Сенбі, 23 Қараша 2024
Әттең... 7647 63 пікір 9 Мамыр, 2019 сағат 07:59

«Мәңгілік полк» – Мәскеуді үлгі тұтатынымыздың көрінісі

Соңғы жылдары "Ұлы Отан соғысында" қаза тапқан, із-түзсіз жоғалған жауынгерлердің құрметіне арналған «Мәңгілік полк» – «Бессмертный полк» шарасы өткізіліп жүр. Ресейдің Томск қаласында 2011 жылы бейсаяси, азаматтық бастама ретінде көтерілген акция кейін өзге елдерде де қолдау тапты. Өзге ел дегенде негізінен посткеңестік бірнеше мемлекетті айтып отырмыз. 

Ұйымдастырушылардың айтуынша, шараның басты мақсаты – Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан ұрпақты мәңгіге есте сақтау көрінеді. Шараға қатысушылар қолдарына "Ұлы Отан соғысына" қатысқан туыстарының фотопортреттерін ұстап, шерулетіп жүріп өтеді. Осы арқылы жас ұрпақтың бойына патриоттық, отансүйгіштік қасиеттерді сіңіргісі келеді екен.

Кеңес одағына қызмет істеген аға буынның түсінігі қызық. Жаңа заманның, тәуелсіз елдің түлектерін Кеңес кезіндегідей алаулатып-жалаулатып тәрбиелегісі келеді. Алайда жалған ұраншылдыққа құрылған, өз менталитетімізге мүлде жат осы шерудің жастарға жақсы тәрбие бермейтіні сөзсіз. Оған қоса, коммунистік идеядағы бұндай шараға ешбір жас өз еркімен қатыспайды. Кейбір студенттерді, оқушыларды алаңға жетекшілері жетелеп апарады деген ақпараттар бар. 9 мамыр күні көше бойында кернейлетіп жүретіндер көбінесе Кеңес дәуірінің көне көздері.

Бұл шерумен жас ұрпақты тәрбиелей алмасақ та, батырларымызды еске алдық дейтіндер табылар. Біздің ойымызша, майдан даласында мерт болған батырларымызды есте сақтаудың, ұлықтаудың бұдан да жақсы жолдары бар. Қанқұйлы соғыста қабырғадан қан кешкен қазақ батырларының фотопортреттерін қан көшеде көтеріп жүріп еске алу деген есі дұрыс іс емес. Мәскеуге миы уланған кей қазақ Ресейдің істегенін айнытпай қайталаудан алдына жан салмай жүр. Кеңес одағының түрлі мерей тойларын жоғары деңгейде атап өтетін қазақстандық көне коммунистер батырлықты бағалауда да Мәскеуден ақыл сұрайды.

Біздің елде «Мәңгілік полк» шеруі 2013 жылдан бері өткізіліп келеді. Тіпті қалыптасқан дәстүрге айналып кетті десек те болады. Бабаларымызды қорлап, балаларымызды улаған бұл шерудің шет-шегі, тоқтар кезі қашан болатыны белгісіз. Оның үстіне, бұны биліктің өзі қолдап, көмек беріп отыр.

Мәселен, Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлауынша, департаментке ардагерлердің 25 ұйымынан өтініштер келіп түскен. Олар Жеңіс күні құрметіне орай өтетін «Мәңгілік  Даңқ – Бессмертный полк» шеруі кезінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді күшейту жөнінде өтініш жасаған. Осы өтіншке сай, полиция қызметкерлері «Мәңгілік Даңқ» колоннасына ілесе жүріп, қауіпсіздікті күшейтудің жоғары деңгейін қамтамасыз ететінін мәлімдеді. Биылғы шеруге Алматы қаласынан 115 мыңнан астам адам қатысатын көрінеді.

Әдетте, 15 адамның басы бірігіп, билікке өз уәждерін айтса, бас салып қамап тастайтын біздің полиция 115 мың адам жиналған шеруді арнайы қорғамақшы екен. Осыдан-ақ, елдегі көне коммунистер ғана емес, ел билігі де идеологиялық тұрғыда ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін Мәскеуге қарап бағамдайтынын білуге болады. Сонымен қатар, былайғы күнде бар-жоғы білінбейтін ардагерлер ұйымы, коммунистік партия деген секілді топтар осындай Кеңес кезеңінің иісі шығатын жерлерде белсеніп-ақ кетеді.

