Жұма, 22 Қараша 2024
Көршінің көлеңкесі 6907 18 пікір 20 Маусым, 2019 сағат 12:19

Дүкен Мәсімханұлы басшылық ететін «қытайтану орталығы» немен айналысады?

Кең-байтақ қазақ даласы бес мемлекетпен шекаралас жатыр. Соның ішінде солтүстіктегі көршіміз Ресей мен шығысымызда 1 460 шақырым шекарамыз шектесіп жатқан Қытайдың Қазақстанға әсері мол. КСРО кезінде бізге "аға халық" болған Ресейдің қазір де Ақордаға айтарлықтай салмағы бар. Бұл өз алдына бөлек әңгіме. Біздің айтпағымыз, соңғы жылдары Қытайдың да еліміздегі ықпалы күшейіп келеді.

Шығыстағы көршіміздің экономикалық және саяси шырғасына шым-шымдап батып бара жатқанымыз шындық. Ресми және бейресми деректерде Қытайдан алған қарызымыздың аз емес екені айтылады. Бұған қоса қазба байлықтарымыздың да қызығын қысық көздер көріп жүр деген сөздер бар. Қысқасы, құдайы көршіміздің қазақ даласы дегенде құлқыны кеңіп, араны ашылып келе жатқаны анық.

Қытай болсын, Ресей болсын кез-келген көршіміз Қазақстанды бес саусағындай біледі. Тіпті көршілеріміз ғана емес, алыс-жуық шетел ғалымдары елімізді алақанындағыдай аңдып отыр. Елде не жағдай орын алып жатыр бәрін көзбен көргендей жазып-сызады. Сондағы аңдитыны еліміздегі мың түрлі мүдделерінің жай-күйі екені белгілі. Біз сөз етіп отырған Қытайдың әр облысында Орта Азия өңірін арнайы зерттейтін орталықтар жұмыс істейтін көрінеді. Тіпті өз елімізде 5 Конфуций институты ашылып, онда 14 мың студент білім алып жатыр екен.

Ал Қазақстанда қытайтану ісімен ғылыми түрде айналысатын бірде-бір институт болған жоқ. Сол секілді өзге де ортақ қарым-қатынасымыз қою құдайы көршілерімізді танып-білуге талпынбаймыз. Еліміз ақпарат құралдары алыс шетелді айтпағанда стратегиялық маңызы бар көршілеріміздің күй-жайына көз салмайды. Басқаша айтсақ, «Путин аю мініп, аң аулайды» немесе «Қытайда ұрлық жасаған адамның саусағын кеседі» деген аңыз-әңгімелерден аса алмай жүрміз.

Жақында осы олқылықтың орнын толтырып, көршілерімізге ғылыми тұрғыдан көз салу мақсатында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университінің жанынан «Қытайтану ғылыми институты» құрылған болатын. Аталған ғылыми орталықтың бағыт-бағдары және жұмыс жоспарымен танысу мақсатында институт директоры, ақын, аудармашы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор Дүкен Мәсімханұлымен сұхбаттасқан едік.

- Өзіңіз жетекшілік етіп отырған «Қытайтану институты» жайлы толықырақ айтып берсеңіз.

