Сейсенбі, 24 Желтоқсан 2024
Әдебиет 8591 8 пікір 14 Мамыр, 2019 сағат 10:12

Жылымықта туған жұлдыз

(Асқар һәм 60-жылғылар туралы толғаныс)

Асекеңмен сұхбаттаспағалы біраз бопты. Асқарлар –  60-жылғылыр. «Оттепелшілер». «Жылымық»  жігіттері. Адам – тарих түлегі. Асекең жайлы қорғаған диссертациямда осыны айтыңқырағам. Асекеңді осы жерден шығармақшы боп бекіндім. Асекеңнің өзі осы «60-жылғылар» дегенге қарсы екен. Біреулер оны Қытайдағы «Мәдени революцияға» телігісі келгенге ұқсайды. Ол оған келмейтін сияқты. Мао өзінің «Мәдени төңкерісін» 1966 жылы бастаған. Ал, біздің «Жылымық» генералиссимус Сталин опат болғаннан соң басталған ғой.

«Жылымықты»  бір автор былай жіктейді: «1953-1964 жылдары Кеңес Одағын Н.С.Хрущев басқарды. Бұл он жыл – Кеңес Одағы тарихында «ұлы жылдар» деп аталады. «Хрущевтік жылымық» ерекше оқиғаларға байланысты үш кезеңге бөлінді. Бірінші, И.В.Сталиннің өлімі, 1953 жылдың наурызынан – 1955 жылдың басына дейін Маленков бастаған антипартиялық топпен күресу кезеңі. Екінші, 1955-1957 жылдар, Н.С.Хрущевтің И.В.Сталиннің «жеке басқа табынуын» әшкерелеу кезеңі. Үшінші, 1957 жылдың желтоқсаны мен 1964 жылдың қазаны. Ішкі сыртқы саясаттағы дағдарыс. Н.С.Хрущевтің билік басынан кету кезеңі. Бір сөзбен айтқанда, 50-60 жылдар Кеңес қоғамында бұқара халықтың саяси болмысын өзгертті» (Әміржан Әлпейісов. «Жас тұлпар» дүбірі, Алматы, Асыл сөз, 1913, 11б).

Осы жылымық жел кенеттен неге тұра бастаған? Иосиф өлген соң,   ол өліп-талып тоқыған «Темір шымылдық» шіри бастаған ғой. СССР-дің тігісі сетінеген. Оған себепші Жугашвилидің политбюродағы жора-жолдастары.  Хрущев Сталин культін әшкерелегенде әсте ел қамын жеуді ойламаған. Өзінің қара басын ғана қамдаған. Одақтағы бар былықтан өзін бөлек қып көрсету үшін кір-қоқыстың  бәрін  аямай мұртты көсемнің басына үйіп төккен. Берия ештеңе білмегендей. Молотов момақан болған. Хрущев екі қолын қалтасына салып құры жүрген. Бірақ, Никитаның аяқ-астынан шала-бүлінуінің бәрі бекер емес еді. Ақиқатында политбюроның түгел нұрдан жаратылған періштелер   емес екені айдан анық болатын. Былғаныш лайдан жаратылған пенделер еді олар. Бірақ, талас жоқ тақ үстінде отырған  зұлымдық королі –  Коба болатын.  Сол Кобаға зұлымдық формуласын тәптіштеп үйретіп кеткен ұстазы бар еді. Ұстазының ұстазы бар еді. Ұстазы –  Инесса Армандтың ашынасы болатын. Ұстазының ұстазы – Пол Лафаргтың қайын атасы болатын. Қойшы не керек, бұлардың жабылып жасаған төңкерісінен – СССР деген әлемде жоқ бір алып империя пайда болды. Олар өздеріне  орақ пен балға һәм бесжұлдызды тұмар ғып тақты. Қара жағы – халықты қызыл қанға бояп, қынадай қырды.  Дүние-мүлкін тәркілеп, ел-жұртты аш күзендей  бүгілтті. Денесіне түбіркүлезге қарсы дәрі, ал миына адам маймылдан жаратылған деген идеяны екті. Ақ жағы –  зауыт-фабрика салды. Орыс тілін үйретті. Космосқа ұшты. Екеуінің қосындысынан содан Виктор Цой айтқан «Поколение Икс, поколение Ноль» деген ұрпақ өсіп шықты.

