Жұма, 22 Қараша 2024
Білгенге маржан 16282 3 пікір 2 Мамыр, 2019 сағат 09:00

Номофобия һәм ұялы телефонның ғасырлық тарихы

Отбасыңызбен шүйіркелесіп, шер тарқатысып әңгіме айтатын кездер келмеске кетті. Уақытымызды да, жүйке жүйемізді де ұрлайтын электронды құрылғылардың пайда болуы, өмір ағысын өзгертті. Санамызға билігін жақсылап жүргізетін ұлық патша “телефон” шырмауындамыз. Смартфонға жабысып алып, күнімізді бейне бір сәтті өткізгендей күй кешеміз. Ас ішсек де телефон, дәретханаға барсақ та телефон. Ол тіптен, бүгінгінің сенімді серігіне айналды.

2013 жылы БҰҰ-ның жарияланған баяндамасына сәйкес, ұялы телефонды қолданушылардың саны дәретханасы бар адамдарға қарағанда көбірек екен. Жеті миллиард адамның алты миллиарды ұялы телефон ұстайды, тек 4,5 миллиард адам ғана санитарлық-гигиеналық жағдайда өмір сүреді. Жапонияда телефондардың 90 пайызы су өтпейтін корпусымен шығады, себебі жапон жастары жуыну бөлмесіне кірерде де ұялы телефонын тастамайды.

Әлемді жаулаған індет, Қазақстанды айналып өтсін бе? "Телефон қуаты өшеді-ау" дегенде күйгелектеніп, жан ұшыра қуаттағыш іздеу сізге де тән іс-әрекет пе? Қажеттілікті түсінген алпауыт компаниялар араға ұзақ уақыт салмай “Power bank” аты құтқарушыны ойлап тапты. Қазір ол сөмкеде жүруі тиіс 5 заттың қатарына кіреді. "Power bank" пен қуаттағыш — фанатқа айналғандардың  тынысы тарылып, ауа жетпегенде  көмекке келетін жедел жәрдем іспеттес. "Ұялы телефонды жоғалтып аламын" деп немесе "байланыстан үзілемін" деп қорқу номофобия деп аталады. Бұл термин 2010 жылы қолданушылардың ұялы байланысқа деген әдеттеріне арналған зерттеуде пайда болды. Сауалнамаға қатысқандардың жартысына жуығы ұялы телефонын жоғалтса, қуаты біте бастаса немесе баланста қаражат жоқ болса, тіпті болмаса байланысқа шықпай тұрса уайымдайтынын мойындаған.

Бүгінде 24 сағат, 365 күн бағасы артып, дизайны мен моделі өзгерсе де ұялы телефонға деген сұраныс артпаса кемімей отыр.

Бәрі қалай басталды? 1875 жылдың 2 маусымында Бостон университетінің Шешендік өнер мектебінің профессоры Грехем Белл ең алғаш рет байланыстырушы сымдардың көмегімен өз көмекшісінің даусын естиді. Өнертапқыш шотландтықтың бұл жаңалығы тарих бетінде телефон деген атпен қалды. Бір қызығы, өнертапқыштың есімі ағылшын тілінен аударғанда, «қоңырау» деген мағына береді.

Арада бір ғасырға жуық уақыт өткенде ең алғашқы ұялы телефондар пайда болды. Иллинойс технологиялық институтының түлегі Мартин Купердің өнертапқыштық бұл жаңалығын қазір әлем халқының жартысына жуығы күнделікті қолданып отыр. Ұялы телефонмен жасалған алғашқы нағыз байланыстың тарихы 1973 жылдың 3 сәуірінен басталады. Ұялы байланыс компаниясының қызметкері Мартин Купердің зерттеулер бөлімінің басшысы Белл Лабзға Нью-Йорк көшелерінде серуендеп жүріп соққан қоңырауы ұялы телефонмен алғашқы байланыс орнату саналады. Купердің өзі таратқыштан сигнал жіберу хаттамасының негізгі құрастырушысы еді. Ал ол қолданған телефонның салмағы, яғни ең алғашқы ұялы телефон 1,15 килограмм тартатын.

1973-2019. Арада 46 жыл өткен екен. Прогресстің байқалатыны хақ. Байланыстырушы көпір, көптеген жастың отау құруына себепкер болған сым тетік екенін де естен шығармаймыз. Десек те, шектен тыс пайдалану пайдалылық коэффицентін жояды. Ендігі 46 жылда не болмақ? От жанары сөнген, айфон 25-ті құшақтаған ұрпағымыздың ғана қалмасына кім кепіл?

Саяна Сейітқожа

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1460
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3228
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5290