Сейсенбі, 23 Шілде 2019
Саясат 3749 48 пікір 30 Сәуір, 2019 сағат 10:05

Мемлекеттің имиджі үшін бұл сайлау интригаға толы болуы керек

Сайлау туралы жазбақ та қиындап келеді. Орталық сайлау комиссиясына соңғы үміткерлер құжат тапсырып, әне-міне кандидат атанғалы жатыр. Енді олар немесе оларды ұсынған ұйымдар туралы сын жазу – оның қарсыластарына қолдау білдіргенмен пара-пар болады. Яғни, сен обьективтілікті сақтамаған болып, сенің жазғаның біржақты шимай-шатпақ деп сөгеді, осындағы жұрт. Енді қайтпек керек...

Ресми түрде үміткерлердің үгіт-насихаты 11 мамырдан басталады. Жазып үлгерейік. Жазғанда да үміткерлер мен оларды ұсынған ұйымдардың сьездері туралы аз-кем сөз шығарайық.

Нұр Отан сьезі

Бұл биліктегі доминант партия ғой. Екі бірдей президент мүше. Қазақстанның қазіргі уақтағы «запасной президенті» де осы партияның адамы. Сиырқұймышақтатпай турасын айтсақ, кезекті рет кезектен тыс өтетін сайлаудың басты фавориті де осы партияның адамы.

Партия сьезд өткізді. Нұр Отанның алаулатқан-жалаулатқан сьездерінің сиқы белгілі ғой. Осыған дейін сондай сьездің нешесі өтті. Бәрін де көріп-біліп жүрсіздер. Жаттанды болған сценарий. Сол сценарийдің жалпы сұлбасы міне:

Төрде төраға мен оның маңайындағы, өздерін биліктегі элиталық топқа жатқызатын адамдар отырды. Оның айналасына кіл ығайлар мен сығайлар жайғасты. Әнші, күйші-бишілердің бәрі осында. Артқы фонда жауыр болған жаттанды сөздерді жамыраған күйі жатқа айтып тұрған жастар.

Сьезге келгендер кезек-кезек сөз алып, Нұрекеңнің отыз жылдағы жасаған жақсылығын асыра айтып,  әспеттеп сөйледі. Тіпті, ескі президенттің абыройын Абылай ханнан асырып жібергендер де табылды. Ұзын-сонар жиынның соңында Назарбаев төраға ретінде Тоқаевтың кандидатурасын ұсынды. Қалғандары қолдады. Шаруаның шетін қайрған соң, депутат әнші Бекболат Қанайұлы бастап, қалғандары қоштап ән салды. Әннің эмоционалды болғаны соншалық, басқаларды қойып, Нұрекеңнің өзі де көз жасына ырық берді. Осымен бітті.

Сөйтіп, сәуірдің соңына қарай өткен сьезде бас партия басшы болуға лайық тұлға деп – Қасекеңнің, Қасым-Жомарт Кемелұлының кандидатурасын шығарды.

1. Қасым-Жомарт Тоқаев

Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бұл сайлаудың басты фавориті. Саясатты ішінен де, сыртынан да білетіндердің болжауынша жеңімпаз адам. Оның әкімшілік ресурсы бар. Ол билік партиясының өкілі. Ол ел билігінің түрлі сатысынан өткен адам. Ол Назарбаевтың қасында отыз жылдан бері жүрген адам. Ішкі саясатты да, сыртқы саясатты да жіті түсінетін, тісқаққан саясаткер. Ресейде оқыған, Қытайда қызметте болған, БҰҰ-да басшылық қызмет жасаған тәжірбиелі адам.  Оның ел арасында да симпатиясы жоқ емес. Ол туралы бұрын да жаздық. Қайталап жатпайық...

Сайлау болған соң, үміткердің қарсыластары болуы керек қой. Сондықтан да, Қасекең, сайлау өткізбес бұрын, елдегі бірлі-жарым партияның басшыларын Ақордаға жинап, ақылдасу шәйін берді. Бір-бір үміткерден шығаруды талап қылды. Солай болды да. Ақордаға барған партия басшылары сайлауға үміткер шығаратындарын мәлімдеді.