- Жалпы бір мемлекеттің өзге мемлекеттерді зерттеп отыруы - өркениетті елдерде ежелден қалыптасқан үрдіс. Бірақ бұл үрдістің мақсаты мен міндеті заманның ауысып, уақыттың жаңалануымен өзгеріп те отыратыны жасырын емес. Мәселен, өткен ғасырлардағы батыс елдерінің шығыс елдерін зерттеуі, көп жағдайда ірге кеңейтуге жол ашу мақсатында қолға алынған болатын. Ал бүгінгі күні де бұндай зерттеулердің стратегиялық мақсаты мен өзектілігі бәлендей әлсірей қойған жоқ. «Қытайтану» ғылым ретінде өткен ғасырларда батыс елдерінде сол баяғы ірге кеңейту мақсатында қалыптасты да, кейіндеп, елтану ғылымына айналып қалды. Әрине, АҚШ, Ресей секілді алпауыт елдердегі қытайтану ғылымының стратегиялық мәні мен мақсаты әлі де әлсірей қойған жоқ. Ал Қазақстан үшін, қытайтану ғылымы саяси-стратегиялық тұрғыдан да, елтану ғылымы ретінде де қажет. Қажет болғанда жай қажет емес, өте қажет. Себебі бүгінгі ҚХР біздің еліміздің халықарадағы сенімді әріптесі, дос ел, тату көршісі дейміз. Көршімен, доспен тату болу үшін де біз оны әбден, жан-жақты танып-білуіміз керек. Мәселен, Қытайдың демографиялық экспанциясынан іргесінде отырған біз түгілі, Еуропада, Тынық мұхит аймағында, Африкада, тіпті Ұлы мұхиттардың арғы бетінде жатқан елдер де қауіптенеді. Алайда іргесінде отырған Жапония, Корея, Үндістан, Непал, Лаос т.с.с. көптеген елдер қытаймен тату-тәтті беймарал өмір сүріп жатыр. Бұның себебі не? Бұның басты себебі қытайды жақсылап зерттеп білу-білмеуде жатыр. Егер қытай халқының менталитетін, ресми Пекиннің ішкі-сыртқы саясатын, ел ішіндегі барлық жағдайды жақсы білетін болсақ, Қытай билігінің күнделікті тірлігіне қалт жібермей назар аударып отыратын болсақ, жалпы өзімізге келер кез-келген зиян мен қауіп-қатерге, сыйласып отырып-ақ жол бермеуге болады. Бұл бір. Екіншіден, қазақ пен қытай жер жаралып, су аққаннан бері көрші болып, Азия құрлығын қатар мекендеп келе жатқан халықтар. Тарихтағы аумалы-төкпелі замандардың кесірінен тарихымыз бен мәдениетімізге қатысты жазбалар өзімізде сақталмай қалды. Осы ақтаңдақтардың орнын да қытайтану ғылымының көмегімен толтыруға болады. Қысқасы біз «қытайдың жан саны көп екен, экономикасы мен әскери қуаты өте мықты екен, бізге күндердің күнінде осы елден қауіп төнуі мүмкін» деп басқа бір жаққа көшіп кете алмаймыз ғой.... Ендеше біз әрі ұлттық қауіпсіздігіміз үшін, әрі ол елмен тату көршілік, сенімді достық қарым-қатынасты сақтау үшін қытайтану ғылымын жандандыруымыз керек.

Қытайдың 22 өлке, 5 автономиялық өлкесінің бәрінде Гуманитарлық ғылымдар академиясы бар. Сол академиялардың бәрінде Орта Азия елдерін зерттеу институттары жұмыс істейді. Бұған көптеген өлке-қалалардағы Мемлекет қауіпсіздік комитетінің, сондай-ақ ЖОО жанындағы Орта Азия елдері ақпараттық-талдау орталықтарын қосыңыз. Олардың кейбіреуі ҚХР құрылған кезде бірге құрылған. Ондағы әр бір институт пен орталықтарында кем дегенде 10-20 қызметкер жұмыс жасайды.

Бізде жаңа ашылып жатқан Қытайтану институтының мойнына жүктеліп отырған міндеттер мен мақсаттарының ауқымын осыдан-ақ шамалай беруге болады. Атам қазақ «ештен кеш жақсы», «жоқтан бар жақсы» деген ғой.

Алдағы уақытта институт ҚХР ішкі-сыртқы саясатының басты бағыт-бағдарын, Ресми Пекиннің Шығыс және Оңтүстік Азия елдерімен, Тайванмен, Батыс әлемімен, Түркі әлемімен, Ислам әлемімен, Орта Азия елдерімен (оның ішінде әсіресе Қазақ елімен) қарым-қатынасын зерттеуге көбірек ден қоятын болады.

