Сенбі, 23 Қараша 2024
Әліпби 15619 6 пікір 31 Мамыр, 2019 сағат 08:07

И мен У

Қазақ тілінде И, У дыбыстарының фонологиялық позициясы олардың таңбалануын анықтайды. Бұл дыбыстарды толық дауыссыз деп танитын ғалымдар оны таратып жазуды қолдайтыны белгілі. Бірақ аты «таратып жазу, соның арқасында тіл заңын қорғау» болып келгенімен, көпшілік ғалымдар оның қазақ тілі заңдылықтарын қаншалықты сақтап тұрғанына мұқият назар аудара бермейді.  И мен у дыбыстарының алдында дауысты дыбыс бар дегеннің өзінде ол нақты қай дыбыс (ұ/ү немесе ы/і) екенін, қазақ тілі үндестік заңының қай түрі сақталатын не бұзылатынын, дыбыстардың тіркесім заңы мен сөз шеніне қарай орналасу тәртібі қалай екенін толық тексеріп пікір айтатындар көп емес. Әйтеу жеке сөздер дұрыс буындалып, буын жігі қалыптасқан ережеге сәйкес келсе және «дауыстыдан кейін дауыссыз, дауыссыздан кейін дауысты келеді» деген ережеге қайшы келмесе болғаны.

Қазіргі таңда бұл дыбыстарды таратып жазудың бірнеше жобасы бар. Сол жобалардың бастыларының бірі и мен у-ды ый, ій, ұу, үу төрт түрлі дыбыс тіркесіне таратады. Ал А.Байтұрсынұлы бұл дыбыс тіркестерін ый, ій, ұу, іу, ыу, іу деген алты түрге таратады. Дұрысы қайсы, тексеріп қарайық:

Мысалы: оқу, тоқу, тану деген сөздерді бұл жобарар бойынша оқыу, тоқыу, таныу деп те, оқұу, тоқұу, танұу деп те таратып жазуға болады. Ал бұған тәуелдік жалғауын жалғасақ, оқыуы, тоқыуы, таныуы, оқұуы, тоқұуы, танұуы болады. Ендігі кезекте бұл сөздердің түбірін табу үшін тәуелдік жалғауы мен тұйық етістік жұрнағын алып тастасақ, оқы, тоқы, таны, оқұ, тоқұ, танұ болады. Мұнда оқы, тоқы, таны деген түбірлердің дұрыс екені – айдан анық. Демек, у дыбысымен тек еріндік ұ/ү дыбысы емес, езулік ы/і дыбысы да қосарланады.  Олай болса, бұл дыбыс тіркесі төртеу емес, ыу, іу қосылып алтау болады да, А.Байтұрсынұлының нұсқасы дұрыс болып шығады. А.Байтұрсынұлы бір буынды түбір сөздерде у дыбысының алдында ұ/ү дыбыстары келетінін (сұу, бұу, тұу),  одан кейінгі буындардың бәрінде ы дыбысы келетінін айтады. Ал ғалымның қазақ жазуында 10 жыл бойы (1914-1924) қолданыста болған «Бітеу буын ережесі» бойынша барлық бітеу буында у мен и дыбыстарының алдындағы ы/і дыбысы жазылмайтындықтан, бұл қосарлардың саны мәтін ішінде қазіргі жобалардан әлдеқайда аз болған да, тек бір буынды түбір сөздердің ішінде ғана (бас буында) ұу, үу қосарлары қалған. Бұдан А.Байтұрсынұлы «таратуының» жөні басқа екенін, бұларды кей орында ғана болмаса, негізінен таратпай жазғанын көруге болады.

