Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 2393 0 пікір 20 Маусым, 2011 сағат 06:07

Дәулет Төлендіұлы. Жамбылдық шенеуніктердің шектен шыққан «шабандоздары»

Неге «Еңбектеген баладан, еңкейген қартқа» дейін билік құмар? Әйтеуір біреуге үстемдігін жүргізіп, шіреніп қалғысы келеді. Кішкентай балаңның өзі қалағанын қыла қоймасаң бақырып-шақырып шат-шәлекейінді шығарады. Құрысын, айтқанын істеп құтыласың. Бұл бізге   баланың үстемдігі. Ал үлкеннің жөнсіздігін көрсең: «Әй, мынау жұмыртқадан шыға сап әтешке ақыл айтпақ па?!» деп, дұрысыңды бұрыс деп, қаперіне қыстырмайтын көкелер мен жәкелер үлгі болып тұр. Бұл да үстемдік. Бұл да «артықшылығын» меңзеп тұрған билік құмарлық. Ал, қазір осы «тал бойында бір міні жоқ пендесіп», көпшілікті менсіне бермейтін көкелеріміз мықтылығын кез келген жерде қызметтік дәрежесімен есептеп, куәлік- құжатын көрсетіп қорқытатынды шығарса не дер едіңіз? Қайда барып жан сақтар едіңіз? Тіпті, атынан адам үркетін шенеуніктердің өзін қойдық,  көлік жүргізушілеріне дейін қолынан келсе қонышынан басып, сойқан салып жүре беретінін қайтейік.

Неге «Еңбектеген баладан, еңкейген қартқа» дейін билік құмар? Әйтеуір біреуге үстемдігін жүргізіп, шіреніп қалғысы келеді. Кішкентай балаңның өзі қалағанын қыла қоймасаң бақырып-шақырып шат-шәлекейінді шығарады. Құрысын, айтқанын істеп құтыласың. Бұл бізге   баланың үстемдігі. Ал үлкеннің жөнсіздігін көрсең: «Әй, мынау жұмыртқадан шыға сап әтешке ақыл айтпақ па?!» деп, дұрысыңды бұрыс деп, қаперіне қыстырмайтын көкелер мен жәкелер үлгі болып тұр. Бұл да үстемдік. Бұл да «артықшылығын» меңзеп тұрған билік құмарлық. Ал, қазір осы «тал бойында бір міні жоқ пендесіп», көпшілікті менсіне бермейтін көкелеріміз мықтылығын кез келген жерде қызметтік дәрежесімен есептеп, куәлік- құжатын көрсетіп қорқытатынды шығарса не дер едіңіз? Қайда барып жан сақтар едіңіз? Тіпті, атынан адам үркетін шенеуніктердің өзін қойдық,  көлік жүргізушілеріне дейін қолынан келсе қонышынан басып, сойқан салып жүре беретінін қайтейік.

Жалпы, «Заң алдында барлық азамат тең құқылы» деп кез-келген жиналыста, басқосуда лепіре сөйлеп, жастарға ақыл айтамыз. Тіпті, әсірелеп, «Қазақстанда кез келген заңның сақталуы бойынша шенеуніктер басқаларға таптырмаймын озық үлгі» деп жерден жеті қоян тапқандай төс ұрамыз. Сол шенеуніктердің ішінде қарапайым қызметтік көліктерін қалай пайдаланатының білгісі келмейтіндерді кімге тұтқа етейік? Бұл сөзімізге жақында ғана Тараз қаласында  «Нұр Отан» халықтық-деморкатиялық партиясы Жамбыл облыстық филиалының «Жас Отан» жастар қанаты мен облыстық Жол полициясы басқармасының қызметкерлері бірігіп өткізген рейдінің нәтижесі дәлел. Аталмыш шара барысында Жамбыл облыстық азаматтық әкімшілік сотының іс-жүргізушісі Азамат Мәдиұлы мемлекетік қызметкер бола тұра қалтасындағы қызметік куәлігін көрсетіп, рейд жүргізіп тұрмыз дегендердің есін шығарды. Тіпті, өзінің жүргізуші куәлігі жоқ екендігіне қарамастан, ретін тауып, «қалауын тапса қар да жанады ғой» дегенге барды. Алайда, жемқорлықты жаны сүймейтін «жасотандықтар» «жағалы» ағаларының көмегімен соттың іс -жүргізушінің темір тұлпарын «жетектеп» апарып, айып тұрағына  «тоғытты». Ал Тараз қаласы әкімдігінің білім, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бастығы Маржан Қожаеваның қызметтік көлігінің ( Н 215 АV) уақытша жүру қағазы үш апта бұрын бітіп кеткендігі анықталды. Соған қарамастан қалалық Бас мұғалімнің көлігі бақандай үш апта қалада сайран салыпты. Осындай тәртіп бұзғандығына қарамастан Маржан Төреғұлқызының жүргізушісі ұялы телефонмен қоңыраулатпаған, шулатпаған адамы қалмады. Сонда білдей бір мекеменің басшысы астында мініп жүрген жалғыз көлігінің уақытша жолдамасын біткенін білмегені ме, әлде жауапсыз көлік жүргізушіне Құдайдай сенгендігі ме? Әрине, турасына келер болсақ, барлық құжатты көлік  көлік жүргізушісі реттеп отыруы тиіс шығар, бірақ анда-санда астындағы «арбасы мен арбакешіне» қадағалау жасап отырған артықтық етпейтінін кез келген бастық білуі тиіс емес пе? «Аюға намаз үйреткен таяқ» демекші, енді қалалық Бас мұғалім бәрінен бұрын көлігінің құжатын реттер. Кей кездері осындай шарада  қалалық, облыстық мәслихаттың депутаттары бой көрсетіп, белсендік танытып жүруші еді, бұл жолы керісінше қалалық мәслихаттың хатшысы Өмен Байшығашевтың қызметтік машинасының жүргізушісі Мирдос Малыбаев (Н 025 АV) түнде өз шаруасымен жүргені анықталып, «жасотандықтар» мен «ГАЙ-дың» алдында  біраз «белсенділік» танытты. Дәл сол түні сағат түнгі 3-те Байзақ ауданы әкімінің орынбасары Тұрсын Есенқұлов ешқандай құжатсыз қаланы «саяхаттап» жүрген жерінен қолға түссе, сол ауданға қарасты «Қызыл жұлдыз» ауылдық округі әкімінің қызметтік көлігі түнгі Таразды тамашалаймын деп «торға» тоғытылды. Барлық құжаттары дұрыс болып түн ішінде тайрандаса бір сәрі,  «Қызыл жұлдыз» ауылының әкімі Дархан Шоңов мырзаны жүргізушісінің уақытша жүру қағазы біткені былай тұрсын, кәдімгі жүргізуші куәлігі «бременный», онысы шопырлар тілімен айтқанда «просрочный» болып шықты. Міне, біздегі шенеуніктердің шимай- шатпағы. Қалың оқырман «шопырды қойшы, білдей аудан әкімінің орынбасарына не жорық?» деп отырған шығар. Шыңдығында,  аудан әкімінің орынбасары болдым екем деп, түн жарымда өз шаруасымен қала кезу Тұрсын мырзаның  қай сасқаны, әлде «ауру қалсада әдет қалмайдының» кері ме?  Әрине, бұл дәл сол күні ғана өз шаруасымен жүрді деп шенеунікті айыптаудан шеттете салсақ болар, бірақ күн-түн демей шапқылап жүрген  тараздықтар бұны үйреншікті тірлік, турасы мемлекеттің тегін машинасы мен жанар-жағармайын өз пайдасына жұмсау деп айпасына кім кепіл?..

