Жексенбі, 24 Қараша 2024
2529 0 пікір 17 Маусым, 2019 сағат 17:05

Антына адал сақшылар арамызда жүр

Қазақстанның әр түкпірінде өз ісін абыроймен атқарып жүрген полция қызметкерлері бар. Қым-қуыт тіршіліктің тасасында солардың ерліктері ескерусіз қалып жатады. ҚазАқпарат оқырман назарына солардың бір парасын ұсынып отыр.

2018 жылдың 29 желтоқсаны. Кешкі сағат 17.15. Солтүстік Қазақстан облысының Тайынша ауданына қарасты Жаңадәуір ауылында мал бағып жүрген Нұрдыбек Шайдахмет ұйытқып соққан боранның кесірінен адасып кетеді. Боранның қатты болғаны соншалық, астындағы аты да бағдардан жаңылып, ықтай берген. Ақтүтек боранда қолдарынан келер қайран болмаған соң туыстары полицияға жүгінген. Чкалов ауылының поселкелік полиция бөлімі бастығының орынбасары Аслан Досмұқанов «Патриот» қызметтік көлігіне мініп, жоғалған азаматты іздеуге бел буады. Қытайдан көшіп келген қандасымыздың жердің қыр-сырын жетік білмейтінін ұққан майор басын бәйгеге тіге отырып, ақ түтектің арасына аттанады. Ұялы байланыстың болмауы, бас-көзге бастырмалатқан қатты боран іздеушінің де адымын аштырмай, жұмысты қиындата түскен. Сөйтіп жүріп орманшының үйіне жеткен сақшы соның айтуы бойынша жоғалған малшыны тауып, ауылға аман-есен алып қайтқан.

Ал Отырар аудандық полиция бөлімінің сержанты Жасұлан Пірімжанов аяқ астынан «кіндік әке» атанған. Көлігі бұзылып аяғы ауыр әйелін ауруханаға жеткізе алмай қиналып тұрған жігітті көріп, көмекке асығады лейтенант. Ай-күні жетіп тұрған әйел мен күйеуін қызметтік көлігіне отырғыза салып, ауруханаға жеткізеді. Жолда әйелді толғақ қысып, полиция қызметкері өзі босандырып алған. Жол үстінде өмір есігін ашқан баланың кіндігін де өзі кесіп, сыртқы киіміне орап ауруханаға аман жеткізеді. Осылайша, рейдте жүрген сержант аяқ астынан «кіндік әке» атанған.

Төле би ауданында криминалдық полиция бөлімінің учаскелік инспекторы Испандияр Темірбеков болса, ауыл тұрғындарының малын баукеспелерден арашалаймын деп жүріп 7 жерден жарақат алған. Аудандық полиция бөліміне малын ұрлатқан қария арызданады. Жедел уәкіл Испандияр Темірбеков күдіктінің кім екенін анықтап, ұстау шараларына кіріседі. Күдіктінің ізін түнделетіп аңдыған майор тағы бір ұрлықтың үстінен түседі. Ұры полиция қызметкеріне шолақ мылтықтан бытыра жаудырады. Жедел уәкіл 7 жерден жарақат алып, ауруханаға түседі. Өз өмірін тәуекелге тігіп, қарапайым тұрғынның малын қорғап қалған сақшы отадан кейін ғана аман қалған. Ота төсегінен аман тұрғанымен, бытыраның 5 оғы денесінде қалып қойған. Соған қарамастан Испандияр Темірбеқов саптан шыққан жоқ. Әлі де халыққа қалтқысыз қызмет етіп жүр.

Дереккөзі: inform.kz

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1496
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3267
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5618