Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2203 0 пікір 14 Маусым, 2011 сағат 07:47

Тұрсын Жұртбай. «Ұраным - Алаш!..». Жан жегісі

Төртінші тарау:   ЖАН ЖЕГІСІ

1.

М.Әуезовтің жеделхатын алысымен «Алашорданың» шығыс бөлiмiнiң астанасы болып табылатын Семейдегi қайраткерлер ерекше белсенділік танытты. Қазақ елiнiң сол тұстағы шынайы рухани астанасы ретiнде танылған және Сiбiр ревкомының, сол арқылы Ресейдiң құрамынан шығу қозғалысы бастау алған бұл шаhарда «Алаш» идеясы әлi өшкен жоқ едi. Ертiстiң Сарыарқа жақ бетi «Алаш» деп аталуы соның бiр белгiсi болатын.

Қазақ ұлтын сақтап қалудың бiрден-бiр жолы - ашаршылыққа қарсы күрес қозғалысы екенін түсiнген Мiржақып Дулатов бастаған Семейдегi алаш азаматтары бұл науқанға шұғыл кiрiстi. Бұған Орталық Атқару Комитетiнiң Әуезов пен Досов сияқты екi бiрдей  белді өкiлiнiң келуi де қарқын бердi. «Ашаршылыққа» қарсы күрестiң ресми емес ұйымдастырушысы мiндетiн атқарған Жүсiпбек Аймауытов «Қазақ тiлi» газетi арқылы салауат-сауынның екпінді жүргізілуіне зор үлес қосты.

Әттең, сол еңбектерi үшiн басы дауға түсiп, он жылдан кейiн өлiм жазасына кесiлетiнiн Жақаң - Мiржақып та, Жүсiпбек те бiлген жоқ.

Төртінші тарау:   ЖАН ЖЕГІСІ

1.

М.Әуезовтің жеделхатын алысымен «Алашорданың» шығыс бөлiмiнiң астанасы болып табылатын Семейдегi қайраткерлер ерекше белсенділік танытты. Қазақ елiнiң сол тұстағы шынайы рухани астанасы ретiнде танылған және Сiбiр ревкомының, сол арқылы Ресейдiң құрамынан шығу қозғалысы бастау алған бұл шаhарда «Алаш» идеясы әлi өшкен жоқ едi. Ертiстiң Сарыарқа жақ бетi «Алаш» деп аталуы соның бiр белгiсi болатын.

Қазақ ұлтын сақтап қалудың бiрден-бiр жолы - ашаршылыққа қарсы күрес қозғалысы екенін түсiнген Мiржақып Дулатов бастаған Семейдегi алаш азаматтары бұл науқанға шұғыл кiрiстi. Бұған Орталық Атқару Комитетiнiң Әуезов пен Досов сияқты екi бiрдей  белді өкiлiнiң келуi де қарқын бердi. «Ашаршылыққа» қарсы күрестiң ресми емес ұйымдастырушысы мiндетiн атқарған Жүсiпбек Аймауытов «Қазақ тiлi» газетi арқылы салауат-сауынның екпінді жүргізілуіне зор үлес қосты.

Әттең, сол еңбектерi үшiн басы дауға түсiп, он жылдан кейiн өлiм жазасына кесiлетiнiн Жақаң - Мiржақып та, Жүсiпбек те бiлген жоқ.

Бұл науқаннан Меңдешев пен Жангелдин, Сейфуллин iспеттi автономия басшылары тыс қалды. Мұның өзi олардың ел iшiндегi беделiн түсiрдi. Қазақ оқығандары аштарға мал, азық-түлiк жиып, ерiнi кеуiп ел аралап жүргенде пәуескемен серуен құрып, қыз айттырып жүрген серi «большевик» қайраткерлер де табылды. Мұның барлығын халық бiлiп, көрiп отырды. Түскен беделін қалпына келтірудің қамын қарастырып, «Алашорданың» көсемдерiн кеңес өкiметiне қарсы астыртын әрекет жасады-мыс деген желеумен Әлихан Бөкейханов пен Міржақып Дулатовты түрмеге қамады.

Тергеушiлердің 1921-1922 жылы астыртын: контрреволюциялық-ұлтшыл төңкерiс ұйымдастыру үшін, Түркиядан астыртын келген Әнуар паша мен Заки Валидовтiң басмашыларына қосылу үшiн қазақ әскерiн жинап, ел-жұртты соған үгiттеу мақсатымен қырға шыққан», - деген бопсасын жоққа шығара отырып, М. Дулатов бұған ешкiмнiң атын атамай, сыпайы ғана:

«1921 жылы Торғай, Ырғыз, Қостанай уездерiндегi Орал губерниясының бiраз бөлiгiндегi тұрғындар аштыққа ұшырады. Мен Семейдегi «Қазақ тiлi» газетi арқылы бiрiншi болып: қырдағы аудандардың темiр жол торабына 400-500 шақырым қашықтықта жатқандығынан да және тұрғындардың шашыраңқы орналасқандығынан да мемлекеттiк көмектiң оларға толық жетпейтiндiгiн айтып: барлық қазақ қызметкерлерi атқа мiнiп, ел аралап салауат-сауын (добровольные пожертвование) жиюы керектігі, жиналған малды қыр жолы арқылы аштық жайлаған аудандарға тура айдап апарудың әлде қайда тиiмдi болатындығы туралы бастама көтердiм. Менiң бұл ұсынысымды көпшiлiк те қабыл алды, осы мәселе жөнiнде өткiзiлген мәжілiсте бұл жобаны қолдады, кейiннен губерниялық Аштарға көмек комиссиясы мен оның орталық ұйымы да қостап, iске кiрiсу туралы рұқсат бердi. Шұғыл кiрiсiп кетудiң нәтижесiнде 2-3 айдың iшiнде 15 мың iрi қара жиналып, олар аз уақыттың iшiнде аштыққа ұшыраған аудандарға жеткiзiлiп, халыққа бөлiнiп берiлдi. Бұл салауат-сауынның жетекшiсi әрi ұйымдастырушысы ретiнде мен жаз айында Семей губерниясының үш уезiн аралап шықтым. Қырдан қайтып, Семей қаласына келген соң менi тұтқынға алды, ОГПУ-дiң Қазақстандағы өкiлiнiң бұйрығымен Орынборға жөнелттi, бiраздан кейiн босатты», - деп баяндады.