Енді екі түрлі нұсқаның қайсы қазақ тілінің үндестік заңы мен өзге де заңдарын көбірек сақтайтынына назар аударайық. Ол үшін үндестік заңына берілген отандық беделді фонетис ғалымның бірінен нақты анықтама алайық: «Тіліміздегі сөздердің біріңғай жуан не жіңішке, сондай-ақ біріңғай еріндік не езулік буынды болып үндесіп тұруын дыбыстардың үндесуі немесе үндестік заңы дейміз. Бұл заң – дыбыстау мүшелерінің үнемді қимыл қозғалысының нәтижесі. Буындар мен дыбыстардың өзара үндесуінің нәтижесі – үндестік (сингармонизм)», - дейді С.Мырзабек («Қазақ тілінің фонетикасы», Алматы, 2004. 137-139). Ендігі кезекте осы анықтама негізінде таратып жазу жобаларын тексерейік. Мысалы, жуу деген бір ғана сөзді алайық та, оған ілік септігін жалғап (жууының), таратып жазайық. Бұл екі түрлі жобаша бойынша былайша таратылады:

1) Төрт қосарлы таңба жобасы бойынша: жұуұуының немесе  жұуұуұнұң;

2) А.Байтұрсынұлы нұсқасы бойынша (алты қосарлы): Жұуыуының;

Қазақ тілінде буын үндестігі дауысты дыбыстарға байланысты болатыны белгілі. Олай болса, бұл дыбыстардың дауысты дыбыстарын ғана бөлектеп алсайық: төрт қосарлы жобада: ұ-ұ-ы-ы немесе ұ-ұ-ұ-ұ;

Төрт қосарлы жоба бойынша екі-екіден қатар келген ұ-ұ-ы-ы еріндік, езулік дауыстылар ешқашан үндестік құрмайды. Екі-екіден қатарласып, бірінің позициясын екіншісі одан сайын нықтайды да, дауыстың еріндік, езулік күші бір-біріне ырық бермейді. Керісінше ерін бірде шошайтып, езу бірде артқа жиырып, бейүндесім құбылысы пайда болады. Ал ұ-ұ-ұ-ұ қатары біріңғай еріндік дауыстылардан тұрғандықтан, үндестік құрайды. Бірақ ол ерін үндестігі. Қазақ тілінде қырғыз тілі сияқты ерін үндестігі жоқ деген қалыптасқан тұжырым, заңдылық бар. Бұл сол заңға қайшы. Мұнда буын санын толықтанғанымен, үндестік заңы өрескел бұзылады. Тіпті араб тілінен енген сөздердің өзінде екінші буыннан әрі аспайтын ұ еріндік дауысты  екінші буыннан өтіп, төртінші, бесінші буынға дейін барады. Сонымен қатар бұл нұсқада қазақ тілінде ешқашан болмаған деген тәуелдік жалғауы мен -нұң деген ілік септігі жалғауы пайда болады. Бұдан төрт қосарлы жобаның қалыптасқан графикалық, грамматикалық жүйеден бөтендігі анық көрінеді.

А.Байтұрсынұлынша: ұ-ы-ы-ы[1]. Негізінде ұ-ы-ы-ы қатары бас буында у дыбысының алдында ұ жазылатын сөздерде ғана кездеседі, ал бас буында ы дыбысы келетін сөздердің бәрінде бұл дауыстылардың қатары біріңғай болады. Мысалы: қиюының (қиуының) – қыйыуының: ы-ы-ы-ы. Енді бұл жобаның қазақ тілі заңдылықтарына сәйкестігін тексерсерейік:

Қазақ тілінің үндестік заңын бұзбайды, езулік дыбыс үндестігі сақталады; қазақ тілінде ұ дыбысы тек бас буында ғана келіп, екінші буынынан бастап қазақ сөздері қысаңданып, езулік күш алады деген заңдылығын сақтайды. Мұны Халел Досмұхаметұлы да: «Біздің қазақ тілінде ұ өзгеріп, ы-ға айналып барады. Қырғыз тілінде ұ сақталған: біздің «үшін»-ді қырғыздар «үчүн» дейді, «оқы»-ны «оқұ» дейді», -деп растайды («Қазақ білімпаздарының тұңғыш сезі», Орынбор, 1927. 25 б.); Бұдан өзге де қазақ тілі заңдарына қайшы келмейді. Міне, бұдан да А.Байтұрсынұлының тұжырымының дұрыстығы анық танылады.