Расында «иқс» пен «нөлдер» қаптаған қоғам еді ол. Журналист М.Ақдаулетұлы айтқан «семіз малай» жұрт пайда болды. Яғни, қарны тоқ, көйлегі көк қызық бір мәңгүрт  ел тарих сахнасына шықты. Бұл құбылыс 60-жылдарда анық бой көрсетті.  Талантты жазушы Оралхан Бөкей шығармашылығы тұтас осы рухани дағдарыстан шығу жолын іздеуден тұрады. Оның «Жетім бота» повесінің бас кейіпкерлері Тасжан һәм Ақбота толғанысын келтірейік. Тасжан толғанысы: «Мен тасбақадай зиянсызбын, сондықтан да өлмеймін, өлу қолымнан келмейді. Жолдастар, біздер – тасбақамыз! Түкке керек жоқ бармақтай басымызды аман сақтау үшін тас немесе темір сауыт киіп, жер бауырлаймыз! Қандай сорлымыз!.. Осының бәріне кім кінәлі? Неге? Мен емес, сен емес, ол да емес – ешкім емес... Ұшығы мен түйіншегі жоқ дөп-дөңбелек дүние: қай жерден кіруге болады, қай жерден үзуге болады, қай жерінен шығуға болады – мықты екеніңді білейін, тауып көрші. Айталық, мен алып бір самолеттің ішінде өмір сүріп келе жатқандаймын, бірақ мен мінген самолеттің моторы жоқ, ұшарын жел, қонарын сай біледі, бәлкім, қаңбақ-тірлік дегеніміз осы шығар-ау... Біз асқан ақылды дәуірді бастан кешудеміз, сондықтан да әлемнің ақылгөйсіген бетіне қарағым келмейді, жек көргендіктен бе, әсте олай ойламаңыз, тым-тым сұңғыла да сақ тірліктен шалдыққаным шығар. Мен ертерек туылғанымды сезе бастадым. Ал Ақбота өте кеш жаратылған. Ол он сегізінші ғасырға лайық адам. Бүгінгі ғылыми-техникалық дамудың қолды-аяққа тұрмайтын асығыс ағысына ілесіп, иін тіресе итермелескен итіс-тартыс суетасына көндіге алмаған. Осыдан барып шулы қаланың ластанған ауаның, самолеттің гүрілі жанына туа біткен он сегізінші ғасырлық психологиясына қатты әсер еткен. Осыдан барып, қазіргі дәуірге лайық келмейтін бүкіл организмі уланған, демек биосфераны техносфера жеңген. Ол бетонға еккен гүл секілді... мұнайдың ішіне қоя берген балық секілді...».

Ақбота толғанысы: «Аға, сіз салған қала мені Маңқыстаудың маң даласынан қуып келе жатып, теңізден сескеніп, серейіп-серейіп қатып қалған кірпіш пен тастан жаралған алып адамдар секілді қорқынышты... қорқынышты...».

Құдайсыз кеңес қоғамы қолдан құрған мәңгүрт қоғамдағы адам бейнесін жазушы мынадай символ-образдар арқылы беріп тұр: темір сауыт киген тасбақа адам, маршрутсыз алып самолет жолаушылары, қаңбақ тіршілік, бетонға егілген гүл, мұнайға қоя берілген балық, кірпіштен, тастан жаратылған алып адамдар, т.б. (Бас кейіпкер Тасжан өзін Жанынан айырылған Тас екендігін айтады ылғи осы шығармада).

60 жылғылар әдебиеті осындай бір әлемдік өркениеттің айырық жолында әдебиет аренасына шықты. Оның басында тұрғанның бірі – Олжас Сүлейменов еді. Жоғарыда айтылған Гагарин феномені себепші болған оған. Адамның ғарышқа ұшуы жалпақ әлемді таң қалдырды.  Сол таңқалғанның бірі – Олжас еді. Бірақ ол тым қатты кетіп: «Земля, поклонись человеку» деп жіберді. Онда ешкім үн қатпаған. Қазір 60 жылғылар емес,  2000 жылғылар заманы. Олар адамның (маймылдан емес) топырақтан жаралғанын біліп қойған. Оны жауып, бүркеп отырған кеңестік цензура жоқ. Сондықтан олар Олжастың бұл кеңестік романтикасын қазір қабылдамайды. Бірақ Олжастың «АЗиЯ»-сын ерлікке балайды. Рас.  Мәскеулік қасқабастарды  қасқыр көрген тазыдай қалтыратқан ғой сонда Олжекең. Олжасты 70 жылдардың репрессиясынан  Д.Қонаев қорғап қалған. Әйтпесе не боларын Құдай білсін. 60 жылғылардың  тренд тақырыбы – тарих болды.  Оның қой бастар серкесі – Ілияс Есенберлин еді.

