Сенбі, 28 Желтоқсан 2024
Масқара! 8032 30 пікір 28 Маусым, 2019 сағат 18:29

Елбасы сөзін "ит тартқан тулақша" жұлмалаған кім?

Біздің елде кейбір мемлекеттік мекемелердің мемлекеттік тілді мойындағысы келмейтіні өкінішті. Қазақ тілінің қазақ елінде өгей күй кешіп жүруінің басты себебі де осы.

Павлодар облысы, Железин ауданындағы «Железин жалпы білім беретін №1 орта мектебі» мемлекеттік тілге деген құрметсіздіктің елде жоқ «озық үлгісін» көрсетіп отыр. Тұтас сөйлемді мән-мағынасы жоқ қойыртпаққа айналдырған железиндіктердің жанында бірер әріптен немесе сөзден жаңылғандармен жылап көрісетін секілдіміз.

Железиндіктер нағыз жүрек жұтқандар екен. Басқа-басқа Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтің сөзін ит тартқан тулақша жұлмалапты. Тап мына сөйлемнің қате екенін қазақ тілінен аз ғана сауаты бар адам да байқар еді. Сонда бүкіл бір ауданда мемлекеттік тілді білетін бір адам болмағаны ма?!

Мәтінді қараңыз:

«Офицер – бұл тұрақты шама әскерлер, орталық фигура, ми жолдас та қорыға әскерлер, ұйымдастырушы Жеңістер

Н.Ә.Назарбаев

7440 офицерлердің соғыстардағы жылда Кеңес одағының қаһарманың атағы лайықтаған, 115 офицерлердің олардың олары екі рет»

Аталған мектептің алғашқы әскери дайындық кабинетінің қабырғасында осындай «көркем мәтін» көзге ұрып тұр. Мына сөйлемнен бірдеңе түсіну мүлде мүмкін емес. Тіпті элетронды аудармашылардың өзі мәтінді мынадай мәнсіз етіп аудармайтын шығар. Бұл мемлекеттік тілді менсінбеу, қорлау және барып тұрған масқара!

Ресеймен шекаралас жатқан Железин ауданында қазақтардың үлес салмағы -  40,5 %. ал орыстар - 46,15% екен. Ауданды қазіргі таңда Қанат Шаймарданұлы Қашкиров басқарып отыр. Өмірбаянын шолып шыққан едік, тек Павлодарда оқып, Павлодарда қызмет етіп келе жатқан азамат екен. Қол астындағы білдей білім беру ошағы қазақ тілін дәл бұлай қорлағанына қарағанда, басшысының өзі мемлекеттік тілді меңгермеген болуы мүмкін.

Солтүстіктегі көршіміздің салқыны қатты тигенінен болар, елміздің түстік аймағы мемлекеттік тілге бей-жай қарайды. Ал біз сөз етіп отырған мына жағдай мүлде шектен шыққандық. Сол үшін де аудан әкімінің атын атап, түсін түстеп отырмыз. Мемлекеттік тілге құрметсіздік танытқан жауапты адамдарға тиісті шара қолдануды талап етеміз.

Қуаныш Қаппас

Abai.kz

30 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2068