Сенбі, 23 Қараша 2024
Масқара! 8104 22 пікір 24 Маусым, 2019 сағат 09:10

Тарих институтының "жалған мәліметке толы кітабы" жарық көрді

Еліміздің тарихында ХХ ғасырдың бас кезінде өріс алған Алаш қозғалысының алар орны ерекше екені барша қазақ жұртшылығына мәлім. Осы жайтты ескерсе керек, еліміздегі тарих ғылымының қара шаңырағы саналатын Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты 2018 жылы «Қазақ мемлекеттілігі және Алашорда» атты ұжымдық монографияны (Алматы, «Литер-М» ЖШС баспасы. 720 бет) жарыққа шығарды.

Алаш тақырыбына К.Нұрпейісов, М.Қойгелдиев және Д.Аманжоловалардан кейін  қалам тартылмағалы ширек ғасырдан астам уақыт болды ғой деп әлгі кітапты қолға түскен бойда іздестіріп тауып оқыған сауатты адамның көңілі су сепкендей басылады. Өйткені, мұнда бұрынғы таптауырын болған мәселе қайта қозғалып, ешқандай тың дүние ұсынылмағаны бірден көзге түседі. Оның үстіне кітапта фактілерді бұрмалаушылық, өрескел қателіктер өріп жүр.

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры З.Е. Қабылдинов жазған кіріспе бөлімде аталмыш ұжымдық монографияның «Алаш тарихнамасын толықтыру» көзделгені аталып көрсетілген. Бірақ онда мағынасыз, тиянақсыз, қате құрастырылған мынандай сөйлем көзге ұрып тұр: «Алаш зиялыларының өмірі мен қоғамдық-саяси қызметі туралы ТМД елдері архив қорларында сақталған құжаттар мен «Қазақ» газеті баспа бетінен көре алады» (4 бет).

З.Е. Қабылдинов кіріспе бөлімде сөйлемді дұрыс құрастырып, өз ойын жеткізе алмағанына қарамастан 2018 жылы жарық көрген монографияда Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласынан үзінді келтіріп, Н.Ә. Назарбаевты Елбасы деп көрсетеді. Ол 2018 жылы Н.Ә. Назарбаевтың Елбасы ғана емес, Қазақстан Республикасының Президенті болғанын назарға ілмейді. Мұның өзі 2018 жылы жарық көруі тиіс болған кітаптың биыл, мерзімінен кешігіп 2019 жылдың жазында шыққанын білдіреді.

Алаш қозғалысына арналған бұл кітаптың мазмұны оның монография емес мақалалар жинағы екенін аңғартып-ақ тұр. Кітап мазмұнында бірізділік сақталынбаған. Бір автордың айтқанын екінші автор қайталап, әйтеуір кітапты ауқымды етіп мақсат етіп қойылғаны сезіледі.

Кітаптың бірінші тарауының алғашқы тармақшасы көрнекті алаштанушы М.Қойгелдиев «Алаш қозғалысы: теория мен практика» деген еңбегінен басталады. М.Қ.Қойгелдиев Алаш қозғалысының бастау көздерін, даму үрдісін дұрыс, дәл айқындап бергенімен басқа авторлар өрескел қателіктерге жол беріп, ҚР ҰҒА-ның академигі М. Қойгелдиевке өз көлеңкесін түсірген. Мәселен, А.М. Ауанасова мен Е.Қ. Нұрпейісовтің бірлесіп әзірлеген «Қазақ мемлекеттілігінің қайта қалпына келтірілуі – «Алаш» қозғалысының негізгі міндеттері» деген тармақшада «Жалпықазақ съезд (құрылтай) өтті, онда «Алаш» партиясының құрылуы жарияланған болатын. Бұл съезде «Алаш» партиясының көптеген идеялары талқыланды» (40 бет) деген қателік орын алған.

Қазақ саяси партиясын құру туралы идея 1917 жылы шілдеде өткен бірінші жалпықазақ съезінде көтерілгені белгілі. Бірақ бұл съезде партияның атын «Алаш» қою туралы ұсыныс та және бұл партияның ұстанымдары жайы талқыланбағаны және «Алаш» партиясын құру 1917 жылдың күзінде қолға алынғаны тарихшылар қауымына жақсы таныс. Осы жәйттің өзін А.М.Ауанасова мен Е.Қ.Нұрпейісов бұрмалап, «Алаш» партиясының құрылуы бірінші жалпықазақ съезінде жарияланды деп көрсетеді. Мұның өзі авторлардың өзі Алаш қозғалысынан жақсы хабардар емес екенін білдірсе керек.

