Шерхан МҰРТАЗА, Халық жазушысы: КЕКІЛБАЕВ пен АЙТАЛЫ ЖОҚ, ИРАК ДЕГЕН БАТЫР ШЫҚТЫ...
- Шераға, жұрт «халықтың сөзін сөйлейтін Шерхан аға қайда жүр?» деп сізді іздеп жатыр. Неге үн-түнсіз кеттіңіз?
- Ешқайда кеткен жоқпыз. Аман-есен елде жүрміз. Таразда тұрып жатырмын.
- Газетке де сирек шығатын болдыңыз. «Ай мен Айша», «Жалғыз», «Бір кем дүние» ... Әдебиет сүйер қауым әр газеттің бетіне бір телміріп, сіздің шығармаңызды күтіп жүр ғой. Ал сіз «Халық сөзінің» кезекті бір санында «... Жас та келді, денсаулық та сыр берді. Бар жұмысым - дәрігерге қаралу болып қалды» деп айтыпсыз. Бұл не дегеніңіз: «болды, енді ештеңе жазбаймын» дегеніңіз бе?
- Шама келсе жазылады ғой. Шама келмей жатады кейде. Көз жарамайды. Жазуға кесір етеді. Ойлауға да. Оның түйіні жүректе боп тұр. Ат үстінде жүріп, жүрек дертін өткізіп алыппын.
- «Кезінде шамам келгенше халықтың көкейіндегісін, жұрттың жүрегінде тұрған, бірақ биікке жетпейтін, дұрысы, жеткізе алмай жүдеген сөзін айттым деп ойлаймын. Ал қазір айтуға шама жоқ» депсіз. Бұл сөзіңізді қалай түсінуге болады: «айта-айта шаршадым, тыңдайтын ешкім жоқ» деп таусылғаныңыз ба, әлде «ескерту» естідіңіз бе? Бұл сөзіңіз «Қос тіл - қос қанатың!» деп орыс тілінің беделі асқақтаған кездің өзінде «Қос тіл жыланда ғана болады!» деп қасқайып тұрған Шерхан қайда? «Парламентте Шерағаң отырса былай дер еді», - дейді біреулер...
- Шераға, жұрт «халықтың сөзін сөйлейтін Шерхан аға қайда жүр?» деп сізді іздеп жатыр. Неге үн-түнсіз кеттіңіз?
- Ешқайда кеткен жоқпыз. Аман-есен елде жүрміз. Таразда тұрып жатырмын.
- Газетке де сирек шығатын болдыңыз. «Ай мен Айша», «Жалғыз», «Бір кем дүние» ... Әдебиет сүйер қауым әр газеттің бетіне бір телміріп, сіздің шығармаңызды күтіп жүр ғой. Ал сіз «Халық сөзінің» кезекті бір санында «... Жас та келді, денсаулық та сыр берді. Бар жұмысым - дәрігерге қаралу болып қалды» деп айтыпсыз. Бұл не дегеніңіз: «болды, енді ештеңе жазбаймын» дегеніңіз бе?
- Шама келсе жазылады ғой. Шама келмей жатады кейде. Көз жарамайды. Жазуға кесір етеді. Ойлауға да. Оның түйіні жүректе боп тұр. Ат үстінде жүріп, жүрек дертін өткізіп алыппын.
- «Кезінде шамам келгенше халықтың көкейіндегісін, жұрттың жүрегінде тұрған, бірақ биікке жетпейтін, дұрысы, жеткізе алмай жүдеген сөзін айттым деп ойлаймын. Ал қазір айтуға шама жоқ» депсіз. Бұл сөзіңізді қалай түсінуге болады: «айта-айта шаршадым, тыңдайтын ешкім жоқ» деп таусылғаныңыз ба, әлде «ескерту» естідіңіз бе? Бұл сөзіңіз «Қос тіл - қос қанатың!» деп орыс тілінің беделі асқақтаған кездің өзінде «Қос тіл жыланда ғана болады!» деп қасқайып тұрған Шерхан қайда? «Парламентте Шерағаң отырса былай дер еді», - дейді біреулер...
- Көп қой олар. Толып отыр. Басқа да депутаттар бар, елдің өкілдері. Халық сайлаған. Айтам дегендер айта алады ғой. Бірақ сол бір екпін, еріксіз күш тартып кете береді орысшасына қарай. Соған бәрі үйреніп алған, кете береді сол әдетпен. Сонда отырған депутаттардың көпшілігі қазақтар, тілі қазақша шыққан. Сөйлей де алады. Мына бір күннің тартылысы сияқты, магнит сияқты қасиеті бар ма орыс тілінің, солай қарай ауып кете береді. Әйтпесе депутаттардың санында да, санасында да мін жоқ. Бірте-бірте түзелетін шығар...
