Жексенбі, 24 Қараша 2024
Көршінің көлеңкесі 5865 10 пікір 24 Маусым, 2019 сағат 09:33

Қытайдың Қазақстанды зерттейтін институттары хақында...

“Қытайды зерттеп не керегі бар?”.  “Қытайдың кім екенін ата-бабаларымыз баяғыда-ақ айтып кеткен”. “Енді жетпегені Қытайды тануымыз еді, бұл Қытайландырудың бастамасы шығар”. Қазақстанда Қытайтану ғылыми орталығы құрылғаны жайлы хабарға байланысты әлемжелідегі пікірлердің көбі осының айналасында болып жатыр.

“Өзі де шыққалы тұрған көз еді” демекші, онсызда шіркін-ай көрінбейтін Қытай елінің, өз қарамағындағы қандастарымызға жасап жатқан мәмілесінен кейін Қазақтар үшін мүлде сүйкімсізденіп кеткені шындық. Қазақстандағы тұңғыш Қытайтану зерттеу институтының дәл осындай ұрымтал шақта құрылуының жоғардағыдай аңыстарға арқау болуы жөнді де. Осы институтты құрудың көкейтестілігі мен маңызын Қытайдың елімізді қалай зерттеп, барлап-бақылап отырғаны туралы өзіміз білетін мәліметтермен бөлісу арқылы ойымызды білдіргіміз келеді.

Қазақтың тарихына, ғұрп-дәстүрі мен мәдениетіне, өнеріне қатысты таза ғылыми бағыттағы бұрнағы зерттеулерді айтпағанда, Қытайдың Қазақстанды зерттеуі Кеңестер одағы тұсында қолға алынды. Кеңестер одағы, оның социалистік түзімі, саяси жүйесі, экономиканы басқару тәсілдері, азсанды ұлттарды меңгеру ойындары жаңадан ірге көтерген ҚХР/1949 жыл/ үшін үлгі болғаны белгілі. Тұтас 50-жылдарда Қытай Кеңестер одағын, оның құрамдас субъектілерін осы оңды қырынан үйрене, үлгі ала зерттеді. 60-70 жылдары екі елдің кетісуімен мұндай зерттеулер түбегейлі тоқырап қалды. 80-жылдардың басынан Қытайдың өзінің әлемге ашыла бастауымен бірге, Кеңестер одағымен қатынасының бір қалыпқа түсуімен, Кеңестер одағына қайырыла назарын бөлді. Өте-мөте Горбачевтің “жаңаша ойлауы” мен реформасы Қытайдың қызығушылығын тудырды. Сонымен, мамандандырылған зерттеу құрылымдары арқылы Кеңестер одағындағы реформа барысын, КОК-ның қадамдарын, осы елдің ықтимал даму бағытын және әлемдік тепе-теңдіктегі рөліндегі өзгерістерді боршалап зерттеуге ден қойды. Мұнан оның құрамдас субъектілері болған ұлттық республикалардың тағдыры да қағыс қалған жоқ.

Кеңестер одағының түбегейлі ыдырауы, еуразияның қолқа тұсына орын теуіп, айырықша геосаяси-экономиялық маңыз алған орта Азияны алдынғы шепке шығарды. Мұның ішінде, әсіресе, сол тұста ядролық қаруға ие, жаратылысы бай, экономикалық әлеуеті мығым Қазақстан бірден назарға ілікті. Қазақстанның Қытаймен, өте-мөте оның ең нәзік тұсы ШҰАР-мен шектесуі, екі ел аралық сауда-экономикалық-инвестициялық байланыстың қауырт нығаюы, оның кейінгі тәбеті ауқымды “бір белдеу, бір жол” бастамасының “жібек жолы экономикалық белдеуі” қанатының Қазақстаннан өтуі Қытай үшін Қазақстанды жіті зерттеу мен күзетудің көкейтестілігін тіптен арттырды. Осылайша, еліміз Қытайдың маңызды зерттеу обьектісі болып қалып отыр.

Біздің иелеуімізше, Қытайдың Қазақстанды тікелей зерттейтін құрылымдары мыналар.

1. Қытай ғылым академиясы жанындағы Ресей-Орта Азия/Орта Азия/-Шығыс Еуропаны зерттеу институты /1965ж. құрылған/.

2. ШҰАР Қытай ғылым академиясы Орта Азия зерттеу институты /1980/.

3. Шин жияң университеті Орта Азия зерттеу академиясы /1987 жылы құрылған Орта Азия мәдениетін зерттеу институтынан 2017 жылы кеңейтіліп жасқталған/.

4. Лан жоу университеті Орта Азия зерттеу институты /1994/.

5. Шаан ши педуниверситеті Орта Азия зерттеу институты /2004/

6. Шаң хай Қытай ғылым академиясы шығыс Еуропа және Орта Азия зерттеу институты /1981/.

7. Анхуй университеті Ресейді зерттеу институты /1979/.

8. Қытай халықаралық мәселелер зерттеу академиясы Еуразия зерттеу институты /1956, Сыртқы Істер Министрлігі қарамағында/.

9. Фу дан университеті Ресей және Орта Азия зерттеу орталығы /2005, бұрынғы Ресей-шығыс Еуропа зерттеу орталығы /.

10. Шаң хай шетел тілдері университеті Орта Азия зерттеу орталығы /2010/.

