«Отандастар қоры» КЕАҚ қолға алған игі іс
Еліміз егемендік алып, өз алдына ту тіккен күннен бастап жан-жақты дамыған әлеуетті ел болу үшін көптеген жұмыстар атқарылды. Қазақстанның бүгінгі жеткен жетістігін еліміздің Тұңғыш президенті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтің еңбегінен бөле қарау мүмкін емес. Елбасы егемен елдің ертеңін нұрлы ету үшін қолдан келгеннің бәрін жасады. Сол игі шаралардың бірі шетелдерде жүрген қандастарды елге шақыру ісі болатын.
Игі мақсатқа тура жүрген жетеді дейді. Бабадан қалған байтақ өлкені басқалардың табанына таптатпай, болашақ ұрпаққа ұлағатты ұлттық болмысымызбен қалтыру, болашақта Қазақ елін қара орман ғаламның қуатты жолбарысына айналдыру біздің елдің басты мақсаты! Осы бағытқа жаңылдырмай бағыт сілтер темірқазық жұлдызымыз, жетелер жебеушіміз - Елбасымыздың дара жолы екені сөзсіз..
Осыдан отыз жыл бұрын, егемендіктің ел туын енді ғана қолына алған жас Қазақстанның ертеңінің ережесі, болашағының кепілі болған Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының бастамалары екені бәрімізге белгілі. 1992 жылы тұңғыш кезекті дүниежүзі қазақтарының құрылтайын шақырып, әлемнің әр түкпірінен қандастарды елге шақырудағы басты мақсаттың өзі тәуелсіз Қазақстанды әлеуетті елге айналдырудың қамы болатын. Сол бағытта тынбай жасалған ұзақ уақттық жұмыстардың арқасында ширек ғасырда елімізге келген қандастардың өзі бір шоғыр елге айналып үлгерді.
Осы жұмыстарды әрі қарай қарқынды жүргізу үшін 2018 жылы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығымен селбесе жұмыс істейтін «Отандастар қоры» Коммерциялық емес акционерлік қоғамы құрылған болатын. Бұл қоғамдық ұйымның басты мақсаты елген келген қандастарды Қазақстан өміріне бейімдеу, Елбасының, "Нұр отан" партиясының сілтеген дұрыс бағыты бойынша жұмыс істеу болатын.
Жақында дәл осы «Отандастар қоры» КЕАҚ президенті Нұртай Әбіқаев шетелде тұратын қандастар үшін аса қуанышты әрі жағымды жаңалықпен бөлісті. «Отандастар қоры» енді «Қазақтелеком» акционерлік қоғамымен бірлесіп жұмыс істемек. Бұл туралы «Отандастар қоры» КЕАҚ президенті Нұртай Әбіқаев пен «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев арасында жасалған әріптестік меморандумда айтылды. Бұл меморандум бойынша, енді әлем елдеріндегі қандастарымызға арналған Бірегей Байланыс-орталығы бірыңғай қызметі іске қосылады.
Бұл құжат бойынша, екі тарап арасындағы серіктестік қатынас қалыптасады, сол арқылы жаңа жобаны жүзеге асыру және Байланыс-орталыққа техникалық қолдау көрсету қамтамасыз етіледі.
Тараптардың міндеті: «Қазақтелеком» АҚ серіктес ретінде Байланыс-орталығын ұйымдастыруға арналған бағдарламалық және аппараттық жарақтандырудың қажетті спектрін ұсынады. Анықтап айтқанда, бұл тарап Байланыс-орталықтың операторларын ұсыну, бағдарламалық жарақтандыру, байланыс телефондары желілері және жаңа технологияларды қолдануды қамтамасыз етеді. Оған қоса, қазақстандық ұялы операторлар номерлерінен ақысыз қоңырау шалуға мүмкіндік бермек.
Бұл қызмет болашақта елімізде жаппай қолданысқа еніп жатқан «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс жасамақ. «Бір терезе» қағидатына көшен Байланыс-орталығы қызметі шетелден келген қандастар үшін "оралман" куәлігін алу, Қазақстан азаматтығын алу, мемлекеттік көмекке қол жеткізу және оларды жұмыспен қамту, аймақтық квоталар бөлу қатарлы өте көптеген мәселелер бойынша кеңес беретін болады. Бұдан да маңыздысы, Бірегей Байланыс-орталығы отандастарға көмек көрсетуді көздейтін бағдарламалар әзірлеу жұмысын жеңілдету үшін, ақпараттарды жинақтауға және талдау жасауға негіз болуды көздеп отыр.Бір сөзбен айтқанда, бұл қызмет елдегі ең үздік әлеуметтік жоба болмақшы.
