Еркебұлан Әлімханұлы. Қытайдың державадан супердержаваға айналу жолындағы кедергілер
Дэн Сияопиннің реформаларынан бастап қарқынды даму жолына түскен Шығыстағы көршіміз отыз жылдың көлемінде әлемнің екінші экономикасына айналып үлгерді. Алдағы отыз жылға дейін Қытай әлемнің бірінші экономикасына айналады деген ғылыми болжамдарға құлағымыз үйренген. Тіпті одан беріректе алдыңғы орынға шығады деген гипотезалар да жоқ емес.
Әрине егер Қытай мен АҚШ-тың қазіргі даму динамикасы сақталатын болса алдағы он жылдың көлемінде бұл гипотезалар шындыққа айналатын болады. Алайда дәл қазіргі таңда аспан асты елінің экономикасы АҚШ экономикасының 1/3 деңгейінде. Назар аударуымыз тиіс келесі бір мәселе аждаһа елі экономикалық тұрғыдан бірінші орынға шыққанымен, оның әскери салада АҚШ-ты басып озуы әлдеқайда ұзақ уақыт алады. Ал әскери басымдыққа ие болмай тұрып әлемнің біріншісі болу мүмкін емес. Оған ХХ ғ. басындағы халықаралық жүйе нақты дәлел бола алады. Егер, тарих- болашақтың бейнесі деп алатын болсақ; онда АҚШ-тың 1910 жылдары әлемнің бірінші экономикасына айналғанын, бірақ І дүнижүзілік соғысқа кіру арқылы бірінші рет өзін ірі держава ретінде танытқанын, тек қана ІІ дүниежүзілік соғыстан кейін супердержаваға айналғанын көреміз, олай болса Қытайдың супердержаваға айналуына тағы біраз уақыт керек болады. Егер оған АҚШ мүмкіндік берсе. Өйткені бұл елдің сарапшылары арасында Қытайдың АҚШ-ты ешқашан басып оза алмайтынына сенетіндер жетерлік.
Дэн Сияопиннің реформаларынан бастап қарқынды даму жолына түскен Шығыстағы көршіміз отыз жылдың көлемінде әлемнің екінші экономикасына айналып үлгерді. Алдағы отыз жылға дейін Қытай әлемнің бірінші экономикасына айналады деген ғылыми болжамдарға құлағымыз үйренген. Тіпті одан беріректе алдыңғы орынға шығады деген гипотезалар да жоқ емес.
Әрине егер Қытай мен АҚШ-тың қазіргі даму динамикасы сақталатын болса алдағы он жылдың көлемінде бұл гипотезалар шындыққа айналатын болады. Алайда дәл қазіргі таңда аспан асты елінің экономикасы АҚШ экономикасының 1/3 деңгейінде. Назар аударуымыз тиіс келесі бір мәселе аждаһа елі экономикалық тұрғыдан бірінші орынға шыққанымен, оның әскери салада АҚШ-ты басып озуы әлдеқайда ұзақ уақыт алады. Ал әскери басымдыққа ие болмай тұрып әлемнің біріншісі болу мүмкін емес. Оған ХХ ғ. басындағы халықаралық жүйе нақты дәлел бола алады. Егер, тарих- болашақтың бейнесі деп алатын болсақ; онда АҚШ-тың 1910 жылдары әлемнің бірінші экономикасына айналғанын, бірақ І дүнижүзілік соғысқа кіру арқылы бірінші рет өзін ірі держава ретінде танытқанын, тек қана ІІ дүниежүзілік соғыстан кейін супердержаваға айналғанын көреміз, олай болса Қытайдың супердержаваға айналуына тағы біраз уақыт керек болады. Егер оған АҚШ мүмкіндік берсе. Өйткені бұл елдің сарапшылары арасында Қытайдың АҚШ-ты ешқашан басып оза алмайтынына сенетіндер жетерлік.