А.М.Ауанасова мен Е.Қ.Нұрпейісовтің  «Жетісу мен Сырдария облыстары кірген Түркістан автономиясы» (40 бет) деп жазуынан авторлардың Жетісу облысының Түркістан автономиясын мойындайтынын танытпағанын және Сырдария облысының Түркістан автономиясына қосылуы жайын 1918 жылы қаңтарда Түркістан қаласында өткен съезде енді ғана қарастыра бастағанын білмейтіні сезіледі. Мұнымен қоса аталған ғалымдардың «Ресей Федерациясының құрамында «Алаш» автономиясын автономды мемлекеттік бірлік есебінде емес, тәуелсіз мемлекетті жандандырудың алғашқы әрекеті деп санауымыз керек. ... «Алаш» автономиясының Кеңес билігімен арасындағы шиеленіскен қарым-қатынас ақыры – Қырғыз Социалистік Автономиялық Республикасын құруға әкелді» (47 бет) деген пікір білдіруінің өзі қате екенін айта кету керек. Бұл жерде авторлар екінші жалпықазақ съезінде Алаш автономиясын жариялау кейінге қалдырылғанын, оны жариялауға Ә. Бөкейханның өзі қарсы дауыс бергенін ескермеген.

Кітапқа Б.Ғ.Аяғанның «Алаш қайраткерлерінің еңбектеріндегі мемлекеттілік идеясы» деген атпен енген тармақшасында да қателіктер байқалады. Оның «Алашорда автономиясын қайта құру ұраны ежелгі Қазақ тәуелсіз мемлекеттілігін – этностың ең қабілетті және басты қорғанысын қалпына келтіру туралы арманын білдіреді» (67 бет) деген пікірінің өзінен еліміздегі Мемлекет тарихы институты директорының өзі «Алашорда» деген автономияның емес, үкіметтің атауы екенін білмейді деуге негіз болады. Үкіметтің атауын автономияға телу –  өрескел қателікке жолберушіліктің айқын көрінісі.

Мемлекет тарихы институтының директоры Б.Ғ.Аяған фактілерді бұрмалауға, жоқ нәрсені бар етіп көрсетуге де құлшыныс танытқан. Бұған кітапта бірінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі қазақ зиялыларының қызметі баяндала келіп, «Көсбашылардың бірі Мұстафа Шоқай (Чокаев) «Қазақтардың өтініші», «Алдағы сайлауға», «Дума һәм Қазақ», «Оқырманның ескертпелері (Әскери мойынсыну Жарғысына қатысты)» мақалаларында реформаның қажеттігі туралы ашық түрде жазды» (76 бет)  деген пікір білдіруі дәлел.  М. Шоқай бірінші дүниежүзілік соғыс басталғаннан кейінгі кезеңде жоғарыда аталғандай мақалалар жазған емес. «Дума және қазақ» деп аталатын мақаланың авторы – А. Байтұрсынов.

Б.Ғ. Аяған аталмыш еңбегінде «Қорыта келгенде, «Алаш Орда (1917 ж.) бағдарламасы мен 1995 жылдың 30 тамызында референдумда қабылданып, 1995 жылдың 5 қыркүйегінде күшіне енген Қазақстан Республикасының Конституциясының арасындағы салыстырмалы талдау әрекеттері жасалды» (91 бет) дейді. Бірақ ол өз еңбегінің бірде-бір жерінен Қазақстан Республикасының Конституциясын Алашорда бағдарламасымен салыстыра талдағаны байқалмайды.

Осы кітапты шығару үшін мемлекеттің арнайы грантын (мақсаттық-бағдарламалық қаржыландыру – 2018 жылға мемлекеттен бөлінген қаржы көлемі 40 миллионға жуық теңге) алған М.М. Қозыбаева да өзінің Ж.Р. Байділдаевамен бірлесіп дайындаған «Алаш қайраткерлері еңбектеріндегі жер мәселесі» атты тармақта өзінің біліксіздігін, Алаш қозғалысынан мүлдем бейхабар екенін танытқан. Ол Алаш қайраткерлерінің жер мәселесін жазу үшін «Қазақ», «Сарыарқа», «Бірлік туы», «Жас азамат» газеттері және «Айқап» пен «Абай» журналы беттеріндегі материалдарды оқу керектігін ескермеген. Оның үстіне М.М.Қозыбаева мен Ж.Р.Байділдаева даярлаған мәтінде «Алашорда автономиясын қалыптастырғаннан кейін ол бұл жерлерді Алаштың қазақ автономиясы аумағы ретінде жариялады» және «Алашорда ұлттық автономиясының төрағасы Әлихан Бөкейхан қазақ хандықтарының Ресей бодандығына ерікті түрде енген тұстағы өзара шарттарға арқа сүйеді» (468 бет) деген ғылымға жат пікірлер орын алған.