Ал ый, -ій дыбыс тіркесі екі жобада да ұқсас, бірақ шындығында тұрқы ғана ұқсас, ғұрпы (таратылуы) өзгеше. А.Байтұрсынұлы еңбектерінде бұған қатысты мынадай ережелер бар: ««Ы» харфі бас буында һәм барша бітеу буында жазылмайды. Ашық буында қалмай жазылды. Мәселен: «мы-сық» жазылады «ы»-сыз «мсқ» болып» (Тіл-құрал», Орынбор, 1914, 14 б). Ал тағы бір басылымында: «Ы» бас буыннан басқа жерде шолақ «й»-дің алдында бір буынның ішінде келсе, бітеу болса да, қалмай жазылады» (Тіл-құрал», Ташкент, 1922, 31 б). Демек, бас буында и-дің алдында келген ы дыбысы түсіріліп жазылады. Мысалы, қыйын – қиын. Бұл ережелерден шығатын қорытынды мынау: ы дыбысы барлық бітеу буында және и дыбысына аяқталған бас буында жазылмайды. Таратылып жазылуы керек делінетін и дыбысы дауыссыздан кейін келетіндіктен, бәрі бітеу буын болып келеді. Бұл ереже бойынша и-дің алдындағы барлық ы қарпі түсіріліп жазылады. Бұдан қазіргі қазақ орфографиясы озықтау, себебі тұйық буында ы дыбысын көбірек сақтайды. Тек и дыбысының алдында ғана жазылмайды.

Міне, біз «орыс тілінің сарқыншағы, үндестік заңына қайшы, балалардың миын ашытады» деп жүрген «таратпай жазу» жобасының төл иесі – А.Байтұрсынұлы. Ақаңның қазақ тіліне қастық ойламайтыны ол да белгілі. Олай болса, дыбыстарды таратып жазу мен таратпай жазу – бұл тек тілдік мәселе. Біз жоғарыда А.Байтұрсынұлын таратпай жазуды құптағандардың қатарына қосқандығымыздың себебі осы. И мен у-ды бірде дауысты, бірде дауыссыз, бірде жарты дауысты, шала дауысты, орта дыбыс деп атап, тұрақты тұжырымға келе алмаған себебі осы. Егер бұл дыбыстарға «тек дауыссыз» деп біржақты қараса, бұлардың, Қ.Жұбановша айтқанда, «төлдеп» көбейіп кететінін байқаған да, «бітеу буын» ережесін шығарған.

Ал егер таратып жазғанда түбір сөз өз алдына, қосымшалар да қалай «төлдейтінін» қарайық:

Есім тудырушы жұрнағы: -у, -ұу, -үу, -ыу, -іу (жаңғырұу, кеңіріу)

1) Сын есімнің и жұрнағы: ый, ій (сыный, діній, ғылымый);

2) Көсемше жұрнағы иый, ій (ақый, тұқый, қайқый, қасқый).

Бұдан бөлек, -нұң, -нұң деген ілік септігінің жалғауы да пайда болуы ықтимал. Мұның соңы қазақ грамматикасын қайта жазу мен үйретуге соқтырады.

Шынтуайтына келгенде, «Қазақ сөздерінде барлық жерде у мен и-дың алдында ы/і, ұ/ү дауысты дыбыстары бар, олар ешқашан дауысты у мен и сияқты айтылмайды» деген пікір күмән тудырады. Өйткені бұлт, кілт, жылт деген сөздерде шұғыл айтылғандықтан ы дыбысы жоқ, түсіп қалады. Сол сияқты жүрегім су ете түсті, қасымнан зу етіп өте шықты деген сөздердегі су, зу еліктеуіш сөздері мен гу-гу, ду-ду т.б. қосарлы еліктеуіштер уһ деген одағайлар ше? Олардың алдында да ұ немесе ы айтыла ма? Олар шұғыл айтылатындықтан, ешқашан сұу, зұу, гүу, дұу-дұу, ұуһ деп айтылмаса керек. Егер бұлай айтылмаса, осы тұста у дыбысы буын құрап, дауысты дыбыс болып айтылғаны.