- Бір орыс тілді жас жазушы «қазақ әдебиеті жоқ» депті бір газетке берген сұхбатында. Сіздіңше қалай? «Жоқ» деп түңілген дұрыс па?
- Қазақ әдебиеті неге жоқ болсын! Қаншама жазушы жүр сабылып. Әдебиет болмаса несіне жүр олар?
Біздің ауылда, мына Жуалы деген жерде, қалың егінді шөп басып кеткен кейбір жылдары. Арам шөп. Сол қалың шөптің арасынан анда-санда бір бидай, бір арпа қылтиып-қылтиып көрінетін. Жазушылар одағы да сондай ма, саны көп... Сол сапаға айналса дейсің.
- Бүгінгі жазушы қауым арасында халықтың сөзін кім айтып жүр дейсіз? Жалпы олар бүгінгі күннің талабына жауап бере ме? Қазіргі заманның қарқынына қандай қаламгер төтеп бере алады деп ойлайсыз? - Қазір көп оқи алмаймын. Өзімді қоғамнан үзіліп қалған адамдай сезінемін кейде.
Халық сөзі дегенде... Кекілбаев бар еді, белгісіз себеппен кетіп қалды. Неге кеткенін?! Айталы жоқ. Ирак деген батыр шықты дейді. Солай-солай ел де, ер де түзелетін шығар?..
- «Кітап оқитын адам азайып барады», - дейді пессимистер.
- Бүкіл ақпарат, жаңалықтардың неше түрі, ғылымда, білімде болып жатқан жетістіктер - компьютерде. Қазір бәрін аспаннан тартып отыр. Көп дүние аспанда жүр ғой деп ойлаймын. Шарлап кеткен, торлап кеткен. Аспанның барлығын айқыш-ұйқыш жол қылып алған.
Бірақ түбі кітап керек болады. Тасқа басылғандар түбі оқылады ғой. Кейбірін біз де енді оқып жатырмыз.
Бізде мына Ақсу-Жабағылы деген жер бар. Сонда тасқа басылған неше түрлі дүниелер кездеседі. Сол біздің ата-бабаларымыздың жазулары болуы керек. Олар біздің қамымызды ойлап, тасқа қашап жазып кеткен.
Қарасаң бәрі түсінікті.
Мынау Алтай, Моңғол жағында да солай.
- Өзіңіз көп зерттеген қазақтың көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Тұрар Рысқұловты ашық күстанаушылар көбейіп кетті. Тіпті Сталинді «грузиннің князы» деп Рысқұлов емес, басқа бір қайраткеріміз айтқан деушілер де табылды. Бұл - қаншалықты шындық? Олжастың «Тауды аласартпай, даланы асқақтатайық!» деген сөзін қазақ неге ұмыта береді деп ойлайсыз?
- Олжасқа қатысты ойланып көрмеппін. Алайда бұл сөздің жаны бар.
Тұрар - ежелден жолы болмай жүрген кісі. Оны даттаушылар да көп, мақтаушылар да табылады. Шындығында, ол бүкіл қазақтың қамын ойлаған, бөле-жармаған. «Мына жақ», «ана жақ» деген ауруы жоқ адам. Қызметінде де, жай күнде де.
Қазір қолдан жасап алады бәрін. Рысқұловқа Қожановты қарсы қойып алыпты. Ал Сталиннің жиналысына қатысып, сөз сөйлеп жату Қожановтың дәрежесіне келмейді.
Тұрар Рысқұлов Алашордаға қарсы шыққан адам емес. Қазір Мұстафа Шоқайды айтып жүр. Соңғы кездері осы Шоқайды шетелге жіберген Рысқұлов деген деректердің ұшы шығып қалды. Рас шығар. Өйткені ол шетелде жүріп те Тұрармен байланысын үзбеген. Егер ондай бәле іздегіштер болса, Сәкен Сейфуллинді де жоққа шығаруы тиіс... Тұлғаларымыз көп емес, абай болайық. Ертең солардың көлеңкесіне зар боламыз.
- Саясат туралы әркім әр түрлі айтады. Жастар газетінің, әдеби газеттің, ақыр аяғы саяси газеттің де бас редакторы болдыңыз, депутаттың «шапанын» да өлшеп көрдіңіз, қысқасы, саясат деген алапаттың ыстығына күйіп, суығына тоңғандардың бірісіз, ол туралы сізден артық айтатын адам сирек.