Ілекеңнің қалай тарихшы боп жүргенін біз Б.Момышұлыдан естідік: «...әйгілі Ілияс Есенберлиннің мына бір сөздерін жадымда берік сақтаппын. «Ермұхан Бекмаханов менің қазақ тарихын зерттеп білуіме соншалық әсер етті, өйткені бұл ғалым қазақ елінің ХІХ ғасыр мен ХХ ғасыр басындағы экономикасы, әлеуметтік құрылысын зерттегенде, Кенесары қозғалысына байланысты нақтылы материал жетіспейтін және соны толықтыруға Орткомның жәрдемдесуін сұрапты. Сол жұмысты Жұмекең Дінмұхаммед Ахметұлы арқылы маған жүктеді. Соғыс уақыты болса да, Ортком Бекмахановқа барынша болысты. Көбіне әуелі Петропавлда, кейін Омскіде болып жүрдім. Ортком қызметкерлері неге сонша архивте көп отырады деген сезік болмау үшін, кейбір архив материалдарын қонақ үйіне алдырып оқимын. Отарлау саясаты қалай жүргенін, Орынбордан бастап, бекіністердің не үшін тездетіп салынғанын әбден түсіндік. Негізгі сүйенген ұстанымымыз – ұлттық намыс, Сталиннің орыс халқы туралы және «бізді ата-баба аруағы қолдасын» деген сөзі еді. Біз де өзіміздің тарихи қаһармандарымызды дәріптеуіміз керек болды. Осы принцип кейін Бекмахановты ұлтшыл деп кінәлауда тілге тиек болды... Кенесары қозғалысы туралы жинаған материалды машинкаға бастырып, бір данасын өзім алып отырдым. Екі данасын тікелей бастығым Дінмұхаммед Ахметұлына табыс етемін. Ол кісі Шаяхметовке көрсеткеннен кейін ғана Ермұханға береді. Сөйтіп, келесі іссапарының бағытын Бекмаханов белгілеп, Димекең қолына жазып береді, ол маған тапсырады, міне сөйтіп жүріп тарихшы болып алдым» (Б.Момышұлы. Айтылмаған ақиқат, 10 том, 224-225 б).

Есенберлиннің «Көшпенділер» шығармасы елге қатты әсер етті. Себебі қазақтың  тарихынан ажырап, қараңғы түнде көр боп қалған кез еді ол. Бұл тақырыптың тым зәру, қатты өтімді болуы содан-ды. Қайран, Е.Бекмаханов осы тақырыпты зерттеу үшін өзін құрбан етті. Кенесары қазақтың соңғы ханы еді. Кенесары тақырыбының астарында қазақ елінің елдігі жатқан болатын. Сондықтан да ол кеңес қоғамында қауіпті тақырыптың бірі болды. Әсіресе кеңестік мәңгүрт интеллигенттер үшін. Бұл тақырып бәрібір тоқтаған жоқ. Бекмахановтан соң Есенберлинге көшті. Бекмахановқа бұл тақырып алашорда серкесі Халел Досмұхамедовтен көшкен болатын.

Ермұхан Халелмен студент кезінде Воронежде ұшырасып, сырлас болған. 30 жылдары Халел Воронежге жер аударылған еді.  Сол жерде ол  Кенесары туралы сыбырлаған ғой Ермұханға.  Елгезек Ермұхан оны қағып алған. 1928 жылы М.Әуезов  «Хан Кене» пьесасын жазды. Ол шығармада жедел қара тізімге ілінді.  Жалпы, кеңес елі Кенесарыны жақтырмаған. Өйткені, олар саяси бақталастар еді. Кеңес жұрты мен Кенесары. Әуезов те жазатын тақырыпты жазған ғой. Есенберлин-Бекмаханов-Әуезов-Досмұхамедов. Тарихи тек тізбек. 60 жылғылар алашордамен осылай  матаса байланысқан. Жылымық кезінде тарих тақырыбының шоғын үрлегендердің бірі – Мұхтар Мағауин еді. Қырғын  бір кандидаттық диссертация қорғап елді шулатқан. Марғұлан оппонент болған. Қазақ әдебиетінің тамырын тереңнен қазған. Қопарып 300 жылға бір-ақ апарған. Архивте шаң басып жатқан жырауларды жарыққа шығарған ғой. Мұхтардың бұл татымды тірлігі туралы «Тетис мұхиты кенеттен жер кіндігін қайта тесіп шыққандай көрінді» деп еді Әбіш Кекілбайұлы («Алдаспан» туралы айтып жатыр) (Әбіш Кекілбайұлы. Бәйтерек. «Ult.kz», Интернет-басылым. 12.04.2017). Кейін ғылымнан босап, әдебиетке ден қойған. Әлкей ақсақал онысын онша жақтырмаған. «Не серезный нәрселермен шұғылданып жүрсің» деп аралас тілде арыз айтқан.   60 жылғылар көп. Олар әр-алуан.  Осылар туралы «Әдебиет туралы жазбалар» атты шығармамызда былай деп жазғанымыз бар:

«Хрущев кезінде тұрған «жылымық» («оттепель») әсерінен пайда болған орыс әдебиетінің «алпысыншы жылғылары» («шестидесятники») Андрей  Вознесенский мен Евгений Евтушенкодан үзінділер:

Андрей  Вознесенскийдің түнгі пейзажы:

Сколько звезд!

Как микробов в воздухе...

Е.Евтушенко:   

        Потеряла Россия в России Россию

Она ищет себя, как иголку в стогу...

Евтушенко «алпысыншы жылғылар» деп: Гагарин, Высоцкий, Сахаровтарды атайды... Қазақтың алпысыншы жылғылары: режиссер Шәкен Айманов, композитор Шәмші Қалдаяқов, суретші Салахаддин Айтбаев, Д.Қонаев, І.Есенберлин, «Жас тұлпар» ұйымы, «Лениншіл жас» газеті, 1975 жылы Нью-Иоркте «Қола Прак синоскоп» жүлдесін алған «Қарлығаштың құйрығы неге айыр»? атты қазақ мультфильмі т.б.». Ия, олар сондай  әралуан. Қоғамның табалдырығынан  төріне дейін бәрін қамтиды.  Енді Асқар. Асқар кім?  Тағы жаңағы еңбекке жүгінеміз:

«Асқар Сүлейменовтің тек әдеби емес ойлары:

 Келер қазақтың да ішетін уы мен балы – Абай.

