28 маусымда Арыс қаласы ашылды. Жұма күні таңғы 6.00-ден бастап Шымкенттегі қырықтан аса эвакуациялық пунктен арыстықтарды автобус үйлеріне жеткізді.
Түркістан облысының әкімдігі бүгін, 28 маусымда экология министрі Мағзұм Мырзағалиевтің "қалада радиация жоқ" деген мәлімдемесін таратты.
"Ауа таза, су мен жер ластанбаған. Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Арыс қаласының экологиясы қауіпсіз екеніне кепілдік береді" дейді министр Мырзағалиев.
Түркістан облысы әкімінің кеңесшісі Сәкен Қалқаманов өзінің Facebook парақшасында арыстықтар отырған автобустар мен снарядтар құлап зақымданған үйлердің видеосын жариялады.
Кеше, 27 маусымда жүздеген арыстық көшеге шығып, "үйімізге қайтудан қорқамыз, басқа жерден баспана не жер беріңдер" деген. Билікке наразылық күшейген тұста Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев жарылыс болған қаланың 28 маусым күні таңғы 8.00-де ашылатынын хабарлаған.
24 маусым күні таңертең Арыстағы әскери оқ-дәрі қоймасында алдымен өрт шығып, кейін жарылыстар болған. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, жарылыстан үш адам мерт болып, 160-тан астам адам зардап шеккен.
Abai.kz