Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2937 0 пікір 7 Маусым, 2011 сағат 09:41

Ерлан ҚАРИН, саясаттанушы: Ұлттық сананың негізі - тарихи таным, тарихи сана-сезім

- Ерлан аға, Facebook пен Twіtter-дегі жазуларыңыздан білгеніміз, жақында сіз Қарағанды облысы Ақтоғай, Қарқаралы аудандарының мұражайларында болып, өзіңіз бұрыннан қызықтаған балбал тастарды зерттеп қайтыпсыз. Сапардан қандай әсерлермен оралдыңыз? Жалпы, жергілікті мұражайлар қаншалықты кеңестік мұра сарқыншақтарынан арылған деп ойлайсыз?

- Ерлан аға, Facebook пен Twіtter-дегі жазуларыңыздан білгеніміз, жақында сіз Қарағанды облысы Ақтоғай, Қарқаралы аудандарының мұражайларында болып, өзіңіз бұрыннан қызықтаған балбал тастарды зерттеп қайтыпсыз. Сапардан қандай әсерлермен оралдыңыз? Жалпы, жергілікті мұражайлар қаншалықты кеңестік мұра сарқыншақтарынан арылған деп ойлайсыз?

- Далаға шыққан әр сапарда, бір жағынан, тынығып қайтсам, екінші жағынан, жаңа ойлармен, идеялармен қаруланып қайтамын. Жалпы, сапарымыз сәтті болды, өзіңізге өткен жылы берген бір сұхбатта айтқанымдай, балбал тастардың таралу ерекшелігін зерттеу мақсатында біздер Семейдегі Шыңғыстау, Павлодардағы Баянауыл мен Қызылтау, Ақмоладағы Ерейментау, Жамбылдағы Шу мен Меркі және Қырғызстанмен Моңғолияға сапар жасадық. Сонымен қатар Ресейдің Мәскеу, Барнаул, Горно-Алтайск қалаларындағы мұражайлардың қорымен танысып, суретке түсірдік. Сол сұхбаттан соң Ақтоғай ауданының әкімінен хат келіп, сол хатта ауданда біраз ескерткіштердің бары, солардың да қамтылғаны дұрыс болады дегендей ұсыныс түскен еді. Екі рет жиналып, барайын деп тұрғанымызда жұмыстағы әртүрлі шаруаларға байланысты кейінге қалдырып, міне, көктемгі мереке күндері жолымыз түсіп, сол өңірді аралап қайттық. Ең бастысы, өз жеріңнің, еліңнің тарихын сүйіп, соны сақтап, қорғап жүрген тұлғалармен танысып, рухани тұрғыдан тағы бір байып қалдық. Сапарларымыздың басты жетістігі - осындай қауышулар.
Ал мұражайлар тақырыбын өткен жылғы сұхбатымызда да қозғадық емес пе?! Сол Ақтоғайда болғанымда, маған аудандық мұражай шынымен де ұнады. Мен көптеген әріптестеріме осы мұражайды барып көрсе екен деп кеңес берер едім. Біріншіден, онда тақырыптық экспозициялар өте көп: Алаш қайраткерлері, Әлихан Бөкейхановтың 145 жылдығы, т.б. мерейтойлық даталар бар. Ұлт-азаттық қозғалыс тақырыбына арнайы экспозиция ұйымдастырылған. Өкініштісі, біздің мұражайлардың көпшілігінде мұның ешқайсысы қамтылмаған. Қазір де мұражайларға барып көрсеңіз, онда басқасын айтпағанда, сол Тәуелсіздіктің 20 жылдығы сияқты тақырыптардың кең көлемде қозғалып жатқанын көре алмайсыз. Біздің мұражайлар экспозиция, көрме ұйымдастыру форматымен жұмыс істемейді. Мәселен, шетелге барсақ, мұражай экспозицияларының жыл сайын өзгеріп тұратынын байқаймыз. Себебі олар тұрақты экспозициялармен қатар, тақырыптық көрмелер де ұйымдастырып тұрады. Бүгін ол Қытайдың Терракот әскерінің көрмесі болса, ертең Мысыр ескерткіштері болуы мүмкін. Біздің мұражайларда тақырыптық экспозициялар жоқ. Мәселен, үш айда, не жарты жылда дәстүрлі киім, зергерлік бұйымдар, қару-жарақ, т.б. немесе оқиғаларға арналған - Тәуелсіздіктің 20 жылдығы, Абылай ханның 300 жылдығы, тіпті биыл ескерусіз қалған Желтоқсанның 25 жылдығы сияқты тақырыптық экспозициялар ұйымдастырып тұру қажет. Жалпы, мұражайға балаларды тым болмаса жылына бір рет апарып тұру керек. Бұл балалардың тарих туралы жүйелі көзқарасының қалыптасуына сеп болады... Өкінішке қарай, біздің мұражайларға балаларды бір апарғаннан кейін, амал жоқ, екінші рет онда апара алмайсың.