Оған себеп те жоқ емес. Қытайдың әлі де шешуі тиіс көптеген проблемалары бар. Бұларды бір ізге салмай тұрып мемлекеттің супердержаваға айналуы қиын. Ендеше Қытай мән беруі тиіс деген өзекті мәселерді қарастырып көрсек:
1. Арзан жұмыс күші: Қытайдың экономикалық өсуі, Батыстың ірі компанияларының өздерінің технологияларын осында көшіруіне байланысты қалыптасып отыр. Әрине олардың мұнда технологияларын тасуының басты себебі Қытайда «арзан жұмысшы күшінің» көп болуы. Аспан асты елінде күндік тамағын айыру үшін ғана жұмыс істейтіндер жетерлік. Ал енді бірнеше жылдардан кейін экономиканың дамуымен бірге халықтың әл-ауқаты жақсарғанда ондағы жұмысшылар жоғары еңбекақы, тиісті жағдай жасауды талап ете бастайды (мұның алғашқы нышандары қазір де көрінуде). Мұндай жағдай да Қытай үкіметі инвесторларды қыса бастайды, сол кезде инвесторлар да Қытайдан кете бастайды. Олар өз технологияларын басқа арзан аймақтарға, әрі табиғи ресурстарға бай жерлерге әкететін болады.
2. Табиғи ресурстар: Қытайға шетелдік инвесторлардың көбірек келіп отыруының екінші бір себебі «табиғи ресурстарға» бай болуы. ХХ ғасырдың соңынан бастап әлемде транспорт құны төмендеді. Кез-келген өнімді жер шарының бір қиырынан екінші қиырына жеткізу проблема болмай қалды, әрі құны да әлдеқайда арзандады. Сондықтан ресурстары түгесіле бастаған Батыс елдері, зауыттарға қажетті ресурстарды бай Шығыстан әкелгенге қарағанда, зауыт технологияларын сонда тасуды жөн көрді. Бұның тиімді жақтары: лас зауыттардың барлығы сол жаққа кетеді, ресурстарды падаланған соң оның қалдықтарын қайда тастаймын деп әуреленбейді сол елге қалағанынша қалдық тастай береді, арзан жұмыс күші, үлкен базар. Осының барлығын ескере келе өнімді Қытайда өндіріп Батысқа тасу арзанға түсті. Бірақ табиғат байлығы түгесіледі, сонда Қытайды мейлінше пайдаланған ірі компаниялар өз технологиясын жұмыс күші арзан, ресурстарға бай әлемнің басқа бір түкіпіріне әкетуге тырысады, мысалы Африка, Үнді елдері немесе Латын Америкасына көшіре бастайды (Африка осы ғасырдың ортасында қарқынды дамитын болады деген сарапшылардың гипотезасының астында да осындай гәп бар). Егер олар технолгиясын тасыған уақытқа дейін Қытайдың білім-ғылымы дамыған болса, онда үлкен проблема туындамайды.
3. Ғылым мен білімнің кенжелеп қалуы: Өкінішке орай Қытай ғылымы (Батыспен салыстырғанда) дамыған деп айта алмаймыз. «Ғылым мен білімнің» артта қалуы аждаһа елінің дамуын тежейтіні сөзсіз. Өйткені қазір бұл елдегі технологияның 80 % басқа мемлекеттерге тиесілі. Ал бұл технологиялар шығарған өнімнің пайдасының 15-20 % ғана Қытайда қалады да, қалғаны технологияны патенттеген елге кетеді.
Оның үстіне Қытайда шетелден «ақыл алу» Батыс елдеріндегідей жолға қойылмаған. Жаңағы ірі компаниялардың барлығы ғалымдарға жоғары жалақы беретін болғандықтан, мықты ақылдардың барлығы соларға қызмет істейді. Бұл жерде олармен бәсекелесу өте қиын. Сондықтан тек қана өз ғалымдарының көмегіне жүгінуге тура келеді. Қытай бұл мәселеге көңіл бөліп арнайы бағдарламалар қабылдады, ғылымға бөлінген қаржы көлемінен әлемде үшінші орынға шықты. 2020 жылға дейін шетелдік технология үлесін 30%-ға қысқартуды көздеп отыр.
