Жексенбі, 24 Қараша 2024
4188 0 пікір 30 Маусым, 2019 сағат 18:27

Арыстағы 140 бала Бурабайға демалысқа жіберілді

24-маусым күні Түркістан облысының Арыс қаласында әскери қойма жарылды. Арыстық тұрғындардың қаланы тастай қашуына себеп болған жойқын жарылыс, бүкіл республика жұртшылығын бей-жай қалдырмады. Әсіресе, көпшілік Арыстағы балалардың жағдайына алаңдаушылық білдірді.

Бүгінде Арыс қаласындағы апаттан зардап шеккен тұрғындарға, олардың ішінде балаларға алғашқы күннен бері 180 ерікті психолог-педагогтар мен практиктер жәрдем көрсетіп жатыр. Мамандардың айтуынша, ондай жарылыстан психологиялық соққы алған балалардың қоршаған ортамен, айналасымен қарым-қатынасы өзгеруі мүмкін.

Бүгінде 24 мыңнан астам адам қауіпсіз аймаққа көшірілген орталықтарда балалар мен сәбилерге психологиялық көмек көрсеткен гештальт-терапевт психолог мамандар оқиға болған аймақта да емдік жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Қазір арыс қаласындағы әйелдер мен балалардың оқиғадан кейінгі психологиялық көңіл-күйлерін анықтау, аталған оқиға туралы түсіндіру жұмыстары психологтардың негізгі жұмысына айналған.

Сонымен қатар ерікті психолог мамандар ел арасында радиация, бактериологиялық қару-жарақ және көптеген адамадардың қайтыс болғаны туралы ақпараттардың жалған екенін анықтап, түсіндіріп жүр.

Ал, бүгін Арыстағы 140 мектеп балалары Ақмола облысына қарасты Бурабай оқушылар лагеріне демалысқа жіберілген. Сонымен қатар, екі жүз бала Нұр-Сұлтан қаласына саяхат жасамақ. Олардың қаіпсіздігі үшін бірнеше тәлімгерлер жұмылдырылған.

Арыстағы оқушыларды лагерьге жіберудегі мақсат – апаттан кейін мектеп оқушыларының санасында жағымсыз факторлардың сақталмауы үшін болып отыр. Ал, бүгін балалардың ата-аналары Шым-қаладан сәт-сапар тілеп, шығарып салды.

Еске сала кетейік, Арыс қаласында 19 916 бала білім алатын 40 мектеп бар. Ал, мектепке дейінгі білім ошақтарында 5071 бала тәрбиеленуде. Түркістан облыстық әкімшілігінің мәліметіне сәйкес, бүгінге дейін Арыс қаласының 570 бала жазғы лагерьге жіберілген.

Ал, алдағы уақытта Арыс қаласының 725 ке жуық балалары Қазақстанның басқа да аймақтарына демалыс пен саяхат жасауға жіберіледі. Жалпы,жазғы демалыс орындарына төрт мыңнан астам бала жіберу жоспарланса, алдағы шілде айында бес жүзге жуық бала жазғы лагерьлерде демалатын болады.

Айта кетейік, бүгінде Арыс қаласын қалпына келтіру үшін Мемлекет тарапынан тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Үкімет басшысы Асқар Маминнің айтуынша, Арыс қаласының тұрғын үй құрылымы мен инфрақұрылымын бір айдың ішінде қалыпқа келтіреді. Қазір ондағы жеті мың жеті жүзден астам баспана толығымен қалпына келтірілген.

Ал, Арыстық балалардың жазғы демалысын еліміздің әр аймағы қамтамасыз етіп отыр. Күні кеше Арыстағы апаттан зардап шеккен жүзден астам бала Жамбыл облысының “Болашақ”, “Таусамалы” сауықтыру кешендеріне жіберілген.

Арыстық балаларды жазғы демалыспен қамту басқа өңірлерде де жалғасын таппақ...

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5543