***

...Мұқағали:

– Екеуімізге жүз жүрмейді, Бізге 99 не 101 жүреді.

– Неге?

– Біліп тұрып сұрау Қадырдың еншісі.

***

Лигачевша, Лигачев боп жазсаң «Я живу долго потому что читал и читаю одну книгу и один устав – историю ВКП(б) и устав КПСС».

***

Көшпелі, көшпелі, көшпелі... Сонда, Сауран, Саудакент, Отырар, Созақ, Түркістан, Шымкент, Ташкент, Тараз, Құлан, Мерке, Алматыдағы біздің дәуірге дейін қазылған су жүйелері қайда қалады? Осы біз көрген диқандар, көкпар тартып жүріп мұрап болған, торлама қауынды құранды ердің алғы қасына ұрып жеген жеті аталарымыз қайда қалады? Оратын жерін орған, егетін жерін еккен, жайлайтын жерін жайлаған жұрт болмай ма? Бицивилизация дегенді естіп пе едіңіз?

***

Поляктар десе қояншығы ұстап қалатын, «Стамбулдың Царьград аталатын күні туады әлі дейтін», Түркменстанды таптап шыққан Скобелевтің жаршысы болған Достоевскийдің Шоқанға жазған хаты  күдік те  тудырады.

* * *

Қызық мінгесулер: еврей — шахтер, ішпейтін орыс, маскүнем – ағылшын, қазақ интеллектуал, Кастро — демократ, Саддам — пацифист, өзбек — жылқышы. ( «Шашылып түскен тіркестер»  шығармасынан.)

***

R.S. Асқар Сүлейменов – Мұқағали Мақатаевтың досы, алпысыншы жылғылардың ашытқысы болған тұлға. Рас, Америкадан шыққан Хемингуэй, Созақтан шыққан Асқар емес... Ал, Шалкөдеден шыққан Мұқағали оның екеуі де емес... Келестен шыққан Тоқаш кім, сонда?» (Асқар кім деген сұраққа: Асқар осы).

 

***

Мұқағали ше?

«Жүрегім – Африка, бауырым – Кипр, миым –  Мұзды  мұхиттай...».

Мұқағали мэтрі – Тоқаш Бердияров болған (Че Гевараның идеалы – Бауыржан Момышұлы болған). Мұқағали-Асқар  тандемі болған тағы сол кезде (Ал, Асқар Чаадаевқа қатты қызыққан). Әбіш пен Мұхтар (Мағауин) тандемі болған тағы. Бөкей өзінше бір бөлек. Мұхтар Шаханов өзінше бір басқа.  Сол Мұхтар әлі 60 жылғыларды жоқтатпай жүр.  Мұхтармен зерікпейсің. 2000 жылғылардың арасында ойран сап жүр ол. «Желтоқсан эпопеясы» деген дүлей бір эссе-роман жазып шықты жақында. М.Шахановтың дәуір тынысын жан-жақты суреттейтін аталмыш романы деректі шығарма боп табылады. Роман тақырыбы – қазақ жастарының 1986 жылғы құдайсыз  кеңес үкіметі құрған тоталитарлық  билікке қарсы көтерілісі туралы. Тарихи сюжеттерді М.Шаханов өз өмірбаянымен шебер үйлестіріп суреттейді.  Бұл тарихи оқиға – қазақ елінің 300 жылдық  орыс отаршылдығына қарсы саяси күресінің тарихи заңды жалғасы іспеттес дүние. Оның ХХ ғасырдағы  басы –  1916 жылғы Ресей империясына қарсы көтеріліс болса, соңы – 1986 жылғы кеңес үкіметіне қарсы көтеріліс. Идеясы – еркіндіксіз құл боп өмір сүргеннен гөрі одан да  өлген жақсы деген ойға кеп тіреледі. Өйткені, еркіндікте өмір сүру қазақ халқының о бастағы мұрат, болмысы болған. Қазақ атауының тарихи мәнінің өзі  де дене қорлығына шыдаса да, рух қорлығына  шыдамай,  ондай елден, жерден іргесін ажыратып, бөлініп кету деген мағынадан шыққан. 1986 жылдың желтоқсан айында қазақ жастары кеңестік зорлықтан осылай өз іргесін ажыратқан. Қазақ жастарының сол кездегі биік рухы Везувий вулканындай атқылап, айдай әлемге қазақ елін танытты. Везувий вулканы біздің эрамыздың басында (шамамен б.э. 79 жылдың 24 тамызында) рухани азғындықтың ошағы болған Помпей қаласын жойса, 1986 жылғы (16-17-18 желтоқсанда болған)  Желтоқсан көтерілісі ХХ ғасырдағы зұлымдық ошағы болған Кеңес империясының көрін қазды.

