Жексенбі, 25 Тамыз 2019
«Соқыр» Фемида 3181 16 пікір 12 Маусым, 2019 сағат 12:59

Cәләфизм ағымындағы күйеуім алимент төлемей жүр

Суретте Қарашаш Беккулиева Жамбыл облысы, Жамбыл ауданы, Аса ауылында жалдамалы пәтер жалдап тұрады

Бүгінгі қоғамда ерлі-зайыптылардың арасындағы жанжалдар жиілеп, ажырасу жайттары қоғамымызда көп орын алуда. Отбасылардың шаңырақтарының шайқалуына әртүрлі жағдайлардың себептері бар. Кейбір жандарға теріс пиғылдағы діни ағымдардың ықпалдары да әсер етіп жатыр. Сәләфизм идеологиясының кесірі Жамбыл облысындағы бір отбасының шаңырағын шайқалтты. Бүгін біз сәләфизм ағымының кесірінен шаңырағы шайқалған Қарашаш Беккулиевамен болған сұхбатты оқырман назарына ұсынамыз.

– Қарашаш, бұрынғы күйеуіңізбен қай жылы отау құрдыңыздар? Ажырасуларыңызға нақты не себеп болды?

– Біз 2008 жылы шілденің 15 күні шаңырақ көтергенбіз. Жамбыл облысы, Жамбыл ауданы, Аса ауылында таныстық. Күйеуім басында теміржол саласында жұмыс істеді. Кейіннен әскери келісімшартпен қызмет атқарған болатын. Бір жылдан соң жұмыстан ақысыз демалыс алды. Көршімізбен бірге Ақтау қаласына барып келді. Жиырма күндей сонда болды. Маған хабарласып, намаз оқып үйренгенін айтты. "Балам жақсы жолға түсті" деп қайын енем де (күйеуінің анасы) қуанды. Келген соң, мүлдем басқа адам болып оралды. Сақал қойған, араласатын адамдары да басқа. Сөздері мүлдем бөлек. Осы ағымға кірген соң, екі-үш айдың ішінде маған тыныштық бермеді.

– Сәләфизм ағымына бұрынғы күйеуіңіз Ақтауда жүргенде кірген бе? Намазды қай жылдары оқи бастаған?

– 2016 жылдардан бастап намаз оқыды. Осы ағымда жүргеніне төрт жылға жуық уақыт болып қалды. Ақтауда жүргенде осы сәләфизм ағымына кірген. Екі жыл әскери келісімшартпен жұмыс жасап еді. Жұмысын тастап кетті. Бастығы да іздеп келіп, жұмысқа қайтадан шақырды. Бірақ, ол жұмысты «харам» деп, бұдан былай ол жұмысты істемейтінін айтты. Дінге қарама-қайшы деп жұмыстан шығып, келісімшартты бұзғаны үшін 24 мың теңге айыппұл салынды. Ол айыппұлды ұзақ жылдан кейін, былтыр ғана енем зейнетақысынан төледі.

– Ақтаудан келісімен сізге өзінің жолына түсуге бұйыра бастады ма?

– Иә! Келісімен маған шарттарын қойды. Ешкіммен араласпайсың деп, туған әке-шешеме де жібермей қойды. Туыстарым іздеп келсе оларға «шайтансыңдар» деуші еді. Осының бәріне көніп, екі жылдай отырдым. Қайын енем де шыда, әлі-ақ өзгереді деумен болды.

– Сізбен бірге тұрғанда уағыздар тыңдап, жасырын жиындарға баратын ба еді?

– Аптасына бір рет достарымен жиналып тұратын. Маған да "бірге барамыз" дейтін. Мен барғым келмейтіндіктен "өзің бара бер" дейтінмін. Осылай жүргенде мені ұрды. Тіпті ауруханаға жатып шықтым. Екі-үш айдан кейін қайтадан таяқ жедім. Менің әкемнің өмірден өткеніне он жыл болғанда да, мені жібермеуге тырысты. Бірақ, мен бардым. Ақша беріп, әкеме бата түсірген болатынмын. Сол кезде мені балағаттап, "бұл харам" деген еді. Күйеуімнің үш туған әпкесі бар. Отбасында жалғыз ұл болатын. Қазір әпкелерімен де араласпайды. Бірақ, әкесі ұлына еріп сәләфизм ағымына еріп кетті. Анасы әлі бой бермей жүр. Мен екі-үш рет таяқ жедім. Тіпті қолымды сындырды. Қысқа балақ киеді. Базардан шалбар сатып алсақ, балағын қырқып тастаймыз. Сөйтіп, сол шалбарды екі айда бір рет ғана жуамыз. «Дарын Мубаровтың» уағыздарын тыңдайды. Тамақты дастархан басында ұрыс-керіссіз ішпейміз. Үйленгенде той-томалақ жасағанбыз. Ол кезде тәп-тәуір жігіт еді. Үйде теледидар көрмейміз. Ол жоқта балаларым «Балапан» көреді. Үйге келген соң, теледидарды өшіріп қоямыз.