Мiне, коммунист-колонизаторлар мен кеңес өкiметiнiң және қазақ автономиясы атқару комитетiнiң өздерi басқарып отырған халықты аштықтан алып қалған қайраткерлерге көрсеткен сыйы мен айтқан рахметi. Бiр таңданарлығы, ашаршылыққа сол тұста партия мен мемлекеттiң басында отырған Әлiби Жангелдиннiң, Сейтқали Меңдешевтiң, Сәкен Сейфуллиннiң (Бетпақдала) ауылдары ұшырап едi. Олар неге соншама салқын қандылық танытты, алаш азаматтарын тұтқындауға неге бөгет жасамады?

Өзге-өзге, дәл мұндай жауапты науқанның кезiнде арандату мен алауыздыққа, аңдуға жол бермеуге олардың толық мүмкiндiгi бар едi.

Соның iшiнде, көктемнен бастап бүкiл Семей губерниясын аралап мал жиып, Сарыарқаны кесiп өтiп, жердiң түбi Торғайға - екi мәрте барып, 8 мың мал айдап апарған, ең адал азамат ретiнде жұрт сенiп тапсырған өкiл - Жүсiпбек Аймауытовқа қарсы астыртын арандату әрекетi жүргiзiлгенi тiптi де түсiнiксiз. Тiмiскi тыңшылар өзi аштықтан ашынған, аш өзегi өртенген адамдардың ашкөзденген сәтiн пайдаланып, арғын мен қыпшақ руларының аштарын бір-бiрiне айдап салды, сүйекке таластырды. Оны ұйымдастырған жергiлiктi жердегi кеңес өкiметi мен партия ұйымдарының белсендiлерi едi. Ал олар жоғарыдан арнайы нұсқау түспесе, өз бетiмен мұндай әрекетке бара алмайтын. Солар ұйымдастырған арыздың салдарынан Жүсiпбек Аймауытов жауапқа тартылды. Сот кезiнде ол айыпталушыдан айыптаушыға айналды. Жүсiпбектiң тергеу барысындағы куәлігі мен соңғы сөзi сол кездегi кеңес тергеу орындарының арандату әрекетiн әшкерелеген үлкен саяси айыптау болды. Абзал азаматтың:

«Азаматтық, адамшылық жүзiнен қаралса, бiр кiсi аштарға жан салып, қызмет көрсетсе - мендей-ақ көрсетер еді деп шүкiршiлiк етемiн. Мүмкiн, менiң еткен еңбегiм себеп болып, ондаған, жүздеген аштар ажалдан  аман қалған болар, қалмады деп Торғай елi айта алмас. Еңбегiм - салауат: ниетiм - арам, жүрегiм - қара, қазаққа - зиянды адам болып табылсам, бұ да бiр уақыт шығар. Жазаға мойынымды ұсынамын, аштар үшiн мен-ақ құрбан болайын. Елiмнiң заңына көнемiн», - деген жүрек сөзi де кеңес өкiметiнiң жазалау саясатының бетiн қайырмады.

Жүсiпбек аштар үшiн ғана емес, ел үшiн құрбан болды. Бiрақ ол үкiм бес жылдан кейiн орындалды. Бұл жолы да Ахмет Байтұрсынов пен Смағұл Сәдуақасов жазықсыз жанды жандарын сала қорғады. Оқу-ағарту комиссары, «Еңбекшi қазақ» газетiнiң жауапты редакторы Смағұл Сәдуақасов Мәскеуде жүрiп:

«Түрмедегi айып орындығында отырған торғайлықтардың iсiн толық ақтайтын аса маңызды дерек менде бар. Мен келгенше сот iсiн тоқтата тұруыңызды өтiнемiн», - деп жеделхат жолдапты.

«Алашордашылардың» үстінен жүргізілген «атышулы сот ісі» Голощекиннің «дабылымен» тіптен үстемеленіп, қоңыраулатып өтеді. Ж.Аймауытов пен И.Байменовтың үстінен жүргізілген соттың нәтижесі туралы Ораз Исаев Голощекинге берген есеп хатында Ж.Аймауытовтан көрі С.Сәдуақасовты айыптау басым. Бұл мәселенің ұзын-ырғасы деректермен барынша қанық баяндалса да, Орталық комитеттің көзқарасын білдіретін ресми тұжырым болғандықтан да толық келтіреміз. Өйткені бұл тек қана Жүсіпбек Аймауытовтың ғана емес, бүкіл «Алашорданың» үстінен жүргізілген сот және алдағы үлкен тергеу ісінің дайындығы болатын. Бұл сот процесі: енді күш ала бастаған қужақтардың - голощекиншілердің «Алашорданың» аштық тұсында ел үшін еткен еңбегін еш кетіруге, оларды өз туыстарының қамын ойлаған пайдакүнемдер ретінде көрсетуге тырысқан. Бұл Ораз Исаевтың да «Алашордаға» қарсы науқанды ұйымдастырудағы «алғашқы қадамы» еді:

О. Исаев: «Аймауытов және басқалардың үстінен жүргізілген сот процесі» туралы әр түрлі алып қашпа сөз айтылып жүргендіктен де, екінші жағынан алғанда соған қатысты кейбір жайлардың шектен шыққанын ескеріп, сол кезде бюро мүшелерінің көпшілігі жоқ кезде Өлкелік комитеттің хатшысының орынында қалғандықтан да, хат арқылы төмендегіні мәлімдегім келеді.

