Сәрсенбі, 18 Қыркүйек 2019
Әдебиет 2265 5 пікір 8 Шілде, 2019 сағат 12:54

Әлихан Нұрбергенұлы. Жан азасы (әңгіме)

О, дүние-ай, бір кеудемде екі жан,

Тартысады екі басты жыландай.

Бірі жерді ұнатады жанындай,

Жер бетінің бар қызығы оған тән.

Екіншісі лапылдайды жалындап,

Жоғарыға сүйрелейді бағынбай.

***

Періштелер

(Фаусттың өлмес рухын көтеріп биікте қалықтатып ұшып келеді)

Ізгі рухы бұзылғанның,

Босаттық кешіп кінәсін,

«Үнемі алға ұмтылғанның

Жуа аламыз күнәсін».

Мәңгі адал махаббаттың

Мейіріне бөленді.

Тиді биік шарапатың,

Еңбегіміз төленді.

Иоганн Вольфганг Гете

«Фауст»

Менің жазумен айналысатынымды білетін бір досым жұмыс орныма осы жазбаны әкеліп берді. Жазбаны оқып шығып ұзақ уақыт ой қамауында қалдым. Кейіпкеріміздің ішкі толғамы адамзат баласының мүдде мақсатын ойлаудан туған секілді. Рас, жан дүниемізде біз білмейтін өзімізге мәлім емес қаншама сырлар жатыр. Адалдық пен арамдық, жақсылық пен жамандық, мейірім мен тас бауырлық кейде айтысып, өзара тартысып жатады. Тағдыр жазуы деп өмірімізді өзгелермен байланыстырып, басқалардың пікірімен ғұмыр кешетінімізді жоққа шығара алмаймыз. Тағдырымызға қай адамның қандай ықпал жасап жатқанынан мүлде хабарсызбыз. Сіз де пікіріңізбен бөлісерсіз. Кейіпкеріміздің жазбасын өздеріңізге ұсындым.

***

– Жарайсың! Жарайсыңдар! – деп көрермендер тұс-тұстан түрегеліп сахнадағы актерлерге қошемет көрсетіп жатыр.

- Режессер! Сен де жарадың! – дейді енді біреулері.

Мен спектакльден алған әсерімді көрермендердей шулап сыртқа шығарып жібергім келмеді. Орнымнан қозғалмадым. Гамлеттің қайғысы, өзгеріске ұмтылысы, жанталасы, Шекспирдің шеберлігі, патша тұқымының күйініші көз алдымда тұрды. Саралап ой елегінен өткізе бастадым. Көрермендер қошеметпен пейіл-құрметін Гамлеттің рольін сомдаған актерға білдіріп, іле-шала әлдебір жаққа асыққандай екі қапталдан ашылған есіктерден шығып тарқаса бастады. Аяңдап мен де шықтым.

Көктемнің құбылмалы кеші. Тау жақтан салқын леп еседі. Көшені бойлай тізіле жанған шамдар сығырайып, көлеңкені көбейтеді. Көлеңкеме қарап келе жатып ойланамын, жанымда дәл осылай бірге қимылдайтын, жасаған ісімді қатесіз қайталайтын адамдар болса деп.

Соңғы екі аптада күйзеліске түстім. Ширақтығымнан айрылдым. Мезгілдің әсері болар деп жобалаймын. Жұмыстың берекесі қашып тұр. Әріптесім:

– Саған демалыс керек, әйтпесе ауруханадағы өзің емдеп жүрген науқастармен бірдей боласың, – деп кекете мысқылдайды. Мені шаршатып жүрген жел сөздер емес, жұмысымдағы аурулар. Дәлірек айтатын болсам жындылар. Ғаділ деген жасы қырыққа таяған кісі бір ай бұрын біздің ауруханаға түскен еді. Mенің қарауымдағы науқас. Күні бойы есімді шығарады, арақ сұрайды, темекі сұрайды, одан қалды көк мылжың әңгіме бастаса тоқтату мүмкін емес. Ұйқыға жатқанша не шындық жоқ, не жүйе жоқ ертегілерін айтады. Ол аздай серуендегім келеді дейді. Ауладағы баққа апарсам, қаланың ортасындағы саябаққа апар дейді. Қысқасы тілегі көп, қайсы бірін орындайын. Ол адамның сандырағынан әбден шаршадым. Дәрісін артық беріп өлтіріп тастар ма еді. Құдай сақтасын! Бірақ Ғаділ енді тағы бір ай ауруханада болатын болса, мен оны...