Сонымен бірге аталған институт ҚХР-ның өз ішіндегі этносаралық, дінаралық, экономикалық, саяси-әлеуметтік мәселелері мен жалпы беталысы туралы да ғылыми болжам жасап, өзіміздің билік бұтақтары мен жалпы оқырманға ұсынып отыратын болады. Бұдан тыс, Қытай мұрағаттарындағы ежелгі қазақ (түркі) тариxы мен мәдениетіне қатысты деректерді жинақтап шығару; Әйгілі қытай ғалымдарының ежелгі қазақ (түркі) тариxы мен мәдениетіне қатысты зерттеулерін, сонымен бірге қытай xалқының (xань зу) менталитеті мен таным-талғамын қазақ оқырмандарына таныстыру мақсатында қытай әдебиетінің таңдаулы үлгілерін қазақ тіліне аударып шығару да институт жұмысының негізгі бағыттарының бірі болып табылады. Сондай-ақ институт еліміздің салалық министрліктері мен ұлттық компанияларынан және жеке тұлғалардан арнайы тапсырыс қабылдай отырып, оларды уақтылы, сапалы орындап беруге де ықыласты екенін қаперлеріңізге саламыз.

- Бұл институтты құру жайлы көптен бері айтылып жүрді. Кімнің бастамасымен құрылып жатыр? Қай мемлекеттік орган жауапты болады, қалай қаржыландырылады?

- Бізбен, яғни Қазақстанмен көршілес елдердің қай-қайсысын алсаңыз да, олармен қарым-қатынастың өзіндік ерекшеліктері, өзіндік сыр-сипаты, мазмұн-мәнері бар. Ол қарым-қатынастардың бағыт-бағдарлары да сан алуан. Көршілес елдер арасындағы рухани-мәдени үндестіктің, тарихи сабақтастықтың, саяси сарындастықтың сындарлы да салиқалы үдерісін сақтай білу – бүгінгі заманның ауқымды да өзекті талаптарының бірі. Көршілес елдердің экономикалық, саяси-әлеуметтік мүдделері мен ұлттық қауіпсіздік мәселелерінің уақыттың, заманның, адамдардың рухани дүние-танымына әсері, ықпалы қалай болмақ? Бұл да үнемі басты назарда болуға тиісті ауқымды мәселенің бірі. Біз бұл рәуіштегі мәселелерге дер кезінде жіті мән беріп, мұқият назар аударып отырмайтын болсақ, мәселе қордаланып барып ушығып кетсе, оның зардабы тіпті де үлкен болады.

Негізінде барлық көршілермен, мейлі ол Ресей немесе Қытай, әлде Өзбекстан, Қырғызстан... болсын, сауда-экономикалық қарым-қатынастар белгілі заңдық, құқықтық негізге сүйенеді де, өзара өте ұқсас тәжірибемен жүргізіледі. Ал саяси-стратегиялық, рухани-мәдени қарым-қатынас мүлдем бір біріне ұқсамайтын, басқа-басқа әдіс-тәсілдермен жүзеге асырылады. Ол саладағы біздің Ресеймен қатынасымыз бір төбе, Өзбекстанмен немесе Қырғызстанмен тағы басқа. Көршілердің ішінде Қытаймен мәдени-рухани, саяси-стратегиялық қарым-қатынастың орны мүлде бөлек. Ең әуелі – бұл әлі күнге дейін жеткілікті зерттелмей келе жатқан, мүлде тың сала. Екіншіден, біздің Қытайды білеміз деуіміздің өзі де тым үстірт пікір. Қытайды біле бермейтініміз, әсіресе тәуелсіздіктен кейінгі ширек ғасырдан астам уақытта әбден байқалып қалды. Бұл мәселенің өзектілігі мен беталысы әсіресе қытайтанушы-ғалымдарға анық байқалып тұрар еді. Сондықтан да біз Отанға оралған күннен бастап аталған бағытта арнайы зерттеулер жүргізудің қажеттігін, жүйелі ізденістер жасаудың маңыздылығын айтып, жоғары-төменге дабыл қағып келген болатынбыз. Бұл ретте күнделікті БАҚ-та айтып, жазып келе жатқанымызды айтпағанның өзінде, 2001 жылы Елбасы Н.Назарбаевтың қабылдауында болғанда арнайы ұсыныс ретінде осы мәселені көтердік. Одан кейін қазіргі Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы болып тұрған кезінде бір неше мәрте қабылдауында болғаным бар. Бір жолы қытайтану институтын құрудың қажеттігін айтып, алдын-ала арнайы дайындап апарған тұғырнама-жоспарымды қолына ұстаттым. Ол кісі өзі де еліміздің іші-сыртына аты мәшһүр қытайтанушы-ғалым болғандықтан, аталған институттың еліміз үшін маңыздылығы мен көкейкестілігін өте жақсы біледі ғой, сондықтан болар, «бұл институтты тездетіп ашу керек» деп бірден кесіп айтты. Ал Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры, ҚР ҰҒА академигі Е.Б.Сыдықов мырзаға екі күннің бірінде айтып жүрген мәселе болатын. Сонымен биыл жыл басында Ерлан Бәтташұлының тапсырмасымен аталған институтты құрудың дайындық жұмыстарына кірісіп кеттік. Сонымен сәуір айының соңында қытайтану институтын құру туралы ректордың жарлығы шықты. Маусым айының басында мен конкурстық негізде аталған институтқа директор болып тағайындалдым.