Осы істің барысы туралы мәселе Қазаткомның президиумында қаралған сияқты еді, сонда Президиум мүшелері Мыңбаев пен Сәдуақасов елден ерекше пікір ұстанып: бұл партияда жоқ интеллигенцияның арасында ішінара назарылық тудыруы мүмкін, - деген сылтаумен істің сотта қаралуына қарсы болған. Бұл наразылық Өлкелік комитетке берілді ме, жоқ па, оны білмеймін. Мен мұны тек сот процесі өтердің алдында ғана, Жоғарғы соттың төрағасы Демме жолдас маған Өлкелік комитеттен арнайы қоғамдық айыптаушыны белгілеп беру туралы ресми түрде хабарласқанда ғана білдім.

Сотқа менің өзімнің қатысуымды өтінді. Киселев жолдастың қолдауымен мен одан бас тарттым. Киселев жолдастың Сырдарияға іссапармен кетуіне байланысты хатшының орынында қалатынымды, сондықтан да уақыттың болмайтынын және менің қатысуым ыңғайсыз екендігін желеу еттім. Мұның басты кілтипаны: - ашаршылық жылдары келтірілген шығын болғандықтан да ғана «үлкен адамдар» іске тартылып отырғандығын баса көрсетттім. Одан басқадай (төменде айтылатын) шиеленіс ойыма да келмеді. Жоғары соттың өтінішіне орай алғыр әрі қолы менен көрі бостау жолдас Бековті ұсындым. Соттың құрамы туралы сөз болған жоқ.

Сөйтіп процесс басталып кетті. Баспасөздер әр түрлі пікір білдіріп жатты, бірақ соның ішінде «Советская степь» газетінде дөрекілеу мәнерде жазылған мақала мен хабарландырудан басқа белсенділік танытқан ешкім болған жоқ. Бұл ретте қандай да бір ұйымдасқан іске қатысты қарсы мақаланы Қазаткомның органдары жариялаған емес.

Соттағы айыпкердің орындығында өте белгілі адамдар, соның ішінде Аймауытов пен коммунист Байменов отырды.

Істі тыңдау барысында мәселенің басқа жағы көріне бастады. Процесс барысында көпшіліктің пікірі: айыпкерлерге жаны ашығандардың тобы болып және соттың үлкен жазаға кесуіне мүдделілердің тобы болып - екіге жарылды. Мұның орын алуына түрткі болған жай кейін баяндалады. КИНО (Қазақ оқу-ағарту институты - Т.Ж.) мен Өлкелік партия мектебі оқушыларының айыпталушыларды жақтайтыны байқалды, ҚӨПМ-нің тыңдаушылары сот кезінде Байменовті (ҚӨПМ-нің бұрынғы оқу ісінің меңгерушісі) еркіндікте ұстау туралы сотқа мәлімдеме тапсырды. Тіпті сот процесінде (айыптаушы топ - Т.Ж.) айыпкерлерді қамақта ұстау туралы талаптар қойды. Сот төрағасы жолдас Бекбатыров: олар өздерін тым еркін ұстағандықтан да солай істеуден басқа амалы қалмағанын айтты.

Осы іске байланысты жолдас Сәдуақасовтың жөнсіз іс-әрекетін атап өтпей кете алмаймын. Сот тергеуі аяқталар тұста жолдас Сәдуақасов Москвадан (әлде Орынбордан ба) Тоқжігітов арқылы жедел хат жолдап, бұл іске байланысты оның маңызды айғақтары бар екенін хабарлайды. Сот ісінде бұл адамның (С.Сәдуақасовтың - Т.Ж.) аты-жөні тіркелмегенін және оның Қызылордадан сырт жүргенін ескеріп, өтінішін ескерусіз қалдырады. Сәдуақасов келген кезде сот тергеуі аяқталып, екі жақтың жарыссөзіне кезек беріледі. Ол келе сала бұл мәселені Өлкелік комитеттің бюросында талқылауды ұсынып, мәселені ушықтырып жіберді.

Мен Нұрмақовпен сөйлестім, сот төрағасы Бекбатыровты шақырып, істің барысын сұрадық. Ол: Байменов пен Қарпықовтың және басқалардың қылмысы дәлелденгенін, ал Аймауытовтың кінәсі аз екенін айтты. Нұрмақов екеуміз оған: егерде Аймауытовтың кінәсі елеусіз болса, нақты дәлел болмаса, онда біздің ойымызша оған 3-4 айдан артық кесім жасамаңыз, бұл партияда жоқ интеллигенттердің арасында бізді (өкіметті) «жала жабуға», қудалауға тырысты деген пікір тудырады. Қалғандарына заң бойынша жаза беріңіз, - дедік.

Біз осымен шектеліп, 2 адамнан тұратын бюро мәжілісін шақырмай-ақ қоюды ұсындық. Алайда Сәдуақасов бюроны шақыруды, онымен де шектелмей, Өлкелік комитеттен олардың барлығын, тым құрығанда Байменовті ақтауды талап етті. Нұрмақов жолдас та бюроны шақыруды қолдады. Бюроны шақырудың мүмкіндігі болмағандықтан да, Нұрмақовтың, Сәдуақасовтың, Исаевтің, Кадиктің, Арықованың, Бокштың және басқалардың қатысуымен кеңес өткіздім.

Мен біздің неге жиналғанымызды, сондай-ақ сот төрағасымен арадағы әңгімені баяндап бердім, ал Сәдуақасов жолдас арнайы баяндама жасағандай сөйледі. Оның пікірі мынаған саяды:

1. Бұл үлкен оқиға, өйткені сот орындығында Аймауытов сияқты қазақтың Вересаеві, Алексей Толстойы отыр, ол «Интернациональ» мен «Жас гвардияны» аударды. Бұл партияда жоқ интеллигенцияның арасында наразылық туғызады, осы күндері Қызылордада кім билікті ұстап қалса, соған сөз келтіреді.

