Қазақ "сауатсыз саяси спектакльге" енді алданбайды
Мəскеудегі жалдап тұрған пəтеріміз Кремльге жақын еді. Жаяу жарты сағат жүрсеңіз Кремль. Сол себепті ме, білмедім, біздің үйде қаланың Wi-Fi тегін қосылатын. Əрине, өзіміз де ақылы Wi-Fi қосатынбыз. Себебі, тегін уай-файмен кино көру қиын еді, бірақ əлеуметтік желілерге, яндекс.ру, googl.-ге тез кіретін. Бірақ ақылы уай-файдың ақшасы бітсе, асықпай екі-үш күннен соң, тіпті он күннен соң, ақша салатын едік. Себебі, тегін уай-фай бар.
Қазір отбасылық жағдайымызға байланысты ауылда, мамамның қасындамын. Ай сайын интернетке ақша төлеймін. Соңғы уақытта интернет бұғатталуына байланысты дұрыс істемейтіні бəрімізге белгілі. Менің интернетке кеткен ақшамды кім төлеп береді десең, иə. Жоқ, Мəскеудегі пəтеріміздегідей тегін уай-фай болса, бір жөн ғой, ақша төлеген интернетті қоса алмауым ұят қой.
Путинді шовинист дейік, жексұрын, оңбаған дейік, өтіміз жарылып кетсе де, мойындайық, орыстың рухын көтерді. 2012 жылы Путин президенттікке өткенде алаңға, халық алдына шығып, ботадай боздап, жылап тұрды. Түсінген адамға оның көз жасы шынайы еді.
Ресейде тұратын, сонда туып, өскен қазақ құрбымыз "Баламды туған соң, теңгеге шаққанда 1 миллион теңгеден аса ақша алдым. Балама банктен депозит ашып, салып тастадым" деді. Біздің аналар мұндай ақша алса, қатты қуанар еді. Ресейде балаға бір жарым жасқа дейін жəрдемақы төлейді.
Мəскеуде тұратын қазақ ретінде анық айта алам, Мəскеу мен Алматының дүкендерінде азық-түлік бірдей. Мəскеуліктердің жалақысы Алматылықтардан жоғары екені анық.
Путинді жек көрсек те, өтіміз жарылсақ та мойындайық, ол өз халқына, анығы, орысқа жақын президент.
...Назарбаев, болмаса, Тоқаев "Астрахань, Омбы, Саратов қазақтың жері, біздің жеріміз" десе, қуанам. Астрахань, Омбы, Саратов - қазақтың атамекені. Ресейден осы жерлерді тартып алған президент болса, табанын сүйер едім.
... Тоқаев көке, алаңға шығып, неге халықпен кездеспейсіз? Американың, Еуропаның президенттерін айтпай-ақ қояйын, еш болмаса, батасын алған "рухани көсемдеріңіз" Путиннен бірнəрсе үйреніңіздерші.
Мəскеуде тұратын қазақ ретінде айтайын, көшеде аунап жатқан орыстың алқашы да "Ресей ең бірінші орыстың отаны" екенін көкірегін керіп тұрып айтады. Жоқ, біздің билік қазақтың рухын көтермек түгілі, басып, жаншып тастады. Өзге ұлттардың көпшілігі қазақ тілінде сөйлемек түгілі, қазаққа жоғарыдан қарайды. Тіпті "маған қазақша сөйле!" деді қазақтар" деп қазақтың үстінен арыз жазудан тайынбайды. "Ұлтараздығын тудырып жатыр, ойбай" деп қазақтың үстінен талай арыз да жазылды. Билік өз жерінде қазақты басып, өзгелердің басынуына, жаншуына жол ашып берді. Біздің билік біздің рухымызды көтерудің орнына бізді, тілімізді кейінге ысырумен келді. Үштұғырлы тілге қарсы емеспін. Себебі, жастар үш тіл біліп жатса, мемлекет есебінен ағылшын тілі мен орыс тілін тегін үйренсе, қуанам. Шын мəдениетті адам өзінің ана тілін біледі. Бірақ көптеген ауыл мектептерінде ағылшын тілінен сабақ беретін мұғалімдердің көпшілігі ағылшын тілін білмейді. Сосын олардың біразы университетте қазақ тілі мен əдебиеті, болмаса, биология, басқа да мамандықтарды оқыған. Мектепте өз пəнінен мұғалімдік жұмыс таппаған соң, ағылшын тілі пəнінің мұғалімі мамандығын сырттай оқып алған.
Жұрттың президенті халқына қайтіп жағынам, өзімді қалай əлемге танытам деп жұрттың жерін тартып алса, біздің билік жерімізді Қытайға сатпақ болды. Жеріміздің байлығын сатып біткен соң, жерге көздерің түсті. Енді АЭС салғыларың келеді... Семейдегі, басқа да апатты өңірлердегі аяқ-қолы жоқ, ауру балалар аз ба? Онсызда аз құрбандық шалған жоқпыз ғой. Түстеріңде сол балалар сендерден аяқ-қолын сұрап жыламай ма? Байқоңырдан алған тиын-тебен адамдардың денсаулығын қайтарып бере ме? Байқоңырдан алған тиын-тебен мүгедек балалардың жəрдемақысын жауып жатыр ма?
Халықтың рухын көтерудің орнына сындырдыңдар, сындырдым деп ойладыңдар.
Жоқ, қазақтың рухы сынбайды. Теледидардағы даңғаза музыканы, үндінің ең төмен сортты сериалын мүлдем көрмейтін, көре алмайтын, интеллектісі жоғары қазақтар аз емес. Олар сендердің ережелеріңмен ешқашан ойнамайды, олардың өз ережесі бар. Сайлаудағы "өте əлсіз, сауатсыз саяси спектакльмен" оларды ашындырған өздерің. Олар енді жүйеге жұтылып кетпес үшін барын салады. Болашағы бұлыңғыр мемлекетті қашанда интеллектісі жоғары адамдар құтқарады.
Аягүл Мантайдың facebook парақшасынан
Abai.kz