Жұма, 22 Қараша 2024
Әне, көрдің бе? 15197 45 пікір 24 Мамыр, 2019 сағат 15:13

167 млрд доллар. Бұл – оффшордағы ақша. Бұл – ұрланған ақша

167 миллиард доллар. Бұл – Қазақстаннан заңсыз шығарылған қаражат. Бұл – оффшордағы ақша. Бұл – ұрланған ақша. Бұл – біздегі бай-бағланның, шенді-шекпендінің бізден тығып қойған ақшасы. Анығында – біздің елдің бюджетіне тиесілі ақша.

Өткенде Мәжілісте өткен жиында депутат Азат Перуашев айтты. Үкіметбасы Асқар Мамин мен Бас прокурор Ғизат Нұрдәулетовтің атына депутаттық сауал жолдады. Перуашев көтерген екі мәселенің мазмұнын тарқатып жазайық...

Қазір бізде қалай, бір шенеунік ірі көлемде парамен ұсталады. Мысалы, 1 миллион доллар алды делік... Сот оған келтірілген шығынды өтеуді міндеттейді де, шамамен 7-8 жыл жаза кеседі. Әлгі әккі алаяқ сол алған 1 миллионды үстіне көп болса жарты миллионын қосып бюджетке қайтарады. Сотталады. 1,5-2 жыл өткенде моп-момақан тәртібі үшін уақытынан бұрын босатуға өтініш жазады. Сот мақұлдаса әлгі жемқор шенеунік бостандыққа шығады. Болғаны осы. Ал оның ұсталғанға дейін жиған-тергені, жымқырып-қымқырғаны есепке алынбайды. Бостандыққа шыққан соң өзінің сол капиталын жұмсап-ақ, жұмақ күнін көре береді.

Депутат Азат Перуашев осындай қулық-сұмдықтың алдын алу үшін жемқорлықпен сотталған азаматтарға «уақытынан бұрын босату» шартын қолданбауды ұсыныпты. Бүйдейді:

«Біздің алдымызда ұрланған ақшаны қайтару мәселесі ғана емес, сыртқа тоқтаусыз кетіп жатқан заңсыз капиталдың орын алуына жол бермеу міндеті тұр. Жемқорлар сотталған жағдайдың өзінде, олар мерзімнен бұрын шартты босату арқылы бір, бір жарым жылдан соң бостандыққа шығып, өздерінің капиталдарына қайта оралатынына сенеді.

Осыған байланысты, «Ақ жол» фракциясы сотталушылардың шартты түрде мерзімінен бұрын босатуын болдырмау үшін қылмыстық заң нормаларына: шартты түрде мерзімінен бұрын босату мүмкіндіктеріне жол бермеу және сотталушылардың ұрланған қаражат сомасын толық өтемейінше, елден сыртқа шығуына тыйым салуды енгізуді талап етеді», дейді.

Жалпы бұл әлемдік практикада бар заңнама. Алғаш рет Батыс елдері, АҚШ-тың бірнеше штаты  жемқорлық бойынша 10-15 жылға сотталған азаматтарды мерзімінен бұрын босатуға тыйым салған. Дәл осындай заң Беларусь мемлекетінде де қолданысқа енген. Тіпті, Ресейдің Мемлекеттік Думасы да осы мазмұндағы заң жобасын енгізген.

Парамен ұсталғандар айыппұл төлеп, шартты түрде бостандыққа шығатыны туралы жоғарыда айттық қой. Сөзімізге дәлел болсын:

2019 жыл. Қостанай қаласының бұрынғы әкімі Ахмедбек Ахметжанов уақытынан бұрын босап шықты. Ол 2016 жылдан бастап жазасын өтеп жатқан. 13 жылға сотталған. Оған бірнеше компаниядан 74 миллион теңге пара алған деген айып тағылған.

2018 жыл. Ақмола облысы, Атбасар аудандық Ішкі істер департаментінің басшысы Шамсиддин Түбеков 400 мың теңге ауызбастырық аламын деп ұсталған. 4 ай тергеу абақтысында жатқан. Сот шешімімен 23 миллион теңгені бюджетке қайтарған соң, сот залынан босап шыққан.

2018 жыл. Астанада экономикалық тергеулер қызметінің аса маңызды істер бойынша аға тергеушісі парамен ұсталды. Ол 15 мың доллар параның 5 мың долларын алып жатқанда құрықталған. Кейін кінәсін толық мойындауына байланысты қамалған жоқ.

2017 жыл. Жемқорлық фактісімен сотталған «Астана ЭКСПО-2017» ҰК құрылыс департаментінің бұрынғы басшысы Қажымұрат Үсенов рақымшылықпен босап шықты. Үсенов 200 миллион теңге ұрлаған. Жақсы тәртібі үшін босады.