Бірақ өздері дайындаған ғалымдар да ебін тауып (оларды арнайы келісім-шарттармен байлап тастаған) жаңағы жоғары жалақылы компанияларға кетіп қалуға тырысады, оларды ұстап отыруға тырысып жағдайларын жасауға көңіл бөлінуде, дегенмен трансұлттық компаниялармен «ақыл бәсекесінде» әзірге Қытай ұтылып отыр.
Олай болса егер шетелдік компаниялар технологияларын басқа аймақтарға әкететін болса, ол уақытта Қытайдың технологиясы тиісті дәрежеге жетіп үлгермесе, онда көптеген жұмыс орындары жабылатын болады. Жұмыссыздық артады, ал жұмыссыз адам қарнын тойдыру үшін қолынан келер соңғы шараға жүгінуге мәжбүр болады.
4. Өршіп бара жатқан қылмыс: Олар күнкөріс үшін ұрлық жасауға, тонауға тб «қылмыстарға» баруға мәжбүр болады. Қытай заңы қылмыскерлерге өте қатал, өлім жазасы көп, қазіргі таңда бұл ел әлемдегі ең бір қатал заң жүйесін жасаған. Бірақ, мұндай қатал заңға қарамай қылмыс көлемі Қытайда артып отыр. Әсіресе есірткі тасымалы, ұйымдасқан қылмыс пен парақорлық өршіп келеді. Егер Қытай дағдарысқа кіретін болса, онда бүгін артып отырған қылмысқа жұмыссыздардың көбеюімен бірге артатын қылмыс қосылатын болса, онда үкімет үшін бұл нағыз бас ауыртар мәселеге айналары анық. Қылмыстың жоғарылауы экономиканың дамуына да кері әсерін тигізері сөзсіз.
Оның үстіне жұмыссыздар елден кетіп, басқа елдерден жұмыс табуға ұмтылатын болады. Емиграцияға кетуге тырысатындар қазіргіден де көбейеді.
5. Қытай фобиясы: Бұл онсызда өршіп тұрған «Қытай фобиясының» асқынуына жол ашады. Қытай ұлтының өз территориясында көбеюінен тек қана көрші елдерін ғана емес, АҚШ, Австралия, Батыс Еуропа елдерін де сескендіреді. Олардың барлығы да аспан асты елімен қандай да бір келісім-шарттарға отырғанда бұл мәселені ескеруде. Бұл қорқыныш халық арасында да, үкіметте де бар. Бүгін Қытай қарқынды дамып отырған ел, жоғарыда атап өткен пайдалы жақтары бар, сондықтан қазір керек кезде жақсы араласқанымен, ертең барлық ресурсын пайдаланып болған соң ымырасыз бәсекелесінің аяғынан шалуға тырысады, келісімдерді бұзып шекараларын қымтуға ұмтылады және Қытайдағы сепаратистік пиғылдарды қоздырып, өзара ішкі таластардың шығуына дем беретін болады.
6. Ішкі қайшылықтар: Қытайдың ежелден келе жатқан әлсіз тұсы «ішкі қайшылық», бұл ел үшін әрқашан ішкі қақтығыс сыртқы дұшпаннан қауіптірек. Қытайда ұйғырлармен, тибеттіктермен, монғолдармен тб аз ұлттармен ұлтаралық кикілжіңдер бар. Бірақ бұл аспан асты елі үшін қауіп төндірерлік өзекті мәселе емес, өйткені елдің ассимиляция сясаты жақсы жүріп жатыр, барлық ұлттық аймақтарда қытайлардың (жунго) үлесі 50 пайыздан асқан немесе сол шамада. Оның үсітне халықтың 95 пайызы қытайлар, басқа 50-ден аса ұлттар тек қана 5 пайыз шамасында.