2. Бұл сот процесі - «Алашорданың» үстінен жүргізілген сот, одан басқа ештеңе де емес, сондықтан да соттың құрамы (Бекбатыров, Арықова және Ашмаев) ол деңгейден төмен (көрнекті адамдар емес).

3. Сотта жалғыз ғана қорғаушы бар, оның өзі орыс екен, сондықтан да сотқа жетекшілік жасау керек.

4. Сотқа тартылғандарды, соның ішінде Аймауытовты қорғап жазылған жалғыз мақаланы, Дулатовтың мақаласын «Еңбекші қазаққа» жариялауға келісім бермеу деген қандай шектен шығушылық (бұл мақала Сәдуақасов келісімен «Еңбекші қазақтың» бетінде жарияланды).

5. Бұл іс ескіріп кеткендіктен де және «айыпты болмағандықтан да» сотталуға жатпайды, бәрін босату керек.

6. Маған (Сәдуақасовқа) сотта не куә ретінде, не қоғамдық қорғаушы ретінде сөйлеуге рұқсат беріңіздер, қазақтың қаламгерінің бірі ретінде оларды қорғауға тиіспін.

7. Сондай-ақ партияда жоқтар бұл процеске қазақтардың партия ішіндегі бір тобының екінші тобына көрсеткен қыры деп баға береді, - деген пікір білдірді.

Кеңес мұның бәрін бекітпеді және біздің сот төрағасымен болған әңгімемізді қостады. Бұдан шығаратын менің қорытындым:

1. Өлкелік комитет оқиғаның ұйымдастырылуы тұрғысынан алғанда оның қалай дамитынына мән бермеді.

2. Сәдуақасов жолдастың алашордашылармен арасындағы жігі ажыратылмаған. Қазақ интеллигенциясының мәдени деңгейі туралы пікірі қылмысқа жалғасып жатады. Оның кеңес соты жөніндегі көзқарасы да жағымсыз әсер қалдырады.

3. Алашордашылар осы сотта өзінің азуын көрсетті, Сәдуақасовты пайдалана отырып, партия мен өкіметке ықпал етуге тырысты.

4. Оқушылардың тәртіптері де алаңдатады және тиісті шара қолдануды талап етеді.

5. Сотта зиян шеккен үкімет мекемелерінің, мысалы, басында мал жинау ісін жүргізген «Аштарға көмек» комитеті өкілдерінің болмауы да жарасып тұрған жоқ.

6. Сәдуақасовтың мақаланы жариялау туралы пікірі де дұрыс емес, қайта сот жүріп жатқанда оны жарияламау керек еді. Сергеевті айыпталушының өзі таңдап отырғандықтан да, қорғаушы жөніндегі пікірі де орынды емес.

7. Соттың үкімінен кейін Сәдуақасовтың әлдекімге: Аймауытовтың қорғау кезіндегі сөзі оны ақтап алды, - дегені де жеңілтектік, өйткені мұны ол соттың үкімнен бұрын төрағасының өзінен естіп алған болатын.

«Алашорданың» осындай белсенділік танытып отырған ісіне Қазаткомның қаулы шығаруы орынсыз деп есептеймін. О. Исаев», - деп пікір білдірді.

Біз бұл хатқа талдау жасап жатпаймыз. Тек: «бұл сот процесі Жүсіпбек Аймауытовтың үстіне ғана жүргізілген сот емес, «Алашорданың» үстінен де жүргізілген сот», - деген С. Сәдуақасовтың пікірі өте орынды болатын. «Ашаршылық» тұсында өзінің туған ұлты мен туған ауылын аштыққа ұшырата отырып, Ресей мен Украинадағы аштарға азық-түлік жіберумен шұғылданған большевик қазақтар, соның ішінде Меңдешев пен Исаев та бар, алашордашылардың халыққа жасаған қайырымдылығын кешіре алмай жүр еді.

Тағдырдың тәлкегіне орай, олардың бұл «өкінішінің орынын толтыруға» тағы да мүмкіндіктері болды. Ал олар болса, керісінше отызыншы жылғы ол ашаршылықтан туған халқын қорғап қалудың орнына, қайта, сол аштықты өз қолдарымен жасады. Олар бұл кінәні «алашордашыларға» жауып, оларды шетінен соттатты. Сөйтіп, ар алдында өздерін-өздері ақтай алмайтындай күнаға батты.

Қызылордаға келген соң айыпкердiң қорғаушысы, тым болмағанда куәсi ретiнде сөз алуды өтiнгенiне қарамастан С. Сәдуақасовқа рұқсат берілмеді. Аса жауапты мемлекеттiк қызметтегi лауазымды адамның тiлегiн қанағаттандырмағанына қарағанда, сотқа Орталық және Өлкелiк партия комитетi мен Бiрiккен Мемлекеттiк Саяси Басқарманың қысым жасағаны байқалады. Күрескер, өжет қайраткер Смағұлдың қолынан келгенi соттың барысы туралы күн сайын «Еңбекшi қазақ» газетiне есеп жариялатып отырды. Мұның өзi қоғамдық пiкiрдi қалыптастырып, ақыры Жүсiпбек Аймауытов бастатқан Шайқы Құлшанов, Ахметсафа Юсупов, Рүстем Әбдiғапаров, Iлияс Байменовтi сот ақтап шығарды.