Ақ жол сьезі

Сәуір біте сьезд өткізген және бір партия - Ақ жол. Сьезд Астанадағы, кешіріңіздер, Нұр-Сұлтандағы қымбат қонақ үйлердің бірінде өтті.

Сьезге аймақтардан ұзын-ырғасы 250-ден аса делегат келді. Шақырылған қонақтарды қоса есептегенде, 300-ге тарта адам қатысты. Республикалық және шетелдік ақпарат құралдары сол жерден ақпарат таратты.

Үш сағатқа созылған жиын әуелі президиум мүшелерін сайлады. Олар төрдегі орынға жайғасты. Әрі қарай, Ақ жолдың өңір-өңірден келген делегаттарының ішінен президенттік додаға түсуге мақұл адамдар рет-ретімен мінберге шығып сөз сөйледі. Өздерінің не үшін үміткерлікке түскелі тұрғандарын жеткізді. Сондағы жұрттың сұрақтарына жауап беруге тырысты.

6 адам өздерін үміткерлікке ұсынды. Бұл алтаудың ішінде мемлекеттік тілде, қазақ тілінде екі ауыз сөздің басын құрай алмайтындар да болды. «Баяндамаңызды орыс тілінде жасап шықтыңыз. Ертең қазақ тілінен емтихан тапсырғанда қайтпексіз» деп сұрағандарға: «Да, есть такое» деген адамдар да болды. Мінберге шығып бара жатып, «Здраствуйте дегенді қазақша қалай айтамын» деген адамдар да болды. Мінберге шығып алып, не айтарын білмей есі екеу, түсі төртеу болғандар да табылды. Дания Еспаева, Талғат Ерғалиев, Серік Ерубаев секілді сөзі түзу, сауаты жоғары адамдар да жоқ емес. Несін сұрайсыз. Жарыссөздер қызу өтті. Делегаттар да, журналистер де сұрақтарын ашық қойды. Жауаптарын естіді.

Осыдан кейін партия төрағасы Азат Перуашев сөз алды. Өзінің үміткерлікке түспейтінін мәлімдеді.

Десе де, сьезд алдында өткен пленумда партияның өңірлік филиалдары, Түркістан, Маңғыстау, Алматы облыстарының, Алматы мен Астана қалаларының филиалдары Азекеңнің кандидатурасын қолдаған еді. Ол кезде Азат Тұрлыбекұлы, демократиялық принциптерге сай, өзге әріптестерінің де үміткер болуға құқылы екенін алға тартқан. Сьезде ол өзінің президенттікке түспейтінін кесіп айтты.

Сонан соң, делегаттар көрші бөлмеде 6 үміткерге дауыс берді. Жасырын дауыс беру нәтижесінде Дания Еспаеваны 94 адам, Талғат Ерғалиев деген кәсіпкерді 30-ға жуық адам қолдады. Қалғандары 4-5 дауыспен шектелді. Сөйтіп, алғашқы турда 50 пайыз дауысты ешкім жинай алмаған соң, сьезд көш бастаған екі үміткерге ашық дауыс беру туралы шешімге келді. Ашық дауыс беруде Дания Мәдиқызы делегаттардың 170 дауысына ие болды. Сөйтіп, Ақ жолдың үміткері атанды. Біреуді асырып, біреуді төмендету ойымызда жоқ. Ақ жолдың сьезі әзірге демократиялық талаптарға сай өткен сьезд болды. Ол шындық. Жұрт потенциалды кандидат деп бағалаған Перуашев емес, әділ сайлау арқылы іріктелген кандидат, онда да әйел кандидат таңдалды. Бұл да өз кезегінде партияның қандай да бір интригасы барын білдіреді.

2. Дания Еспаева

Дания Еспаева жасыратыны жоқ, жарыс сөз кезінде өзгелерден көші ілгері болды. Қазақшасы да тәп-тәуір. Қойылған сұрақтарға іркілмей, тосылмай нақты жауап бере алды.

