Иманбаев Мейрам. Исламдағы «таза дін» ілімінің Қазақстандағы жай-күйі және мәселелері
Бүгінгі күнде елімізде ислам діні өзінің қайта өрлеу дәуірін басынан өткеруде. Асыл дініміздің халқымыздың сан ғасырлық тарихи дамуындағы рухани орнын, оның мәдениетіміз бен моральдық-адамгершілік құндылықтарды қалыптастыру мен өркендетудегі рөлін ескере отырып, бұған оңды баға беруге болады. Алайда бұл жерде қазіргі әлемде ислам дінінің ішінде өздерін «таза дін» ілімінің ұстанушылары деп атайтын салафизмнің кеңінен таралып келе жатқандығын ескеру керек. Осының бір көрінісі іспетті, еліміздегі ислам қауымының ішінде де дәстүрлі исламды және «таза дінді» ұстанушылар арасында түсінбестіктер орын алып отырғанын айта кету керек. Мұндай көріністер әлі де болса екі тараптың күнделікті өмірдегі және баспасөз бетіндегі пікірталастары шеңберінен шығып кете қойғаны жоқ. Дегенмен, Тәжікстанда және Ресейдің жекелеген субъектілерінде ислам халықтарының ұстанып келе жатқан ханафилық мазхабы (дәстүрлі ислам) мен салафи ілімін ұстанушылар арасындағы теке-тірестер біршама ашық орын алып отырғандығын ескерер болсақ, бұл мәселеге жіті назар аудару қажет-ақ.
Бүгінгі күнде елімізде ислам діні өзінің қайта өрлеу дәуірін басынан өткеруде. Асыл дініміздің халқымыздың сан ғасырлық тарихи дамуындағы рухани орнын, оның мәдениетіміз бен моральдық-адамгершілік құндылықтарды қалыптастыру мен өркендетудегі рөлін ескере отырып, бұған оңды баға беруге болады. Алайда бұл жерде қазіргі әлемде ислам дінінің ішінде өздерін «таза дін» ілімінің ұстанушылары деп атайтын салафизмнің кеңінен таралып келе жатқандығын ескеру керек. Осының бір көрінісі іспетті, еліміздегі ислам қауымының ішінде де дәстүрлі исламды және «таза дінді» ұстанушылар арасында түсінбестіктер орын алып отырғанын айта кету керек. Мұндай көріністер әлі де болса екі тараптың күнделікті өмірдегі және баспасөз бетіндегі пікірталастары шеңберінен шығып кете қойғаны жоқ. Дегенмен, Тәжікстанда және Ресейдің жекелеген субъектілерінде ислам халықтарының ұстанып келе жатқан ханафилық мазхабы (дәстүрлі ислам) мен салафи ілімін ұстанушылар арасындағы теке-тірестер біршама ашық орын алып отырғандығын ескерер болсақ, бұл мәселеге жіті назар аудару қажет-ақ.
Осы орайда, қазіргі күндегі Ресейдің діни-рухани өмірінде ислам факторы алдыңғы орынға шығып деп айтар болсақ, қателеспейміз. Әсіресе Татарстандағы исламның салафи ілімін ұстанушылардың белсенді жұмыстары, ел билігінің орынды алаңдаушылығын тудырып отыр. Татарстанның Діни басқармасына қарайтын мешіттер мен оқу орындарында шетелден, оның ішінде Араб елдерінен, білім алып келген жастардың көбеюі және олардың татарлардың дәстүрлі түрде ұстанып келе жатқан исламның ханафилік мазхабына қатысты сыни пікірлері мен қатынастары, өз кезегінде билік пен Діни басқарманың оларға қатысты нақты әрі принципті позиция ұстануына алып келіп отыр. Ел билігі әлі де болса бейбіт түрдегі осы мәселені «ұзын арқан, кең тұсауға» жіберер болса, мұның аяғы нақты қақтығыстарға ұласуы мүмкіндігін ескеріп, пәрменді шаралар қабылдауға бел байлап отыр. Өйткені ел билігі мен ресми дін өкілдері салафизм идеологиясын құрайтын «таза дін» ілімінің зайырлық қоғамның кез-келген ұстанымын мүлдем қабылдамайтынын және салафилік (ваххабилік) ілімді ұстанушылардың зайырлы мемлекетпен компромисске келуінің мүмкін еместігін нақты түсініп отыр. Осы орайда, Тәжікстан билігінің өз жастарының шет елдерде діни білім алуына заң бойынша тыйым салуы - еріккеннің ісі еместігі тағы анық.