Роман өте күрделі,  түрлі-түсті боядан тұратын композициялық мозайкаға құрылған.  Бұл роман –  қазақ әдебиетінің ХХ һәм ХХІ ғасырдағы зор табысы. ХХ ғасыр әдебиетінде оны тек М.Дулатовтың «Оян, қазақ!» поэмасымен ғана салыстыруға болады.

 

Енді әркімнің Асқар туралы айтқандары:

«Асқар Сүлейменов ортасынан жарып шыққан жас пері, өткір сыншы, білгір әдебиетші.

...Екеуі топтан озған білгір шешен» (Бұ жерде Асқар мен Әбішті қосып айтып отыр–А.Қ) (М.Мағауин. Әбіш екеуміз. «Ult.kz», Интернет-басылым. 30.12.2016).

Мағауин мойындапты.

«Бәлкім, біздің ғасырымызда, біздің топырағымыз бен біздің нәсілімізден сенен білімді, сенен шешен, сенен турашыл, сенен қайсар, сенен мәрт азамат енді туса, туар. Бірақ, бұрын тумағанына біз кепіл» (Әбіш Кекілбаев. Қабір басындағы азасөз).

Шын жүректен шығыпты. Көп адамдар шын жүректегі сөзін шығара алмайды.

«Қазақта мүмкін, жалпы исі түрікте әлемдік әдебиетті, театр, кино, музыка, бейнелеу өнері, жалпы мәдениетті Асқардай терең білетін ешкім әлі шыға қойған жоқ» (Мэлис Үбүкеев. Жанымдай жақсы көрген досым еді...).

«Бұл жалған дүниедегі қызықты әкем өз ой өлшемімен салғанда ой, сезім, жүрек тазалығына қиып кетті».

...Рухани болмыстың барометрі іспеттес еді» (Қаракөз Сүлейменова. Әке сізді іздеймін...).

Фәниді ахиретке айырбастаған.

«Қалың қабақтың астынан өңменіңнен өтердей, қосауыз мылтықтың қос ұңғысындай қадалған қос жанар оның бойында қайтпас қажырлықтың, мұқалмас мол жігердің, жұқармас болат жүйкенің бар екенін аңғартты. Алған бетінен қайтпайтын, кері шегінуді білмейтін адамның қолтырауыны осы болар деп ойладым.

...Ықылым заманнан Асекеңе ұқсас бір адам дүниеге келді немесе енді келеді деп мүлдем ойламаймын. Тіпті оның жазуы да, әріптері де ешкімге ұқсамайтын.

...Демек, оның мінезі де, өзі де сомдап құйылған мықты монумент. Өзі де, мінез-құлқы да біртуар» (Сайымжан Еркебаев. Мен білетін Асекең).

Қурайлысайдың жігіті тұлға образын шебер сомдапты.

«Литература – позиция, проще говоря, предоставленная возможность проявить себя, еще проще – высшая сплетня. А пройзведения – это Я. Остальное – ваше дело».

Ялтадағы «Астория» ресторанында А.Гельман, доктор И.Вишневская, Горький атындағы әдебиет институтының ректоры В.Пименов бәріміз отырған кезде осылай деп едіңіз. Олар төңкеріліп түсті.  Мәскеуліктер мен шетелдік әдебиетшілердің бізден бір артықшылығы – олар тауып айтқан, тосын айтқан әрбір тұжырым мен әрбір фразаға айрықша көңіл бөлуші еді ғой. Жаңа танысып отырса да, осы сөзден соң олар Сізге құлап түсті. Ал, Сіз болсаңыз, сәлден соң оларды «балшық» қып илеп алдыңыз, бәрі Сіздің аузыңызға қарады. Сізге бәрібір болатын, мақтаса да, даттаса да, жағынса да, табынса да, интеллект биігінен бір елі төмен түспей, асқақ күйіңізше қала беруші едіңіз. Кейде, осы асқақтық өзгелерге ұнамай, өзіңізге қарсы жұмыс істейтін. Бес-он минутта жаулап алған жұртты Сіз бес-он минутта жоғалтып ала беретінсіз. Табу қалай оңайға түссе, жоғалту да солай оңай болатын. Сіз қамалды жаулап алып тұрып, ту тікпей кете беретінсіз. Ойыңызға келген тапқыр бір тіркесті іште өлтіру Сіз үшін жаулап алған дүниені жоғалтудан қымбатырақ көрінетін.

«...Фариза қыз,  ...Өмірде ақындардың бәрі жалғыз». Мұқағалидан кейін жалғыз қалған Сіз болдыңыз. Екеуіңіз де өз еліңізде жүріп эмигрант болдыңыздар. Шын суреткер – мәңгі эмигрант, өзінің туған жерінен бір елі аттап баспаған У.Фолкнер өзін эмигрантпын деп Американы дүр сілкіндіріп еді. Сонда ол жалғыз қалғанын айтқан екен ғой. Біз де Сізді «эмигрант» деп келемеждеуші едік» (Дулат Исабеков. Эмигрант ).