Бұған Жүсiпбектiң ақырғы сөзi де үлкен әсер еттi. Ол өзiнiң басын бәйгеге тiге отырып, заң мен дәстүрдiң арасындағы қайшылық туралы азаматтық құқық саласындағы мүлде жаңа пiкiрдi сарапқа салды. Тек таптық мүдденi ғана қорғайтын заң - әдiлетсiз заң дегенге сайды. Алаш азаматтарының беделiн қалайда төмендетiп, жек көрiнiштi көрсету үшiн айла-тәсілдiң бәрін қолдаған ОГПУ тергеушiлерi Жүсiпбек Аймауытовқа:

1). Малды аштарға таратып беретiн комиссияның мүшелiгiне қасақана кiрiп, «Алашорда» Үкiметiнiң туыстарына заңсыз үлес бердi. Кедейлердi үлестен қақты. 2). Үлестiрген малды кiм алғаны туралы қолхат алмады. 3). Өз бетiнше бақташыларға мал үлестiрген, - деген айып тақты.

Жүсiпбек Аймауытов бұл айыптың саяси астарын кеңiнен аша қамтып, оны былай әшкереледi:

«Бiз қазақтың өз алдына ел боламыз деген заманында, өз алдына сот құрып отырғанда - алғашқы сот алдын көрiп отырмыз. Бұған шүкiршiлiк ету керек. Себебi қазақ соты - қазақтың әдетiмен санаспақ. Қазақ iсiнiң қылмысты түрi қандай, қылмыссыз түрi қандай (соны) әбден қарастырмақ. Бұл iске, менiңше, кейбiреулер заң жүзiнен ғана қарап, кейбiреулер сұрқиялық көзбен арап, құрғақ сөзге салып жатқан көрiнедi.

Бұл малдың жиналу ретiнде келсек, қазақ арасында жиналған мал - қазақ әдетімен жиналды, сондықтан бөлу де қазақшылық ретiмен болды.

Ал ендi малдың бөлiгi туралы наразылық - көрiнеу түрде, ру ретiмен, қазақтың ескi әдетiмен шыққандығы көрiнедi. Торғай елiне 4 000 мал келгенде көктен түскендей болды. Мал адамның етiне жақын (болғандықтан да олар) өте қуанып, тiк көтерiле даярланды. Малдың басына барған кезде - адам, халық малды таптап кеткен едi. Аштарға малды бере бастағанда халықтың қызығуы, алқымнан алуы солайша күшейе бастады. Бiр жағынан - аштардың тiзiмiн алып жатсақ, екiншi жағынан - мал бер деп жағадан алып жатты.

Жалпы, қазақтың бұл туралы әдетiн алсақ: 8 000 малды үлестiрiп алу түгiл, 8 кез сисаны жанжалсыз үлескен емес. Соған қарағанда бұл iс 12 том түгiл, әлденеше том болуы керек едi. Оның үстiне, ақсақалдық дәуiрi басынан кетпеген надан Торғай оязында болған iс болса, мұның ақырынан қандай ынтымақтық күту керек? Сондықтан бұл iске дау шықпайды деуге болмайды... Менен басқа тәсiлшiл бiреу болса, бәрiн қағаз жүзiнде тап-тұйнақтай қылып iстер едi.

Менде ол болған жоқ. Менi: «Неге кемесияға кiрдiң?», - деп айыптайды. Мұның қисыны жоқ.

Себебi, ала жаздай бейнеттенiп келiп, кемесияға кiрмей, малдың қалай бөлiнгенiн бiлмей кетуiм дұрыс па едi? Әрине, дұрыс емес. Бұл сөз: «Жаны ашымастың қасында бас ауырмас», - деген сөз ғой деймiн. Мен Торғайға жеткенше бiр мал жоғалттырмай келдiм, ақырында ашыққан ел оған қарамады, 90 малды талап әкеттi, оның 30-дан артығы табылды. Ал ендi 2 жұма баққан 74 малшыға - 74 қара, малшылардың тамағы, киiсi деп - 30 шамалы қара берiлген. 2-шi (рет айдап әкелген) малдан менде ондай шығын болған жоқ.

Ал ендi: азаматтарға мал бердi (үлестірді), - дегенi туралы. Мен (малды) кедейлерге беру жолында болдым. Мысалы, Орынборда жатқан Жангелдинге 15 қара бер - дегем жоқ. Солардың кедей аш-арық туыстарына бередi деп сенгенмiн.

Мен Торғай оязының партия құмарлығын, ақсақалдар дәуiрi кетпеген ел екенiн газетте де жазғамын. Сондықтан да уәкiл сайлауын сол елдердiң өз ортасына жiберген күнде де, (олар) бiзге дұрыс уәкiлдерiн сайлап бермес едi. Сондықтан бiз сенiмдi (адамды), Торғайдың жауапкер қызметкерлерiнiң алдында сайлатуды мақұл көрдiк. Сондықтан: қалада, ауатком алдында сайлады - деп айыптау қате. Ал ендi мені айыптаушылар: қазақ арасында таптық сезiм жетiп болды деп айта ала ма екен? Әрине, айта алмайды. Оған дәлел: бүгiнгi «Еңбекшi қазақтағы» жазылған бiр мақала...

Ру тартысы бiтiп, тап тартысы ғана қалды деп, қазақ елiн ешкiм айта алмайды. Сондықтан ондай елдiң ортасында қиянаттың болмауы, кедейдiң ақысын жемеуі мүмкiн емес. Ол болмайды деп мен де айта алмаймын. Оның үстiне менiң (өзiм) қазақ елiнiң iшiнде өтiрiк, өсекке, шағымға шебер елді көргенiм - Торғай елi, сондықтан да бұл iстi (жаланы), (былай қойып), бұдан да ауыр iс iстеулерi (жала жабуы) ғажап емес едi.

Ал ендi осы тәрiздi iстен саяси астар шығаруды ойлайтындар да бар көрiнедi. Бiрақ оны жоғарыда айтқан Торғай елiнен шығаруға бола ма? Себебi, Торғай елiнiң балшебигi де, Алашы да - жуаннан шыққан, атқа мiнгендерi де - оқығандар. Мысалы, пәлен жерде большевик бар десе, бiреуi большевик болады. Алаш бар десе - Алаш болады. Мiне, осыдан саясат шыға ма? Бұдан қазақшылық шығады.