Ертеңіне жұмысқа барып, кабинетімдегі ақ халатымды киіп бастыққа кірдім. Менің соңғы кездегі түрімнің солғын тартып, жүдеу көрініп жүргенімді ол байқағандай еді.

– Отыр, келгенің дұрыс болды. Әріптестерің сені жұмысқа құлқы болмай жүр дейді. Бір аптаға босатамын, тауға бар, демалысыңды жақсы өткіз, – деді бастығым.

– Иә, аздап демалсам жақсарамын, – дедім ауырсына сөйлеп.

– Айтпақшы Ғаділдің жағдайы қалай, – деді. Лезде ашуым келе қалды.

– Өлтіремін оны! – дедім түтігіп.

– Жә, сабыр! Ең алғашқы жылдары жұмысыңды тыңғылықты жауапкершілікпен атқарушы едің. Сенен үлкен үміт күтуші едік. Бұл бетіңмен кете берсең, сен де сол аурулардың қасыңда жатасың, – деді даусын көтере.

– Мен олармен бірге ем қабылдауға қарсы емеспін басеке, – деп күле сөйледім.

– Түсінемін, олармен жұмыс жасау өте қиын. Жақсы бара бер, реттеліп келетін бол, – деп мені шығарып салды. Бастығым менен үш-төрт жасқа үлкен. Қатар құрдастай әңгімелесе береміз. Жұмыс бабына келгенде өзге қызметкерлерге қатал. Бүгінгі сөздері маған жағымсыз болғанымен, басқа қызметкерлерге айтса еркелеткенмен бірдей болар.

Түске таяу үйге келдім де, ас ішіп ауқаттанып алдым. Бір апталық демалыс деген сөз бойымды сергітіп жібергендей. Көңіл күйім көтеріліп жақсарып қалдым. Кітаптар мен медициналық журналдарды жиыстырып жүріп, тауға да, қала сыртына демалуға да бармайтын болып шештім.

Өзім де түсінбеймін кей уақытта бойымда өзге күш пайда болады да, мені қауіпті істерге итермелейді. Міне, демалысыма кедергі келтіріп тұрған сол белгісіз тылсым күштің әсері. Бұл жолы қарамағымдағы ауруды өлтір деп бұйрық бермеді, мені, әбден қаныма сіңген құмар ойындарына сүйреді. Кеудемді еріксіздік билеп, үйден шыға көше бойын жағалай самсаған құмарханалардың біріне кірдім. Қабырғада ілінген жарқ-жұрқ еткен теледидар экрандарынан ойын сандары, бәс коэффициенттері, ақша мөлшері көрсетілген. Қаз қатар тізілген компьютерлерде джокерлер мен жасырылған карталар. Бәсіңді кассирге төле де, жасырылған карталар арасынан джокерді тапсаң, ұтқаның. Келесі мониторда айналмалы сандық үстел. Дюжинаны дәл тапсаң үш коэффициентке салған бәсіңді көбейт те ала бер. Баюдың ең оңай жолы осы. Шынымды айтсам, жұмысқа орналасқалы айлық жалақымның бір рет болса да рақатын көрмеппін. Қолыма түскен күні құмар ойындарға жұмсаймын. Ұтысқа іліккен күндерім де болды әрине, ал қарыздарымды есептесем шаш етектен, мазам қашады. Күндіз бас сұқсаң да құмархананың іші күңгірт тартып, қараңғылық басып тұрады. Бірнеше сағат бойы айналама қарағыштап үрейленіп отырамын. Ол қылығымның себебін де түсіндіріп бере алмаймын. Белгісіз күш үнемі мені опа бермес құмар кеңсесіне аяқ бастырады. Сол күні түстен кейін кіргеннен, таңғы сағат бес жиырмада шықтым. Көзім бұлдырап, мониторларға қарап отырып басым қатты ауырды. Үміт пен күдіктің күресі аяқталып, бір тиынсыз қалдым. Қарапайым ақымақ ойын, әшейін сандарды не карталарды дәл табу, ойлап тұрсаң  нағыз ақымақтарға арналған ойын. Құмар ойындарға құштар ақымақтар арасынан екенімді сезінсем, өзімнен қатты жиіркенемін. Мені бар ақшадан айрылып қалғандығым күйзеліске түсірмейді, мені ашуландыратыны ессіздерге арналған ойынды ойнауымда.