Қытай үшін ішкі қақтығысқа әкелуі мүмкін негізгі проблемаларға: байлар мен кедейлердің арасының алшақтығын, елдің аймақтарыдағы дамудың әркелкілігін, тілдік ерекшеліктер немесе диалектілерге байланысты туындап отырған алауыздықтарды жатқызуға болады. Оның үстіне Батыстың үрлеуімен соңғы жылдары демократиялық қозғалыстар, саяси оппозиция да кең жайылып келеді. Егер елде дағдарыс болатын болса «жұт жеті ағайынды» дегендей ішкі қақтығыстар да бас көтереді, ондай жағдайда елді тыныш ұстап тұру өте қиын. Сондықтан Қытайда ішкі сепаратизм өршімемесі үшін бәріне ортақ, халықты біріктіретін бір идеология керек.
7. Ортақ идеология: Егер тарихтағы империяларды алатын болсақ онда олардың барлығында империяның халқын біріктірген, басқа елдерді жаулап алуға көмектескен бір сенімдерінің болғанын көреміз. Мысалы, Ескендір - Батыс пен Шығысты қосуды, Шыңғысхан - жердің шетіне дейін жетуді, Осман империясы - ислам дінін жаюды, Англия - өркениетті таратуды, КСРО - күллі әлемде коммунизм орнатуды, АҚШ - демократия қағидалары мен адам құқықтарының гүлденуін өздеріне идеология етіп алды. Мұндай идеологиясыз әлемнің бірінші күшіне айналу қиын, тіпті тарихқа қарасақ мүмкін де емес. Идеологиялар өз халқыңды рухтандырады, басқа халықтың арасынан өзіңе одақтас табуға мүмкіндік береді, оларды билеуге көмектеседі. Ал Қытайдың біз көріп отырған әлемге таңарлық идеологиясы жоқ. Тіпті оның шеті де көрінбейді. Идеология - басқа елдерден өзіңе жақтас табуға көмектеседі дедік, мүмкін Қытайға мұндай идеология керек емес шығар, өйткені олардың әлемге тараған халқы бар ғой, солар болашақта Қытайдың ішкі жақтасына айналар. Оның үстіне сырттағы және іштегі қытай ұлты Қытайдың гүлденуіне атсалысуы керек деген идеологиялары да бар.
Қытайдың бірінші болуын тұсайтын біз қарастырмаған басқа да мәселелер жетерлік. Егер АҚШ-тың ІІ дүниежүзілік соғыстан кейін КСРО-ны құлатуға негізделген жоспарлар жасағанын ескерсек, оларды қазір ешқандай жоспарсыз отыр деу қисынсыз. Жапония да 1980 жылдары «алдағы бірнеше жылда АҚШ-ты қуып жетеміз» деп сағым қуып қалды, аталған онжылдықтың соңында Жапония экономикасы үлкен дағдарысқа кіріп, содан кейін даму қарқынын жоғалтып алды.
Біз Қытай супердаржаваға айнала алмайды деп отырғанымыз жоқ, тек қана жоғарыдағы мәселер Қытайдың «бірінші» болуына кедергі келтіретін басты факторлар деп ойлаймыз. Әрине біз көрген кемшіліктерді Қытай үкіметі де, саясатшылары да, ғалымдары да көріп отыр. Олар, осы мәселелерді шешуге арналған кейбір жобаларды дайындап жатқанын да жоғарыда айтып өттік. Ал олардың қалай жүзеге асатынын уақыт көрсете жатар.
Ал біз мынаны естен шығармауымыз керек, Қытай әрқашан алып мемлекет болып келген, болып қалады да. Тіпті әлемге үстемдік құра алмаса да, ол әрқашан өз аймағындағы елдерді айтқанына жүргізіп отырады. Сондықтан бұл елді қаншалықты тереңірек білсек соншалықты бізге пайдалы болады.
«Абай-ақпарат»