- Жұмыс қашан басталады, қызметтік құрамдарыңыз қандай, қанша адам жұмыс істейсіздер?

- Жұмысы басталып кетті деуге болады. Өйткені қытайтану ғылымына қатысты зерттеулер бұл институт құрылмай тұрып-ақ айналысып жүрген жұмысымыз ғой. Қазір алда айналысар ғылыми жобаларымыз бен ауқымды тақырыптарымызды жүйелеп жатырмыз. Алдағы уақытта ретіне қарай сол жобаларымыз бен тақырыптық зерттеулерімізді жүзеге асыру үшін құзырлы мекемелер мен компанияларға ұсынатын боламыз. Ал институттың қызметтік құрамына келсек, әзірше штаттық кесте әлі бектілген жоқ. Бекітілген күнде де тым көп бола қоймас. Өйткені қазіргі заманның талабы бойынша, тұрақты штатпен ас ішіп, аяқ босатар әлде біреулерді жинап алғаннан гөрі, мықты мамандарды ғылыми жобаның қажетіне қарай белгілі бір мерзімге келісім-шартпен жұмыс істеткен дұрыс деп ойлаймын.

- Біздің елде Қытай мемлекеті жайлы түсінік тым таяз екенін айтып отырсыз. Сіздердің институт осындай түсінікті түбегейлі өзгерте ала ма?

- Біздің зиялы қауымның ішінде де, қарапайым тұрғындар арасында да, Қытай туралы мынадай екі түрлі көзқарас бар: Оның бірі, Қытайды «түкке тұрмайтын, қауқарсыз, әлжуаз» ел деп есептейтін көзқарас. Бұл әрине, сонау КСРО кезіндегі Қытайға қарсы үгіт-насихаттың қалдығы. Иә, КСРО дүрілдеп тұрған замандарда Қытай шынымен де «түкке тұрмайтын» әлсіз мемлекет болатын. Ал қазір ондай емес. ҚХР қазір әлемдік екінші экономикаға айналып үлгерген алып держава екенін саясаттан сәл ғана хабары бар адамның бәрі біледі. Екінші пікір, Қытайдан «басып алады, жаулап алады, жерімізді тартып алады» дейтін үрей. Түптеп келгенде бұл да тым ұшқары пікір. Қазақта «өзіңе өзің мықты бол, көршіңді ұры тұтпа» деген жақсы мақал бар. Осы мақалды көрші отбасылар деңгейінен көтеріп, халықаралық стратегиялық принцип ретінде де басшылыққа алсақ ұтылмаймыз. Халықаралық қарым-қатынаста кімнің заңы солқылдақ, қай елде парақорлық жайлаған, қай елдің тұрғындары патриот емес, қай елдің тұрғындары ертеңіне деген нық сеніммен өмір сүрмейді, сол ел түптің түбінде елдігін жойып тыныш табады. Сондықтан, еліңе, жеріңе, тәуелсіздігіңе ие болып қалу-қалмау ең әуелгі кезекте өзіңнің тірлігіңе байланысты. Осы тұста бір мысал, Оңтүстік Азиядағы Сингапур, Малайзия, Тайланд секілді біраз ел соңғы 30 жылдың ауқымында күрт қытайланып кетті. Ал жоғарыда айтқан Жапония, екі Корея, Үндістан, Непал, Лаос т.с.с. Қытаймен іргелес жатқан көптеген елдер бір қытайды өз жерінде бір күн тұрақты тұрғызбай-ақ, есесіне Қытаймен «тату-көрші, дос ел» ретінде ың-шыңсыз өмір сүріп келе жатыр.