Дания Мәдиқызы – Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы президенттікке үміткер ретінде қатысатын тұңғыш әйел адам. "Сайлауға әйел азаматтың қатысуы болашақта Дариға Назарбаеваның сайлауға түсуіне елдің психологиясын дайындау үшін жасалып отырған саяси қадам" дегендер де болды. Дания Еспаева парламент депутаты. Ол экономика саласында отыз жылдан астам уақыт түрлі қызметтерді атқарған.

Қасым-Жомарт Кемелұлы секілді қасқыр саясаткерге, Ақорда секілді алып механизмге, машинаға қарсы қауқар танытар адам ретінде таңдалды. Кей саясаткерлердің пікірінше алдыңғы үштікке, тіпті реті келсе екілікке енетін адам.

Компартия сьезі

Қазақстанның коммунистері де Мәжілісте депутаты бар партия. Анау, есінесе де, пысынаса да елге «хит» болып жүретін, жасы сексеннен асқан кәрісүйек коммунист Владислав Косарев дейтін депутат осы партияның өкілі.

Компартия - Ақордадағы жиынға шақырту алған партия. Қасекеңнің қабылдауына осы партияның жетекшісі ретінде депутат Айқын Қоңыров барып қайтқан.

Сонан соң халыққа қайрылып сөйлеп, сайлауға сөзсіз қатысатынын хабарлаған. Ал үміткерлікке үміткердің есім-сойын сьезде анықтады.

Қазақстан коммунистерінің де жиыны бас қаладағы беймәлім бір қонақ үйдің шап-шағын акт залында (конференц-зал) өтті. Қонақ үйдің іші-сырты қып-қызыл түске боялды. Құдай бетін әрі қылғыр, сәбет дәуірі қайта тірілгендей болды.

Әуелде, Айекең өзі де президенттік жарысқа түсуге кетәрі емес екенін айтып еді. Сьезде партияластары қолдаса, үміткер болуға сақадай сай тұрғанын ашық жеткізген. Кейін сьезд ақылдаса келе депутат Жамбыл Ахметбековті таңдапты.

3. Жамбыл Ахметбеков

Жәкең депутат қой. Өткенде Алматының қақ төрінде думандатып, дүркіретіп комсомол тойын тойлағандардың бірі.  Сол кезде жұрт Алаштың жүз жылдығын сөз қылды. Алаш арыстарын мұншалық әспеттемеген жұрт, қазақтың 3/1-ін қасақана өлтірген сәбеттің Кремль керек етпеген тойын тойлайтындай не көрінді деді.  Жәкең, шіміркпестен: «өздері тойлап алмай ма» деп журналистерге жекігені бар еді.

Сөйткен Жәкең, енді үміткер. Қазақ тілінің сынағынан да сүрінбей өткен екен. Жамбыл Ахметбеков бұған дейін де сайлау көрген. Анау-мынау емес, Назарбаевқа қарсылас болды. 2011 жылы президент болмаққа білек сыбана кірісіп еді. Бар болғаны 1,36 пайыз дауыс жинаған. Жәкең, Назарбаевтан 8 жыл бұрын жеңілген. Есімізде.

Есімізде дегеннен шығады, компартия өкілдері осыған дейінгі сайлаулардың ешбірінде 2 пайыз дауыс жинаған жоқ.  2005 жылы Ералы Әбілқасымов (анау Мәдинә деген әйдік министрдің әкесі) 0,34 пайыз алса, 2011 жылы Жәкең 1,36 пайыз дауыс жинады. 2015 жылы Тұрғын Сыздықов дейтін адам сайлауға түсіп, болғаны 1,61 пайыз дауыс алған.

Жәкеңнің жасы 58-де. Осы жолы оның кандидатурасын коммунистер бірауыздан қолдады. Жәкеңді жарытып сөйледі дей алмаймыз. Ол өз бағдарламасын түсіндіргенде сол баяғы Назарбаев бастаған істі жалғайтынын меңзегендей болды. Көрші елдермен экономикалық байланысты нығайтатынын, ЕАЭО-ты, Қытайдың «Бір жол, бір белдеуін», «Нұрлы жерді» айтты. Саяси емес, экономикалық бағдарлама әзірлейтінін тағы айтты. Елді дамыту үшін, кедейлікті жою үшін т.б. біраз жоспары бар екенін ұқтырды.