Баяғыда біреу айтқан екен, «Ақыры айттым ғой, аяғына дейін айта салайын» деп, сол сияқты мен де аяғына дейін айтсам айып етпеңіздер. Дәл сол күнгі  шарада облыс әкімінің аппарат жетекшісінің қызметтік көлігі де назарға ілікті. Іліккені былай тұрсын, барлығымызды іліп кете жаздап барып тоқтады. Қазақта жақсы сөз бар «Бәледен машайық қашыпты» деген, сол сөзді берік ұстанатын «ГАЙ-ларымыз» «бәлесінен аулақ» деді ме, әйтеуір қарсылық білдіргендей сынай танытып, аппарат жетекшісінің «шабандозын» жібере салды. Бірақ, көлік жүргізушінің шарада жүрген «жасотандықтарды»  машинамен жапыра жаздап, шараға қатысушыларды қаға жаздап, білгенін істегенін қалай түсінуге болады? Әлде облыс әкімінің аппарат жетекшісінің «шопыры» болдым екен деп, білгенін істеуі керек пе?  Бойынан парасатылық пен биязылық есіп тұратын облыс әкімінің аппарат жетекшісі Болат Исақовтың шектен шыққан «шабандозына» қарап көпшіліктің қарны ашты. Болат Әлмұханұлы жүргізушісіне «дөрекі бол, жол полицейлеріне тоқтама, ережені бұз, құжатына қарама» деп айтпасы белгілі, бірақ, шектен шыққан «шабандозының» өзімбілермендікке салып, заңға бағынбауы барып тұрған  бассыздық. Ол туралап келгенде Болат мырзаның атына келетін ұят. Оны әрине, жүргізуші ойлаған жоқ, ойласа өрімдей жастардың жүрегін алып, білгенін істеп бағар ме еді?

Дана қазақ «Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» дейді, осындай қызметкерлердің кесірінен бүкіл облысқа, тіпті мемлекеттік қызметкерлерге күйе жағылады. Өкінішке қарай, бұл күнде құмалақ біреу емес сияқты. Оған жоғарыда келтірілген рейд қорытындысы дәлел. «Өзіңді өзің жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін» деп дана халқымыз тегін айтпаған. Сондықтан біреуінің сөзі, біреуінің өзі жақсы, біреуінің атасы, біреудің апасы, біреуінің көкесі бар, біреуінің жәкесі бар, біреуімен қызметтеспін,  екіншісімен таныспын, үшіншімен біліспін деместен, мемқызметкерлер өздерінің былықтарын өздері тазалаулары керек.   Әйтпесе халық алдындағы азды-көпті сенімін, «жоғарыдағы» бастықтарын ашуландырса астындағы «аттарынан» да айрылуы мүмкін...

Айтпақшы, Өткен  аптада облыстық жол полициясы үш күндік «Қауіпсіз жол» атты шара ұйымдастырған болатын. Жол қозғалысы ережесін бақылау барысында  жол сақшылары екі мыңға жуық жол ережесін бұзуды анықтаған, соның ішінде 74-і көлікті мас күйінде жүргізген, 769-ы жылдамдықты шамадан тыс арттырған, 70-і қозғалыстың қарсы бағытындағы жолаққа шыққан, 89-ы жол қиылысынан өтуді бұзған, 76-сы қозғалыста ұялы телефонды қолданған, 53-і көлікті құжатсыз жүргізген және т.б. өрескел қателікке бой алдырғандар тиісті жазаға тартылды. Ал сол үш күннің ішінде 12 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілкке тартылыпты.

Жамбыл облысы

Тараз қаласы

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5543