- Біздің тарихшылар «Отарлық саясат билеген заманда 300-ден астам ұлт-азаттық көтеріліс болғанын» жиі айтады. Бірақ біз бұл көтерілістердің тым құрығанда елуін білмейтін сияқтымыз. Бұл миф пе, әлде шындық па деген сауал туындамай ма? Неге халыққа соның бәрін де танытуға тырыспаймыз?

- Шынын айтсам, мұндай сұрақтың қойылатынын білген жоқпын. Бірақ кеше ғана баспадан ұлт-азаттық күрес тарихына қатысты жинақты алдыртқан едім. Мен сізге сол «Қазақ ұлт-азаттық қозғалысы» деген 18 томдық кітапты сыйлайын. Бұл алуан түрлі құжаттардың жиынтығы. Зерттеушілер үшін, жалпы, қазақ тарихымен қызыққан адамдар үшін бұл өте маңызды материалдар. Есімде, осыдан үш жыл бұрын Президент әкімшілігінде қызмет етіп жүрген кезімде Елбасымен жұмыс бабымен кездесіп отырғанымда, ол, ең қызығы, сіз қазір қойып отырған сұрақты маған сонда дәл осылай қойып: «Ерлан, еліміздің тарихында зерттеушілердің айтуынша, 300-ден астам ұлт-азаттық көтеріліс пен қозғалыстар болған екен. Мұның бәрін халық біле бермейді ғой, өз тарихымызды біз әлі жүйелі көрсетіп жатқан жоқпыз ғой. Өкінішке қарай, біз ұлт-азаттық көтерілістердің басын айтамыз да, аяғын айтпаймыз. Ата-бабаларымыздың қалай соғысқанын айтамыз, бірақ кіммен күресіп, не үшін құрбан болғанын қозғай бермейміз» - деген еді. Сонда Президенттің көксегені, барлық зерттеу орталықтары мен тарихшылардың, мамандардың ортақ ұстаным бойынша жұмыс істеуі болатын. Шын мәнінде де, Елбасының айтып отырғаны дұрыс. Мәселен, қазіргі мектеп оқулықтарын қараңыз. Жастардың ұлттық санасы білім беру жүйесінде қалыптасады. Тарих оқулықтарында Тәуелсіздікке қатысты тақырыптар бар: Қазақстанның отарлануы, Коммунистік партия тарихы, т.б. Өкініштісі, кеңес заманының, соның ішінде Коммунистік партияның тарихы бірнеше бөлімге ұласса, Алаш тақырыбы толық қамтылмаған. Жоғарғы сынып оқушыларына арналған тарих оқулығында аштық тақырыбына бір-ақ абзац арналған. Аштықта 2 миллионнан астам қазақ қырылды, бірақ оған біз екі жол сөйлемді ғана арнаймыз. Ал біз неге тарих туралы айта береміз? Себебі ұлттық сананың негізі - тарихи таным, тарихи сана-сезім. Сен өзіңнің қайдан шығып, қалай жаратылғаныңды білмей, бұл өмірге келуіңнің мақсатын да түсінбейсің. Сондықтан түбіңді білуің керек. Ұлттық сана-сезім қалыптасуы үшін мұның бәрі оқулықтарда қамтылуы керек. Сондықтан 300-ден астам ұлт-азаттық көтеріліс, Алаш қайраткерлерінің қызметі, аштық, репрессия сияқты тақырыптар оқулықта, кинода, яғни іздемей-ақ табатын жерлерде болуы тиіс. Ал біз мұның бәрін іздеп жүріп табуға мәжбүрміз. Бірақ шын мәнінде кім мұны іздеп жүреді?

