Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Аласапыран 15687 31 пікір 5 Маусым, 2019 сағат 13:38

Ресей әскерін неге шекарамызға топтастырып жатыр?

Енді әне-міне дегенде Қазақстанда кезекті рет кезектен тыс президент сайлауы өтеді. Сайлаудың ресми нәтижесі аса бір интрига тудыра қоймаса да, бұл жолғы үміткерлер де, электорат та белсенді. Үміткерлер де, оларды қолдаушылар да, оған қарсылар да көп балалы аналар да, бәрі, бәрі белсенді. Енді санаулы күндер қалды. Сайлау – 9 маусымға белгіленген.

Ал Ақордаға арыз айтқан аналар мен әділетсіз соттардан қажыған халықтың шуы күн санап артып келеді. Тіпті сайлау мен сайланушылардың сарсаңы екінші планға ысырылып қалғандай. Өз елінде, өз жерінде баспанасыз босып жүрген батыр аналардың тілегі жалғыз – баспана. Жә, айтпағымыз ол да емес. Транзиттік кезең ғой. Сайлау жақын. Қоғамда наразылық та күшіне еніп тұр. Сыртқы фактордың биліктегі мүддесі тағы бар. Әйтеуір әлек көп. Әлектенушілер көп.

Қазақстан шекарасына Ресей әскері тартылуда

Бұл «Zakon.kz» дейтін сайттың жазғаны. Тақырып та солардікі, мақала да солардікі. «Московский комсомолец» дейтін гәзеттің орысша мақаласын қазақшаға қотарыпты. Түпнұсқа тақырыбы – «На оренбургско-казахстанской границе замечена повышенная активность» екен. Тақырыбын сылап-сипап, жұмсартып қойғанымен, Андрей Соболев дейтін тілші шекараның шегенделуін Қазақстандағы сайлауға әкеп тіреген екен. Мақалада:

«Шекаралық аймақтарда әлде бір маңызды оқиғаға дайындық жүріп жатыр. Ауылдарда жолдарға тас төселуде. Барлық қонақ үйлер брондалған. Бөлмелерді әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Жергілікті тұрғындар бірнеше күннен бері әскери техникалар мен үлкен будкалар тиелген камаздарды байқаған.

News.rambler.ru мәліметінше, Ресей мен Қазақстан биыл екі елдің аумағында өтетін әскери оқу-жаттығуға қатысу үшін әскер алмасады. Ресей әскерилері көрші республикаға барады. Ал бауырлас мемлекеттің әскері бізге келеді.  Қазақстан өз әскери бөлімшелерін Ресейге жөнелтеді. Сондықтан әскерилердің бұл белсенділігі алдағы Халықаралық әскери ойындарға қатысты.

Бірақ бір "но" бар – әскери-штабтық жаттығудың уақыты Қазақстандағы президент сайлауымен тұспа-тұс келіп тұр, ол елде сайлау 9 маусымға белгіленген. Осы бір қозғалыстар сол елде туындап отырған шиеленістермен байланысты болуы мүмкін. Ел билігі қауіпсіздік шараларын қолға алып жатыр.

Көрші елде бәрі бейбіт аяқталып, шекараға тартылып жатқан әскери күштер – шынымен де тек ойын болса екен деп үміттенгіміз келеді».

Қазақстан мен Ресей бірлесіп әскери жаттығулар өткізіп тұратына рас.  Сондай бір оқу-жаттығу шарасы биыл да өтетіні туралы 2019 жылдың наурызында белгілі болған. Ресейдің «Центр – 2019» әскери жаттығу шарасына Қазақстанның да Қарулы күштері қатысатыны ресми хабарланған.

Ресей ҚК Бас штабының бастығы, РФ Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары Валерий Герасимов сөз алып, «Қазақстан Орталық Азиядағы ең басты стратегиялық одақтасымыз» деп сөйлеген. Сол жерде Герасимов «Центр - 2019» оқу-жаттығу шарасына Қазақстан әскері де қатысатынын айтқан.

«Бүгінде әуе қорғанысы бойынша бірлескен аймақтық жүйені жетілдіру қолға алынған. Сондай-ақ, ұлттық қарулы күштерді біріктіріп қолдану да қарастырылып жатыр. Қазақстан мен Ресей ынтымақтастығы тек екіжақты ғана емес, ЕҚЫҰ, ТМД және ШЫҰ аясында да дамып келеді», деген еді Герасимов.

Мейлі ғой, Ресей әскери оқу-жаттығуын өткізсін. Оған біздің әскеріміз де барып қатыссын, көрсін, білсін-ақ. Десе де, Ресейдің наурыздан бері айтып жүрген жаттығуы біздегі президент сайлауымен тұспа-тұс келуін сәйкестікке жори аламыз ба?

Ал Қазақстанның Қорғаныс министрлігінің ресми сайтынан Қазақстан әскері Ресейдегі оқу-жаттығу шарасына қатысады, я қатысып жатыр деген ақпаратты іздеп таба алмадық.

Тапқанымыз – 31 мамыр күнгі мына бір ақпарат. Онда «Қазақстанның қарулы күштерінде қауіпсіздік шаралары бойынша әдістемелік-нұсқау беру сабақтары өткізілуде» деп жазылған екен. Ақпаратқа сенсек, бұл нұсқау сабақтары әскердің жазғы маусымға дайындығын пысықтау үшін-міс. Оған да сенгендей болайық...

Ал жақында ғана Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев мәлімдеме жасады. Сайлауға байланысты 7-12 маусым аралығында Қазақстан полициясы күшейтілген режимде  жұмыс жасайтын болды. Сайлау күні барлық аймақта қауіпсіздік шаралары күшейтіледі.

«9 маусымда сайлау, ол өте ерте басталады. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін біздің патруль барлық жерде жұмыс істейді. Бұл сайлау кезінде өткізілетін қалыпты шаралар», - дейді министр.

Түйін

Сонымен, 9 маусымда президент сайлауы. Соған байланысты полиция кешейтілген режимге ауыспақ. Ал Ресей әскері шекараға жақын келді. Оқу-жаттығу өткізбек. Неге Ресейдің бұл іс-шарасы дәл 9-маусымның алдында қолға алынып жатыр? Біздің көкейде осы сауал тұр. Бұқаралық ақпарат құралдарындағы осы бір алаңдатқан сауалға еліміздің күштік құрылымдары жауап беруі керек. 

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

31 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052