Айтпақшы, Ахметбеков: «әкімдерді қазіргідей тағайындауды жойып, сайлайтын жүйе орнатамын» деді. Осымен болды.

Ауыл партиясының сьезі

Парламентте жоқ, бірақ ол жаққа депутаттар кіргізуді көздейтін тағы бір партия – Ауыл. Партияның төрағасы Әли Бектаев. Бектаев Сенат депутаты. Парламентте партиясы жоқ болғанымен, өзі бар. Соған да шүкір. Саяси болжаушылар, келесі парламент сайлауында компартияны ығыстырып шығарып, Мәжіліске баратын партияы осы Ауыл дейді.

4. Төлеутай Рахымбеков

Сәуірдің 25-і күні ауылдықтар да сьезд өткізді. Бұрынғы ауылшаруашылығы вице-министрі Төлеутай Рахымбековтің кандидатурасын сьезд бірауыздан қолдады. Рахымбеков мемқызметтегі тәжірбиесі жоғары адам.

Рахымбеков Қазақстан халқының 43 пайызы ауылда тұратынын, президент болса, әуелі ауыл халқының мәселесін, көп балалы аналардың мәселесін шешетінін айтты.

Төлеутай Рахымбеков 54 жаста. Инжинер-механик, заңгер, экономика ғылымының кандидаты. Жеке кәсіпкерлікпен де айналысқан. Сәтпаевта әкім, Қарағанды облысында зам-әкім, АШ министрлігінде вице-министр қызметтерін атқарған. Ойбай, ұмытып барады екенбіз, Рахымбеков тағы блогер екен. Марат Шибұтов дейтін саясаттанушының айтуынша, Рахымбеков жалпақ жұртқа төраға Бектаевтан гөрі таныс тұлға дейді. Ауылшаруашылығының бүге-шүгесін білетін мықты маман-мыс.

Ермұрат Бапи және ЖСДП сьезі

Жұрт аузында сайлауда ғана тіріліп, қалған кезде қалғып жататын Қазақстандағы жалғыз оппозициялық партия ЖСДП туралы сөз көп. Сәуір соңында сьезд өткізген партиялардың бірі – ЖСДП.

ЖСДП сьезд алдында саяси кеңес жиынын өткізген. Онда партия атынан аға журналист, «Дат» гәзеттер жобасының жетекшісі Ермұрат Бапидың үміткерлігін ұсынған.

Ерағаң да сьезд қолдаса, сайлауға түсуге қарсылық білдірмейтінін бізге жеткізген. Сөйтіп, сьезді біз де күттік. Алматыда өткен жиынға келгендер Ерағаңды қолдайтындықтарын айтты. Бірақ, Ақорда сценариімен өтетін бұл сайлауға түсуге қарсы екендіктерін жеткізді. Сьезд мінберінен сөйлеген жұрттың барлығы дерлік осы ауандағы пікірлерін айтты. Күшті келесі болатын парламент сайлауына сақтағанды жөн деп шешті.

Содан не керек, ЖСДП сайлауға қатыспайтын болды. Үміткер шығармады. Есесіне партия төрағасы Жармахан Тұяқбай партия тізгінін жастарға беру керектігін айтып, төрағалыққа Ермаұрат Бапиды сайлады.

Үміткерлікке үміткер болып келген Ерағаң, ақырында партия төрағасы болып шықты. Осыған дейін «өлі» партия болып келген, ЖСДП енді тіріліп қалар, дедік біз.

Десе де, айтайық, ЖСДП-ның бұл шешімі – ұрыспай жатып берілу емес пе? Сайлауға қатыспау шындап келгенде – күресуге шамасы жоқтардың айласы емес пе? Жұрт үшін солай болғанымен, ЖСДП үшін олай емес көрінеді.

«Ұлт Тағдыры» құрылтайы

Белгілі саясаткер, қоғам қайраткері Дос Көшім басқаратын «Ұлт Тағдыры» республикалық бірлестігі де бұл сайлау додасына қатысуға шешім қабылдады. Алматыда құрылтай өткізіп, саясаткер Әміржан Қосановтың кандидатурасын ұсынды.