Үйге келген соң кірпіктерімді айқастырып жатқаныммен, ұйқым келмеді. Көзім ісіп, жүйкем ауыра бастады. Ертеңіне күндіз таныстарымнан, достарымнан қарыз алдым. Үлкен сомаға да ұрындым. Екі күн тағы дюжина мен джокерге бар үмітімді артып қойып, дымсыз қалдым. Демалысымның қалған үш күнін де солай өткіздім. Қарыз алдым. Кеш түсіп, қараңғылық жайласа бойымды алабөтен бір күш билеп алады да, құмарханаға апарады. Мен солай құрдымға кете бердім, қарызға бата бердім.

Қырсық атқан күндер болды. Өшімді кімнен алу керектігін жақсы білетін сияқтымын. Апталық «демалысымнан» кейін жұмысқа асығып келдім. Ғаділдің жанын жаһанәмға аттандырып салып, өзімді тыныштандыратындай сезіндім. Кабинетіме кіріп халатымды кидім де, іште отырған медбикеге:

– Бүгін Ғаділге дәріні өзім саламын, – дедім қатқыл үнмен.

– Жақсы, бірінші бастыққа кіріп шығарсыз, сізге айтары бар екен, – деді әлденеге алаңдаған адамдай.

«Әуелі Ғаділге екпе жасайын, одан соң бастыққа кіріп шықсам, осы уақыт аралығында ол жындының демі бітпейді ме?» – деп ойладым. Сөйтіп медбикенің беріп жүрген күндегі дәрісін нормасынан асыра құйдым да Ғаділдің бөлмесіне бардым. «Жеттім-ау осы күнге, бір жындыдан құтылатын уақыт та келді-ау» – деп өз өзіме күбірлеп қоямын. Науқастың бөлмесіне кірсем, терезенің пердесі ашық тұр, бөлме іші жап-жарық. Төсек орнын тап-тұйнақтай етіп жинап қойыпты. Ғаділ болса жоқ. Дәлізге шыға бере қарсы бөлмеге кіріп бара жатқан екінші қабатты тексеретін медбикеден Ғаділді сұрап едім:

– Демалысқа кеткен күннен бастап сізді күні-түні сұрап, шарқ ұрып іздеп, жаны байыз таппай бір жерде отырмады. Қолымыздан ештеңе келмеді. Тек сізді сұрай берді, сұрай берді. Есіміңізді айтып, «ол бүгін келуі керек еді» – деп күтіп жүрді. Бесінші күні безгек ұстаған адамдай қалшылдап барып құлай кетті. Бас дәрігер де қарады, қайтыс болды, – деп маған көзін төңкере қарады. Медбикенің жүзінен кейіс аңғардым. Төбемнен жай түскендей болды. Қатты қапаландым. Мен Ғаділге жаманшылық қана ойладым, емдеп жазайын деген ынта-жігерім де болмады. Оны өлтірмек болып қаншама рет оқталдым. Ал ол науқас болса да мені іздепті, келеді деп күтіпті. Ақыл-есі кем болса да мені сұрапты, жақын санап бауыр басыпты. Дәрігерін қорғанындай көріпті. Недеген жексұрын едім. Өзімді жанына жақын тұтқан адамды жек көріп, көзін құртуға дайындалып келдім. Өзімнің қылығымнан қатты ұялып, тағы да жиіркендім. Дәрі құйылған инені еденге лақтырып жіберіп, дәліздегі орындықтардың біріне отыра кеттім де, еңкілдеп жыладым. Неге жыладым, кеш түсіндім. Ол енді қайтіп келмек емес. Қай адамның да, қай жақынның да қадірін жоғалтқан соң түсінетініміз қандай қасірет десеңізші. Қанша уақыт жылағаным есімде жоқ, бір мезетте басымды көтеріп қарасам, әріптестерім жиналып қалыпты. Қызметкерлер жұбатып көңіл айтты.

