Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Анық 7394 6 пікір 23 Сәуір, 2019 сағат 16:05

Тоқаев Елбасымен бірге елдің сыртқы саясатын қалыптастырған тұлға 

Бүгін «Nur Otan» партиясының кезектен тыс XIX съезінде партия атынан Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат ретінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынылғаны белгілі. Осыған орай Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мұхтар Абрарұлы Құл-Мұхаммедтен Президенттікке үміткер туралы пікірін сұраған едік.

– Мемлекет басқару оңай емес, ал билік тізгінін өз қолыңмен басқа адамның қолына беру одан да қиын. Бүгін Елбасымыз бұл шешімге өзінің 3 жыл бойына көп ойланып, жүз толғанып барып келгендігін айтты. Елбасы таңдаған Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың есімі барша қазақстандықтарға ғана емес, бүкіл әлемге кеңінен танымал.

Еліміз тәуелсіздік алғанда Қазақстанды көп ешкім білмейтін еді. Дүние жүзінің бірде-бір елінде, елшілігі, тіпті елшісі жоқ елді қайдан білсін? Қасым-Жомарт Тоқаев осындай қиын кезеңде Елбасымызбен бірге еліміздің сыртқы саясатын қалыптастыруға зор үлес қосты.

Екіншіден, ол ел экономикасы тығырыққа тірелген күрделі жылдарда республика Үкіметін үлкен ақылмен, парасатпен басқарды. Мен мұны сол Үкіметтің мүшесі ретінде өз көзіммен көрген адаммын. Кейде оның сабырлы, салмақты мінезін «жұмсақтық» деп қабылдайтындар да бар. Бірақ Қасым-Жомарт Кемелұлының бойында кез келген шектен шыққан адамды тез арада «орнына қоятын» қайсар мінез де жетіп артылады.

Үшіншіден, ол екі рет қатарынан Парламент Сенатын басқарды. Мен сенатор ретінде оның бұл орында да үлкен-кішіге бірдей сыпайы мінез, сырбаз қалпымен отандық парламентаризмді дамытуға қалай үлес қосқанына куә болдым.

Ол жер жүзіне тарыдай шашылған барша қазақтың арасынан әлемдегі ең беделді халықаралық ұйым – Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысының орынбасары қызметін де абыроймен атқарған таңдаулы тұлға.

Құдайға шүкір, қазақта небір нарқасқа азаматтар бар ғой, бірақ Елбасының солардың ішінен Тоқаевты ұсынуының басты себебі – оның жоғарыда айтылған қасиеттерінен туындаған деп білемін. Сол себепті барша ағайынды дәл осындай тарихи кезеңде ұлтымыздың береке-бірлігін танытып, алдағы сайлауда Қасым-Жомарт Кемелұлының кандидатурасын қолдауға шақырамын, – деді Мұхтар Құл-Мұхаммед.

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2053