5. Әміржан Қосанов

Құрылтайдың қалай өткенін біз білмейміз. Әміржан Қосановтың айтуынша, 1 ғана адам қарсы дауыс берген. Басым дауыс Қосановтың кандидатурасын қолдаған. Құрылтай аяқталысымен баспасөз жиынын өткізген Дос Көшім мен Әміржан Қосанов журналистердің сауалдарына ашық жауап берді.

Әміржан Қосановтың ел-халықтың ішінде симпатиясы жетерлік. Ол ОСК-ға құжаттарын тапсырып, емтиханнан да сүрінбей өтті. Бәрекелді дедік. Қосановтың осы жолғы сайлауға қатысуы сайлаудың көрігін қыздырары анық-ақ!

Десе де, ол туралы әлеуметтік желіде түрлі жағымсыз пікірлер айтылуда. Бұл нені білдіреді? Бұл бірінші кезекте – өздерін билік оппозициясымын деп танитын көп адамның ауызбіршілігінің жоқтығын көрсетеді.

Иә, біз билікті «қуаршақ кандидаттармен» сайлау өткізетіні үшін көп сынаймыз. Отыз жыл болды. Кешелі-бергі Қосановтың атына айтылып жатқан әртүрлі лас пікірлер – қазақ қоғамының өз лидерін қолдап, саясат сахнасына шығаруға әлі дайын емес екенін көрсетті.

Қосанов осыған дейін елдегі барлық оппозиция өкілдері бірігіп, бір кандидат ұсынуы керектігін айтқан еді. Керек болса, солар ұсынған адамды қолдайтынын да айтқан. Алайда жалғыз деген ЖСДП әлсіздік танытты ма, әлде айласы құрыды ма, әйтеуір сайлауға түспейтін болды. Ақыры Қосановтың өзі сайлауға үміткер ретінде қатысуға мақұлдық айтты.

Кәсіподақтар федерациясы

Тағы бір кандидатты кәсіподақтар федерациясы шығарды. 24 сәуір күні федерация Батыс Қазақстанның тумасы Амангелді Таспихов дейтін адамды президенттікке үміткер болуға лайық деп тапты.

6. Амангелді Таспихов

60 жастағы Амангелді Таспиховты көп жұрт тани бермейді екен, рас. Батыс Қазақстанда туған. Мамандығы инжинер-механик. Алматы және Батыс Қазақстан облыстарында өндіріс саласында жұмыс жасапты. Кейін ҚР Сауда және индустрия министрлігінде қызмет еткен. Әр жылдары Сенат пен Мәжілісте депутат болып та көріпті. Аяғында өзі туған облыстың Мәслихатына барған.

Айтпақшы, федерация Таспиховтың кандидатурасымен қатар бұрынғы «бұзық» депутат Мұхтар Тінікеевті де ұсынған. Тінікеев өзі бас тартты. Әлеуметтік желіде ол өзінің қазақ тілін жетік білмейтінін айтып, Таспиховты қолдады.

«Ұлы Дала Қырандары» қозғалысы

Біз жоғарыда партиялық потенциалдары бойынша біраз кандидаттың есім-сойын екшелеп жаздық қой.  Осы жолғы сайлауға ең бірінші болып құжат өткізген адам – Сәдібек Түгел.

7. Сәдібек Түгел

Сәдібек Түгелді «Ұлы Дала Қырандары» дейтін республикалық қозғалыс ұсыныпты. Сөйтіп, ол кісі ОСК-ға ең бірінші болып құжат тапсырды. Бұл кезде тіпті Нұр Отанның да, басқасының да сьездері өтпеген. Назарбаев Тоқаевтың кандидатурасын ұсынбаған.

Сәдібек Түгел қазақ тілінің емтиханын да тапсырды. Алматыдағы Жоғарғы партиялық мектептің түлегі. Шығыстың тумасы. Журналистика саласында біраз жыл қызмет еткен. Ақмола облысында әкімнің баспасөз хытшысы болған. Ұлттық спорт түрлерін қолдаушы. 2000 жылы «Менің Қазақстаным» қозғалысын басқарған.

«Халық демографиясы» ҚБ

ОСК-ға құжат тапсырған тағы бір адам – Жұматай Әлиев. Ол «Халық демографиясы» қоғамдық бірлестігінің атынан түсіп отыр.