А.Байтұрсынұлы 1927 жылы жарық көрген «Дыбыстарды жіктеу туралы» деген мақаласында р, ң, л, м, н, у, и дыбыстарын жайдан-жай шала дауысты деген жоқ. Өйткені шұғыл айтылған еліктеуіш сөздердің соңында дауыс күші әлсіз болатындықтан, бұл орындарда тек р, ң, л, м, н, у, и үнділер айтылады. Қазақ тілінде шұғыл айтылатын еліктеуіш сөздерде, не басқа түбірлерде бұл дыбыстардың қатысынсыз екі дауыссыз бір буында қатар айтылмайды. Мысалы: мүңк, саңқ, ыңқ, шаңқ, қаңқ, селк, кілт, былш (ету), жарқ, бұрқ, дүрс, гүрс, қит (ету), гүмп, дүмп, шиқ, қиқ, биқ, зу, ду, гу т.б. Бұл тіпті еліктеуіштен өзге кей түбір сөздерде де кездеседі: ант, жент, кент, бұлт, ұлт, ут, құрт т.б. Өйткені бұл р, ң, л, м, н, у, и дыбыстарында шала дауыс бар. Бұлар мүңік, саңық, ыңық, шаңық, қаңық, селік, кіліт, былыш (ету), жарық, бұрық, дүріс, гүріс, қыйыт (ету), гүміп, дүміп, шыйық, қыйық, быйық, зұу, дұу, гүу, аныт, женіт, кеніт, бұлыт, ұлыт, уыт, құрыт деп ы/і, ұ/ү дыбыстарын қосып айтуды сүймейді. Ал басқа қатаң мен ұяң дыбыстары келетін шұғыл айтылатын еліктеуіштерде ы/і дыбыстары келеді. Мысалы: шық-шық, зік-зік, зың-зың, бық-бық т.б. Олай болса, қазақ тілінде де дауысты у бар болып (тым құрығанда шала дауысысты), дауыссыздан кейін у дыбысы жазылып жүрген сөздердің бәріне мұқият қарау керек.

Бұдан бөлек мына дәлелдерге де назар аудару керек:

- и мен у-ға аяқталатын сөздерге жіктік жалғауы дауыстыға аяқталған сөздерше тек -мын/-мін  болып жалғанады: баламын, әкемін Абаймын, Нұржекеймін, Қалимын, оқимын, тоқимын, аңқаумын, сақаумын, мылқаумын, аққумын, қумын т.б.;

- и мен у-ға аяқталатын сөздерге көптік жалғауы дауыстыға аяқталған сөздерше -лар, -лер болып жалғанады: балалар, енелер, тарылар жалғаулар, қулар, Абайлар, дөкейлер, қырғилар т.б.

Бұл дәлелдерді қоса алғанда, и мен у-дың дауыстыға тән қасиеттері арта түседі.

Ал А.Байтұрсынұлы шала дауысты деп таныған өзге р, л, ң, м, н дыбыстарының ішінде ң, м, н  дыбыстарына аяқталған сөздерге бұл қосымшалар -дар болып, үнділерше жалғанады: жарандар, адамдар, кереңдер, сараңдар т.б. Бұған қарағанда, р, л, и, у шала дауыстылардың дауыс күші ң, м, н дыбыстарынан күштірек. Олардан гөрі толық дауыстыларға тағы бір табан жақын екені байқалады.

Сондықтан и, у дыбыстарының барлық дауыссыз дыбыстармен буын ішіндегі тіркесім ерекшеліктері мен заңдылықтарын, үнінің күші мен мөлшерін (қажет болса арнайы аспаптар арқылы), позициясын толық есепке алу, мұқият саралау керек. Олай етпей, «дауыстыдан кейін дауыссыз келеді» деген ережеге иек артып, и, у-дың алдына ы/і, ұ/ү дыбыстарын жөнсіз қосарлай берсек, шынында да «бір басқа екі бөрік кигізудің» дәл өзі болып шығады. Бұл – тілді ережеге зорлап таңғандық.

