Жексенбі, 6 Қазан 2024
2898 3 пікір 3 Шілде, 2019 сағат 12:31

«Ақ жолдың» сынынан соң Павлодардың әкімі қызметінен шеттетілді

Эбен жиһазын сатып алған әкім Әнуар Күмпекеев

«Эбен жиһазына» ессіз ғашық Павлодардың әкімі «Ақ жолдың» сынынан соң  қызметінен шеттетілді. БАҚ хабарлауынша, облыс әкімі осындай шешімді қала басшысының мемлекет ақшасына 50 млн теңгеге пәтер мен 6 млн-ға эбен жиһазын алып, «сенімнен айырылғаны» үшін қабылдаған.

Айта кетсек, 2019 жылдың 19 желтоқсанында «Ақ жол» фракциясы Павлодар, Атырау, Өскемен, Шымкент, Көкшетау, Батыс Қазақстан облысы Ақсай ауданы, Алматы облысының Жамбыл ауданы шенеуніктерінің мемлекет қаржысына үй алу мәселесіне байланысты Премьер-Министрге сауал жолдаған болатын.

Солардың ішіндегі сойқаны – Павлодар әкімінің 50 млн теңгеге алған 230 м2 көлеміндегі пәтері мен тағы да жалпы сомасы 226 млн теңгені құрайтын бес пәтер алуы болды.

«Ипотеканы төлеу үшін мыңдаған азаматтарымыз өздерін қаржылық жағынан шектеуге мәжбүр. «7-20-25» бағдарламасының өзінде пәтер құнының шектеуі көрсетілген – бұл жағдайда кей шенеуніктердің  сәнқұмарлығы сұрақ туындатады. Дәл сол Павлодар облысындағы «7-20-25» бағдарламасы бойынша баспананың шекті бағасы – 15 млн, ал әкімдік болса өз үйлерін бұдан 3,5 есе бағаға алып отыр», – делінген  Меруерт Қазбекованың депуттатық сауалында.

Бір апта бұрын, осы жылдың 21 маусымындағы Парламент палаталарының отырысында «Ақ жол» фракциясының көшбасшысы Азат Перуашев шенеуніктерді ысырапшылдығы үшін тағы да сынға алған еді. Сол Павлодарда тропикалық ағаштан жасалған әкім кеңсесінің жиһазына 10 млн теңге көлеміндегі саудаға тендер өткізілген. Қала әкімінің «тілегінің» ерекше болғаны соншалық, депутат алғашында әкімдіктің өтінімін дұрыс түсіне алған жоқ: «Мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялар асыра өмір сүруін жалғастыруда... Аймақ басшылары бюджет қаражатына қалаған нәрсесін алуда – зәулім үйлер, қымбат көліктер, эбен ағашының жиһазы.

Мүмкін жетер? Бай өмір сүргілеріңіз келсе – бизнеске барып, ақша табыңыздар. Ал мемлекеттік қызметкер әрбір тиынды үнемдеуі тиіс».

Сол кезде Азат Перуашев Премьер-Министрге хат жазып, оның іскерлік қасиеттерін ескере отырып, бюджет қаражатын пайдалануға байланысты мәселелерді реттеуді сұраған еді.

Көріп отырғанымыздай, жаңа үкімет депутаттардың наразылығына құлақ аса бастады.

«Ақ жол» партиясы мен оның депутаттық фракциясы сайлауалды бағдарламаны жүзеге асыру жұмыстарын және сайлаушылардың талаптарын орындауды жалғастыруда.

Abai.kz

3 пікір