Картаның «кілтипаны»
Өркениетті мемлекет руханият саласындағы кез-келген құндылықтарын идеялық құралдарға айналдыратыны белгілі. Бұрынғы Кеңес одағы идеологиялық саясатты мықтап жүргізгені соншалық, кез-келген Кеңес азаматы өзінің отан алдындағы борышын, патриоттық сезімін жақсы сезіне білді. Соның салдары болар, тәуелсіздікке қол жеткізгелі, он жылдың жүзі болса да, біздің санамыздағы құлдық бұғау әлі де арылар емес. Ұлттық құндылықтарымызды түгендеуге кіріскенімізбен, барлық күш-жігеріміз нарықтың жетегіне кетті де, нені болса да қаржыға тіреп, қарап отыратын болдық.
Қазақстандағы тіл саясатының жұтаңдығы да осы қаржы саласына тіреліп тұр. Дегенмен, там-тұмдап болса да, тәуелді санадан құтылуға деген талпыныстың барлығын да жоққа шығармаған абзал. Оның дәлелі ретінде отаршылдықтың таңбасындай сезілетін еліміздің жер-су атауларындағы соңғы он жылдағы өзгерістерді айтуға болады. Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің ұйымдастыруымен Алматы қаласында «Қазақстандағы ономастика: бүгін және ертең» деген ғылыми-конференцияда ақтаңдақтан көз ашпаған атаулардың әлі де мыңдап саналатындығы айтылды. Бұл өз алдына жеке әңгіме.
Өркениетті мемлекет руханият саласындағы кез-келген құндылықтарын идеялық құралдарға айналдыратыны белгілі. Бұрынғы Кеңес одағы идеологиялық саясатты мықтап жүргізгені соншалық, кез-келген Кеңес азаматы өзінің отан алдындағы борышын, патриоттық сезімін жақсы сезіне білді. Соның салдары болар, тәуелсіздікке қол жеткізгелі, он жылдың жүзі болса да, біздің санамыздағы құлдық бұғау әлі де арылар емес. Ұлттық құндылықтарымызды түгендеуге кіріскенімізбен, барлық күш-жігеріміз нарықтың жетегіне кетті де, нені болса да қаржыға тіреп, қарап отыратын болдық.
Қазақстандағы тіл саясатының жұтаңдығы да осы қаржы саласына тіреліп тұр. Дегенмен, там-тұмдап болса да, тәуелді санадан құтылуға деген талпыныстың барлығын да жоққа шығармаған абзал. Оның дәлелі ретінде отаршылдықтың таңбасындай сезілетін еліміздің жер-су атауларындағы соңғы он жылдағы өзгерістерді айтуға болады. Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің ұйымдастыруымен Алматы қаласында «Қазақстандағы ономастика: бүгін және ертең» деген ғылыми-конференцияда ақтаңдақтан көз ашпаған атаулардың әлі де мыңдап саналатындығы айтылды. Бұл өз алдына жеке әңгіме.
Ал, тарихи атаулары қайтарылған жер-су атауларының Қазақстан карталарында орын алуының өзі бүгінгі таңда үлкен проблемаға айналып отыр. Кеңес одағы кезінде мектеп оқушылары Қазақстан карталарын қазақша оқи алатын болса, қазір оған қол жеткізу, айды аспанға шығарумен бірдей. Олай дейтініміз, еліміз тәуелсіздік алғаннан бері Қазақстан Республикасының физикалық-географиялық картасы 1995 жылы ғана 10-ақ мың данамен қазақша басылып шығыпты. Бұл кең байтақ Қазақстанның мектептері үшін өте аз! Ал, дүниежүзінің саяси картасы тек өткен жылы ғана 10 мың данамен жарық көрген. Ғаламшарды толық көрсететін глобусты жасау – Қазақстан картографтарының түсіне де кірмейтін шаруа. Жалпы Қазақстанда кешенді карта жасау 1963-1964 жылы қолға алынған. 1983 Қазақстанның табиғатын, тарихын, мәдениетін, оқу-ағарту саласын қамтыған екі томдық кешенді карта жасалған. Одан кейін мұндай карта жасалмаған екен.
Әрине, Кеңес одағы кезінде жасалған кез-келген карта сол мемлекеттің айнасы екендігіне дау жоқ. Ал, Қазақстан карталарын қайта жасап шығаруға не кедергі? Бұл сауалға ҰҒА-ның География институтының аға ғылыми қызметкері Сламқұл Әбдірахманұлы да, Ұлттық картография мемлекеттік кәсіпорынның бас инженері Татьяна Бадмаева да елімізде карта жасайтын фабриканың жоқтығы деп жауап береді. Кеңес үкіметі кезінде Ұлттық картография мекемесі №6 кәсіпорын деп аталған екен. Сол кезде Мәскеуден басқарылған бұл мекеме тек әскери мақсатта топографиялық карталар жасаумен айналысқан. Кеңес үкіметі құлағаннан кейін Мәскеудегі басқарушы орган да №6 кәсіпорынға өз биліктерін жүргізуді тоқтатты. 1991 жылдан бастап, Ұлттық картография мемлекеттік кәсіпорны болып өзгерген аталмыш мекеме халықтық шаруашылық мақсатындағы тақырыпты карталарды жасуға кірісе бастайды. Алғашқы шығарылған карталары 1:2000000 масштабты Қазақстан Республикасының саяси әкімшіліктік картасы. Бұдан кейін дәл осы мақсатта 1:3500000 масштабты қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде карта жасап шығарады. Әртүрлі қалалардың және облыстардың арнайы тапсырмасы бойынша жекелеген карталар жасауға кіріседі. Татьяна Тимофеевнаның айтуына қарағанда, қазақ тілінде ҚР-ының 1:2000000; 1:3500000; 1:4500000 масштабты физикалық-географиялық карталары 10 мың данамен жарық көрген екен. Ал әрбір облыстың 1:1000000 масштабты карталары басылып шыққан. Яғни, қазақ тіліндегі карталардың жасалуына жол ашылған.