Кей ғалымдар й дыбысына аяқталған бітеу буынды түбір етістіктерге (қой, сүй) көсемшенің -ып, -іп, жұрнақтары мен тұйық етістіктің жұрнағының жалғану ерекшелігін салыстырады да, көсемшенің жұрнағы сияқты тұйық етістіктің жұрнағы да етістік түбірлерге -ыу, -іу болып жалғау керек дейді. Оны мына мысалдар арқылы көрсетеді: қой+ып, сүй+іп, қой+ыу, сүй+іу, бай+ыу т.б. Бұл – сәтті табылған, қисынды мысал. Алайда бұл логикалық тұрғыдан қисынды сияқты. Шынтуайтына келгенде, бұларда фонологиялық тұрғыдан айырмашылық бар. Ол айырмашылық қатаң дауыссыз п дыбысы мен үнді у дыбысында.

Бұл екеуінің өзгешелігін тану үшін әуелі мынаған назар аудару керек: Дауысты дыбыс – дауыссыз дыбыстың ауыз қуысынан дыбысталып шығуы үшін керек ауа ағынын және оның мөлшері. Дауысты дыбыстар болмаса, дауыссыз дыбыстардың үнін адам құлағы естімей, тіл де болмас еді. Осы орайда фонетикада «дауысты дыбыс емес, дауыссыз дыбыс мағына жасайды» деген тұжырым да бар. Ал дауысты дыбыс – дауыссыз дыбыстардың дыбысқа айналуына керек ауа ағыны. Ол бір сөздің ішіндегі дыбыстардың құрамына, доминант дыбыстардың жетегіне қарай анықталады да. Кейін дауыссыздарды сол дыбыс ағынының жүйесінен шығармай, ұстап тұрады және фонемаға айналады.

Қазақ тіліндегі дауыстылардың барлығында толық дауыс бар деп, олардың дауыс күшін шартты түрде 100% деп алайық. Сүй+іп (сү+йіп) деген сөзде п дауыссыз дыбыстың ауыз қуысынан дыбыс болып айтылуына, әрі ыңғайлы, қиындықсыз шығуына і дыбысының 100%-дық дауыс күші жеткілікті. Ал сүй+іу (сү+йіу)-деген сөздің -іу бөлігінде олай емес. Мұнда і дыбысында 100%, у дыбысында 50% (жарты) дауыс күші бар. Бұл екеуі қосылып ауыз қуысында 150 % дауыс күшін құрайды. Яғни -іп жұрнағы 100% дауыс күшімен айтылса,  -іу150% дауыс күшімен айтылады. Айырмашылық осында. -Іу де дауыс күші (мөлшері) артық, сондықтан ол ауыз қуысында жатық, еркін, бірұдай айтылмай, қандай да бір дыбыстау мүшелерінің артық қимылымен сөзылыңқы айтылады. Араб немесе басқа да Еуропа халықтары тілінде екі дауысты қатар келсе, созылыңқылық пайда болады да, дыбыс екі есе сөзылып айтылады. Қазақ тілінде созылыңқылық жоқ, созылыңқылық мағынаға әсер етпейді. Сүй+іу (сү+йіу) деген сөздің -іу буынында 150% дауыс күші, йіу буында 200% дауыс күші бар. Міне, бұл екі дауысты қатар келгендегі дауыс күшімен бердей созылыңқы айтылады. Бұл қазақ тілінің үндестікпен бірұдай, жатық айтылуына керағар құбылыс. Яғни үндестік заңының дыбыстардың өзара үйлесіп, бірұдай, үнем айтылады деген заңына қайшы.