Жалпы, кез-келген діни ағымдарға, оның ішінде исламның салафи ілімінің қатарына, жекелеген азаматтардың өтуіне баға бергенде, олардың мұндай әрекетін тек қана әлеуметтік, экономикалық қиындықтармен түсіндіру жеткіліксіз екенін түсіну керек. Біріншіден, бұл діни фактор және екіншіден, діни ағымдардың жүйелі және жоспарлы түрде жүргізіп отырған жұмыстарының нәтижесі.
Ресей зерттеушісі Я.А.Амелина, салафи ілімін ұстанушылардың қомақты нәтижеге қол жеткізуін, олардың қоғамдық санаға пәрменді ықпал етіп отырғанымен түсіндіреді. Олар өз мақсаттарына қол жеткізу мақсатында, олардың алдында мемлекет пен қоғамның кінәлі екендігін, өздерінің тым шеткері қадамға баруына мұсылман ретінде өздерін жүзеге асыруға мүмкіндік бермей отырған мектеп пен әлеуметтік ортасы итермелеп отыр деген ойды, БАҚ құралдары арқылы және зиялы ортадағы жекелеген адамдардың ой-пікірлерін ұтымды қолдана отырып, лобби жасап отырғандығы туралы айтады.
Көрші елдердегі діни саладағы жағдайлар ислам діні төңірегіндегі ахуалға біршама терең қарауға міндеттейді. Өйткені біздің еліміздегі діни ахуалдың қазіргі жай-күйі мен болашағы тұрғысынан, бұл елдердегі діни процестерге баса мән берген дұрыс. Біріншіден, бұл ұқсас саяси, экономикалық және әлеуметтік жүйе. Екіншіден, осы елдердегі ислам дінін ұстанатын көптеген халықтар мәдени және діни-мазхабтық тұрғыдан біздің елімізбен біртұтас кеңістікті құрайды. Үшіншіден, көрші елде болып отырған оқиғаның ертелі-кеш маңайындағы елдерге де өз ықпалын тигізетіндігі қарапайым өмір заңдылығы.
Меніңше, жоғарыда аталып өткен автор ойының біздің еліміз үшін де тәжірибелік маңызы аз болмаса керек. «Таза дінді» ұстанушылар, бірінші кезекте, өздеріне пәрменді түрде қарсы тұра алатын билік құрылымдарын қаралауды және соның нәтижесінде олардың іс-қызметтеріне қатысты көлеңке түсіруді пайдалануы - тиімді әдіс. Бұл, өз кезегінде, қоғамдық пікірде оларды жазықсыз әрі бейкүнә қылып көрсетеді де, керісінше билік институттарына қатысты сенімсіздікті тудырады.
