Бауыржан Берікұлы. РЭППЕН ІРЕЛГЕН ӘНҰРАН
Қазақстан Республикасы Бас Прокуроры Асхат Дауылбаев пен Парламент депутаттарының назарына!
Мемлекеттік, ұлттық нышандарымызды қорлау «акциясы» жалғасып жатыр. Біреулер Туымыздан қап жасап, біреулер Киіз үйімізді «қаңғыбас қазақтардың бапанасы» деп қорласа, енді біреулер Әнұранымызды келеке мазақ етуді бастапты. Біз не көрмеген ел едік? Қазір де не көрмей жатырмыз?
Есімін ел білетін Ескендір ағамыздың орындауындағы қасиетті Әнұранды белгісіз біреулер Батыстың өгіздей өкіріп, бақсыдай селкілдеген әуейі әуенімен «әрлеп», заманауи «рэппен» іреп тастапты! Рэппен ірелген әнұранымызды қазір жастардың қолындағы ұялы телефондардан тыңдауға әбден болады. Ұлттық құндылықтары құрметтелуден қалған мемлекеттің бетімен кеткен ұл-қызы әлгі рэп-әнұранды бірінен бірі көшіріп алып мәз.
Мүмкін бұл: «Әскерге баруға, дәрігерге қаралуға, қан беруге, Әнұран айтуға, т.б. мүлдем болмайды!» деп онсыз да санасы сансыраған жұрттың миын атала қылып жүрген бейбақтардың тірлігі шығар?
Алдағы уақытта түнгі клубтарда осындай жаңа «әуенге» жанын салып билеп жүрген біздің қандастарды көрсеңіз, таңғалмаңыз. Біздің қоғам оған да «ләппай, тақсыр!»
«Абай-ақпарат»

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнін пайдалану тәртібі қандай? Заңға назар аударыңыз:
8-бап. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнін
пайдалану тәртібі.
1. Мемлекеттік Гимн:
1) Қазақстан Республикасының Президенті қызметке кіріскен кезде - ол ант бергеннен кейін;
2) Қазақстан Республикасы Парламенті сессияларының ашылуы және жабылуы кезінде;
3) Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мерекелеріне, сондай-ақ өзге де салтанатты іс-шараларға арналған жиналыстар мен мәжілістердің салтанатты ашылуы кезінде;
4) телевизия және (немесе) радио хабарларын таратуды жүзеге асыруға лицензиясы бар бұқаралық ақпарат құралдарының теле және радиобағдарламалары эфирге шыққан кезде тәулік сайын, олардың хабар таратуы басталғанда және аяқталғанда;
5) Қазақстан Республикасы халқының өміріндегі аса маңызды тарихи оқиғаларды атап өту құрметіне ескерткіштерді, монументтерді, құлпытастарды және басқа да ғимараттарды ашу кезінде;
6) Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары, сондай-ақ қоғамдық бірлестіктері мен өзге де ұйымдары өткізетін рәсімдер, салтанатты және спорттық іс-шаралар кезінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы көтерілген кезде;
7) Қазақстан Республикасына мемлекеттік немесе ресми сапармен келген шет мемлекеттердің басшыларын қарсы алу кезінде - тиісті шет мемлекеттің мемлекеттік гимні орындалғаннан кейін;
8) жалпы орта, кәсіптік бастауыш, кәсіптік орта, кәсіптік жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі кәсіптік білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында жаңа оқу жылының ашылу және оқу жылының аяқталу рәсімдері кезінде, сондай-ақ өзге де салтанатты іс-шаралар өткізілген кезде;
9) Қазақстан Республикасының ұлттық (құрама) командасы қатысатын спорттық іс-шаралар өткізілген кезде орындалады.
2. Қарулы Күштердің әскери құрамаларында, бөлімдерінде, бөлімшелерінде, мекемелерінде және басқа да әскерлер мен әскери құралымдарда Мемлекеттік Гимнді орындау тәртібі жалпы әскери жарғыларда айқындалады.
9-бап. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнін
орындау тәртібі
1. Мемлекеттік Гимн көпшілік алдында орындалған кезде қатысушылар оны орнынан тұрып айтады (тыңдайды), бұл ретте Қазақстан Республикасының азаматтары оң қолын жүрек тұсына қояды.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары мен өзге де ұйымдары шет мемлекеттер аумағында іс-шаралар өткізген кезде Мемлекеттік Гимн осы Конституциялық заңға, сондай-ақ сол мемлекеттің заңнамасы мен протоколдық практикасына және жергілікті салт-дәстүрге сәйкес орындалады.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын салтанатты жағдайда көтеру және тігу кезінде Мемлекеттік Гимн орындалады, бұл ретте қатысушылар жүздерін Туға қарай бұрады.
2. Мемлекеттік Гимнді оркестр, хор, оркестр мен хор орындайды не ол өзге де вокалдық және аспаптық түрде орындалады. Бұл ретте дыбыс жазу құралдары пайдаланылуы мүмкін.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнін ықшамдап орындауға жол беріледі.
3. Мемлекеттік Гимн бекітілген мәтіні мен музыкалық редакциясына дәлме-дәл сәйкестікпен мемлекеттік тілде орындалады.
4. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Гимнінің мәтіні мен музыкалық редакциясын басқа музыкалық шығармалардың және өзге де өнер туындыларының негізі ретінде пайдалануға болмайды.
15-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін
пайдалануды реттейтін заңнаманы бұзғаны үшін
жауаптылық
Осы Конституциялық заңның талаптарын бұза отырып, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Мемлекеттік Елтаңбасын және олардың бейнелерін пайдалану, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнін орындау және оның мәтінін пайдалану не Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін қорлау Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен жауаптылыққа әкеп соғады.
(ҚР Мемлекеттік Рәміздер туралы Заң)