Мақсат Тәж-Мұрат. Айқын мақсат, нақты іс
Abai.kz порталының құрылғанына он жыл толуына орай
Қазақтың бас ақынының атын тағынған Интернет порталын бұрыннан естуім бар болғанымен, жақынырақ танысуым бертінде ғана – «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған бір сын мақаламның көлем көтергіш сайт бетіне толық күйінде жарияланғалы бері күнде таңертең «оразамды» Abai.kz-пен ашатын жаман ауруға ұшырадым.
Оның себебі портал материалдарының тақырып алуандығында яки мазмұн күштілігінде ғана емес. Abai.kz мен оның бетін ашпаған он жылда қазақ ойсанасының, ұлттық пікірлердің жылымына, ми қазанына айналып үлгерген екен. Тіпті бүгінгі күні оның алдына түсетін қағаздағы яки электронды қазақтілді ақпарат көзі жоқ деп кесіп айтуға да аузым барады. Жуырда портал редакциясы тарапынан берілген мерейтойлық шағын мақаладағы бұл баспасөз құралының қаралуы, оқылуы және бастамашылығы жөніндегі статистикалық мәліметті осы сөзіме ақтаушы ретінде жүргізуге болады ғой деп ойлаймын. Демек, Abai-ды қазақтың бащасынан кещесіне демей-ақ қояйын, дегенмен ұлтқа жаны ашитын және оның келешегі жөнінде келелі ой-пікір айта алатын үлпікер қаймағымыз қалмай оқитыны және оған материал, пікір жазатыны анық.
Жақында мен үшін тосындау бір оқиға болды: шатқалда қос тігіп, намажазу жазып жатқан осы жолдардың авторын аяқ астынан мәдениет министрі өзіне шақырып, сұхбаттасты. Сөйтсем Арыстанбек Мұхамедиұлы мырза Abai-да жарияланған менің Димаш жайлы кітабымның үзінділерін оқып, өзі Димаш сынды жасымыздың талантының жарқырай ашылуына кесек үлес қосып жүруі себепті пікірін білдіргісі келген екен. Министр сөз арасында әр жұмыс күнін екі тілдегі баспасөзді оқудан бастайтынын, соның ішінде Abai.kz-тегі материалдарды да үнемі қадағалап отыратынын айтып қалды. Әлбетте, мұның өзі жерден жеті қоян тапқандай аптығып айтар нәрсе емес, – әрқандай басшы жұмыс күнін осылайша және өз тіліндегі баспасөзді оқудан бастауы тиіс, бірақ қиыны сол – бізде министр біткен олай ете бермейді ғой...
Оқырманының қатары қалың және әр оқушысы жүз оқушыға татитын салмақты Abai.kz-тің қоғамдық пікір қалыптастырудағы және бір айырым ерекшелігі – пікірлер плюрализмін сақтауы, кімнің де болсын өз ойын іште құлта қалдырмай айтуына мүмкіндік беретіндігі. Осы орайда порталдағы комментарийлік пікірлерді өз басым әлеуметтанушылық SWOD-анализге теңер едім. Өз мағынасындағы бұрынғы социологиялық зерттемелердің орнын қазірде бірте-бірте осы комменттер басып келе жатыр. Порталдағы комменттер – қазақ қоғамының айнасы, ондағы стратификациялық жіктердің алуан түрлі және көбінесе қарама-қайшы пікірлері танылатын жер. Әрине, оларға кейде пікір айту мәдениеті жетпей жатады, десе де бізге ең басты керегі – пікір, ой, солар арқылы білінетін қоғамдағы көңіл-күй. Айта кетейік, осы бағалы ақпарат Гугл «бұлттары» арқылы АҚШ Конгресінің кітапханасына барып түсіп, сол жерде сараптамадан өткізіліп отырады.
Жас құтты болсын, Abai.kz-тегі жігіттер мен қыздар! Айқын мақсат, нақты істеріңнен жаңылмай, ақпарат тайқазанын тасыта беріңдер. Ел игілігі үшін бүгін жасап жатқандарыңды ертең тарих толық бағалайды.
Мақсат Тәж-Мұрат, жазушы-эссеист
Abai.kz