- Бір айта кетерлігі, ғаламтордың дамуымен әлем елдері дәстүрлі кітап шығарудан бөлек, электронды кітаптар мен кітапханалардың дамуына ден қоюда. Ал біз көштен қалып жатқан жоқпыз ба? Мәселен, жастардың бәрі «М-агент», «Twіtter», «Facebook» сияқты әлеуметтік желілерде отыр. Кітапты интернет арқылы оқитын ұрпақ қалыптасып келеді. Бәлкім, біз жастарды сол ғаламтордан тауып, оларға өз тарихын ұсына білуіміз қажет шығар...

- Дұрыс айтасыз. Менің де айтып отырғаным сол. Бізде тарихи, ұлттық бағытта жасалып жатқан жұмыстар аз емес. Жоғарыдағы ойымды аяқтасам, Елбасы ұлт-азаттық қозғалыс турасында тың зерттеулер жоқ дегесін, өзімше білгенімді айтайын деп, «Жоқ аз емес, жетерлік, міне, жақында елімізде көптомдық жинақ шықты, одан да басқа Желтоқсан, Алаш тақырыбына қатысты жаңа кітаптар шығып жатыр» - деп едім, сонда Елбасы: «Кітаптар шығарылып жатыр. Бірақ ол кімнің қолына тиіп жатыр?! Тіпті менің қолыма да тимейді ғой» дегені есімде. Яғни қыруар ақша жұмсалып жатқан ғылыми ізденістердің, нәтижелердің қолжетімдігі - өзекті мәселелердің бірі. Міне, жақында Әлихан Бөкейхановтың бес томдығын алайын деп, баспаға хабарласқан едік. Олар Министрлікпен келісімге сәйкес кітаптың бәрі кітапханаларға таратылғанын айтты. Сөйтіп, менің өзім де ала алмадым. Ал шынтуайтында, сол ғылыми жұмыстардың қолжетімділігі ол тек - сол кітаптардың кітап дүкендерінде сатылып тұруында емес, ал бірден оқулықтарға жаңартылып енгізіліп отыруында. Яғни бір сөзбен айтқанда, «Мәдени мұра» аясында том-томдап шығып жатқан кітап болсын, басқа дүниені сол бойда сараптап, талдап, оқу жүйесіне бейімдеп оқулықтарға көшіріп отыру қажет.

- Ал электронды нұсқасын арнайы сайттарға орналастыруға болмай ма?