Қағаз (қолхат) алмады деседi. Ол үшiн бұл iстiң қандай уақытта болғанын еске алу керек. Бұл - ат үстiнде болған iс, талмау уақытта болған iс. Бұл туралы қағазды жақсылап (хаттап) шығармақ түгiлі, сол уақытта менде бiр жапырақ қағаз да болған жоқ едi. Сондықтан мен ойлаймын, ондай уақытта қағаз жағын орындай алмапсың деп дәлел айтуға болмайды. Бұл арада Ленин сөзiн дәлелге келтiремiн: «Сөзге нанбау керек, iске нану керек», - деген. Сондықтан iстеген iстi еске аларсыздар.

Менiң сотты болып, ауыр не жеңiл жаза алуымнан қазақ халқына үлкен кемдiк болады-ау деп ойламаймын. Бiрақ қазақ соты - қазақ әдетiн, қазақ жайын, оның мiнезiн-құлқын еске ала (отырып), бiздiң тағдырымызды дұрыс шешер деп ойлаймын.

Менi жек көргендер: «Шынды айтасың, жалпы кемшiлiктi көрсетесiң», - деп жек көредi. Шындық айтқан адам халыққа жаққан емес. Әсiресе, бiздiң қазақ халқына. Себебi, бiздiң ел әлi жетiлмеген. Сондықтан мен құрбан болармын. Бiрақ, мен - жетiлген елдiң баласы болсам, бұл сотты, комиссиясын көрмеген болар едiм. Бiрақ амал қайсы. Өз елiмнiң ортасында құрбан болып кетсем арманым жоқ. Ел заңына бағынбауға болмайды. Егер халқымның заң, ғұрпы менi айыпты десе, амалым не?», - деп сөзiн бiтiредi.

Қысқаша ғана үзiндiнiң өзiнен Жүсiпбектiң жан сырын аңғару қиын емес. Мiне, осы Торғайға жеткiзiлген 15 мың малдың iшiнде Әлихан Бөкейхановтың - Шыңғыстауды, Міржақып Дулатовтың - Семей уезін, Мұхтар Әуезовтiң Ертiс бойын аралап жүрiп жинаған сауын-салауаты да бар едi. Олар өздерінің жиған малдарын Баянауылдағы Жүсiпбектiң қосына қосты. Әрине, ол мал, Жүсiпбек айтқандай «ондаған, жүздеген емес», мыңдаған отбасының шаңырағының түтiнiн түтеткенi анық. Өйткенi, жылуға негiзiнен сауын сиырлар жиналған болатын. Ал олардың қаншасы отыз екiншi жылғы зауалдан аман қалды, ол тек бiр Аллаға ғана аян.

Халықтың басына түскен қасiреттi - ұлтшылдардың дұшпандық әрекетiнiң кесiрi деп көрсетпек болғанымен де, бүкiл бiр ұлттың аштан қырылып қалу қаупiнің төнгенін Қазақ Автономиясын билеген коммунист - колонизаторлар да, коммунист-қазақтар да жасырып қала алмады. Ақыры бар шындықты мойындап, Мәскеуге мәлімет беру үшiн «Аштарға көмек комиссиясының жұмыс қортындысын» дайындады. «Аса құпия» деген бұрыштамасы бар бұл мәлімет дербес кiтапша ретiнде дайындалғанымен де, жарияланбаған күйiнде қалды. Тарихшы Ақыжан Игенбаевтiң назарына iлiккен бұл құпия деректер жан түршiктiредi. Алаш азаматтарының қандай күй кешiп, неге тәуекелге барғанын түсiну үшiн «Қортындыдан» бiрнеше мысал келтiремiз.

Құжат Мәскеудiң көңiлiн аулап, өздерiн ақтау үшiн жазылған. «Сондықтан да жұттың шығу себебiн:

1) Патша өкiметi де кезінде ашаршылықпен күреспедi.

2) Қазақ даласы мен қазақтар үшiн жұт - табиғат сыйы. Қазақтардың ашаршылыққа етi үйренiп қалған.

3) Сондықтан да Ресей мен Украинадан келген келiмсектерге ең бiрiншi көмек көрсетiлді», - деп баса көрсетеді.

Мұхтар Әуезов ашынып айтса - айтқандай, «Алаштарға көмек комиссиясының» құрамына бiрде-бiр қазақ қызметкерi кірмепті. Олар көмектi тек еуропалық ұлттар қоныстанған мекендерге көрсеткен. Халықаралық көмек ұйымдары қазақ даласына ат iзiн салмаған. Сондай-ақ «ашаршылықтан құтқару үшiн 1921 жылдың жазында Түркiстанға 20 мың еуропалық тұрғындар» жiберiлген. Демек, осы «Қорытынды» да аталып өткенiндей, ашаршылыққа ұшыраған қыр қазақтарына ешқандай көмек көрсетiлмей, тағдырдың тәлкегiнде қалған.

Түркістан мен Қазақ автономиясының, Қазақ автономиясы мен Батыс Сібір өлкесінің шекарасын анықтайтын мемлекеттік комиссия құрылған тұста «Еңбекші қазақ» газетінің 1924 жылғы 28 қазандағы санында Ә.Бөкейханов өзінің «Қазақ қанша?» атты шағын шолуында:

«1914 жылы Руссиядағы бар адам 161 миллион 700 мың болатын. Ол жылы қазақ қанша еді? 1896, 1907 жылы он жыл аралатып Көкшетау уезіндегі қазақты екі қайта есептеген. Осы екі есепті (өзара) салыстырсақ, қазақ өсімі жалпы адам баласының өсімінен артық көрінеді. Қазақта бір жылда екі жүзге үш адам қосылып өседі десек, 1914 жылғы қазақтың саны 6 миллион 470 мың болған болады.