Өткен жылы елімізде комсомолдың 100 жылдығы тойланды. Сол кезде ақылынан алжасқан ата-әжелеріміз (биліктегі) егемен елдің әскерлеріне комсомолдың туын көтертіп, мектептерде, университтерде жастарға қып-қызыл лекциялар оқып тарихи тамырларының таяздығын танытқан еді. Ондай бассыздық биыл да орын алуда. Әлеуметтік желіде балабақшадағы бүлдіршіндерге қызыл әскердің киімін кигізіп, кеудесіне алабажақ лентасын байлап қойған фотосуреттер қаптап жүр. Күнәдан пәк періштелерді күнәға толы кезеңнің күйесімен былғаған санасыздың ісі демеске амал жоқ бұны. Жеңіс күнін желеу етіп, соғысқа қатысқан батырларды еске алған болып, бабасын қырған Кеңес одағын баласына тықпалаған сатқындықты тоқтатын кез келді.

Екінші дүниежүзілік соғысқа Қазақстан 1 миллион 200 мыңдай адам аттандырған. Оның 420 мыңдайы майдан даласынан мүлде қайтпай қалған. Бұл соғыс біздің ел үшін ғана емес, жалпы адамзат үшін аса ауыр қасырет. Екінші дүниежүзілік соғыстың зардабын білгеніміз үшін үшінші дүниежүзілік соғыс болмаса екен деп тілейміз. Сондықтан соғысты, соғысқа қатысқан батырлар ерлігін есте сақтау парыз. Алайда, Ресейлік үлгіде емес. Қазақ ежелден батыр бабаларын мақтан тұтатын, тарихын ұлықтайтын халық. Демек, екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан батырларымызды бұрынғы батыр бабаларымыздан бөле қарамаған жөн. Кеңестік кезеңдегі тарихымызды да көне тарихтан ерекшелеп алудың қажеті жоқ. Бұл кезең ұлттың тұтас тарихының бір бөлігі екені сөзсіз.

Аға буын, ардагер ағаларымыз, көне коммунистер өздерінің Кеңес одағының емес Қазақстан республикасының азаматы екенін мойындауы керек. Сонымен қатар, қазақтың ата тарихының бас-аяғы Кеңес кезеңі ғана емес екенін білуі керек. Тұтас елдің тарихын 90 жылмен өлшеуді тоқтатуы керек. Бұл кісілерге Кеңес одағын аңсама десеңіз, комсомол тойын тойлама десеңіз, "бұл біздің тарихымыз" деп шығады. Тарихты "ұлықтаймын" деп жүріп, келер ұрпақ алдында ұятқа қалмаған дұрыс. Бірақ миы кеңестік идеямен толған тоңмойын коммунистер үшін Совет одағынан өзге құндылық жоқ. Мұның қасында мың жылдық тарихтың да құны көк тиын. Бұған кешегі комсомол тойы, бүгінгі «Бессмертный полк» шеруі дәлел.

Тағы бір мәселе, біздің елде екінші дүниежүзілік соғыс әлі күнге дейін Ресейдегідей "Ұлы Отан соғысы" деп аталады. Ресми билік осылай атайды, баспасөзде осылай жазылады. Бейне, "Ұлы Отан соғысы" деп атамасақ біреу біздің бұл соғысқа қатысқанымызды мойындамай кететіндей. Соғысқа қатысқан, шейт болған сарбаздарымыз батыр болмай қалатындай. "Ұлы Отан соғысының ардагері" дегенді "Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері" деп атап, құрметтей беруге де болады. Өзбекстанда ресми түрде совет кезіндегідей "Ұлы Отан соғысы" тіркесі айтылмайды, олар бұл соғысты "Екінші жаһан ұрысы" деп атайды.

Биыл «Мәңгілік полк» – «Бессмертный полк» шеруі Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтау, Қарағанды, Көкшетау, Қостанай, Павлодар, Петропавл, Талдықорған, Тараз, Өскемен, Атырау, Орал қалаларында өтеді. Тек Ақтөбе мен Түркістанда ғана өтпейді.

Қуаныш Қаппас

Abai.kz

63 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3246
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5417