Қуанышбек Есекеев, «Қазақтелеком» АҚ Басқарма төрағасы
- Біз аталмыш меморандум бойынша әріптестік аясында тиімді, өзара ынтымақтастыққа арналған қолайлы шарттар жасауға ұмтылатын боламыз. Аталмыш жоба үлкен әлеуметтік мәнге ие, біз оған қатыса отырып, инфрақұрылымдық мультисервистік оператор ретінде, аталмыш жобаның дамуына қосатын үлесіміздің маңыздылығын түсінеміз.
Ал «Отандастар қоры» КЕАҚ өз тарапынан қандастарға керекті көмектердің бәрінің қолданыстағы түрлерін Бірегей Байланыс-орталығында шоғырландыруды өз міндетіне алады. Екі тараптың мұндай келісімшартының басты мақсаты қолданушылары біздің отандастар болып табылатын технологияларды ілгерілету және бизнес ашу мәселелері бойынша кеңестік көмек ұсыну екенін айта кетейік.
Нұртай Әбіқаев, «Отандастар қоры» КЕАҚ Президенті
- Бүгінгі таңда ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың тапсырмасы бойынша іргесі қаланған «Отандастар қоры» тарихи Отандарына оралған, сондай-ақ шетелдерде тұратын отандастарға көмек пен қолдау көрсетуге бағытталған бірқатар жобаларды жүзеге асыруда. Қордың негізгі міндеттерінің бірі Қазақстанға оралғанда отандастарымызға бейімделулеріне және әлеуметтенулеріне іс жүзінде көмектесу. Бұл жағдайда Бірегей Байланыс-орталығы қызметін құру өзіне қажетті көмекті шоғырландырып ғана қоймай, сонымен қатар оралмандар мен шетелдегі диаспоралар мәселелерін сапалы шешу бойынша мемлекеттік бағдарламалар мен шараларды әзірлеуге арналған ақпараттың көзіне айналуды көздейді. Мұндай қызметтің пайда болуы мемлекеттің отандастарға көмек көрсету деген көзқарасының деңгейін көрсету. Бүгінгі «Қазақтелекоммен» әріптестікте ұйымдастырылған Бірегей Байланыс-орталығының техникалық ашылуы, болашақта арнайы мемлекеттік бағдарлама түрінде нық жүйелік сипатқа ие болатын, біздің тараптан отандастарға қолдау көрсетудің іс жүзіндегі әрекеттеріміздің тағы да бір қадамы болады.
Сөз соңында Байланыс-орталығы қызметінің қолдану ережесін түсіндіре кетейік. Бұл қызмет 1404 (ұялы қоңыраулар үшін), 8-800-080-1404 (Қазақстан бойынша қоңыраулар үшін), +7 (7172) 981404 (Қазақстан және шетелден шалынатын қоңыраулар үшін) нөмірлері бойынша қолжетімді болады. Осы қызмет бойынша, қажетті дайындық жұмыстары аяқталып, техникалық іске қосу жүзеге асты.
Одан да жақсысы, бұл қызмет келешекте өз қолданушыларына WhatsApp және Telegram мессенджерлері арқылы коммуникацияның қосымша арналарды ұсынуды көздеп отыр. Оған қоса Skype қоңырауларға арналған құралының көмегімен де кеңес алуға болады дейді жауапты адамдар.
Елбасының тікелей бастамасының арқасында тәуелсіздік жылдары өзге шетелдерден Қазақстанға (1991 жыл мен 2018 жыл аралығында – ҚР ЕХӘҚМ деректері) бір миллионнан астам қандасымыз қоныс аударған екен. Осыдан-ақ, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтің тәуелсіздік алған бетте шетелдегі қандастарды не үшін елге шақырғанын аңғаруға болатын секілді. Бұл егемен елдің ертеңі үшін аса пайдалы шешім. Елбасының көреген көшбасшылық көзқарастарының бір парасы деуге болады. Осы игі жұмысты жандандыру мақсатанда қолға алынып жатқан Байланыс-орталығы қызметі аса қажетті кезінде жүзеге асып жатыр. Айта кетерлігі, екі тарап арасындағы серіктестік 2022 жылға дейін жалғасады деп жоспарланып отыр.
Abai.kz