Бұл әрекеттерден «таза дінді» ұстанушылардың қоғамдағы жұмыс жүргізу әдістері келіп шығады:
● мемлекеттік органдардың іс-қызметтеріне көлеңке түсіру, оларды қысым жасаушылар ретінде айыптау;
● ресми діни құрылымға қарайтын мешіттердің және ондағы имамдар мен қызметкерлердің іс-қызметтері мен жүріс-тұрыстарына келеңсіз баға беру арқылы, дәстүрлі ислам мен қоғамның, қоғам мен мемлекеттің арасына сына қағу;
● ханафи мазхабындағы дәстүрлі исламды ұстанатын халқымыздың сан ғасырлық өзіне тән дәстүрлерін (адам дүниеден қайтқанда өткізілетін жаназаға мал сою, бақилық болған адамның басына мазар орнату, келіндердің жолы үлкендерге сәлем салуы, тойларда ән айтып, би билеу және т.б.) дұрыс емес етіп көрсету арқылы салт-жоралғыларды мансұқтау. Әрине бұл қатардағы жекелеген мәселелерге қатысты дін талаптары дұрыс болғанымен, әр халықтың сан ғасырлық өзіне тән өмір сүру образынан туындайтын салт-дәстүрлерінің де өмір сүруге құқы бар екенін де ұмытпау керек. Осы жерде еліміздің жекелеген өңірлерінде зираттардың басына салынған мазарлардың қиратылу фактілері «таза дін» ілімін ұстанушыларға қатысты мәселені өзекті ете түседі .
Сондықтан мемлекет мына мәселелерге жіті көңіл бөлгені дұрыс:
1. Мемлекет халқымыздың діни сенімінің сан ғасырлық тарихындағы исламның ханафилік мазхабына басымдық беретіндігін ашық көрсету керек. Бұл мәселенің заңдық тұрғыда шешімін табуы өз кезегінде деструктивті исламдық ілімдер мен ағымдардың әрекеттеріне шынайы баға беруге септігін тигізеді. Ал, дәстүрлі ислам мен салафи ілімін ұстанушылар арасындағы қайшылықтарды бүгінгідей сырттай бақылап отыру позициясы болашақта өзінің пәрменсіздігін көрсетеді;
2. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың Түркістанда еліміздің зиялы қауым өкілдерімен болған кездесуінде қазақ қоғамының діни өміріндегі ислам дінінің өзіндік ерекшеліктері, оның ішінде Иассауи ілімінің орны мен рөлі туралы айтқан ойлары осы бағыттағы мемлекет саясатының басымдығына айналуы тиіс. Өйткені, Елбасының осы кездесуде айтқан ойларын мемлекеттік саясаттың қағидасына айналдыра отырып, қазақ қоғамының рухани тұтастығын сақтап қалуға болады.
- Мемлекет «хиджаб» мәселесінің шешімін табуын да заңдастыру керек. Елбасының хиджаб мәселесіне қатысты пікірі қоғам тарапынан қолдау тауып отырғанын қоғамдық ойға мониторинг жасау нәтижесі көрсетіп отыр. Сондықтан осыны басшылыққа ала отырып, мемлекеттің «Білім беру туралы» Заңына оқу орындарына кез-келген конфессияға тән діни киіммен (атрибутика, рәміздер) келуге тыйым салуды заңдастыру керек. Тек осылай ғана аталған мәселеге қатысты байқалып отырған қазіргі жағдайдағы екіұштылық пен беймәлімдікті еңсеруге болады.
- Билік исламдағы «таза дінді» ұстанатын ағымдардың және оның өкілдерінің билік құрылымдарына, бұқаралық ақпарат құралдары мен басқа да қоғамдық институттарға интеграциялануына нақты тосқауыл қоюы тиіс. Бұл жерде «таза дін» идеологиясында зайырлы мемлекет ұғымы жоқ болғандықтан, олардың түпкі мақсаты «таза дін» үстемдік ететін қоғам құруға тұғырланатындығын ескеру керек;
- Ақпараттық кеңістікте «таза дін» идеяларына қатысты қатаң тосқауыл қажет. Осы ретте еліміздегі БАҚ беттерінде шариғат заңдарының бірден-бір әділеттілігі, исламдық басқарудың тиімділігі және басқа да осы сарындағы тақырыптардың жиі көтерілуі мен жарық көруіне сақтықпен қарау керек.
Осы ойларды былай тұжырымдауға болады: зайырлы мемлекет өз құндылықтары мен ұстанымдарын берік сақтауы керек және оны белсенді түрде қорғауы тиіс.