11. Шаң хай халықаралық мәселелерді зерттеу академиясы Ресей және Орта Азия зерттеу орталығы /1960/.

12. Қытай солтүстік-батыс педуниверситеті Орта Азия зерттеу академиясы /2016/.

13. Қытай халық университеті Шығыс Еуропа және Орта Азия зерттеу институты.

 Қазақстанды жанамалай зерттейтін құрылымдар:

1. Қазіргі заманғы халықаралық қатынастар зерттеу академиясы.

2. Қытай халықаралық мәселелерді зерттеу институты.

3. Бей жің университеті Азия-африканы зерттеу институты.

4. Қытай үкіметі дамуды зерттеу орталығына қарасты Еуразия қоғам дамуын зерттеу институты.

5. Лан жоу университеті ТМД зерттеу институты.

6. Орталық ұлттар университеті доңган зерттеу институты.

Қазақстанды зерттейтін салалық құрылымдар:

1. Қытай қылым академиясы университеті Орта Азия қоршаған орта және экология зерттеу орталығы /ШҰАР қоршаған орта және география институты базасында/.

2. Қытай мұнай барлау мен ашуды зерттеу академиясының Орта Азия және ресей зерттеу институты.

3. ШҰАР ғылыми-техникалық информациялар институты.

Бұлардан сырт, үкіметтік емес ұйымдар мен салалық ассоциациялар, ақыл ошақтары да /аналистический центр, Қазақстанды зерттеумен айналысады. Мысалы:

1. Қытай қылым академиясы Орта Азия достастығы ассоциациясы.

2. Қытай шығыс еуропа және Орта Азия іліми қоғамы.

3. ШҰАР Орта Азия іліми қоғамы.

4. Шанхай ынтымақтастық ұйымы зерттеу орталығы.

5. “Ұлы елдің бағдары” ақыл ошағының Орта Азия зерттеу орталығы.

6. Чин хуа университеті “бір белдеу, бір жол” стратегиялық зерттеу академиясы. т.с.

Қытайдың Қазақстанды зерттеуі бүгіндері тек оның қазіргі жағдайын зерттеп, келешегін бажайлаудан өтіп, осы бағытты жалғастыратын ұрпақ сабақтастығын қамтамасыз етуге көшіп жатыр. Мысалы, шин жяң унив., орталық ұлттар унив., нанжиң унив., ланжоу унив. мен Қытай ҚҒА ресей-ОА-шығыс еуропа зерттеу инст. қатарлы білім жұрттары ОА-ның саяси, экономика, мәдениеттерін зерттеу бағытындағы магистрлерді оқытып жатса, Қытай ҚҒА ресей-ОА-шығыс еуропа зерттеу инст./1997жылдан/, нанжиң унив., ланжоу унив., шанщи педунив. қатарлылар ОА тарихы мен этнология бағытындағы докторларды дайындауды бастап кетті.

Қытайдың Қазақстанды зерттеу “Қазақстанның жалпы жағдайы”/1992/, “көтеріліп келе жатқан ОА” /1993, гонконг/, “ОА:сырлы да бай елдер” /2002, тайуан/,“ОА бестігінің бедерлері” /1999/ сынды танымдық әм іргелі зерттеу еңбектерімен қатар, “ОА елдерінің сыртқы қатынастары”/1999/, “ОА-ның жаңа тұрпаты және аймақтық қауыпсіздік” /2001/, “батысқа есік ашу:Қытайдың солтүстік-батыс аймақтары мен ОА бес мемлекеттің байланыстары” /1995/, “Қытай мен ОА дербес елдерінің қатынасы” /1996/, “Қазақстан мен Қытайдың ШҰАР байланысы” қатарлы монографияларда көрініс тапты.

Тиісті зерттеулерді ұдайы жариялап тұратын басылымдар  Қазақстан зерттеудің қайнап жатқан қазанына айналған. Олардың бастылары:

1. ШҰАР Қытай ғылым академиясы Орта Азия зерттеу институты: “Орта Азия зерттеу” журналы.

2. Қытай ғылым академиясы Ресей-Орта Азия-Шығыс Еуропа зерттеу институты: “Ресей-Орта Азия-Шығыс Еуропа зерттеу” журналы.

3. Қытай ғылым академиясы Ресей-ОА-Шығыс Еуропа зерттеу институты: “Ресей-Орта Азия-Шығыс Еуропа нарықы” журналы.

4. Анхуй университеті Ресей зерттеу институты: “Ресей-Шығыс Еуропаны зерттеу” журналы.

5. ШҰАР ғылыми-техникалық информациялар институты:“Орта Азия экономикалық, ғылыми-техникалық информациялары”т.т-лар.

Жоғарыда аталған зерттеу құрылымдарының барлығында дерліктей өздерінің зерттеу еңбектері мен нәтижелерін жариялайтын мерзімді-мерзімсіз баспа алаңдары бар. Бұлардан басқа, Ішінара алманақтар мен белгілі жобалық тақырыптарға байланысты зерттеу қорытындылары да үзбей шығып тұрады.

2010 жылдан бастап шығып келе жатқан “ОА сары тысты кітабы:ОА елдерінің даму баянаты” Қытайдың елімізді зерттеудегі ең мазмұны бай, мерзімділігі ұтқыр, жүйелілігі жетілген құралына айналып үлгерген.

Құрмет Қабылғазыұлы

Abai.kz

 

10 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3259
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5572