- Ол да бар. Қазіргі заман шынында да басқа. Бүгін біз балаларды іздеп жүріп, тарихты алдарына өзіміз ұсынуымыз керек. Қазір баланың алдында таңдау көп. Біздің заманымыздағыдай кинотеатрларда ай сайын тек бір фильм жүрмейді, тек 2-3 арна ғана көрсетілмейді. Әлі есімде, ол кезде жалғыз «Қазақ радиосын» тыңдайтынбыз. Мен кейде: «Бойымда қазақылық қасиеті қалыптасқан болса, оның жарты пайызы - әке-шешемнің тәрбиесі, қалған жартысы - «Қазақ радиосының» еңбегі» деймін. Күні-түні «Қазақ радиосынан» әнді де, ертегіні де тыңдайсың. Тәрбиелік мәні зор. Егерде қазіргідей 20 радио болса, біз «Қазақ радиосын» тыңдар ма едік? Сондықтан қазіргі ұлттық саясат жүргізудің бір әдісі - қазіргі балаларды іздеп, табу және оларға басқа нәрселерге еліктеп кетпейтіндей деңгейде ұлттық тарихты насихаттай білу. Мәселен, бүгінде Алматыда жиырма шақты кинотеатр болса, Астанада жеті шақты кино орталықтары бар, бірақ бірде-бір дұрыс кітап дүкенін Елордадан таппайсыз. Абай көшесінің бойында шағын кітап дүкені тұр. Мәскеудегідей екі-үш қабатты кітап дүкендері атымен жоқ. Өкініштісі, кітап дүкендерінен жаңадан шығып жатқан тарихи құнды кітаптарды табу қиын. Ал екінші жағынан, шынын айтқанда, қазір кітап дұрыс оқылмайды, әсіресе, жастардың көбісі ғаламторда отыр. Сондықтан бұл кітаптардың электронды нұсқаларын міндетті түрде тарату керек. Әрине, сол «Мәдени мұра» сияқты басқасының да ғаламторда сайттары бар, бірақ ол мамандарға арналған, ал менің айтып отырғаным - көпшілікке арналған ресурстар.
Жақында менің балам бір кластасының туған күніне баратын болып, бірге сыйлық іздедік. Балам досының Ежелгі Рим тарихымен қызығатынын айтқан соң, дүкеннен сондай кітапты сатып алдық. Кітап өте қызық жазылып, суреттермен безендірілген. Ежелгі Римнің күрделі тарихын қарапайым, қысқа сөздермен беріп, әскерінің киімінен бастап, соғыстарына дейін қанық суреттермен безендірген. Екі күннен кейін менің балам әлгі кітапты өзі-ақ оқып, қазақ тарихынан гөрі, Рим тарихын жақсы біліп шықты. Ал бізде ондай нәрсе жоқ, ғалымдарымыз да барлығы үлкен дүние жазғысы келеді. Сондықтан мен жаңа бір ойға келдім, атымызды шығару үшін тек үлкен-үлкен кітаптарды шығарумен әуестенуімізді қоюымыз керек. Тың ғылыми, академиялық кітаптар да керек, бірақ сонымен қатар нағыз отансүйгіш болсаң, балаларды да қызықтыратындай кітап шығаруымыз тиіс!

- Жақында елімізде Бүкіләлемдік қазақтардың құрылтайы өтті. Өкінішке қарай, жыл өткен сайын бұл құрылтайдың да қадірі кетіп бара жатқан сияқты. Бір өкініштісі, сырттан келетін қазақ көші де саябырсыды дегендей мәліметтер де беріліп жатыр. Жалпы, қазақ құрылтайына неге үлкен дайындықпен келмейміз?

- Өз басым Қазақ құрылтайына биыл бірінші рет қатыстым, бір жағынан, Елбасының сөзін тыңдап, екінші жағынан, құрылтайға келген қандастарымызбен таныстым. Ұйымдастырушылардың айтуынша, биылғы құрылтайға 35 елден қатысқан делегаттардың 60 пайызы жастар екен. Олай болса, бұл шынында да жақсы жаңалық. Шынын айтсақ, біз осыдан 20 жыл бұрын бастаған Қазақ құрылтайының форматынан кетуіміз керек. Біздің ұғымымызда құрылтай тек бірер жылда ұйымдастырылатын жиын ретінде қалып отыр. Есіңізде болса, алғашқы құрылтайлар үлкен той сипатында өтті. Құрылтай талқылауға, ойлауға емес, тойлауға ұласып кететін болса, онда оны құрылтай деу қиын. Елбасының құрылтайдағы сөзінің негізгі бір тезистерінің бірі де осы. Екіншіден, құрылтай тек көшіп-келу тақырыбымен шектелмесе екен. Мысалы, өкінішке қарай, біз оралмандар мәселесіне тек миграциялық қырынан қараймыз. Сондықтан бізде миграциялық органдар елге келіп жатқан қытайлармен де, көшіп жатқан қазақтармен де қатар айналысады. Меніңше, біздің қандастарымыздың мәселесін гастербайтерлермен айналысатын комитеттен бөлек алып қарастыру қажет сияқты. Сондықтан құрылтайға жалпы, қазаққа қатысты, қазақтың бірлігі мен ынтымағын нығайтатын, қазақтың тағдырына, болашағына қатысты, тың, жүйелі тақырыптарды шығарсақ жөн болар еді. Әйтпесе, дүниежүзіндегі қазақ үш әліпбиді пайдаланып отырса, елдегі қазақ әртүрлі тілде сөйлеп отырса, діннің өзінде бөлініп, жіктеліп отырсақ - ендігі құрылтайлардың қажеті мен пайдасы қандай болмақ?

