Жұма, 27 Желтоқсан 2024
«Соқыр» Фемида 7957 29 пікір 22 Сәуір, 2019 сағат 14:22

"Сьезге дейін бұл ұсынысты қабылдадым..."

Бүгін Қазақстандағы жалғыз оппозициялық партия - Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның (ЖСДП) Саяси кеңесі жиын өткізді. Құрылтай өткізетін болып келісті. Құрылтай 26 сәуір күні өтеді. 

ЖСДП Саяси кеңесі алдағы өтетін президент сайлауына партия атынан кандидат ұсыну туралы шешімге келген секілді. Сайлау додасына аға журналист, "Дат" жобасының жетекшісі, белгілі қоғам қайраткері Ермұрат Бапидың кандидатурасын ұсыныпты. Бұл туралы партия өкілі Тазабек Сәмбетбай өзінің әлеуметтік желідегі жеке парақшасында хабарлады.

Жалпы осыған дейін Парламенттегі үш партия мен сенатор Әли Бектаев жетекшілік ететін "Ауыл" партиясы сайлауға сақадай сай екендіктерін білдірді. Ал оппозициялық ЖСДП партиясы сайлауға қатысуы, я қатыспауы туралы соңғы шешімді жариялаған жоқ. Бұл туралы партия жетекшісі Жармахан Тұяқбай баспасөзге берген сұхбатында айтты. "Бұл саяси науқанға араласу партия үшін дилемма" деді.

Осыған дейін белгілі саясаткер Әміржан Қосанов та сайлауға түсуге ниетті екенін жеткізген. Егер оппозициялық күштер бірігіп ортақ кандидат ұсынар болса, ол таңдауды сөзсіз қолдайтынын, егер әріптестері өз кандидатурасын ұсынса, ол шешімді де қабыл алатынын айтқан.

Бүгін ЖСДП  Саяси кеңесі кандидаттыққа Ермұрат Бапиды ұсынды. Осы ретте біз Ермұрат Бапи мырзаның өзіне хабарласып, партия шешіміне деген көзқарасын сұрап білдік.

- Ераға, ЖСДП алдағы сайлауға сіздің кандидатураңызды ұсынды. Саяси кеңес осындай шешім қабылдапты. Жалпы сіз партияның кеңесінде мүшелікте барсыз ғой...

- Иә, мен ЖСДП-ның Саяси кеңесінің және төралқасының мүшесімін. Саяси кеңес бүгін сағат 11-де өтті. Бүкіл аймақтардың жетекшілері қатысты. Алыс аймақтағылар бейнеконференция арқылы қатысты. Мен де бұл жиынға бейнеконференция арқылы араласып отырдым. Себебі, гәзеттің жұмыстарыман қауырт болып жаттым.

- Сіздің кандидатураңызды бірауыздан ұсынды ма?

- Ұсыныс болды. Саяси кеңестің отырысы бірауыздан қолдап жатыр. Барлығының пікірі бір жерден шықты. Бұл енді әлі ойланатын мәселе. Партия әрине, өзінің мәселесін сьезде шешетін шығар. Бұл әзірге Саяси кеңестің ғана ұсынысы. Ал сьездің кезінде аймақтардың тарапынан басқа да ұсыныстар болып қалуы мүмкін. Құрылтай осы ұсынысты қабылдамай ма, әлде үшінші бір бағыт пайда бола ма, ол әзірге белгісіз.

- Президенттік сайлауға түсуге дайынсыз ба?

- Барлығы бір ауыздан ұсынып жатқандықтан, мен сьезге дейін бұл ұсынысты қабылдадым. Мен дайынмын деп айтқан жоқпын. Қабылдадым. Оны әлі сьезде талқылау керек.

Дайынмын деп айту үшін, бұл ұсыныс сьезде мақұлдануы керек. Ал сьезде қандай шешім қабылданатыны белгісіз ғой. Тіпті, сьез сайлауға қатыспаймыз деуі де мүмкін. Сондықтан, "мен дайынмын, маған дауыс беріңдер. Мен барып бәрінің ойран-топырын шығарамын" дей алмаймын. Менің ондай саяси арыным жоқ.  Әлі әріптестеріммен, қоғам мүшелерімен бірге талқылап, консультация жасап, шешім қабылдауым керек. Сьезге дейін әлі уақыт бар.

- ЖСДП Қазақстандағы жалғыз тіркелген оппозициялық партия. Өткенде саясаткер Әміржан Қосанов оппозициялық ұйымдар бірігіп, ортақ кандидат ұсынуы керек деп қалды...

- Жалпы сайлаудың кезінде оппозициялық ұйымдар ортақ кандидат ұсыну туралы шешімге келетін болса, бұл өте дұрыс шешім болар еді. 2005 жылы біз ондай тәжірбиеден өткенбіз. Бірегей кандидат Жармахан Тұяқбай мырза болған. Бізде ол жағынан тәжірбие бар.

Бірақ мұның сыртында екі мәселе бар. Біріншіден, қазір Қазақстанда жүйелі оппозициялық ұйымдар қалған жоқ. Оның барлығын билік қиратты, талқандады, таратты, жапты. Мысалы, Коммунистік партия, "Алға" партиясы жабылды. "Азат" пен "ЖСДП-ны" біріктірмей қойды. Сол секілді процесстер болды. Қоғамда жүйелі оппозиция жоқ. Әрине, жекелеген тұлғалар бар. Оппозициялық көзқарасы бар, билікті сынап жүрген, биліктің саяси іс-әрекетіне қатысты өздерінің альтернативті ойларын айтып жүрген азаматтар жетерлік. Егер қоғамдағы  осы жекелеген азаматтар бірігіп, ортақ шешімге келе алатын болса, әрине мен оны қолдаймын. Ол Әміржанды ұсына ма, әлде мені ұсына ма, жоқ басқа бір адамды ұсына ма, ол жағын білмеймін.

- Жалпы президенттікке кандидат ұсыну туралы талаптардың бірі - мемқызметте кемі 5 жыл еңбек өтілі болуы міндет. Сіз Қажыгелдин Үкіметті басқарған тұста мемқызметте болдыңыз. Сол өтіліңіз жарай ма? 

- Мен енді министрлер кабинетіндегі жұмысым 5 жыл емес, 3,5 жылдың маңайындағы өтіл. Оған дейінгі Қазақ радиосындағы бас директордың орынбасары болғаным, онан кейін Егемен Қазақстан гәзетінде болғаным жараса, әрине. Оны қалай есептейтінін білмеймін. Ол басқа әңгіме. Егер билік тарапынан қатаң инструкциялар болатын болса, онда қабылданбай қалуы мүмкін.

- Осы мемлекеттік қызметте кемі 5 жыл тәжірбиесі болуы міндет деген талап қаншалықты қажет?

- Ол енді қоғамды саяси-әлеуметтік тұрғыда алалаудың формасы ғой. Қоғамдағы азаматтардың құқын әлеуметтік-саяси топтарға бөліп тастаудың тәсілі. Жаңағы мемлекеттік қызметте болмаған азаматтардың президенттік сайлауға түсе алмауы, бұл әрине қоғамдағы әлеуметтік алауыздықты қоздырушы негізгі факторлардың бірі деп есептеймін.  Бұндай талап әлемнің ешбір елінде жоқ шығар...

- Ераға, сізге көп рахмет. Іске сәт!

- Сіздерге де рахмет!

Пікірлескен Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

29 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2058