Ғылыми негізсіз пікір білдіру Т.А.Рысқұлов деген автор әзірлеген  «Алаш және Башқұрт ұлттық қозғалысы» атты тармақшаға тән. Оның «А.-З. Уәлиди, Ә. Бөкейхан, М. Шоқай, М. Тынышбаев, Ж. Досмұхамұлы, В. Танашев ... бүкіләлемдік мұсылман қозғалысына қатысты» (353 бет) деген пікірін шектен шығушылық деп бағалауға болады. Ол жоқ нәрсені бар етіп көрсетуге тырысып, ғылыми негізсіз пікір білдірген.

Кітапта кейбір авторлар өзі білмейтін тақырыптарға қалам тартқан. Бұған Т.Әпендиев деген жас ғалымның Әзімхан Кенесаринді жазу барысында өрескел қателікке жол беруін дәлел ретінде айтуға болады. Ол Ә.Кенесаринді Әулиеатадағы Қазақ комитетіне төраға болды деп өтірік мәлімет келтіреді. Тарих бойынша PhD доктор атағы бар Т. Әпендиев Әулиеатада Қазақ комитеті болмағанынан, онда Қырғыз (Қазақ-қырғыз) кеңесі деген ұйым болғанынан бейхабар. Ол 1917 жылы тамызда Ташкент қаласында өткен Түркістан өлкесі қазақ-қырғыздарының жиынының (съезінің) шешімімен қоғамдық негіздегі Қазақ-қырғыз кеңестері деген ұйымдар құрылғанын және Әулиеата уезінде бұл ұйымды Ә.Кенесарин басқарғанына назар аудармаған.

Т.Әпендиев бірінші орыс революциясы тұсында Ә.Кенесариннің патша үкіметіне петиция жазуға атсалысқанын еш сілтемесіз баяндайды. Біздің отандық тарих ғылымында бұл мәселе тек Г.А.Бисенованың «Біріншіорыс революциясы тұсындағы азаттық қозғалыс» (М. Қойгелдиевтің шәкірті) атты диссертациясында ғана баяндалғанын Т.Әпендиев ескермеген және оған сілтеме жасамаған.

Базарбай Мәметовтың қызметіне арналған тармақшада Т. Әпендиевтің «Бірінші Жалпықазақ съезінің қорытындысы бойынша қазақ саяси партиясы құрылып, ол «Алаш» деп атанды деген пікір білдіруінен, оның Алаш қозғалысы тақырыбын дұрыс меңгермегенін айғақтайды.

Ж.Таңатарова «Алашорда және Ресей демократиясы» деген тақырыппен әзірлеген мәтінде Алашорда тарихы емес, Алашорда құрылғанға дейінгі жағдай баяндалып, тақырыпта мүлдем ауытқып кетушілік орын алған. Сосын кітаптағы «Мемлекеттік дәстүрді жаңғыртудағы қазақ съездерінің рөлі», «Қазақ комитеттерінің құрылуы және қызметі», «Алаш зиялылары Бүкілресейлік құрылтай сайлауынан кейінгі кезеңде» және «Алаш қозғалысы және түркі-мұсылман қайраткерлері кеңестік билік жағдайында егемендік үшін жүргізген саяси күрес» деген тақырыпшаларда бір мәселе қайталана берген. Былайша айтқанда, бір автордың айтқанын екінші автор қайталаудан ары аса алмаған. Осы себепті қазақ съездері, Қазақ комитеттері және  земство мәселесі кітаптың өнебойында қайталанған. Соның есебінен кітап бетінің саны арттырылған. Кітаптан қазақ съездері жайлы айтылмаған тақырыпшаны жоқ десе де болады.

Қорыта айтқанда, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты көзбояушылықпен айналысып, жұртшылыққа дүдәмәл, сын көтермейтін кітап ұсынған. Мұндай кітап рухани жаңғыруды ту етіп көтерген еліміздің өскелең ұрпағын Алаш қозғалысы жөніндегі танымын арттырудың орнына, оны кері қарай итермелеп, адастырушылыққа бастайды.

А.Қамбаров, тарихшы

Abai.kz

 

 

22 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371