Ал сату, жату деген сөздердің екінші буынындағы т дыбысын шығаруға у дыбысының дауыс күші жеткіліксіз болғандықтан, бұл сөздің соңғы буыны ауыз қуысында қақтығып, қысылып, дыбыстауға қиындық келтіреді. Сондықтан өзінің алдына жартылай ы/і (немесе ұ/ү)  дыбысының үні қосылады. У-дың алдында дауыстының әлсіз естілу себебі осы. Екеуі қосылып толық дауыс күшін құрайды. Осы дауыспен үн ауыз қысынан ешқандай кедергісіз, еркін шығады. Алайда у дыбысына келіп қосылған қыстырынды (саңлау) дауысты дыбыс фонема емес, мағына ажыратпайды, тек жеткіліксіз дауыс күшінің орнын толықтыратындықтан, оны таңбалаудың қажеті жоқ.  Ал сату, жату деген сөздерде у дыбысының жартылай дауысы болса да, ол – фонема. Онсыз сөздің мағынасы өзгереді, сондықтан таңбалануға тиіс.  Қазақ тілінде дауыс күші әлсіз буында мағынаға әсер етпейтін саңлау дауыстылар қосылады,  дауыс күші артық буында мағына ажыратпайтын сөзылыңқылықты ықшамдап отырады.

Й дыбысына аяқталатын етістік түбірлерге у тұйық етістік жұрнағы мен -ып/іп көсемше жұрнағының жалғануын бір-бірінен ерекшелейтін тағы бір факті бар: Қазіргі қосаршы ғалымдар у дыбысын ұу/үу деп тарататыны белгілі. Сондықтан бұл -ыу, -іу ғана емес, -ұу, -іу де болады. Тұйық етістіктің бұл жұрнағының жалғану ерекшелігі көсемшеге ұқсас болса, көсемшелер де -үп, -ұп болып жалғануы керек: жүрүп, құрұп. Егер олай болмаса, бұларды ұқсас деп айта алмаймыз.

Жазуда мәселенің тілдік жағынан гөрі практикалық жағын көбірек көздеу керек. Өйткені жазудың басты қызметі – коммуникацияны жүзеге асыру, тіл дыбыстарын толық транскрипция жасау емес. Мұндай мәселеде түйткілдің дұрыс/бұрыстығына емес, оның тұтынушыларға тигізер пайда/зиянын салмақтап алып, соған қарай шешкен жөн. И, у дыбыстарын таратып жазуды қолдайтындар үндестік заңы, буын заңы, тасымал дегендерді бетке ұстайды да, таратпай жазудың тілге тигізер нақты зардаптарын ашып айта алмайды. Мұнымен қазақ тілін қорғау жолында көрескен сияқты болып, ұрандатып кетеді. Бұл эмоция мәселеге жан-жақты, объективті түрде қарауға кедергі келтіреді.

Енді мәселенің практикалық, техникалық жағына келейік. Таратып жазудың ауыртпалықтарын нақты деректермен көрсетейік. И, у дыбыстарын мәтін ішіндегі тексерейік. Ол үшін қосаршылар кірме дауысты деп санайтын у, и дыбысты сөздер аз кездесетін көркем мәтіндерді алайық:

Ә.Кекілбаевтің «Үркер» романының бірінші томын стандартты wort бетіне түсіргенде 264 бет болады. Онда 630661 таңба қолданылған. Оның 26513-і түрлі пунктуациялық таңбалар да, 604148-і кәдімгі дыбыс таңбалары, қаріптер. Ал мұнда 3416 дауысты и таңбасы,  2426 дауысты у таңбасы, 116 ю дифтонг таңбасы қолданылған. Бұлардың жалпы саны – 5958. Бұл жалпы мәтіндегі таңбалар санының 1% иелейді. Егер и мен у таратылып жазылса, 5958 таңба үстіне қосылады деген сөз. Яғни таңбалар 1%-ке көбейеді. Бұл өте үлкен көрсеткіш. Wort-та бір бетке 2000-2200 кирилл таңбасы сияды. Олай болса, таратылып жазылатын 5958 таңба шамамен 3 бетке көбейеді. Бұл көркем мәтіндерде ғана, ал өзге стиль түрлерінде мұның саны бұдан да көп. Өйткені онда, кірме сөздерді былай қойғанда, у, и жұрнағымен келетін қазақша терминдер тіптен көп.