Ол үшін не істеу керек? Біріншіден, билік халқымыздың өз елінде, өз жерінде, болашағына сенімді, ертеңінен алаңсыз өмір сүруі үшін қажетті шарт-жағдай туғызуы керек. Екіншіден, парақорлықты жойып, отаншылдық тәрбиені күшейту керек. Үшіншіден, маңайдағы барлық көршілер туралы (тек қана Қытай емес) ғылыми зерттеулерді күшейтіп, ел тұрғынгдары мен билік бұтақтарын ғылыми түсінікпен қамтамасыз ету қажет. Ал біздің институт қытайтану ғылымы бағытындағы зерттеулермен айналысумен бірге, жоғарыда айтқанымдай, қытай xалқының (xаньзу) менталитеті мен дүние танымын, таным-талғамын, тұрмыс-салтын еліміз оқырмандарына таныстыру мақсатында қытай әдебиетінің таңдаулы үлгілерін, таңдаулы фильмдерін, таңдаулы драммаларын қазақ тіліне аударумен де айналысатын болады.

Жалпы қытайтану институты құрылмай тұрып та қытайтану ғылымы біздің елімізде жап-жақсы өркен жайып келе жатқан болатын. Қазір Қазақстанда ой-санасы азат, жас қытайтанушылар шоғыры бар. Олардың бәрі өз жұмысын белсенді түрде жалғастырып, еліміз тұрғындарын қажетті ақпаратпен уақтылы қамтамасыз етіп тұратын болса, Қазақстан мен ҚХР қарым-қатынасында ұшқары пікірлер мен үрейлерге орын қалмаған болар еді.

- Қытай мұрағаттарындағы ежелгі түркі, қазақ тайпалары тариxы мен мәдениетіне қатысты деректерді іздеу жұмысы қалай жүреді?

- Қытай мұрағаттарындағы ежелгі түркі, қазақ тайпалары тариxы мен мәдениетіне қатысты деректерді жинау деген мәселеге келсек, бұған дейін біздің отандық ғалымдарымыз болсын, Қытайда өмір сүріп жатқан қандастарымыз болсын, Қытай мұрағатынан ежелгі қазақ (түркі) тарихына қатысты біраз деректерді жинап алып, аударып жарыққа шығарды. Сөйтіп ол еңбектер ұлттық тарихымыздың көптеген ақтаңдақ беттерін толтыруда ерекше игі әсерін тигізгені сөзсіз. Алайда бұл еңбектердің дені тарихи фактілерді өзек еткені жасырын емес. Біз алдағы уақытта тағы да Қытай мұрағаттарынан ежелгі қазақ (түркі) мәдениеті мен өнеріне қатысты деректерді жинақтап, қазақ тіліне аударуды көздеп отырмыз. Ондай деректердің бір парасы қазірдің өзінде қолымызда бар. Ал кем-кетігін Қазақстанның Қытайдағы елшілігі арқылы қытайдың орталық мұрағаттарынан алатын боламыз.

- Қытайдағы қазақтар мәселесі жайлы айтарыңыз...

