Сенбі, 28 Желтоқсан 2024
Ақмылтық 9665 20 пікір 24 Мамыр, 2019 сағат 12:02

Сіз қай елдің Бас прокурорысыз, Ғизат мырза?

ҚР Бас прокуроры

Нұрдәулетов Ғизат Дауренбекұлына

Ашық хат

Құрметті Ғизат Дәуренбекұлы, 2019 жылдың 23 мамыры күні сіздің жеке блогығыңзға шағым қоймақшы болдым. Алайда шағымымды орналастыра алмадым. Содан 115 қызметіне жүгіндім. Бұл қызмет те көмек көрсете алған жоқ. Ақыры аталмыш қызмет басшысы Дуккарт А.В. деген адаммен сөйлестім. Сөйлестім деуге тағы келмейді.

Үш мәрте «сәлеметсіз бе» деп амандастым. Ол маған үш ретінде де «здрасти» деп жауап қатты. Содан мен ҚР Бас прокуратурасының лауазымды қызметінде бола тұра, қалайша мемлекеттік тілде жауап бермейтінін айтып, шағымдандым. Дуккарт деген кісі маған: «Я вас прошу говорить по русский. Это язык межнационального общения» деп жауап берді.

Осыған орай, сізден неліктен Қазақстанның басты Заң, құқық қадағалау органында сауатсыз (ҚР заңнамалық нормаларының ешбірінде орыс тілінің ұлтаралық деген статусы жоқ) және бастысы заңды белшесінен бастатын адамдардың  жоғарғы лауазымды қызметтерде отырғанын сұрағым келеді. Сонда Конституцияда ұлты қазақ емес азаматтарға арналған басқа баптар немесе заңнамалық нормалар жазылған ба?

Бас прокуратураның «Твиттердегі» парақшасына да жазбақ болдым. «ГП РК» деп тұр. Ал мемлекеттік тілде жоқ. Айтыңыз, қазақ тілінде неге жоқ? Неге?

Өткенде Бас прокуратураның «Фейсбук» желісіндегі жеке парақшасына «Қандай масқара, ҚР Бас прокуратурасы бола тұра, жазғандарыңыз әуелі орыс тілінде, сосығ ғана қазақ тілінде жарияланады» деп жазған едім. Жауапты қызметкерлеріңіз олқылықты түзегендей болған. Міне, арада ай өткен жоқ. Бүгін тағы бірнеше жерде орыс тілінде тұр.

Оған қоса, Керекудегі прокуратураға хабарласқан сайын орыс тілінде сөйлейді. «Прокуратура обл.,... сушает» дейді. Қызметті тек орыс тілінде жүргізеді. Сервистік мекемелерден мемлекеттік тілде білмей қызметінен қуылған жағдайлар жоқ емес.

Жоғарыдағы мәселелерді түйіндей келе сізден сұрайтыным: Сіздер қай елдің прокуратурасысыздар?  Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы қызметті әуелі мемлекеттік тілде жүргізуі керек!

Мен Қазақстан Республикасының азаматы ретінде сіздерден, өз қызметтеріңізді, сайттағы, әлеуметтік желілердегі ақпараттық материалдарыңызды, қызметтік көмектеріңізді Қазақ тілінде, Мемлекеттік тілде жүргізулеріңізді талап етемін!

Тәуелсіздік алғанымызға әне-міне 30 жылға жуықтады. Осы 30 жылда Қазақстанның Бас прокуратурасы қазақ тілінде 300 сөз жаттап ала алмаса, ол түгілі өз азаматтарын бөтен тілде сөйлеуге мәжбүрлесе – онда Бас прокуратура қызметкерлерінің өз лауазымын иеленуге ешқандай моральдық та, заңдық та құқығы жоқ!

Кез келген зайырлы қоғамда, кез келген Тәуелсіз мемлекетте құқық қорғау органдары әуелі  өз мемлекетінің тілін, азаматтарының құқығын қорғауды басты міндет деп таниды. Ал бізде ше? Өз елінде, өз жерінде өзінің ана тілінде, мемплекеттік тілінде қызмет көрсетуді талап еткен азаматтарды сотқа сүйреп ала жөнеледі. Бұл неғылған масқара?

Дәл қазіргі уақта елге белгілі тіл жанашыры Жұлдызай Форт сотқа тартылып отыр. Нег дейсіздер ғой?..Қазақ тілінде қызмет көрсетуді талап еткені үшін! Қарсы тарап жаптым-жала, жақтым-күйе дегендей әрекет етуде. Ал сіздер, осы мемлекеттің прокуратурасы болсаңыздар, осы мемлекеттің мемлекет тілін қорғауға міндеттісіздер!

ҚР Бас прокуроры Ғизат Дәуренбекұлы!

Жеке блогыңызға шағымымды орналастыра алмай, Дуккартыңыз шектен шығарлық сөздер айтқандықтан, сізге ашық хат жазуға мәжбүр болдым! Білемін. Блогыңыз арқылы да, сайтыңыз арқылы да жауапты беретін өзіңіз емес екенін білемін. ҚР Бас прокуроры ретінде қазақ тілді сайттарды оқисыз деп сенемін және жауап күтемін!

Руза Бейсенбайтегі

Кереку

Abai.kz

20 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2070