Мұның өзі мәтін тергенде артық жұмыс. Бұл осынша пайыз артық уақыт, қаржы, күш-қуат жұмсауды қажет етеді. Біз дыбыс санын қаншалықты толықтауға тырысқанымызбен, технология заманында технарлар ұдайы ажырамай жүретін мұндай дыбыстарға пернетақтада бір ғана кнопка арнайды. Сосын бұл диграф болып шыға келеді. Сөздің тұрқы ұзарса, көз тез қамтып ала алмайды, ежелеп оқиды, бұл сауаттылыққа кесірін тигізеді. Мұның сыртында дағды бұзылады. Бір халықтың жазу дағдысын, сауаттылығын қалыптастыру жеңіл жұмыс емес.

Әлемдік алты тілдің бәрінде де дауысты и мен у дыбысы бар. Қазақ тілі бұлармен интеграцияға түспей тұра алмайды. Онда бұл тілдерден келген сөздерді де таратып жазу керек болады, не төл сөздерге бір, шеттілдік сөздерге бір, бұрынғыдай екі түрлі ереже керек болады. Бір тілде екі түрлі ереже болу, ол да – тіл заңын белден басу. Мұндай тіл заңы – төл сөзде ғана дағды бойынша көрініс табатын, шын мәнінде, тілдегі қызметін тоқтатқан заң. Егер олай етсек, мектеп жасындағы балаларға барлық кірме сөздерді жаттату керек болады. Бұл «и мен у-ды жалған ережемен оқытамыз» дегеннен он есе артық жұмыс. Оның сыртында қазақ тілінің заңы бар деп ереже шығарып, ол заң шеттілдік сөздерге жүрмейді десек, баланы алдаудың «атасы» осы болады. Дәл мұндай жолымен қазақ тілінің заңын қорғау жолындағы «күрескер» сияқтану – ана тіл алдында ұятты іс.

Ал шеттілдік сөздерде келген и мен у дыбысының алдында қазақ тілінде ы/і, ұ/ү келеді, буын құрау керек деп кез келген шеттілдік сөздерді тарата беру, ол да – қазақ тілінің заңды емес. Бұл қазақ тілінің заңдылығы болса, бутлка-ны бөтелке емес, бұутылка, сумка-ны сөмке емес, сұумка деп игерер еді.  Бір мақаласында «Жазушы ағамыз» қазақ тілінің заңдылығы ретінде көрсеткен пірезійдент, піремійер сөздері де сол сияқты (піріздент, піремір деп қазақ тіліне жақындатып сындырса бір сәрі).

Жазушы Аймауытұлы Жүсіпбектің мына бір пікірін келтіре кетейік: «Мәдениетке аяқ басқан сайын жат тілдерді көбейтіп алмақпыз. Ол тілдерді бұрақтатып, сингармонизмге келтіреміз десек, мүлдем бұзылып, танымастай болып кетеді. Өмір бір басқа, ереже бір басқа. Өмірге ере алмаған ереженің оралғы болғаннан басқа пайдасы жоқ, зияны болмаса. Сонымен бізде үндестік заңы болмайды, күйрейді, мәдениет күйретеді. Оны дәріптеп әуре болмау керек» («Еңбекші қазақ», 1928 ж. №281 (1308), 2 бет). Орфографиямен сөйлеу – әлемдік тенденция. Миллиардтаған ауызға ешбір емле ережесі, ешбір тілші, жазушы, тіпті қаһары қатты үкімет те қақпақ бола алмайды. Бұл қазіргі қазақ жастарына да тән. Біз Аймауытұлы Жүсіпбекке қанша наразы болсақ та, бұл ақиқат бізді болашақта күтіп тұр.