Өз ұлтына жат болған жан. Өз елінде бөгде боп өмір сүрген ер.

«Мұстафа Шоқай – сыртқы эмигрант, А.Сүлейменов – ішкі эмигрант».

«... мен білерде өзі де жарық дүниедегі күндерінің санаулы екендігін біліп, күйзеліс жанын қажап, келеге түсіп жүрген кезі екен...  есіл дерті Құран Кәрімде, о дүниеде екен» (Молдахмет Қаназ. Қарағайдың қарсы біткен бұтағы).

Ол рас. Өмірінің соңында Асекең Құранға қайтты. Шығармашылығын «Ильичтен» бастаған Мұқағали да кейін ақыры Құдайға  жүгінді. Қайта алмағандар қанша. Жүгіне алмағандар да жетерлік. Оралхан үлгерді ме екен?! «Орақ пен балға» опаты оңай болған жоқ. Миллиондардан  мазарат тұрғызған «Бесжұлдызды» империя ақыры тарқап тынды. Бірақ салған жарасы әлі жазылмай жатыр.

 «Асекеңнің ұланғайыр рухы әлдеқашан әлжуаз денесін умаждап илеп алып, ескі терідей сүйретіп жүрген тәрізденетін» (Смағұл Елубай. Кентавр).

Дене+Рух=Адам. №1 – Рух! Дене – №2. Жаратылыстың фокус формуласы. Шал ақын: «Иман – қой, ақыл – қойшы, нәпсі –  бөрі, Бөріге қой алдырмас ердің ері...». Түйін-Кредо!

 «Аштық пен репрессия, соғыстың соқыр бұрқағынан ілдебайлап әрең шыққан, тым-тым ерте есейген арлы да арынды ұрпақ өз тарихын қайғылы да мұңды үнде баяндауға кірісті. Мұхтар Әуезовтің өзі бір аяғы жерде бір аяғы көрде тұрып, батасын беріп кеткен бұл оғыландардың ұзын саны отыздан асып жығылатын. Сол отыздың арасынан, тірілері тарылмасын, бұл күнде бақилық, ол кезде топ жарған үш бағылан миыма мөр болып басылыпты. Поэзияда – Мұқағали,  прозада – Оралхан, проза, сында – Асқар.

...Үш  марқасқа жүріс-тұрыс, түр, түс, мінез, келбет жағынан бір-біріне үш қайнаса сорпасы қосылмайтын, әйткенмен ұқсайтын жері – әдеби, ойшылдық галереямызға Абай мен Мұхтар сыйлап кеткен келісті, кере қарыс кең маңдай еді. Кең маңдай шіркін кімге, қай заманда, қай ұлтқа керек болған, ақыры алдыға келгенді опырып, асау мен құзғындай ұзақ жасауды, тырқ-тырқ күлкі мен бақай есепті ғана білетін дарынсыз, мешкей, қара тобыр оларды да өгіздей өкіріп, өтірік жылап, терең қазып, тепкілеп көмді.

Сол көктей орылған Алатаудай алып Мұқағали мен Алтайдың кербұғысы Оралхан үшеуінің арасында дін мұсылман   баласының ақбереніндей әмәндә қайраулы Асқар Сүлейменов кім еді өзі? Қалай танып біліп ек?

...Адамдығына қылау жұқтырмаған асқақ Асекеңді адамзат тарихындағы соңғы құлдар қоғамы – біз кешіре алмадық. Текті мен бектігі көзімізге ақ боп түсті. Көп қасиетін түсіне алмадық, оған жетер ол кезде өре қайда? Мақтағанда «Созақтан шыққан Дон Кихот» дейтінбіз, «айға шапқан арыстансымақ, аһа-һа!» -лап күлетінбіз. Кісі сыртынан өлтірсең де ғайбат сөз айтпайды.  Сыйсызының  мінін көзіне сойып айтатын. Жартылай шындық жаудан жаман еді. Системаның көзіне сол себепті оның жер басып жүруінің өзі қарсылық болып көрінетін. Кеңестің күжірейген семіз бұқасы осы бір арық қара матадор – Асқарды көрсе, мүйізін тосып, жер  тарпып айшылық алыс жерден өкіріп-бақырып тұра ұмтылатын.

...Асекең, Асқар Сүлейменов өз «Мен»-ін қорғап қаза тапқан адам» (Марат Қабанбай. Отыз мойындаған оғылан).

Асқардың «Мен»-і қазақтың «Мен»-і. Марат Қабанбай. Марат десе Марат екен.

«Үйреншікті үрдістердің қалыбына түспеген ол рухани байрағын әрқашанда жоғары ұстап, батырлықпен желбіретіп өтті» (Жұмабай Шаштайұлы. Текті тәкаппарлық).

Батырлық марафоны  міндетті түрде салтанат маршымен аяқталады.

«Көзі тірісінде-ақ тіршілігі, өмірбаяндық фактілері аңызға айналған Асекеңді мойындамауға, терістеуге шамасы жеткен қазақ көргем жоқ» (Қанипаш Мәдібаева.  Дүниеге үшінші көзбен қараған адам).

