған Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының аға оқытушысы, өнертану ғылымдарының кандидаты Қазыбекова Жайдаргүл Алмасқызы бір кездері белгілі зерттеуші Алма Зарапқызы Темірбекованың да осы этнографтың қазақ музыкасына сіңірген еңбектері жайлы қалам тербегендігін айта келіп, музыкатанушының жазбаларын хронологиялық ретпен атап өтті. Бұл жұмыстың да түп негізінде – бертінде өткен ғалымдарымыздың еңбектерін зерделеуді қазірден қолға алмасақ, тағы бір-екі буын ауысқанда барымызды ұқсата алмай қалмаймыз ба деген алаңды пікір бар екендігін байқадық. Ал, бұл мәселе – ғылымның дамуында өте өзекті.

Іргелі оқу орындары – Т.Жүргенов атындағы өнер академиясы мен Құрманғазы атындағы консерватория ұстаздары, магистранттары ғылыми айналымға енгізілуге ылайықты бірнеше жаңалықтарымен бөлісіп, конференция көрігін қыздыра түсті.

А.В.Затаевичтің еңбегіне үлес қосқан қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар туралы жалпы жұртшылықтың назарынан тыс мәліметтер филология ғылымдарының кандидаты, профессор Серікқазы Қорабай Сыбанбайұлының «Затаевич және қазақ әдебиетінің классиктері», М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Сыртқы әдеби байланыстар және аналитика бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Ананьева Светлана Викторовнаның «Уникальность и своеобразие импровизаторского искусства – важнейший лейтмотив романа Николая Анова «Крылья песни»», М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты директорының орынбасары, PhD доктор Сұлтан Ертайдың «Александр Затаевич пен Жүсіпбек Аймауытовтың шығармашылық байланысы» атты мақалаларында көрініс тапты.

Шараға арнайы келген Қытай Халық Республикасы, Орталық Ұлттар университетінің «Музыка» кафедрасының докторанты Елмұрат Дина «А.В. Затаевичтің еңбегіндегі «Жырау қатын әні» сарындарының талдануы (Қытай қазақтарының жыр-дастандарының сабақтастығы негізінде) деген тақырыпта сол өлкеде сақталған жыр нұсқалары мен А.В.Затаевич жазбаларындағы нұсқаларды салыстыру арқылы бірнеше нәтижелерге қол жеткізген. Докторанттың музыкалық талдаулары мен қарымды ойлары мамандарды елең еткізбей қоймады.

Жан-жақтан өздері келе алмаса да мақалаларын жіберіп, сырттай қатысқан РФ, Мәскеу қаласынан, өнертану докторы, Ресей композиторлар одағының мүшесі Котлова Г.К., Өзбекстан Республикасы, Ғылым Академиясының аға ғылыми қызметкері, PhD Каромат Дилором сынды ғалымдар да болды.

Сонымен қатар, конференцияда уақыт тығыздығына байланысты баяндама жасаудың кезегін меймандарға берген музыкатану бөлімінің қызметкерлері де этнографтың әр қырын ашатын тақырыпта алуан түрлі мақала бергендігін айта кетеміз. Олардың негізгі түйінді ойларын төмендегідей ретпен оқырман қауымның назарына ұсынып отырмыз.

М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының жетекші ғылыми қызметкері, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры, өнертану ғылымдарының кандидаты, доцент Омарова Ақлима Қайырденқызы «Наследие А.В.Затаевича в контексте модернизации исторического сознания» тақырыбындағы мақаласында: «Жалпы баспасөз өнімінде құжаттардың фотокөшірмесі мен ескі суреттері бар басылымдар жиі кездеседі. Әсіресе, А.В.Затаевичтің шығармашылығы туралы сөз қозғағанда 1927 ж. Мәскеуде дала өнерін таныстырып, насихаттауға барған өнерпаздардың А.Затаевичпен бірге түскен фото белсенді пайдаланылған. Оларды салыстыра келе, әртүрлі нұсқада таралған бір сурет «басып шығару» ізімен өзгерістер енгізу арқылы тұлғалардың келбеті өшірілгені анықталды. Бұл ретте, түпнұсқадан қарағанда, заман қысымына байланысты сыртқы түзетулер енгізілген көне суреттерді қолданудың мәнісі жоқ» – деп, автор А.В.Затаевичтің шығармашылық мұрасын зерттеу барысында оның музыкалық-этнографиялық және жазба дәстүріндегі композиторлық шығармашылығын, оның ішінде, опера жанрына және фортепианолық өңдеулерге байланысты мәселелерді қозғау арқылы тұлғалардың шығармашылық қарым-қатынасына, «тиым салынған» мағлұматтар мен шығармаларға, сол заманның келбетіне байланысты тарихи шындықтың көлеңкеде қалған тұстары ашылатындығын мәлімдейді.