– Аға-інідей мұнша жақын болып кеткендеріңді білмеппіз. Қайғырма бауырым, – десті.

– Тағдыр жазуы, мұңайма, – деді біреулер.

– Басқа да науқастар жетіп жатыр, – деді енді біреулер жұбатқан сыңай танытып.

Бірақ ешкім менің қателігім мен қатігездігім үшін жылағанымды түсінген жоқ.

Біраз уақыттан соң орынымнан тұрып, бастықтың кабинетіне кірдім.

– Кел, отыр. Естіген боларсың. Сені шақырғымыз келді. Тауда не қала сыртында болса әуре қылармыз деп... Ол сұрай-сұрай қоятын шығар дедік. Не де болса кеш болды бәрі. Шынымен қайғырып тұрсаң, көңіл айтамын, –деді көзілдірігін шешіп үстел үстіне қойып. Бастығымның сөзін мұқият тыңдап отырып қаным басыма тепті.

– Қайғырып тұрсаң? Қайғырып тұрсаң дейсіз бе? – дедім ашуланып.

– Тоқта, неге ашуланасың? – деді ол да шаптыға сөйлеп.

– Мен оны әуелгі келген күннен бастап жек көргем. Бүгін қатты өкініп отырмын. Осы мінезіме, осы адам сүймес жиіркенішті ісіме, жаман ойларыма, зұлымдығыма... Өзімді кешіре алмаймын. Қандай өкінішті еді. Неге оның өлімін мақсат тұттым. Неге? – деп үстелді жұдырығымды түйіп қойып қалдым.

– Кінәлі сен емес. Тағдыр.

– Ең жаман қасиетіміз, адамның ең жаман сылтауы тағдырға кінәні арта салу, – дедім көзімді шарасынан шығара бақырайтып.

– Тағдыр екенін дәлелдеудің еш қажеті жоқ. Сенің де мына күйің тағдырдың ісі, өзіңнің зұлым екеніңді білесің, жаман қасиеттеріңді білесің, бірақ өзіңді жеңе алмайсың. Қаныңа сіңген зұлымдықпен арпалысып көрдің бе? – деді, менің осал тұсымды тапқандай қулана.

Қателігімді мойындамасқа шарам жоқ еді.

– Зұлымдық менде ғана емес сізде де бар, оларда да, барлық адамда бар. Адамзат тариxындағы соғыстың бәрі зұлымдық пен ізгіліктің (бейбітшілікті жақтаушылардың) арасында болған. Қазіргі тариxи романдар мен кинолардың барлығы дерлік қиял әлемін бойлай сүңгіген. Фантастикалық фильмдерде бейбітшілікті жақтаушылар деп жер жүзіндегі адамдарды алады да, зұлымдық атты жиіркенішті өзге ғаламшарлықтарға таға салады. Біздің ортақ белгісіз дұшпанымыз, ортақ жауымыз сол өзге ғаламшарлықтар дегенді адам баласының санасына енгізу арқылы әлем xалықтарын бейбітшілікке, бірлікке шақырғысы келеді. Басты идеялары осы. Біздің дұшпанымыз ғарыштағы, галактикадағы белгісіз мақұлықтар емес қой. Басты қарсыласымыз адам мен адамның, ел мен елдің арасындағы зұлымдық атауы, соғыс атауы. Әлем бейбітшілікті неге қалайды? Жоқ... Әлем қалап отырған жоқ. Әлсіздер қалап отыр. Озбырлар бәріне дайын, қазір-ақ жер дүниені төңкеріп салудан тайынбас. Әр елдің тәуелсіздік алу жолында әр қилы күресі мен алуан тариxы бар. Мықтылар ұлтын мұратына жеткізген. Бірақ тәуелсізбіз дегенмен әр xалық өзінің шынжыр балақ шұбар төс билігіне тәуелді. Олай дейтін себебіміз тариxтан мыңдаған дәлел тауып берсек болады. Бір ғана мысалы Еуропаны екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Фашизмның билегені жақсы ма, КСРО ның билегені жақсы ма? Дінің азат болғанмен діліңде тұсау, тәнің азат болғанмен жаныңа кісен, басың азат болғанмен тіліңе күрмеу, өзіңе құрық, болмысыңа шідер. Бітті! – дедім де, бастығымның алдында тұрған темекіні алып  тұтаттым.