Соғыс басталғаннан бері 10 жыл өтті. (Сонда) қазақтың он жылғы өсімі 979 мың. 17-21-жылдарда алаш жайын (елін) сүзек жайлады. 1917-жылы Түркістан, 1921-жылы Қазақстан жұтады. Ашаршылық болды, адамдар аштан өлді. Сонда қазақтың 10 жылғы өсімі өлді десек, осы күні қазақ 6 миллион 470 мың болады. Сүзектен, аштан өлген адам (саны) 970 мыңға есеп десек, өлікті көбейткен (де), осы күнгі қазақ санын азайтқан да (сол есеп) болады. 6 миллион 470 мыңнан 970 мың адам өлсе, бұл өзге сөзбен айтқанда жүзден (жүз адамға шаққанда) он бес (адам өлген) болады. Бұл не? Бұ мынау алаштың жайында (елінде) ашы бар, тоғы бар, ауруы бар, сауы бар, 20 үйден 15 адам өлдіге (есеп) болады.

Қазақ өтірік айтсын, есепші (бұл арада Ә.Бөкейханов ашаршылықтың құрбандарын кемітіп жазған кеңес хатшыларын мекзеп отыр - Т.Ж.), көр соқырша жерді қармап, есебін дұрыс жаза алмасын (сонда да) осы күнгі Түркістан (мен) Қазақстанның қазағы (мұнда Бұқара мен Хиуа қазағы жоқ) 6 миллион 470 мыңнан кем емес» - деп жазды.

Қасiреттiң аты - қасiрет. Оны қанша әсiрелеп жазғанымен де, өкiнiштiң орынын толтыра алмайсың. Тек арнайы зерттеудiң арқауына айналмаған 1921-1922 жылдардағы қазақ даласындағы ашаршылыққа көзi қарақты қауымның назарын аудара кету үшiн қысқаша ғана мағлұмат беремiз. «Аштарға көмек комиссиясының жұмыс қортындысы» мынадай:

Қазақ Автономиялы республикасының бес губерниясында 1 миллион 559 мың адам аштықтың тырнағына iлiнiптi. Әрине, бұл толық дерек емес екендiгi түсiнiктi.

Қазақ Республикасындағы баспанасыз, қаңғып қалған балалардың саны 1921 жылы 1 желтоқсанда - 128 мыңға, 31 желтоқсанда - 158 мыңға, 1922 жылдың қаңтар айында - 333 мыңға, наурыз айында - 408 мынға жетiптi. Бұлар тек есепке алынған аш балалар. Ал, қалаға жете алмай далада сүйегi шашылып қалғандар қаншама.

Қазақ даласына ажал сепкен аштықтың қалай жайылғанын мына төмендегi екi кестеден анық байқайсыздар.

 

1921 жылдың наурыз айының соңындағы мәлiмет.

Губерниялар

Тұрғындардың

жалпы саны

Аштыққа

ұшырағаны

Процентi

1. Орынбор

2. Қостанай

3. Ақтөбе

4. Орал

5. Бөкей

6. Ақмола

 

680.271

455.598

501.637

470.028

224.028

1 млн. 021.164

 

526.401

414.350

361.049

446.536

66.255

472.000

 

80.3

74.5

72.0

99.0

29.5

46.2

 

Жиыны:

3млн. 353.228

2 млн.286.591

68.2

 

Екiншi кесте: 1921-1922 жылдары аштық пен iндетке ұшырағандардың (мың есебiмен) тiзiмге iлiккен мөлшерi (жақшаның iшiндегi сан - өлгендердiң есебiн көрсетедi).

 

Айлары

Орынборда

Оралда

Ақтөбеде

Ақмолада

1921 жыл.

Қараша

Желтоқсан

1922 жыл.

Қаңтар

Ақпан

Наурыз

Көкек

Мамыр

Маусым

 

3044 (210.7)

2.835 (2.022)

2.241 (1.908)

 

770.3 (625)

520.1  (378.5)

433.3 (340.1)

347.9 (270.0)

682 (376)

 

112.(39)

947 (481)

813 (503)

 

850 (545)

868 (428)

712 (472)

536 (418)

338 (57)

 

1112 (1.010)

749 (1.642)

1.050 (981)

 

1.438 (138.9)

712 (602)

630 (530)

548 (474)

505 (430)

 

250(172)

224(184)

483(350)

 

105.0 (730)

103.1 (150.9)

226.0 (149.1)

704 (502)

57 (17)

Жиыны:

2.957.8 (2.253.5)

5.178 (3.003)

7804 (70.58)

6659 (4955)

 

Екi кестенiң соңында да: «бұл толық есеп емес. Аштардың да, өлгендердiң де саны бұдан әлдеқайда көп», - деп ескерту берiлген. Содан-ақ, бұл ашаршылықтың қандай көлемде зауал әкелгенiн болжай берiңiз.

Бұл қолжазбада қасiреттi көрiнiстер көп. Адамның жанын түршiктiру үшiн емес, мұқым Қазақстан халқының басына түскен нәубәттiң сұмдығын сездiре кету үшiн Орталық комитетке қаратыла жазылған ресми құжаттың өзiнде жазылған мына мәліметпен ойымызды тұжырымдаймыз:

«Ит пен мысықты ұрлап, сойып - жеу, шын мәнiнде, iндетке айналды. Осынау «бiр кесiм ет үшiн» бiрiнiң жағасын бiрi жыртқандар көшеде жыртылып айырылды. Өмiрдiң өзiнен алынған шындықтың сиқы осындай; қу құлқыны үшiн, күн көруi үшiн әлгiндей бiр хайуанның соңынан бiрнеше адам жүгiрiп бара жатады. Қалайда тiрi қалудың қамын жасап, жансебiлдiкпен жанталасқан әлгi адамның өмiрге құштарлығын түсiну үшiн оның қуып жүрген хайуанды ұстаған кезiндегi қуанышын көрсеңiз ғой, аштықтың қасiреттi сайқымазағын сонда түсiнесiз. Жол жиегiнде өлiп жатқан, өлiп бара жатқан адамдарға әлгi «жансебiлердiң» өзi қарауға қорқады, өйткенi келесi сәтте оның өзi де соның кебiн құшуы мүмкiн. Иә, ол да ғажап емес... Сотта, бiрде аштық сотта тұрақты түрде адамның етiмен қоректенген үш адамның iсi қаралап жатса, келесi де адамның етiн пұттап сатқанға үкiм шығарып жатады.