Бас инженер Татьяна Тимофеевнаның айтуы бойынша, бұнда 1990 жылға дейін 2000 мыңдай қызметкер жұмыс істеген. Ал далалық бөлімшелерде мыңға жуық адам болған. Қазір мұнда небәрі 118 адам қызмет етеді. Кеңес үкіметінің карта жасауға қаншалықты көңіл аударғанын осыдан-ақ анықтауға болады. Сламқұл Әбдірахманұлының айтуына қарағанда, кезінде карта фабрикалары жер көлемі ұланғайыр Қазақстанды орай өтіп, Омбы, Новосибирск, Киев, Ташкент қалаларында салынған екен. Қазақстан үкіметіндегілер карта фабрикасын салдыру туралы өтініш те жасамаған. Сөйтіп біз тасада қалғанбыз. Соның салдарынан көптеген карта қорлары Ташкентте, Омбыда сақталып қалып отыр. Бізде ортаазиялық әскери округ болды. Сонда барлық ірі масштабты карталарды әкеліпті. Кейін осы округ жабылып, Ташкентке қосылғанда біздегі карталардың барлығын алып кеткен. Олар енді біздің өз картамызды сатып алуды талап етеді. 1 клеткада 1 км жер бар. 1:1000000 масштабты карта Қазақстанда 2300-ге тарта болған екен. Бірақ бұлардың барлығы Ресейдің саясатымен жасалған. Осыларды пайдалана отырып, біз өз саясатымызбен карта жасауымыз керек. Карта фабрикасы жоқтығынан көп түсті Қазақстанның 1 физикалық-географиялық картасын жасау үшін Омбы фабрикасы 40 млн. теңге қаржы сұрайды екен. Ал, біздің ұлттық картография қорының тек бірнеше түсті карта жасауға мүмкіндігі бар. Араб елдерінің бірі 2 млн. доллар ақша бөлуге уәде берген көрінеді. Үкімет осы мәселе төңірегінде жоба жасап жатыр. Егер бұл іске асатын болса, картографияға байланысты проблемалар шешілуі мүмкін.
Татьяна Тимофеевна бұған қоса ұлттық картография алдындағы тұрған тағы екі проблеманы атады. Олар: 1.Технологияларды жаңалау. Өйткені бізден басқа мемлекеттердің барлығы технологиялық өзгерістер жағынан өте алда көрінеді. Өркениетке ұмтылған біз үшін карта жасау мүмкіндігінің аса шектеулігі ойландыруға тиіс. Өйткені көптеген мемлекеттер топографиялық карталардың ғарыштық түсірілуін жүзеге асырып жатыр. 2. Біздегі барлық картаны жаңарту және қорды толықтыру. Сонымен қатар ономастикалық атаулардың өзгеруі де карталардың қайта жасау қажеттігін тудыруда.
- Қазір ұлттық картография мемлекеттік кәсіпорны 1:1500000 масштабты Қазақстанның физикалық-географиялық картасын жасап шығару үстінде. География және Тіл білімі институтының қатысуымен топонимикалық және ономистикалық атауларды кірістіре отырып дайындалып жатқан бұл картаның алғашқысы орыс тілінде шықпақ. Кейін қазақшасы жарық көрмек. Өйткені оған сұраныс әуелі орыс тілінде түсіп отыр, - дейді география институтының мамандары.
Сонымен қатар, география институты мен тіл білімі институты бірлесе отырып қазақ атауларын дұрыс жазу жөнінде нұсқаулық шығарған. Бұндай нұсқаулық соңғы рет 1971 шыққан екен. Ол қазақ тілінің атауларын орыс тіліне бағындыру бағытында жасалған. Жаңадан жасалып шыққан нұсқаулықта орыс атаулары қазақ тілінің заңдылықтарына бағындырылған. Оны ономастика комиссиясы қарап, бекіткен. Сонымен қатар, обылыстардағы географиялық атаулардың анықтамалықтарын шығаруды қолға алған. Оның Ақмола облысына арналған І томы жарық көрген. Осындай 14 облыс бойынша 14 том жасап, 100 мыңдай атауларды енгізу жоспарланған. География атауларының халықаралық стандарты ұлттық стандартқа негізделеді. Сондықтан да біздің мамандардың дайындаған анықтамалықтары халықаралық карта жасаушылардың назарында болады.
Картография мекемесіндегілердің бір қуанышы – ҚР-ының «Геодез және картография туралы» Заңының дүниеге келуі болып отыр. Өйткені бұған дейін карта жасаушылар ешқандай құқықтық негізсіз жұмыс істеп келген екен.
(Бұл мақала «Түркістан» газетінің 2002 жылғы №31 санында
«ҚАЗАҚСТАННЫҢ КАРТОГРАФТАРЫ ҰЙЫҚТАП ЖАТЫР
Ұлттық карта – ұлттық саясаттың бөлінбес бір бөлшегі емес пе?» деген тақырыппен жарияланған)