Жұма, 22 Қараша 2024
Масқара! 11473 9 пікір 2 Шілде, 2019 сағат 14:03

Жезөкшелердің "крышасы" Кулагин емес пе, Сағынтаев мырза?

Кеше Алматының жаңа тағайындалған әкімі Бақытжан Әбдірұлы Сағынтаев қызметіне кірісті. Ол Алматының Түркісіб ауданын аралапты. Сөйтсе, сол ауданның тұрғыны Әділжан Разиев дейтін азамат Сейфуллин даңғылында жезөкшелердің қаптап кеткенін айтып, шағымданған. Жаңа әкім, жауапты қызметкерлерге тапсырма беріп, аталған мәселені дереу шешуді бұйырды.

Бұл кешегі күннің жаңалықтар хроникасындағы басты тақырыптардың бірі болды.

Алайда, сол күні-ақ, әлеуметтік желіге Түркісіб ауданының әкімі Павел Кулагинге (Ақмола облысын басқарған Сергей Кулагиннің ұлы) түр-сықпыты келіңкірейтін азаматтың түнгі клубта анайы әрекеттер жасап жүргені бейнеленген видео тарады.

Видеоны желіге жүктеген Жанар Манақова есімді әлеуметтік желі қолданушысы видеоның оң жақ бұрышына Кулагиннің суретін қойып, “Бұлай әкімдер ғана демалады” деп жазған екен.

Әлгі даулы видеода Кулагинге ұқсас ер адамның түнгі клубта қыздармен көңіл көтеріп, билеп жүргенін байқайсыз.

Павел Сергейұлы Кулагин қазір Алматының Түркісіб ауданының әкімі. Кешегі Бақытжан Әбдірұлына шағымданған азамат басқа-басқа емес, дәл осы Кулагин басқаратын ауданның тұрғыны екен.

Павелдің әкесі Сергей Кулагин Қостанай мен Ақмола облысының әкімі, артынша ауылшаруашылығы министрі сияқты лауазымды қызметтерді ұзақ жыл атқарған адам. Экс-әкімнің ұлы небәрі 26 жасында Астананың Алматы ауданына басшы болып тағайындалған. Кейінірек «А» корпусында іріктеуден өтпегендіктен, қызметінен айырылды. Сөйтіп, 2016 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы қызметін атқарады. Бір жылдан соң Алматыға бет бұрған Кулагин мырза 2017 жылдың тамыз айында Түрксіб ауданының әкімі болып тағайындалды. Ал, 2018 жылы отыз екі жасында отбасын құрды.

Айта кетейік, Алматының “түнгі көбелектеріне” мекен болған Сейфуллин даңғылының төменгі бөлігі тікелей Түркісіб ауданына қарайды. Қаланың төменгі бөлігі болғандықтан, ондағы тазалықтың да жайы көңіл көншітпейді. Ал, жеңіл жүрісті қыздар емін-еркін жүрген соң, ол аумақта қымыстық істердің де көп болатыны белгілі. Ал, Кулагин мырза келген екі жылдың ішінде бұл мәселелер толық шешілді деп және айта алмаймыз.

Кеше жап-жаңа әкім тапсырма берді дедік қой. Бүгін жаңағы Сейфуллин даңғылынан 130 адам, оның ішінде ақшаға ақысыз қызмет көрсететін 53 әйел, пәтерді жалға беретін 13 адам, жезөкшелерді тасымалдайтын 5 жүргізуші және басқалары ұсталды деген ақпар шықты. 58 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жезөкшелер қызмет ететін "притон" иесі анықталып, оған 315 мың 625 теңге айыппұл салыныпты.

Жалпы, Сағынтаев мырзаның алып шаһардағы жеңіл жүрістілердің қызметіне шектеу қоюы бекер емес. Себебі, Атыраудағы толқудың бір ұшы осы жеңіл жүрісті қыздар мәселесіне барып тірелгенін көрдік.

Жоғарыдағы видеоның рас-өтірігін анықтау құзырлы органның міндеті. Мұны жұмысын "жезөкше" қуып бастаған Сағынтаев тез арада анықтатып, егер де анау анайы билеп жүрген адам шынында Кулагин болса, оған лайықты жазасы берілуі керек. Неге? Өйткені, біріншіден бұл биге қарап, "Жезөкшелердің "крышасы" Кулагин емес пе екен?" деген сауал еріксіз көмейге кептеледі екен... Екіншіден, Түркісібтің әкімі мынандай болса, ондағы жеңіл жүрісті қыздарды тию әсте мүмкін емес. Үшіншіден, мұндай әкім "балаларымызбен бірге вокзал маңынан өтуден қалдық" деген тұрғындарының жанайқайына құлақ түрмейтіні тағы анық.

Нұрбике Бексұлтанқызы

Abai.kz

9 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1463
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5322