Алтын адамның ауылында «Музей түні» өтті (фото)
«Музей түні» дейтін керемет шара бар. Осы күні жүрт түрлі бағдарламалық шараларға қатысады. Сый-сыйапаттар алады. Көңіл көтереді, тарихқа үңіліп, таным көкжиегін кеңейтіп қайтады. Бұл бір сөзбен айтқанда, уақытты көңілді һәм пайдалы өткізуге арналған бастама. Қазақстанның музейшілері де жыл сайын дәстүрлі түрде «Музей түнін» өткізіп келеді. Алғашқы жылдармен салыстырғанда, келушілердің қарасы да көбейген.
Бұл шараны алғаш рет немістер өткізіпті. 1997 жылы «Музейлердің ұзақ түні» деген атпен Берлинде өткен екен. Ал идеясы сонау 1970-жылдарға созылады. Еуропалықтар музейге келушілер тегін аралауы үшін «Музей көктемі» деген акция өткізген. 2001 жылы француздар «Халықаралық музей күні» деген шара өткізген. 2005 жылы сол француздар «Музей түні» деп атауды ұсынады. ЕК Халықаралық музейлер кеңесі (ICOM) осы атауды ресми бекітіп, содан бері дүниенің төрт бұрышындағы музейшілер жыл сайын «Музей түні» акциясын өткізе бастаған.
Қазіргі таңда елімізде ірілі-ұсақты 180-ге жуық мұражай бар екен. Оның оншақтысы ведомстволық музейлер қатарына кіреді. Соның ішінде ел-жұртқа белгілі Алматы облысы аумағында орналасқан «Есік» қорық-музейі. Әйгілі «Алтын адам» табылған сақ қорымдарының орнында орналасқан «Есік» мемлекуеттік тарихи-мәдени қорық-музейі маусымның 14-і күні «Музей түнін» өткізді. Шараға шамамен 5 мыңға жуық адам қатысты.
«Сақ алауы» атты акция музей қонақтарын түнгі форматта қарсы алды. Арнайы мерекелік бағдарлама ұйымдастырылды. Қорық-музейдің экспозициялық залдарына экскурсия жасалды. «Алтын адамның құпиясы» атты жастарға арналған квест-ойындар, балаларға арналған «Тас бетіндегі өнер» атты шығармашылық сабақтар өткізілді.
Сондай-ақ, АРТ балалар өнер мектебі – мектеп оқушыларының көрмесі (Есік қаласы) қойылып, «Ұста Дәркембай атындағы қолданбалы өнер музейі» шеберлерінің және Еуразиялық дизайнерлер одағының мүшесі Кәкей Қырғауылдың «Өрмек тоқу», көзеші Жанболат Нұрданбектің шеберлік сабағы ұйымдастырылды.
Одан бөлек, «Домбыра-пати» – домбырашылардың өнері, заманауи шеберлердің қолданбалы өнер туындыларының көрмесі, ұлттық ойындар (күрес, арқан тарту, асық ату, ақсүйек алтыбақан, садақ ату) қонақтарға ерекше әсер сыйлады. Ашық аспан астында балаларға арнайы Ш.Айманов атындағы Қазақфильм киностудиясы түсірген «Күлтегін», «Мұзбалақ», «Қазақ елі» мультфильмдері көрсетілді.
Ауқымды шара аясында БАҚ өкілдеріне қосымша арнайы пресс-тур ұйымдастырылды. Журналистер музейдің бүгінгі хал-ахуалымен, сондай-ақ, «Есік» қорық-музейінің қорғау аймағына енетін Рахат қалашығында музей археологтары жүргізіп жатқан қазба жұмысының барысымен танысты.
Тасқын Тойбаев, «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры:
- Өздеріңіз білесіздер, музейдің білікті ғылыми қызметкерлерінің жұмысы нәтижесінде осы уақытқа дейін Жетісу жеріндегі Сақ кезеңіне жататын обалардың тізімі, олардың паспорты жасалып, сақталу, қорғалу деңгейлері бойынша анықтау, сондай-ақ, археологиялық қазба жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді.
Алтын адам бүгінде еліміздің брендіне айналды. Музейге келуші шетелдік туристердің қатары жыл санап артып келеді. Бізде ағылшын, түрік, қытай, неміс тілінде экскурсия жүргізіледі. Қызметкерлердің басым көпшілігі тарихшы, зерттеушілер, археологтар.
«Музей түніне» келер болсақ, биыл осынау шараны бесінші рет өткізіп отырмыз. «Музей түні» Еңбекшіқазақ ауданы көлемінде жыл сайын жергілікті тұрғындар мен қала қонақтары асыға күтетін рухани, мәдени іс-шараға айналды. Осы уақыт ішінде ел азаматтары, музей ісіне қызығушылар, өнертанушылар, шетелдік қонақтар бізді өте жақсы танып-біліп қалды деуге болады. Шараның жыл сайын қызықты өтуіне атсалысып келе жатқан аудандық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасына, музей мен туризм саласындағы әріптестерімізге рахмет айтамын.
Дәулет Шоқпаров, қолөнер шебері:
- Әкеміз Дәркембай Шоқпарұлы деген кісі, осы Қазақстанға белгілі қолөнер шебері болған кісі. Сонау жетпісінші жылдардан бері қолөнермен айналысты. Ұсталық, зергерлік кенжелеп қалған жылдары Қазақстанның түкпір-түкпірінен жойылып бара жатқан экспонаттарды жыинап, сақтап қалды. Сол экспонаттар қазір музейде тұр.
Біз Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Ақши ауылда тұрамыз. Сол ауылдан әкеміздің атында қолөнер музейін аштық. Музейдің қасында шеберханамыз бар. Сол шеберханада өзіміздің ұлттық бүйымдарымызды жасаумен айналысамыз. Қазір өзіміздің ұлттық бұйымдарға деген қызығушылық артып келеді. Қолдау да жоқ емес.
Ал мынау «Музей түніне» біз биыл үшінші рет қатысып отырмыз. «Музей түніне» келген балалардың арасында қолөнер саласына қызығушылық танытып жатқандар да көп. Ұста болуға, тері илеп, ағаш оюға, темір балқытып, зергерлік бұйымдар жасауға бейімі бар жастар болса, оларға үйретуге әзірміз. Біздің шеберханамызға келіп, ұсталықты, зергерлікті үйреніп жатқан жастар да бар. Сондықтан, осындай шаралар ұлттық бұйымдарды, қолөнер саласын насихаттау үшін мүмкіндік деп түсіну керек. Біз былтыр да осы шараға қатыстық. Былтыр келушілердің саны көп болды. Биыл да 5 мыңға жуық адам жүр. Жалпы біз «Есік» музейімен тығыз қарым-қатынастамыз. Басқа да шараларына қатысып тұрамыз.
Жалпы «Музей түні» акциясына ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің өкілдері, музей басшылары, белгілі археологтар, тарихшылар, ғалымдар қатысты. Шара осы түннің символикалық оқиғасы «Сақ алауын» жағумен аяқталды. Бұл кеште келушілер музейдің тарихымен танысып қана қойған жоқ, оны көзбен көріп, жүрекпен сезінді деуге толық негіз бар.
Abai.kz