2017 жыл. ҚР Ауылшаруашылығы министрлігінің бұрынғы вице-министрі Мүслім Өміряев те рақымшылықпен босап шықты. Ол 100 мың доллар пара алды деп ұсталған.

2016 жыл. «Қорғас» халықаралық орталығының бұрынғы басшысы Василий Ни деген адамның ұсталуы тіпті қызық. Пара алды. Ұсталды. Босап шықты. Анау-мынау емес,  бақандай 1 миллион доллар пара алған. Оны өзі де мойындады. Ни осы үшін тіпіт 2 ай да қамау көрген жоқ. Істеген ісіне қатты өкініпті-мыс.

Тізбелей берсең, тіпті шегіне жету мүмкін емес. Мұндайлар көп бізде. Өте көп. Барлығы да пара алғандар. Біреулері теңге жегендер. Теңгеге тоймайтындары доллар жұтқандар. Ақыры тұтылды. Тұтылғаны не керек, айыппұлын еселеп беріп, құтылып жатқан жоқ па?!

167 миллиард долларға қайта оралайық. Бұл – оффшордағы ақша. Бұл – ұрланған ақша. Халықаралық сарапшылардың есептеп шығарған сомасы осы. Бұл Тәуелсіздік жылдарындағы мұнай саудасынан түскен Қазақстанның Ұлттық қорындағы қаражаттан 2 есе көп сома. Осыдан 7-8 жыл бұрын Халықаралық сарапшылар Қазақстанның оффшордағы ақшасы 138 миллиард доллар деп мәлімдеген еді. Байқасаңыз, шетелге шығарылған ақша көлемі көбеймесе, азайған жоқ. Еселеп ұлғаюда.

Иә, жоғарыдағы жемқорлар ақшаларын оффшорға жасырады. Тұтылғаны да, құтылғаны да. Естеріңізде болар, 2016 жылы Панама оффшорларының тізімі жария болып, біздің біраз мырзалар мен ханымдар масқара болған. Панамада әшекере болғандар мыналар еді;

Дариға НАЗАРБАЕВА (ҚР Сенатының қазіргі басшысы);

Ерлан САҒАДИЕВ (ҚР бұрынғы Білім және ғылым министрі);

Нұрәлі ӘЛИЕВ, (кәсіпкер, Дариға Назарбаеваның ұлы);

Төлеген БАЛҒЫМБАЕВ (ҚР экс-премьер-министрінің ұлы);

Бақыт НИЯЗОВ (Real Invest Group холдингінің негізін қалаушы);

Талғат ҚУАНЫШЕВ ( «ForteBank» АҚ басқарма төрағасы);

Ерлан ҚОСАЕВ (Мұхтар Әбләзовтің сыбайласы ретінде Ресейден Қазақстанға қайтарылған адам);

Шыңғыс ДОСМҰХАМБЕТОВ (бұрынғы ҚР Туризим және спорт министрі Темірхан Досмұхамбетовтың ұлы);

Нұрлан ҚАППАРОВ (Марқұм, бұрынғы «Казатомпром» ұлттық компаниясының басшысы болған);

Берік ҚАНИЕВ (Нұрлан Қаппаров пен  Ерболат Досаевпен бірге «Lancaster Group» АҚ құрған,  директорлар кеңесінің төрағасы болған);

Айгул НҰРИЕВА ( «Казақтелеком» АҚ-ның 24,96 % акциясының иесі).

Айтпақшы 2019 жылдың наурызында Дариға Нұрсұлтанқызының Австриядағы ақшасы да әшкере болған. Иә, айта берсең тағы көп.

Түйін. Біздегі шенділер осылай өмір сүреді. Олар Қазақстанда кедей-кепшіктің бар екенін білмейді де. Көп балалы ата-аналары атағы әлемге әйлігі Астананың маңайындағы қирауық тамды паналап, күн-түн демей тыраштанып жүріп күнін көретін елдің бай-бағландары мен шенді-шекпенділері шетелге ақша тығады. Шалқып өмір сүреді. Шенеуніктері де шеттерінен мықтылар. Олар үшін сотталу деген түк емес. Әрі кетсе, айыппұлын төлеп беріп, босап шығады. Бұл реал! Бұл шындық!

Сондықтан жемқорлық фактісі бойынша сотталғандарға уақытынан бұрын босату амалы қолданылмауы керек-ақ! Қылмыстың аты – қылмыс. Кінәлі жазалануы тиіс! Кім болса – ол болсын, заң бәріне ортақ. Қарапайым тұрғын тауық ұрлағаны үшін 3 жылға сотталады. Олигархтар миллион доллармен ұсталып, құтылып шығады. Парадокс. Қазақстандық сотқа осыдан кейін қандай сенім қалады. Қазақта айран ішкен құтылып, шелек жалаған тұтылды деген нақыл бар. Соның кебі бұл. Біз айтуын айтамыз-ау. Соны еститін құлақ болса, кәне...

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

45 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1463
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5320