Дүйсенбі, 23 Желтоқсан 2024
Көршінің көлеңкесі 9440 20 пікір 27 Мамыр, 2019 сағат 14:49

Сатылатын мұнай үшін қашанғы Путиннің қабағына қараймыз?

Абырой болғанда Құдай қазаққа мұнайды беріпті. Әйтпегенде қайтпек екенбіз... Қазір сол мұнайды шетелге саудалап күнімізді көріп отырған елміз ғой. Ұлттық қорды да сол мұнайдың ақшасымен толтырамыз. Бюджеттің де жыртығын сол мұнайдың ақшасымен жамаймыз. Күн демей, түн демей қара жерден сорып жатқан сол мұнайдың 80%-ға жуығы экспортқа кетеді екен. Бюджеттің 50%-ын мұнай саудасынан түскен қаражат құрайды-мыс.

Біз мұнай сатуды 100 жыл бұрын бастаған едік. Әлі сатып келеміз... Осы уақытқа дейін кімдерге мұнай сатпадық?! Италия, Франция, Голландия, Швейцария, Испания, Румыния, Греция, Қытай, Хорватия, Корея, Үндістан, Португалия, Жапония, Литва, Мальта, Польша, Канада, Ұлыбритания, Түркия т.б. біздің мұнайды сатып алып жатқан елдер.

Жұрттың бәрі құмартқан қазақ мұнайын енді ақ орыстар да сатып алмақ көрінеді. Әлгінде Беларусь басшысы Александр Лукашенко Қазақстанның елшісі Ермұхамет Ертісбаевты қабылдапты. Сөйтіп, екеуі мұнай тасымалдау туралы келіссөздерді қайта көтеріп, Беларуське мұнай жеткізу мәселелерін сөз етіпті. Бұл туралы Минскінің де, Кремльдің де ақпарат құралдары жамырай жазып жатыр.

Негізі Беларуське, ол арқылы Еуропаның бірнеше еліне мұнай жеткізуші – Ресей еді. 19 сәуірде Беларусь басшысы Ресейден ластанған мұнай келіп жатқанын айтып дабыл қақты. Құны 2,5 миллиард долларды құрайтын, 37 миллион баррель мұнайдың ластанғанын айтты. Құбыр Ресейдікі. Беларусь Ресейден сол үшін өтемақы сұрады. Мәскеу мойындады. «Мұнай құбырын жарамсыз ету» бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. 4 адам қамалды. Екеуіне іздеу жарияланды. Ресейдің ластанған құбырының кесірі қазақ мұнайына тимейді дей алмаймыз. Өйткені, Қазақстан қазірдің өзінде «Атырау-Самара» құбыры арқылы Беларуське, одан әрі Еуропаға жылына 15 миллион тонна мұнай жіберіп отыр. Ол мұнай жаңағы Ресейдің құбыры арқылы өтіп жатыр.

Осының бәрін егжей-тегжейлі сараптаған Беларусь басшысы Александр Лукашенко енді мұнайды қазақтан сатып алғысы келетінін елші Ертісбаевқа айтыпты.

«Біз қазірдің өзінде келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Қазақстан мұнайын Беларусь мұнай өңдеу зауыттарына жеткізу туралы сол келіссөздерді қайта жандандыруды көздеп отырмыз. Меніңше, біз бұл мәселені шеше аламыз. Қазақстан мен Беларуське қатысты проблема жоқ. Тек транзит мәселесінде Ресейдің позициясы бар. Ресей – ЕАЭО-қа мүше ел. Меніңше, біз белгілі бір мөлшерде Қазақстан мұнайын жеткізу туралы келісімге келе аламыз деп ойлаймын».

Бұл Беларусь президенті Александр Лукашенконың сөзі.

 «Біз дайынбыз. Ешқандай проблема жоқ. Бізде мұнай да, мұнай өнімдері де жетерлік. Біз Беларуське мұнай жеткізуге дайынбыз. Тек Қазақстан мен Беларусь арасындағы келіссөздерді Ресей де қолдауы керек. Себебі, транзит Ресей территориясы арқылы жүргізіледі. Әрине, бұл Ресейге тиімсіз. Олардың өз мұнайлары жеткілікті. Алайда біз Еуразиялық одақ барлығы үшін қолайлы болғанын қалаймыз. Одақ барлығына ортақ болуы үшін одақтас елдер бір-бірлерін қолдауы керек деп есептейміз».