Мiне, дәл осындай көрiнiстен мағлұмат берген Орал губерниясындағы Елек аудандық аштарға көмек комитетiнiң 1922 жылғы 14 қаңтарындағы есебiнде: «Кешке жақын көшеге шығу қорқынышты, адамдарды, әсiресе, толық адамдарды аң сияқты аулауға шығатындар бар. Аштар өлгендердiң етiн жеп жатыр», - деп жазылған екен.

 

Сұмдық!

Адамға адамның етiн жегiзген өкiмет те жетпiс жыл өмiр сүрдi.

Жә, тергеушi мен тергелушiлердiң жортақ желдiрмесiне iлеспей, дұрыс сөзге көшейiк. Оң iстiң тонын дәл осылай терiс айналдыру - кеңес өкiметiнiң тергеу жүйесiнiң аса әккi және сынақтан өткен тәсiлдерiнiң бiр болатын. Қазақ ұлтының ашаршылықтан жарым-жартылай аман шығуы - бүкiл бiр ұлт - кеңес өкiметi мен коммунистiк партияның қылмысты саясатының тiрi куәсi боп қалды деген сөз едi.

Ал куәларды бұл қоғам да, Сталин де, Голощекин де, ұнатпады. Ұлт iстерi жөнiндегi халық комиссары Сталиннiң қылмысын ашатын бұл аштықтың арашашылары - алаш азаматтарының көзi жойылмаса «ұлттар көсемiнiң» ұйқысы тынышталмайтын едi. Партия қатарындағы ұлт өкілдерінің iшiндегi iрi тұлғалардың бiрi, татар обкомының хатшысы Сұлтанғалиевтi 1923 жылы түрмеге қамағаннан кейiн Сталин шарап ұрттап отырып Дзержинский мен Каменевке өмiрден алатын ең үлкен рахатты сәті:

«Құрбандығыңды алдын-ала белгiлеп, барлық қастандығыңды дайындап ап, жауыңды табан астында аяусыз жайратқаннан соңғы ұйқы», - екенiн айтыпты.

Сөйтiп, кеңес қайраткерлерi ашаршылықты жоюмен күресудiң орнына, аштарға көмек көрсетудi ұйымдастырған ұлт зиялыларының соңына тыңшы қоюмен, тiмiскiлiкпен шұғылданды. Қыс бойы Қазақстанның партия мен кеңес ұйымдары азық-түлiк жөнелтiп, ажал тырнағынан арашалаудың орынына: «Ұлтшылдар ашаршылықты өсiрiп көрсетiп отыр», - деп даурығып, оларға идеологиялық тұрғыдан шабуыл жасап, қалайда аяқтан шалуға кiрiстi. Нақты iс-әрекетiмен халық арасында үлкен құрметке бөленген оқыған ұлт қызметкерлерiнiң беделiн қызғанып, қорланды.

1922 жылдың қаңтар-ақпан айында Орынборда өткен Атқару комитеттiң мәжiлiсi мен II партконференцияда аштыққа қарсы шара қолдануға дәрменсiз үкiметтiң пәрменсiз өкiлдiгiне ыза болған Түркiстан Республикасының уәкiлдерi К.Жәленов, Ғ.Тоғжанов, Е.Қапин iспеттi өкiлдер оларды қатты сынға алды. Шыдамы таусылған қазақ оқығандары ендi жиналыс ашып, даурығудан пайда жоқ екенiн түсiнiп, өзара ақылдасып iске кiрiстi. Ахмет Байтұрсынов қызметтен кетті. Өзiнiң бұл қадамын: «Ғылыми - педагогикалық жұмыспен еркiн айналысуым үшiн», - деп түсiндiруi жай ғана сылтау едi. Шын мәнiнде бұл оның:

«Ақ болсын, қызыл болсын, бәрiбiр, мен тек қазақ ұлтының мүддесiн қорғайтын мемлекеттi ғана жақтаймын», - деп ашық жариялаған әйгілі саяси мәлiмдемесі болатын.

Мұны сол тұстағы қазақ қайраткерлерiнiң бәрi де түсiндi. 1921-1922 жылдары «Алашорда» үкiметiнiң мүшелерi ішкi-сыртқы жағдайды кеңiнен талдай отырып:

«Бұрынғы аты танымал қайраткерлердi кеңес өкiметi түбiнде бәрiбiр жазаға тартады. Сондықтан да ұлттың санасын тұмандатпас үшiн: ұлт-азаттық -қозғалысының мақсаты толық орындалмағанын, он жүзеге асыруға кеңес өкiметi мүмкiндiк бермейтiнiн халыққа үнсіз жария ету үшін, сондай-ақ кеңес өкiметiмен жiк-арасын толық ашу үшін ұлт зиялылары ғылыми-ағарту саласына ауысып, рухани тәуелсiздiктiң ұрығын себуге ұмтылсын. Ал екiншi толқындағы қайраткерлер мемлекеттiк мекемелердiң iсiне белсене аралсып, саяси сахнаға шығып, ұлттың мүддесiн көздесiн. Дәл қазiргi жағдайда бұдан басқа амал жоқ», - деген ішкі ұйғарымға келеді.

Бұл - Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсынов ұсынған күрес тәсiлi едi.

Жалғасы бар

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1487
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3256
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5522