- Кеш болса да, Діни агенттік құрылып жатыр. Ал өткенде Ақтөбеде, жақында Астанада жарылыс болды. Бір жағынан, бұл жарылыстар тәлібтердің Қазақстаннан әскердің әкелінуіне байланысты қарсылығымен тұспа-тұс келсе, екінші жағынан, дінтанушылар сәләфиттік ағымдардың күшейгеніне алаңдайды. Жағдайдың ушығуына ақпаратты жабық ұстау да себеп емес пе?

- Бұл жарылыстардың терроризм мен экстремизмге қатысы болмаған күннің өзінде елімізде соңғы үш-төрт жылда осындай үрдістің күшейіп бара жатқанын жоққа шығара алмаймыз. Әрине, құзырлы органдар өз ұйғарымын шығарып жатыр. Бірақ соңғы үш-төрт жылдағы статистиканы қарасаңыз, жыл сайын елімізде «Терроризм бабы» бойынша 20-ға жуық азамат сотталып жатыр. Егер олар бірдеңені жарамыз деп, әрекет етпеген болса, оларды неге соттайды? Осыдан екі жыл бұрын Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы бір мәлімдемесінде: «Жыл сайын ҰҚК үш-төрт террористік актінің алдын алады» деп айтқан еді. Яғни болайын деп жатқан террорлық актіге жол бермедік деген сөз ғой бұл. Соған қарағанда, шынында да мұндай әрекеттер бар. Қазірше, біздің құқық қорғау органдарының оларды уақытында әшкерелеп, қамауға алып, жауапқа тартуға әлдері жетіп жатыр. Ал бірақ Құдай сақтасын, бір күні олардың күші жетпесе, не болады?! Екінші мәселе, жылдан-жылға қазақ азаматтарының шетелде террористік пиғылдағы іс-әрекеттермен әшкереленіп отырғаны алаңдатады. Мәселен, Ресейде, Солтүстік Кавказда сондай фактілер болды. Өткен жылы Қырғызстанда террористік пиғылмен Қазақстан азаматы тұтқындалды деген ақпарат шықты. Сондай-ақ Пәкстанда, Ауғанстанда біздің елдің азаматтары ұсталған еді. 2003 жылы Қазақстанның үш азаматы өздерін Ташкентте жарды. Сонда мен де: «Қазірше біздің азаматтар өздерін шетелге барып жарып жатыр, ал ертең өз елімізде жаратын болса, не істейміз?» деп, алаңдаушылық білдірген едім. Яғни бүгінгі біздің дауымыз жай ғана әңгіме. Билік пен оппозицияның бітпейтін дауы рухани салада жіберілген кемшіліктер мен олқылықтардың жанында баланың уайымы сияқты боп қалады.
Әрине, ақпаратты жиып, шектеп беру бір бөлек әңгіме, оны да түсіне аламын. Айналаға дүрбелең салып, дабыл қағып, «енді міне осы зұлым, бәле бізге келді» деп, байбалам салып, одан бетер елді дүрліктіруге де жол беруге болмайды. Бірақ басты мәселе - төніп тұрған қауіп-қатерді мойындамау немесе сол қауіптің деңгейін төмендетіп, не әсірелеп, күшейтіп көрсету. Кей кезде белгілі бір қауіп-қатерден сондай практиканың өзі де бірдей қауіпті, оны да естен шығармауымыз қажет. Ол тек терроризмге емес, басқа да проблемаларға қатысты.

- Сұхбатыңызға рақмет!
Әңгімелескен Кәмшат ТАСБОЛАТ

http://www.aikyn.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3246
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5413