Кумир болудан Құдай сақтасын.

«Асекең сол бәйге басын бермеген қалпы мәңгілік дейтін түпсіз кеңістікке өтіп кетті де, біз болсақ бәтуасыз дүниенің тезегін теріп әлі жүрміз» (Рахымжан Отарбаев. Бәдәуи тектес телі).

Опасыз дүние Отарбаевтан да бет бұрды:17 февраль, 2018 жыл.

«Асекең көңілінде – жүз жылдық жалғыздық болды. «Бесатар» үш бунттың: метафизикалық, тарихи, қоғамдық келіспеудің көрінісі. Ортега-и-Гассет айтады: «Я – вселенная, и только потому одинок» (Дидар Амантай. Жүз жылдық жалғыздық).

Ия, «Бесатар» – әдеби бунт қой! «Бунт... Бұлардың, заңында ақ патшаның аты естілгенде тоңқаңдай бермесең бунт-ау.Сусын сұрап ауылға бұрылған жез жағаға қос ат жетектетпесең де – бунт. Бесатардың қарауылына алғанда тұяқ серпісең – тағы бунт. Ау, мүмкін біздің түзге отырғанымыз да бунт шығар» (А.Сүлейменов. «Бесатар» шығармасынан).

«Петербург пен Москва жетпегендей Түркістанда не әкелерінің құны бар екен» (А.Сүлейменов. «Бесатар» шығармасынан).

«Словно свежий ветер ворвался в достаточно затхлую атмосферу того времени» (Морис Симашко. Аскар-Кожа).

Сөзі семіз Симашко (Шамис).

«Аскар является квинтэссенцией духовной свободы, бескомпромиссного отношения к псевдолитературе и псевдоискусству» (Азербайджан Мамбетов. Личность и его время).

Асқар – квинтэссенция, соц.реализм – ширма.

«Самый последний его рассказ – это его смерть.

И его последние дни – его последние строки.

Я переживал этот рассказ, жил в этом рассказе и видел все это. И все близкие ему были персонажами этого рассказа. Я думаю, он  ушел из жизни сознательно, тщательно обдумывая каждое слово и жест.

Он шел к смерти.

Как-то обронил: «Рано или поздно – неважно. Надо уходить вовремя».

Он написал этот рассказ как сумел.  Или как захотел.

Но он его написал» (Алишер Сулейменов. Самый последний его рассказ).

Өлім күйі – тәтті күй.

Балқиды жаным бұл күйге.

Мені де өлім, әлдиле,

  Әлдиле, өлім, әлдиле!..

(Мағжан)

«Дух его отчаянно рвался к свободе. Дух его был там, где свобода. А свободы не было. Только к концу его жизни она слегка забрезжила. И потому Дух его был постоянно подавлен, омрачен. Он лишался естественности, непринужденности. Грациозности мысли. Изысканности мудрствования.  И это свой черед, приводило к хроническому одиночеству. Он жил не в свое время.

...Непохожесть его на большинство из двуногого племени, нестандартность поведения, нешаблонность мышления многих раздражала. Оргиниальность его для обыкновенных божьих созданий казалась иногда оргиналничаньем, фрондерством, игрой. Им просто не хотелось признать, что он другого поля ягода, по-другому скроен, иначе создан.

...Ему было тяжко жить в коллективе, по законам коллектива. Всякие надуманные законы, каноны, регламентации были ему в тягость. От этого он сам страдал и другим доставлял уйму неприятностей» (Герольд Бельгер. Мир тени его).

Бельгер білгір. Коллектив семіз бұқа – СССР, Асекең – жанкешті, матадор.

 «Его тексты не учать – они излучают.

Я держу в руках его тексты, извлеченные из архива, –  «Мысли в вразброс». В печати они появились за шесть дней его смерти. Так что практически он остался за пределами той «гласности», которая способна размотать любой текст, превратив его в данность: политическую, прагматическую, практическую. Бог уберег его.

Аскар – это эзотерика. Воздействие из глубины. И – в глубину.

...Он обладал уникальной, врожденной способностью слышать сразу доводы «за» и доводы «против» (Лев Аннинский. Аскар).

Лев Арыстанды алыстан аңдапты.

«Я чувствовал, что наши души и мысли созвучный – открыл и узнал в нем единомышленника. Он тоже страстно любил свою землю, свой народ, его древную культуру.

...Мы в 60-70 годы разрабатывали ту тему, которая тщательно замалчивалась официальной идеологией, – тему освобождения национального самосознания от диктата политической сверхидеи. Мы старались проложить путь в мировое киноискусство через глубокую национальную идею. История была для нас священной темой.

...То что делал Аскар, – от бога. Аскар – это медитация, разум, это кладезь самопознания. Язык был его другом и его «врагом». Он был прекрасным оратором, его устная речь имело огромное воздействие на окружающих.

