Сенбі, 23 Қараша 2024
46 - сөз 7719 4 пікір 6 Мамыр, 2019 сағат 16:23

Өмірде мұндай адамдар қаншама?!

Қыз "Мынау купе емес қой, есігі жоқ қой" деп таңғалды. Заттарымды жайғастырып жатып, көз қиығыммен қарадым. Күртешесін ойланып шешіп жатты. Жүкті келіншек. "Маған купе, 19 орын деп еді". "Плацкарттағы төрт адамдық орынды купе" деп те айтады" дедім. Ол көңілі жайланып заттарын жайғастыра бастады.

"Тым жассыз. Тұрмыста екенсіз ғой" дедім. "Тұрмыста болғам. Астанада ертең сот болады, сотпен ажырасып жатырмыз" деді ол. Əлі шай ішкен жоқпыз. Жақын танысып та үлгермедік. Мінезі ашық. Бəлкім, жастыққа тəн албырттық. "Қызымды əке-шешеме қалдырып едім. Сағынып отырмын" деді. Сампылдап сөйлеп жатты. "Астанада енем бізбен тұрды. Жұмыс істемейді. Əлі зейнет жасына жеткен жоқ. Бір күні еден жуушының жұмысын тауып келді. Екі сағат қана еден жуасыз, жалақы отыз мың теңге. Өзі екі күн жуды да, жұмысты маған берді. Таңертең алтыда тұрып, еден жуып, тоғызда басқа жұмысыма барып жүрдім. Ертелі-кеш кассада тұрдым. Бір күні аяғым ауыр кезде мың теңгеге тамақ ішіп едім, "Адам мың теңгеге тамақ іше ме?" деп енем ұрысты. Айтыңызшы, мың теңге көп емес қой, иə? Əкем қасапшы. Ауылдан поезбен ет жіберіп тұрды. Молырақ ет қосып, тамақ істесем енем "етті үнемде, етті таусатын болдың" деп айқайлайды. "Əкем жіберген ет" деп айта алмадым. Бір етті асап-асап жегің келеді ғой" деп жылы жымиды.

Келіншектің жүзіне зерттей қарадым. Жоқ, мына көз - өтірік айтпайтын адамның жанары. Сосын мінезі ашық болғанымен момын. "Күйеуім басымды жарып жібергенде Астанадағы дағдарыс орталығында болдым. Алты баласы бар əйел де жатты. Біреудің екінші əйелі екен. Əлгі адам балаларына қол көтереді екен. Əйел шыдай алмай қашып кетіпті. Мен өз өмірімді басқаларға сабақ бола ма деп айтам. Енені сыйлау керек, білем, бірақ жүкті əйел де қалаған тамағын жеу керек қой" деді. "Астанада қызым ауырып ауруханаға түсіп қалдық. Қасымдағы əйел пельмен жеп отырды. Бір жегім келді. Еш болмаса, бір түйір берсе дедім. Артымнан ешкім келмеді. Əжетханаға барып қатты жыладым. Ертесіне басқа əйел палатамызға келді. Енесіне айтып, пельмен əкелдірді. Ой, өмірде жақсы адамдар көп қой. Сол кісіні ешқашан ұмытпайтын шығармын" деп күлімсіреді.

Айтпағым, бұл қызға кім президент болады, бəрібір. Ол тіпті Тоқаевтың кім екенін білмейді. Себебі, оның еңсесін ішкі күйзелісі мен жоқшылық басып тастаған. Өмірде мұндай адамдар қаншама?! Бірақ бəрібір емес адамдар бар. Бірақ олардың көбі фейсбукта бір-бірінің етін жеп отырады. Ең арысы, бір-бірінің пікіріне құрметпен қарай алмайды. Фейсбукта жақын танымайтын адам туралы да "мінездеме" беріп жатады ғой. Біздің қоғамның интеллекті көрсеткішін əлеуметтік желідегі пікірлерден-ақ көруге болады.

Бір белгілі редактор алдына барған адамның бəрінің руын сұрайды екен. Газетке іс-тəжірибеден өтуге барған студент жұмыс сұрамаса да, "руласым екенсің, жұмысқа алам" депті. Бетке ұстарлары рулық санадан өспеген бұл қоғамның өзгеруіне əлі көп жыл керек...
Іріп-шіріген жүйенің "іріңі" тым тереңге "кеулеп" кетті.

Аягүл Мантайдың facebook парақшасынан

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3240
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5383