Ал бұл Қазақстанның Беларусьтегі елшісі Ермұхамет Ертісбаевтың жауап сөзі.

Қазақтан мұнай сатып алу Лукашенконың қалауы. Біздікілер де бұған кетәрі емес. Құдай берген мұнай бар. Сатып алсаң, мінекей дегелі тұр. Қазақстан да, Беларусь те, Ресей де экономикалық одақты құрушы елдер. Одақ аясында бір-біріне тауар сатуға құқылы елдер. Сол үшін де Лукашенко Ертісбаевты қабылдап, мұнай саудасын сөз еткен екен. Тек оған Кремль көне қояр ма? Қазақстанның да, Беларусьтің де Кремльге кіріптарлығы жоқ емес қой.

Құбыры ластанып, қып-қызыл шығынға батып жатқанына қарамай Ресей бәрібір өз мұнайын сатқысы келеді. Екі теңге болса да, Мәскеудің қалтасына түскенін қалайды.

Қазірдің өзінде «ақ орыс пен сары орыстың саудасына қазақтар таласып жатыр» деп, орыс ақпараты ойбайға басыпты. Әне, қараңыз:

«Казахи подсидели: Казахстан хочет отобрать контракт Беларуси и России на нефть» деп жазыпты «Версия» дейтін агенттік. Ал Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков «РИА Новостиге» шығып, пікір білдіріпті.

«Жоқ, әзірге ешқандай келіссөздер болған жоқ. Біз бұл мәселені Нұр-Сұлтанда өтетін ЕАЭО саммитінде мемлекет басшылары арасында талқылаймыз деп сенеміз. Әрине, егер президенттер бұл тақырыпты сөз еткісі келетін болса» депті Песков.

Мұнай – Қазақстан экономикасын өлтірмей тұрған ең негізгі тауар. Біз әлем бойынша мұнай сатушы елдердің алдыңғы қатарындамыз дейді Астана жақтағы ақ жағалылар. Бұл мақтаныш па, әлде сіз бен бізді қойшы, өздерін-өздері алдарқату ма, әйтеуір өңделмеген шикі мұнайды аямай сатып жатырмыз. Иә, Қытайға да, басқасына да сатып жатқан сол мұнайды Ресей рұқсат берсе Беларусьтерге де сата жатар. Бірақ, қайдам... Ресей тісіндегісін оңай бере қоятын ба еді...Не де болса, Тоқаев үшін бұл да бір үлкен сынақ болмақ.  Тауар бар, сатып алушы дайын. Лукашенкоға мұнай сату өзіне тиімді-ақ. Ол үшін әуелі Кремльдің көңілін табуы керек. Осымен тәмам.

Бюджеттің 50 пайызы сол мұнайдың ақшасы екенін де, сол мұнайдың 80 пайызы шетелге экспортталып жатқанын да жоғарыда айттық. Мұнай сату мемлекет үшін мұқтаждық. Ал қатардағы сіз бен біз үшін ше?

Естеріңізде болса, 2018 жылы «Abai.kz» ақпараттық порталында «Қазақ мұнайына қазақтан басқаның бәрі бастық» атты мақала жарияланды. Сол жерде Қазақстандағы мұнай кен орындары мен мұнай өңдеу зауыттарына кімдер қожалық етіп отырғаны егжей-тегжейлі баяндалған еді.

Қазақстан мұнай қоры жөнінен әлемде 12 орында тұр. Мұнай өндіру бойынша алдыңғы 15 елдің қатарында. Жалпы биылдыққа 89 миллион тонна мұнай өндірмек көрінеді. Бұл туралы министр Бозымбаев айтқан. Былтыр 90 миллион тонна мұнай өндіріп саудалаған екенбіз.

Сөйткен Қазақстанның сыртқы қарызы 161,5 миллиард долларды, оффшордағы ақшасы 167 миллиард долларды құрайды. Ал көп балалы аналар үйсіз-күйсіз, үкіметтен 21 мың теңге сұрап жүр...

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

20 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1970