Сәрсенбі, 25 Желтоқсан 2024
«Соқыр» Фемида 14554 36 пікір 21 Маусым, 2019 сағат 11:08

Халықты қынадай қырасыз ба, Біртанов мырза?

Қазір біздің елімізде бір нәрсені міндетті түрде реформалау қажеттігі  деген нәрсе «жазылмас сырқатқа» айналған сыңайлы. Қандай да министр келмесін, ол жұмысын ең алдымен өз саласын мүлдем жаңғыртуды мықтап тұрып қолға алады. Ал мұндай жаңғырту сол бағыттағы жұмысты жақсарта ма, қайта мүлдем ақсата ма, онда мүлдем шаруасы жоқ.  Ең жаманы, мұның өзі бүкіл халықтың жағдайын мүшкіл халге түсіру тіпті де ғажап емес. Ол әсіресе ең бір күйіп тұрған денсаулық мәселесіне келіп тірелсе, тек бір Құдайдан ғана үміт күтуден басқа ештеңе де қалмайды.

Халқымыз қазір дәл осындай аса ауыр жағдайды бастан кешіп отыр десек, шындыққа қиянат жасай қоймаспыз.  Жақында осы денсаулық сақтау министрлігіміз «енді барлық дәріханадағы дәрі-дәрмектер дәрігерлердің арнайы рецептісінсін сатылмасын» деген бет қаратпас шешім қабылдады. Ол қазір жедел күшіне еніп, әбден қаһарына мініп тұр. Енді жағдайдың қалай күрт өзгеретінін елестетудің өзі қорқынышты. Мәселен, сіз көптен бері жүрегіңіз қысылатын  сырқатқа ұшырадыңыз делік. Бетін аулақ қылсын, әрине. Алайда бұл сырқат елімізде көп тарағанын ешкім де жоққа шығара қоймас. Енді бұрынғыдай жаныңыздағы дәріханаға барып, керекті дәріні ала қояйын деген арманнан арылыңыз. Ол үшін ең алдлымен өзіңіз бекітілген емхананың учаскелік дәрігеріне жазыласыз. Ал оны кемінде бір жеті, не он күн күтесіз. Тіпті бұдан ертерек қабылдандыңыз дегеннің өзінде ол кісі сізді салалық дәрігер, яғни кардиологқа жібереді. Оған енді қайтадан жазыласыз. Бұған да оншақты күн кетеді. Міне бас-аяғы жиырма шақты күннен кейін аса күткен рецептіңіз қолыңызға тиіп, ақырындап өзіңіздің дәріхананаңызға қарай аялдайсыз. Оған жете алсаңыз, әрине.

Жұрттың жүрек ауруынан басқа да сырқаттары жетіп артылады емес пе? Мәселен, аяқ астынан қан қысымыңыз қатты көтеріліп, төсек тартып жатып қалдыңыз делік. Оу, ондай жағдайды басыңызға бермесін. Енді қан қысымын түсіретін, әншейінде өзіңіз ішетін дәріні "алып кел" ешкімді де дәріханаға жібере алмайсыз. Олар қазір "хал үстінде жатырмын" десең де бермейді. Өйткені министріміздің шешімі осындай. Енді не істеу керек? Оған аталмыш министрліктің тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін тексеретін комитеттің төрайымы Людмила Бурабекованың жауабы дайын. «Қиналсаңыз, "жедел жәрдем» шақырыңыз", - дейді ол. "Ау, мұндай ауру аса қауіпті емес төртінші санатқа жататындықтан оған жаңағы "жедел жәрдем" келе қоймайды ғой. Оның үстіне емханалардың барлығында бірдей күндіз-түні күзететін "жедел жәрдем" машиналары да жоқ. Демек, сырқат адам оны таң атқанша күте ала ма?" деген сұраққа, еш қиналмастан: "Ол біздің, яғни фармацевтердің мәселесі емес. Ол медициналық көмектің қаншалықты дұрыс ұйымдастырылуына байланысты" деп қарап отыр. Енді бұдан артық не деуге болады?

Жалпы, мұндай аса күрделі дүниелерді қолға алмас бұрын, оған қаншалықты жағдай бар деген сауалға жауап ізделмес пе еді? Алайда оған біздің министрлігіміздің басы ауырмайтын секілді. Ал дәрігерлердің жетіспеуі елімізде басты проблемаға айналғалы қашан. Егер сол дәрігерлердің өзі аса қат болып тұрғанда оған кірудің өзі қанша уақытқа созылатынын айтып жатудың өзі артық қой. Мәселен, өзгені былай қойғанда біздің Қостанай облысында ғана  350 дәрігер жетіспейді. Мұның 100-ге жуығы ауылдық жерлерге қатысты. Оның үстіне облысымыздағы барлығы 1 777 дәрігердің басым көпшілігінің зейнеткерлік жасқа жетіп қалғанын да ескеріңіз. Осының салдарынан бір маманға түсетін орташа салмақ бізде 2600 адамды құрайды. Ал елімізде бұл көрсеткіш 1700 адамды құрайды. Демек, бұл мәселе бізде аса күрделі әрі жақын арада шешіле қоймайтын проблема. Мұндай деректі анау-мынау адамнан емес, облысымыздың денсаулық сақтау басқарамасының басшысы Вячеслав Дудниктің өз аузынан естідік.

Мақаламыздың соңында  мына бір жаға ұстатаын жайтты айта кетуді жөн көрдік. Қостанайлық  Диана Бейсембаеваның айтуына қарағанда ол кісі жаз шыққан сайын қышыма ауруына ұшырайтын көрінеді.

- Мен енді аллергиямды сәл де болса басатын қарапайым дәрілерді сатып ала алмаймын, - дейді ол. - Мәселен, қазір диазолин немесе тавегил дегендер көзден бұл-бұл ұшты. Менің үйде кішкентай екі сәбиім бар. Балаларыма антивирустық препараттар да аса қажет. Ал аллерголог-дәрігерге кемі бір ай бұрын жазылуым керек. Мен олармен қалай ұзаққа созылған кезекке тұра аламын? Ақылы дәрігерлерге көрінуге мүмкіндігім жоқ.

Мінекей, біздің денсаулық сақтау саласындағы бүгінгі қалыптсып отырған аса күрделі жағңдай осындай. Бұған Біртанов мырза не дер екен?

Жайберген Болатов, Қостанай

Abai.kz

 

36 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2025