Жексенбі, 24 Қараша 2024
Өнер 3875 2 пікір 21 Маусым, 2019 сағат 16:30

“Jan” ғана сөйлесін...

Жарық сөніп, қараңғылық орнайды. Жайлап шымылдық ашылады. Бір сәт деміңді ішке тартып, еш қимылсыз қаласың. Басталды... Қазір не болады екен?!

Бұл – театр сүйер қауымның әрбірі сезініп көрген сәт. Спектакль өте жақсы болса, бүкіл болмысың мен денеңді орындықта қалдырып, ойың мен қиялыңның қалай актерге еріп сахнаға шығып кеткенін байқамай да қаласың. Ал ол – басқаша әлем. Бірақ, көрерменді бір деммен елітіп, ақыл мен сезіміне иелік ету барлық қойылым мен әртістің қолынан келе бермейді. Әсіресе, классикалық туындылар мен тарихи драмалар сол жағынан ақсап жатады. Себебі онда артистизм алға шығып кетеді. Содан кейін көрерменге Отеллоның қызғанышы қандай, Гамлеттің қайғысы қайсы, Абылай ханның арманы не бәрібір. Өйткені, актер сол кейіпкерлердің образын ғана сомдап жүреді. Ал көрерменге әртіс емес, адам керек. Ол спектакльден Дездемонасын өзінің көлеңкесінен де қоритын Отеллоны емес, сүйіктісін өлердей қызғанатын өзін көру керек. Қалың қазақ арманы үшін Абылай емес, өзі күресу керек. Сонда ғана көрермен ішкі сұрақтарына жауап ала алады. Шәкен ата Аймановша айтсақ, «Театр – адамның өзін-өзі сахнадан көріп, өзін-өзі түсінетін орын».

Мысалы, Қалибек Қуанышбаев театрында М.Әуезовтың «Абай жолы» романы желісінде жазылған «Абай» деген қойылым бар. Қодар мен Қамқа үшін айтысып-тартысқан би-болыстар мен тақия киіп, таспих ұстаған шәкірттерді көріп, тура ХІХ ғасырға топ ете қалғандай боласың. Сосын біздің санамызға жатталып қалған шапан киіп, сақал қойған, қалың гриммен портреттік бейнесі дәл жасалған маңғаз Абай шығады сахнаға. Әдеттегідей актер ұлы ақынды еш кемшіліксіз идеал, бәрінен де ақылды етіп сомдап шығады. Романды оқығандар болса, оқиғаның ары қарай не болатынын алдын ала біліп отырады. Спектакль біткеннен кейін көрермен «Е-е, Абайды өз заманында ешкім түсінбепті ғой», «Ол қандай дана еді, әттең, қадіріне жетпепті» деп хакімді еске алып, оның бір ғасыр бұрын өмірден өтіп кеткеніне налиды.

Ал, шын мәнінде Абай өлген жоқ қой. Бәріміздің ішімізде «бір рет болса да өз өзімнен есеп алуым керек еді»деп ойлап, «Қолымды мезгілінен кеш сермедім-ау» деп өкініп, «Мал бағам ба, ел бағам ба, бала бағам ба» деп қиналып отырған бір-бір «Абай» бар ғой. Неге оны ойламадық? Өйткені, біз сахнадан өзімізді емес, Абайды ғана көрдік. Айтылып жатқан сөз де Абайдікі, ән де, әлем де Абайдікі. Солайша біз өзіміздің де Абай екенімізді байқамай қалдық.

Жақында жас режиссер Фархад Молдағалидің АBAI “JAN” деген моноспекталін көріп қайттым. Мұндағы Абай мен оқыған, мен білетін Абайдың бейнесін төңкеріп тастады. Менің алдымда шапан жамылып, тақия киген, сырбаз, салмақты, ақылды, дана, ақын Абайды емес, бетінде еш грим жоқ, жұқа көйлекшең, пафосты үнмен емес, сыбырлап-ақ сырын айтатын, бәріміз сияқты жүгіретін, құлайтын, қуанатын, жылайтын адам Абай тұрды. Бұл Абай идеал болуға тырыспады, ешкімге ақыл айтпады. Тек бәрімізбен адам болып сөйлесті. Өйткені, біз оған қарап отырып, өз ішіміздегі Абайдың үнін тыңдадық. Өйткені, сахнада Абай емес, өзіміз жүрген едік. Міне, өнер. Өнердің құдіреті адамның өзін тануға жетелеуімен өлшенбей ме?!

Біз көбіне тұлғалар образын ашуда оның сыртқы көрінісіне (киім, гримм, сол уақыт) ғана қатты мән беріп кетеміз де, ең негізгісі (ішкі даусы, жаны, идеясы) кейінгі сатыға ысырылып қалады. Олар өмір сүрген кезеңді тарих толқыны шайып әкетсе де, олардың жаны мен ойы әлі өмір сүріп келеді ғой. Көрермен мен оқырманға да керегі сол! Канадалық режиссер Робер Лепаж айтқандай «Адам бүгін театрға  ертең адам болып қалу үшін барады»...

Әсем Құлманова

Abai.kz

 

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3259
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5572