Аскар Сулейменов – масшатабная, ренессансная Личность. Он знал, что без подвижничества нет движения вперед, нет пространства духа. Я говорю о его подвижничестве, которое раскрепощало национальное сознание» (Болот Шамшиев. Подвижник).

Шамшиев –   әлемдік кино титаны.

«Слишком мало редких людей, поднявшихся над условностями иллюзорного  мира, над нелепыми и неуклюжими правилами повседневного быта и глубоко понявших космические законы вечного бытия.

Именно об этой категории личностей думается невольно, когда приходит воспоминание об Аскаре Сулейменове, который, я подозреваю, унес с собой в вечность какое-то светлое, непонятое и нераскрытое духовное сокровище, с горечью осознав, что было бы преждевременным дарить его омраченным и не созревшим еще душам.

...И предощущение того, что из всех знакомых мне современников Аскар ближе всех стоял к истине и глубокому пониманию великой гармонии.

...Мы все смутно догадывались, что рядом с нами жил человек высочайшего духа и космической справедливостей, постигший верховные законы Вселенной раньше нас» (Бахытжан Момыш-улы. Неузнанный гений).

Ғарыштық ережені білгенге Сырдың суы сирағынан келмейді.

 «А в целом этот триптих о  том, как казахи стали маргиналами или отщепенцами в собственной стране.

...Если выразиться более емко, речь идет о духовном вырождении нации, потерявшей собственное достоинство в мире перманентной лжи  и коррупций» (Ауезхан Кодар. Наследие Аскара Сулейменова в национальном театре). (Үзінділердің бәрі мына кітаптан алынды: Парасат падишасы. Естеліктер. Алматы, Атамұра, 1998. Құрастырған Әлия Қаһарман қызы Бөпежанова).

Маргинал қазақтар туралы триптих жазған эмигрант қазақ. «Мерин – диссидент». Ең қызық адам жайлы қызық кітап. Саяқ жылқы. Саяқ адам. Саяқ, қызық, нәзік, күшті рух! (Әлия өсиетке адал қыз).

 Ия, 60 жылғылар әлі жүр арамызда. Тек М.Шаханов Алматыда. М.Мағауин Америкада. Мұқағали Кеңсайда жатыр. Олжас Парижде  жүр. Тағы кім қайда жүр? Асқар қайда?  «Төрт тапалды» жұрт таппай қалды. Кейбіреулер үш тапал қайтқан, тек біреуі қалған дейді. Кім білсін? Жақында Шерханды шығарып салдық. «Бітеу жарасын» жаза алмай Рамазан Тоқтаров кетті. Түсінде Асқарды көріпті. Дүниеден басып озар алдында. Оралхан Үндістанда мерт болды. Қазақ жүріп жатыр, әйтеуір, аман-есен.  Бірді айтып бірге кетіп жатырмыз. Осылардың бәрі Асқардың ортасы еді. Осы ортада  ол өсіп-өнді. Ол орта – 60 жылғылар. Зор орта. Қазақ қоғамы үшін. Алашордалықтардан  кейінгі. Асқар сол  ортаның бір   жұлдызы еді.  Жарығы мол.  Алқаракөк аспанды тілгілеген. Айта берсең әңгіме көп. Жылымықта  туған жұлдыз еді ол. Денеден Рухты жоғары қойған. Жерден гөрі көкке көп қараған.

* * *

Түбіне жетер ауру-сырқатты қасиет көрген адам қайсы? Қойшысы жылқышысын тарпитын, сиыры айғырын сүзетін, қарғасы қаршығасына түсетін, көлеңкесі иесін талайтын ел көрдің бе?

(А.Сүлейменов. «Адасқақ»)

Посткриптум:

Кеңестік дәуірде ақиқатқа ең қатты жақындаған меніңше Мұқағали Мақатаев болды.  Қалай? Былай: 

Бәрі рас айтқанының Ақ Алламның,

Құм менен топырақтан жаралғанмын.

Құдайдың құлымын мен – мұсылманмын,

Денемде түйірі жоқ арам қанның,

Ақиқатын аңсаймын ақ арманның.

Одан кейін  Асқар Сүлейменов:

«Құран. Сура N112. Әль-Ихлас. Меккеде аян болған төрт аят. (1) Алла жалғыз, (2) Олөлмес дүр, (3) Туылмаған, тудырмаған ешкімді, (4) Ешкім оған тең келмес-дүр».

Осы Асқардың шын бойтұмары деп ойлаймыз. Осыған қанша адам жете алмады ғой.  Жарысатын жасырулы мәре осы болатын негізінде. Қанша жүйрік босқа арамтер болды. Қанша жұрттың обалы ақиқат мәрені жасырып, өтірік сағым мәремен елді адастырған кеңес үкіметіне  болсын. Әсілінде Сталиннің Кремлі Перғауынның мұнарасынан да асып түсті. Көзді байлаған қызыл перде торқадан да тартымды боп шықты. Өтіріктің мүйізі  жұлдызға жеткен заман  еді ол.

Сол, өтірік өлді дейді жұрт?!

Тәмәм.

Ақжол Қалшабек

Abai.kz

 

8 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1992