«Казахские свадебные сарыны по записям А.В. Затаевича в аспекте актуализации национальных традиций» тақырыбына қалам тербеген М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының жетекші ғылыми қызметкері, өнертану ғылымдарының кандидаты Касимова Зульфия Мәлікқызы А.В.Затаевич жазбаларындағы қазақтың үйлену ғұрыптық сарындарының болмысына терең үңіліп, ғалым-этнографтың жинағында қай әннің қандай ғұрыппен байланысты орындалатындығын, әрбір үйлену әнінің орындаушылық және мінездемелік тұрғысынан алғаш ғылыми сипаттамасы қалай айқындалғандығын тарқатады. Сондай-ақ автор, ақпарат берушілердің арасында қазақ дәстүрлі мәдениетінің білгірлерінің құнды деректеріне де Затаевич ерекше көңіл бөлгендігін жазады.

«А. Затаевичтің күй қорына қосқан мұралар мен мағлұматтардың жаһандық маңызы» тақырыбын зерттеген М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Музыкатану бөлімінің меңгерушісі, өнертану ғылымдарының кандидаты Қазтуғанова Айнұр Жасағанбергенқызы мақаласында: «Этнографтың қазақ күйлеріне деген көзқарасы ерекше болды. Оның күйлерді алғашқы болып нотаға түсіруінің өзі сол кезеңдегі музыка әлеміне жаһандық өзгерістер әкелді. Ол уақытта күй мұраларының хатталуы еуропалық «есту қабілеті» тұрмақ, біліктілігі жоғары, музыкалық сауаты бар қазақтың өзіне қиындық тудыратын еді. Затаевичтың қиын-қыстау күндерде күйлерді жинақтауы кейінгілерге үлгі болып, қазіргі мамандардың жаңаша хаттау әдісін қалыптастыруына жол ашты. Тағы бір айта кететін дүние ол зерттеушінің қазақ күйлерін тұңғыш фортепианоға өңдеп жазуы шығармалардың басқа да аспаптарға лайықталуына бастама болды» деп, қазақтың ән, күй өнеріне қатысты біраз деректі мысалға ала отырып, этнографтың күйлерді нотаға түсірудегі кездескен қиындықтары мен оны еңсергеннен кейінгі «қазақ күйлерінің шыңына жетсем» деген армандарын атап өтеді.

«А.В.Затаевич жинағындағы жыр-термелердің текстология мәселелері» тақырыбында өзім де осы жиынға арнайы мақала әзірледім. Онда айтылатын басты мәселе – текстология тақырыбын қайтадан қолға алу. Аталған дүниемен музыка зерттеушілері күнделікті бетпе-бет келіп жатса да, әлі күнге дейін толыққанды зерттелген емес. Тақырып төңірегінде мақала жазып, әр жылдарда аталған мәселенің шешімін табуды тұрақты ұсынып келген Зейнұр Қоспақов, Қайролла Жүзбасов сияқты ғалымдардың еңбектерін осы жерде атай кету ләзім. Атаулы мақалалар тақырыпты зерттеудегі алғашқы еңбектер әрі кейінгі зерттеушілерге үлгілік нұсқа деп айтсақ қателеспейміз.

Осы күнге дейін А.В.Затаевич жасаған жұмыстар бір қарағанда, зерттеліп қойғандай көрінгенімен, мәселемен бетпе-бет келгенде әлі де тереңдей түсуіміз керек екендігін ұғынамыз. Қазақ музыкасындағы әр салаға қатысты туындаған ойлар сан қырынан талдана келе, өнер тарихындағы елеулі тұлғаның жиған-тергендері ұлт мәдениетіне қосылған үлкен үлес, бірақ, солай бола тұра әлі де бергенінен берері көп, толық зерттеліп бітпеген кеңістік. Этнографтың шығармашылығы мен еңбектеріне арналған конференциядағы ғалымдар пікірі ендігі уақытта осы тақырыптар бойынша зерттеушінің жинақтарын әлі де зерделеп, аша түсуіміз керек деген қорытындыға келіп табан тіреді. Шараға ғалымдарымыздың тас-түйін сақадай сайланып келгені, ғылымға қызығушылығы бар жастардың сол арадан табылуы, үлкен, орта, кіші буынның араласып-құраласып пікір алмасқандығы сондай тартымды көрініп, көзімізді тойдырды.

Жоғарыдағы айтылғандарға алып-қосарымыз, конференция алдағы іс-шаралар легінің бастамасы ғана. Зерттеуші, этнограф А.В.Затаевичтің биылғы 150 жылдық мерейтойы ғылым саласында көптеген жаңалықтардың ашылуына мұрындық болады деген үміттеміз. Бастаманы ары қарай жалғастырып әкететін Құрманғазы атындағы қазақ Ұлттық консерваториясының да іс-шараны абыроймен өткізуіне тілектестігімізді білдіреміз.

Бізге жеткен ақпараттардың асылын жасығынан ажыратып аршып алу, қазақтың музыкалық мәдениетін өсіруге күш салу, ғылым саласын қарыштап дамыту біздің тар заманда өмір сүрген зиялыларымыздың алдындағы ұрпақтық борышымыз екендігін ұмытпайық!

Бахтияр Нұржанұлы Ақымжанов, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының кіші ғылыми қызметкері

Abai.kz

8 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5485