- Кеше сайлау өтті. Піспеген, жеріне жетпеген сайлау болып көрінуі мүмкін. Бірақ соны жариялады: «мерзімінен бұрын өткізілсін!» деп. Пәлендей қарсы болған кісі, күш жоқ. Президент 95 пайыз дауыс алды. Жүз пайызға сәл-пәл жетпеді. Сондай дауыс алған адам бекерден-бекер емес шығар. Назарбаев қазір озып тұр.
Зиялы қауымды жинағанда бардым...
- «Президент - біреу, біз - тіреу» дедіңіз шегелеп.
- Айттым. Асырып айттым ба, біреулер жек көріп қалды ма... «Дат» дейтін газет талқылады ғой деймін, мені сөйтіп айтты деп. Мына алмағайып заманда биліктің бір қолда болғаны дұрыс дегенім ғой. Атқа мінген ерін елемеген, қиын-қыстау кезде жебемеген ел ел бола ма?
- Бүгінгі саясат туралы не айтасыз?
- Ертеде көктүріктерден шыққан Мөде деген хан болған. Қытай империясы алып, күшті ол кезде. Сол Қытай императоры: «Бір ерен жүйрік жылқысы бар екен, соны берсін, -» деп кісі жібертеді. Хан кеңесші-уәзірлеріне ақыл салады. «Ондай жылқы тумайды. Керек қой ол өзімізге. Жақсымызды бергеніміз - елдігімізге сын», - дейді уәзірлері. «Ел аман болса, мұндай жылқы әлі туады. Көршімен көңілдес, тату болып отыру керек, берейік», - деп, хан жүйрігін жетелетіп жібереді. Келесі жылы елші тағы келіп тұр дейді: «Қатындарының ішінде бір тоқалы бар екен сұлу, соны қиса қайтеді», - деп. Кеңесшілерімен кеңесіп көрсе: «Ойбай, сүйегімізге таңба болады. Ел-жұрттан ұят шығар ең қымбат дүниемізді беріп қойсақ», - дейді олар. «Ел аман болса, мұндай әйелдер туылады, берейік», - деп, тоқалын елшінің қолынан ұстатып жібереді. Келесі жылы келді дейді тағы да. «Қытаймен шекараның ар-жақ бер жағында бос жатқан жер бар екен. Соны берсе екен» дейтін көрінеді. «Бос жатқан жер болса, бере салайық!», - дейді кеңесшілері. Сонда солай айтқан уәзірлерінің бастарын шауып тастап, халқын жиып, Мөде айтты дейді: «Ал енді атқа қоныңдар, соғысамыз! Бір сүйем жер беруге болмайды!», - деп.
Сол принцип әлі күнге дейін сақталуы керек.
Қытай сыймай бара жатыр деп көңілжықпастықпен бере салсақ, не болғанымыз? Олар қаулап кіре береді. «Қара қытай қаптаса...» деген сол.
Шекараның ар жағы - қалың қытай. Бер жағы - жалаңаш. Ар жақта салынып жатқан үйлер, құрылыстар. Олар сонда отыра бере ме жайланып, жоқ бері лап қоя ма?.. Бір Құдайға ғана аян. «Сақ болсаң, сақтайды».
- Ауылға да барып тұрарсыз, алыс емес қой, ел не дейді, Шераға? Халықтың пиғылы, ниеті қалай?
- Елге барып, серуендеп қайтайын десең, күн салқын.
Естимін, білемін, жұмыс істеген ағайындар жаман емес. Ал мынау 25-30 сотық жер алып, жоңышқа егіп, сонымен күн көріп отырғандар да бар. Халықтың ниеті түзу ғой қашанда. Ал жекешеленіп алғандар қымтанып, қымтырылып отыратын секілді. Біреу-міреу бір нәрсесін тартып алатындай.
- Сіз «Бір кем дүниенің» екінші кітабын бітірді деп естідік...
- Бітіргенім шамалы. Барын бастырып, жинақтап жатқан секілдімін.
- Сол кітабыңызға құда түсе келдік. «Бір кем дүниенің» екінші бөлімінен үзінді бассақ дейміз!
- Апыр-ай! Бір-екі дәптерім бар еді. Соларды таппай отырмын. Жеңгелерің үйге жөндеу жүргізіп... Қолда бары мынау. Қалай болар екен? Ат басын сонау Астанадан бұрып, арнайы келген екенсіңдер, беттеріңнен қалай қағамын енді...
- Шераға, әңгімеңізге, сиясы әлі кеуіп үлгермеген кітабыңыздан үзінді жариялауды бізден бастауға келісім бергеніңізге көп-көп рахмет! Ауырмаңыз...
- Газеттеріңді оқитын жұрт көбейсін, айналайын!
Әңгімелескен - Дүрәлі ДҮЙСЕБАЙ
Астана - Тараз - Астана