8. Жұматай Әлиев

Ашық дереккөздеріндегі мәліметке сәйкес, Жұматай Әлиев 1952 жылы Жамбыл облысында туған. Ленинград мемдекеттік университетінің философия факультетін бітірген. Алматы халық шаруашылығы институтында да жоғары білім алған.

Ұзақ жылдар бойы университетте сабақ берген. 1997-2001 жылдары Орталық Азия университетін басқарған. 2012-2016 жылдары аралығында парламент мәжілісінің депутаты болған. 2013 жылы Қазақстан халқының санын 20 миллионға жеткізу мақсатында жасанды түсік жасатуға тыйым салу туралы бастама көтерген.

ОСК-ға құжат тапсырған тоғызыншы адам – Талғат Ерғалиев

Талғат Ерғалиев Ақ жолдың өкілі. Партия сьезінде партия өз ішінде өткізген сайлауда Дания Еспаеваға жеңілген адам. Ол «Қазақстан құрылысшылары одағы» республикалық бірлестігінің атынан құжат тапсырды.

Кейін Талғат Ерғалиев Ақ жол партиясының бірауыздан сайланған кандидаты Дания Еспаеваға қолдау білдіріп, өзінің президенттік сайлауға қатысу туралы өтінішін қайтарып алды.

Нәтижеде

Нәтижеде – Орталық сайлау комиссиясына құжат тапсырған 8 адам қалды. 28 сәуір кешкі сағат 18:00-де президенттікке үміткерлерді ұсыну тоқтатылды. ОСК енді осы ұсынған адамдарды 11 мамырға дейін тіркейді. Әрі қарай сайлауалды дода басталады.

Сәдібек Түгел – тіл емтиханынан өтті;

Қасым-Жомарт Тоқаев – тіл емтиханынан өтті;

Дания Еспаева – тіл емтиханынан өтті;

Төлеутай Рахымбеков – тіл емтиханынан өтті;

Жамбыл Ахметбеков – тіл емтиханынан өтті;

Әміржан Қосанов – тіл емтиханынан өтті;

Амангелді Таспихов – тіл емтиханынан өтті;

Жұматай Әлиев – ОСК-ға құжаттарын тапсырды.

Назарбаевтың 10 қарсыласы жабылып жүріп 15 пайыз дауыс жинаған жоқ

Әлеуметтік желідегі көп жұрт Қазақстандағы сайлауды Украина сайлауымен салыстырып жазды. Біз де шама-шарқымызша сөз шығарып, шолу жасадық. Әрі айт та, бері айт, біз бәрібір украиндер секілді сайлау өткізе алмаймыз. Ол анық. Себебі бізде интрига жоқ. Биліктің де, халықтың да сайлау мәдениеті қалыптаспаған. Өтірік десеңіз, өзіңіз біліңіз...

Осыған дейінгі сайлаулардың нәтижесіне тағы бір үңіліп көрейікші:

1991 жыл. Нұрсұлтан Назарбаев – 98,8 пайыз;

1995 жыл. Референдум. Нұрсұлтан Назарбаев – 95,5 пайыз;

1999 жыл. Кезектен тыс сайлау. Нұрсұлтан Назарбаев – 80 пайыз;

2005 жыл. Нұрсұлтан Назарбаев – 91,15 пайыз;

2011 жыл. Нұрсұлтан Назарбаев – 95,55 пайыз;

2015 жыл. Нұрсұлтан Назарбаев – 97,75 пайыз.

Ал Назарбаевтың саяси оппонеттері неше пайыз дауыс жинады? Білмейсіз бе? Есіңізге түсірейік, ендеше:

1991 жыл. Назарбаев жалғыз өзі қатысты;

1995 жылы референдум өткізді;

1999 жыл.

Серікболсын Әбділдин – 11,9 пайыз;

Ғани Қасымов – 4,7 пайыз;

Энгельс Ғаббасов – 0,8 пайыз.

2005 жыл.

Жармахан Тұяқбай – 6,61 пайыз;

Әлихан Байменов – 1,61 пайыз;

Ерасыл Әбілқасымов – 0,34 пайыз;

Мелс Елеусізов – 0,28 пайыз.