- Иә, 2016 жылдың соңынан бастап Қытай КП ОК-нің қаулысымен жалпы ел көлемінде, оның ішінде негізгі нүкте ретінде ШҰАР-да «үш түрлі күшпен күрес» деп аталатын саяси науқан өрістеген болатын. «Үш түрлі күшпен күрес» дегені – діни экстремизммен, терроризммен, сепаратизммен күрес деген сөз. Бұл «күрес» әсіресе 2017 және 2018 жылдары Шынжаң өлкесінде өте сұрапыл жүрді. Сол жылдарда, кейбір өңірлердегі жергілікті құқық қорғаушылар мен кейбір шенеуниктердің асыра сілтеп жібергені соншалық, айтылмыш «күрес» барысында, көптеген жазықсыз жандардың жапа шеккені де жасырын емес. Мәселен, уатсап қолданғаны үшін, намаз оқығаны үшін, үйінен «Құран» кітап шыққаны үшін, кейбір жерлерде тіпті Қазақстанға келіп ықтиярхан алғаны үшін, т.с.с. әрекеттері үшін ондағы қандастарымыздың түрлі деңгейде жазаға (сотталу, саяси үйренуге тартылу, паспорты тартып алыну, еркін жүріп-тұру құқы шектелу) тартылғаны белгілі.

Зардап шеккен ағайындардың мұң-мұқтажы сол 2017 жылдың өзінде-ақ әр түрлі каналдармен Елбасының назарына жеткізілді. Н.Ә.Назарбаев сол кездегі СІМ министрі Қ.Әбдірахманов мырзаға арнайы тапсырма берді. Содан бастап Қазақ билігі ресми Пекинмен жиі-жиі екі жақты сөйлесулер өткізді, өзара делегациялар алмасып, жағдайды жіті зерттеп, мәселені оңтайлы шешудің жолдарын қарастырды. Соның нәтижесі болса керек, биыл жыл басынан бері ондағы жағдай ептеп қалыпқа түсіп, жазықсыз қамалған жұрттың біразы бостандыққа шығып, паспорты жиналып алынғандардың паспорты қайтарылып беріліп, Қазақстанға қыдырып келем деушілерге де, тіпті естулерге қарағанда, көшіп келем деушілерге де рұхсат беріп жатқан көрінеді. Сөз болып отырған мәселе бойынша ресми Пекинге халықаралық қауымдастықтың да ықпалы аз болған жоқ. Біздің өз есебіміз бойынша, бұл науқан осы жылдың соңына қарай мүлде саябырлап, қоғамдық тәртіп пен әлеуметтік жағдай өзінің қалыпты ырғағына көшуге тиіс.

- «Отандастар қоры» мен Қазақ қауымдастығы жақында «Қазақ куәлігі» деген құжатты айналымға шығаратынын айтты. «Оралман куәлігі», «ықтияр хат» алу машақатына енді осы куәлік қосылмай ма?

- Осы «Отандастар қоры» құрылды дегенді бір құлағым шалып қалғаным бар. Не істеп жатқанынан нақты хабарым жоқ. «Оралман куәлігі» деген бір кездегі «Қазақ куәлігі» деген құжаттың орнына берілген дүние еді ғой. Айырмашылығы «Қазақ куәлігін» Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы қандастардың шетелден алған жеке куәлігіне негізделіп бере беретін. Кейін оны жойып, орнына «Оралман куәлігін» республикалық және облыстық, қалалық көші-қон басқармалары беретін болды. Көші-қон басқармалары оны берудің тәртібін азаматтық беруден де қиындатып жіберген кезі болды. Түптеп келгенде осының бәрі бос әңгіме. Одан гөрі аталмыш «қор» шеттен келген ағайындар мен шетелде тұрып жатқан ағайындардың нақты проблемасын шешумен, оларға нақты көмек көрсетумен айланысу керек. Қандасымыз ба, шетелден көшіп келді ме, оларға азаматтық алудың тәртібін жеңілдетсін, қарапайым шаруа болса оларға егістік, жайылымдық жер мәселесін шешуге көмектессін, мамандық иесі ме, оған жұмыс тауып тауып берсін. Кәсіпкер ме, 4-5 жыл салықтан босатуға ықпал етсін... Қандас па, шетелде тұра ма, қандай мұқтаждығы бар, зерттесін, сөйтіп нақты көмек жасасын! Болмаса, көкек-шәйнек деп бір болмашы құжатты ары аударып, бері төңкергеннен май шыға ма?! Айналып келгенде, Абай атам айтқандай «Байда мейір, кедейде пейіл де жоқ....» дегеннің кері болмауы керек.

Қуаныш Қаппас

Abai.kz

 

18 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1434
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3200
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5142