– Сізге жұмыс жасауға рұқсатын беріп пе еді??

–  Мен жанармай бекетінде жұмыс істеуші едім. Ол мені жұмыстан еріксіз шығарып алды. Үйде отырасың деп. Өзі де жұмыс істемеді. Осылайша, әке-шешесінің зейнетақысына күнімізді көріп жүрдік. Кейін қайтадан жұмысқа шықтым. Себебі, балаларымызға шұлық та ала алмай қалдық.

– Бүгінде балаларына қарайласады ма?

– Мүлдем қарайласпайды. Үлкен ұлым қыстық аяқ киімі болмаған соң, сабаққа да барамады. Баламызды тоқпақтап, өзімен бірге намаз оқытатын. Мектеп мұғалімдері ұлыма аяқ киім сатып алып берді. Ажыраспай тұрғанымызда достарымен бірге, бір әйелді баласымен алып келді. Пәтер жалдап тұратынбыз. Қасымыздағы пәтерге әйелді орналастырды. Бір күні сол әйел менің балаларыма себепсізден-себепсіз ұрыса бастады. "Күйеуім сол әйелді алмақшы екен" деп естідім. Бұл әйел Шымкент қаласынан келіпті. Осы ағымға кіргеннен соң отбасымен араласпай кеткен. Күйеуім балаларымызға "осы сендердің аналарын, осыған бағыныңдар" депті. Қайын енем "әйел алса, ала берсін ертең саған қайтып келеді" дейді. Ақыры, не керек! Менімен ажырасып, бірден екі әйел алды. Олардың біреуімен артынша ажырасып кетті.

– Ажырасқандарыңызға қанша уақыт болды?

– Ажырасқанымзға бір жыл болды. Балаларымызға бір тиын ақша төлемейді. Пәтер жалдап тұрамыз. Айына табатын табысым отыз үш мың теңге. Қыста пәтер ақы қырық мың теңге дейін көтерілді. Жылу мен жарыққа жиырма бес мың төлейміз. Қыста одан да көп шығады. Анам зейнетақысын беріп, көмектесті. Арасында несие алдым. Кейде заттарымды өткіздім. 2009 жылы ажырасып, қайта қосылған едік. Қазір үлкен ұлым онға келді. Кішісі бес жаста. Екінші рет қосылғанда екінші ұлымды дүниеге әкелдім. Күні-түні маған тыныштық бермей аңдып та жүрді. Біз, ажырасқанбыз ғой! Тыныштық бергенін қалаймын. Алиментті төлеттіруге сот орындаушылардың да шамасы келмей жатыр. Үлкен балам әкесін көрсе, айдаладан қашады. Менің қатты күйінетінім алимент төлемейді. Бір ұлыма бір миллион сегіз жүз мың, екінішісіне сегіз жүз мыңдай қарызы бар. Бүгінде жанармай бекетінде оператор-кассир болып жұмыс істеймін. Арасында кафеде жұмыс болады. Балаларды бағу үшін ол жаққа да барып, жұмыс жасап жүрмін.

– Сұхбаттасқаныңызға рақмет!

Қарашаш сұхбат берудегі "басты мақсатым алиментті төлесе болды..." дегенді айтады. Далада қалған келіншектің бұрынғы күйеуінен бар қалайтыны осы.

Ал, біз сәләфизм идеологиясы айрандай ұйып отырған қаншама отбасын ойрандап, мемлекетіміздің тұтастығына қауіп төндіріп отырғанын биліктің қаперіне салғымыз келеді. Сонымен қатар, қоғамымызды жік-жікке бөліп отырған мұндай жат пиғылды ағымдардан жақындарымызды сақтау – бәріміздің міндетіміз.

Қадірәлі Сарыпбек

Abai.kz

 

16 пікір