2011 жыл.

Ғани Қасымов – 1,94 пайыз;

Жамбыл Ахметбеков – 1,36 пайыз;

Мелс Елеусізов – 1,15 пайыз.

2015 жыл.

Тұрғын Сыздықов – 1,61 пайыз;

Әбілғазы Құсайынов – 0,64 пайыз.

Тәуелсіздік алған 1991 жылдан бастап күні бүгінге дейін 5 сайлау өткіздік. Осы бес сайлауда бес пайыздан жоғары дауыс жинаған екі-ақ адам болыпты. Қазіргі оппозицияның ақсақалы Серікболсын қария мен оппозициялық жалғыз партия ЖСДП лидері болған Жармахан Тұяқбай. Бітті. Ғани Қасымовтың стақан сындырып жүріп төрт пайыздан аса дауыс алғанын және бір айтайық. Қалғандары тіпті 2 пайыз дауыс жинап көрмеген. Сенесіз бе? Масқара ма? Масқара!

Осы 28 жылдың ішінде көршілес жатқан қырғыз туғандар бесінші президенттерін ауыстырды. Кеше ғана нағыз демократиялық сайлау өткізген, өзіміз секілді кеңестің кесір жүйесінен шығып, нағыз еркіндікке бет бұрған украиндер алтыншы президенттерін сайлады.

Ал бізде ше? Бізде Берік Имашевтар бар. Шеттерінен мықтылар, шеттерінен данышпандар. Украиндегі сайлауды көріп алып, «саясатты шоуға айналдырудың қажеті жоқ» деп көсемсиді. Ал өздерінің есептеп берген нәтижелері анау. Осы цифрларға сізбен бізде де, президентті де сендірді ғой.

Назарбаевтың Әбділдин мен Тұяқбайды есептемегендегі 10 қарсыласы жабылып жүріп 15 пайыз дауыс жинай алмапты дегенге сенесіз бе? Сенсеңіз, мейліңіз...

Түйін. Қош, ұсынылатындар ұсынылды. Мемлекеттік тілден емтихандарын тапсырды. ОСК орта жолда айнымаса, 9 маусымда бюлетеннен осы сегіздің есім-сойын көреміз. Ал кімге дауыс бересіз, ол сіздің таңдауыңыз.

Түйіндемес бұрын бір мәселеге назар аударғанды жөн деп таптық. Сайлауға түсетіндер де, басты фавориттер де белгілі.

Осы сайлау бұрынғы сайлаудан өзгеше өтеді деп күтеміз. Себебі, бұл сайлауға Нұрсұлтан Назарбаев қатыспайды. Бұл сайлауға тұңғыш рет әйел кандидат түседі. Бұл сайлауға ел-халықтың ықыласында жүрген Әміржан Қосанов түседі.

Біз қанша жерден интрига жасағамыз келгенімен, кімнің жеңетінін өздеріңіз де болжап біліп отырсыздар. Ендеше не үшін сайлау өткіземіз?

Билік ұсынған кандидат жеңер. Тек ол қанша пайыз дауыспен жеңеді? Мәселе осында. Жұрт 90 пайыз дегенге енді сенбейді. Сенбегендіктен де, сайлау десе жиіркене қарайды. Сенбегендіктен де кешегі жастар «шындықтан қашып құтылмайсың» деп шықты көшеге.

Бұл сайлау мемлекеттің имиджі үшін де, Қасым-Жомарт Кемелұлының имиджі үшін де аса маңызды.  Ал оған Берік Имашев басқаратын ОСК мен Ақорданың, Қасекеңнің бас идеологтары жауапты болмақ...

Интригасыз жеңуі керек болса – 9 маусымдағы нәтиже бұрынғыдай 97,99 пайыз емес, ең кемі 65/35 болуы керек. Шындықтан қашып құтылмайсың, рас. Украинадағыдай сайлау өткізу біз үшін ертегі. Біз жаңағы 65/35 деген нәтижеге жетсек, жартылай жеңіс сол болмақ. Енді осы жерден тоқтайық.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

48 пікір