И, у дыбыстарын дауыссыз деп, оларды таратып жазу бұл дыбыстардың потенциялын шектейді. Егер таратпай жазылса, у мен и дыбысының күш алып келе жатқан дауыстылық қасиетін әрі қарай өрістетсек, бұл түйткілдердің барлығы өздігінен шешіледі. Шетел сөздерін игерудің де ауыртпалығы жеңілдер еді.

Арнайы лабараториялық аспаптармен ғана белгілі болмаса, жай естір құлаққа білінбейтін ультра фонетикалық құбылыстарды таңбалаудың қажет еместігі әлемдік жазу тәжірибесінде ертеден бар. Біздің и мен у да сол сияқты. Бұл туралы даңықты ғалым Әлікей Марғұлан емле туралы жазылған «Жазу мәселесі» атты мақаласында былай деп жазады: «Панетика жазуы мен күнделік жазудың арасы жер мен көктей. Күнделік жазуда қаріптің дыбысқа дәл түспегені, ол кемшілік болып саналмайды. Өйткені күнделік жазуға мүлтіксіз айқындық керек емес. Ол дыбыс заңын қумайды. Дыбысты іздеп, дыбысқа қарай таңба түсіремін дейтін, ол тіл ғалымдарының ісі. Бұл жазудың көпшілікке пайдасы аз. Күнделік мұқтаж үшін ғалымдардың дыбыс қуып жазғанынан (фонетическая транскрипция) бізге күнделік жазу анағұрлым жеңіл, қолдануға ыңғайлы келеді» («Еңбекші қазақ», 1929 ж., №13, 2-3 б).

Тіл-тілдегі дыбыстар дауысты және дауыссыз деген екі топтан өзге түрге жіктелмеу керек деген аксиома жоқ. Тіл дыбыстарын тілдің ішкі фонологиялық ерекшелігіне қарай одан да көп дыбыс топтарына жіктеуге болады. Ал и дыбысын дауыстыға да, дауыссызға да жатқызбай, А.Байтұрсынұлының алғашқы жылдардағы тәжірибесі негізінде дыбыстардың ерекше түрі ретінде үшінші топқа жіктелсе, ұу, үу, ыу, іу, ый, ій дыбыстық тіркестердің күрмеуі басқаша шешілер еді. Біздің ойымызша бұл – ең ұтымды жол. Сонда ғана и, у дыбыстары дауыстылардың да, дауыссыздардың да ережелеріне таңылмай, тіл кеңістігінде өз функциясын еркін атқарады.

Аса қажет болса, бір буынды түбір сөздерде немесе бас буында и, у дыбыстарын ішінара (ми, си, биыл т.б.) таратып жазуға да болады. Бірақ оны ережесіз-ақ дағдымен қалыптастыру үшін орфографиялық сөздікке енгізсе жеткілікті деп ойлаймыз. Алайда бұл дыбыстарды бұдан артық таратуға болмайды. Қазақ орфографиялық ережесі мен анықтағышына и, у дыбыстарының қасиеті мен ерекшелігін түсіндіретін арнайы бап енгізу керек.

Тіл – тірі организм, ұдайы даму үстінде болады. Оның ішкі заңдылықтары белгілі тілдік және тілден тыс факторлардың әсерінен өзгеріске ұшырап, дамып отырады, тіпті жаңа заңдылықтар пайда болады. Өзгеріске түспеген тіл – өлген немесе өлетін тіл. Тілдің дыбыстық құрамы, лексикалық қоры, сөздердің семантикалық өрісі артқанда, ол тілдің кейбір ішкі заңдылықтарына әсер етеді. Біздің ойымызша қазақ тілінің кейбір заңдылықтарын 17-18 ғасыр тілінің деңгейінде ұстап тұру, ол – тілді құрсаулау.

 

[1] А.Байтұрсынұлы ережесі бойынша бітеу буында у дыбысының алдындағы ы езулік дауысты  жазылмайтындықтан, ұ дыбысынан кейінгі дауысты қысқарып, ұ-ы-ы қалады.

Е.Маралбек, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты, Тіл мәдениеті бөлімінің ғылыми қызметкері, PhD (докторант)

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5498