– Сен секілді түсініп біле тұра ешкім күреске түспейді, – деді ол да темекісін алып.

– Ертегінің барлығы зұлымдықты жеңген xас батыр қаһарманның ерлігімен аяқталады. Аузынан от шашқан жеті басты айдаһардың жеті басын да кесіп, әлемді құтқарады. Бүгін ше? Бүгін, сол жер жаһанды жаулайтын от үрлейтін айдаһарды, яғни ядролық қаруды тоқтататын жеті миллиард адамның ішінде неге бір батыр жоқ. Көрдіңіз бе, біз зұлымдықты ешқашан жеңген емеспіз, тек қиялымызбен ғана жаншығанбыз. Оны мүмкін арамызда да, келер ғасырларымызда да жеңе алмаспыз. Менің қолымда барлық адамзатты құтқаратын мүмкіндік болса, онда өзге ғаламшарлықтармен де соғыспаймын, жерге жақындаған метериот тастарын да атқыламаймын, зұлым адамдардың басын алып өздерінен бастаушы едім.

Шындығында жан иесіне әзірейіл өлім періштесі қай кезде келеді? Иә, ақиқатты танып болған сәтте. Тіршілік пен жаратылыстың құпиясын ұққан сәтінде ажал келмек. Әйгілі Гетенің Фаустты аяқтаған шағы, ақын жаратылыс атауын толық түсінеді. Оның тіршілік алдындағы соңғы миссиясы сол болатын. Кейінгілер шығарманы оқып түйсінсе, бақытсыз болады. Өйткені дүниенің қыр-сыры мәлім етілген. Адамның көрсеқызарлығы, қанағатсыздығы, тойымсыздығы, ашкөздігі, пасықтығы барында бейбітшілікке жеңіс әперу деген барып тұрған ақымақтық.

Бір сәт болса да өлім жайлы ойлап көріңізші. Жай ғана ойша оныншы қабаттан құлап бара жатырмын деңіз. Қандай қорқынышты кез солай ма? Мұны түсіңізде көрсеңіз шошып оянар едіңіз. Рас, бізге өлімді сондай қорқынышты сипаттап тастаған. Өлуіміз шарт. Қорқынышымыз дәуірлер бойы жалғасып келе жатқан рефлекс. Неге қорқынышты, әрине өлімнен соң барлық ақиқатты білеміз. Өмірде ертерек біліп қойсаң, ертерек өлім сені өмірден ажыратып әкетеді. Өмірдің сырын ұғып қойдым. Мен де бақытсызбын, – дедім шын өкініп.

Ол біраз уақыт үнсіз отырды да:

– Сонда өмірдің сыры неде? – деді ойланып отырған күйі.

– Әділетсіздік! Иә, өмір әділетсіздіктен құралған. Сырына үңілсеңіз мендей бақытсыз боласыз.

– Міне, бір апталық демалыстың «жақсы» болғанын қарашы. Сені жұмысқа ынта-ықыласпен кірісеме десем, қиялға батып келіпсің ғой, – деп кекете күлді. Ол менің ойынxанада өткен уақытым жайлы білмейтін.

– Ендігі тапсырмамды тыңда. Басты тақырыпқа көшейін. Ауруxанаға сен демалысқа кеткен күні түстен кейін жиырма екі жасар қыз келіп түсті. Үшінші қабаттағы отыз үшінші бөлмеде. Саған тапсыратын болып шештім. Бір апта бойы медбикелер бақылады. Түсініксіздік тудырып тұр. Туыстары әкелген күні «уайымшыл қыз еді, күйзеліске түскеннен жүйкесі сыр бере бастады. Соңғы кездері оғаш қылықтар мен өзгеше мінез көрсетіп жүр», – деп кетті. Бірақ жай ғана мұңға бата беретін меланхолия болып шықпады. Өте қорқынышты жайтқа тап болдық, – деп бастығым көз әйнегін киіп, маған бажайлай қарады.

– Айта беріңіз, – дедім. Ойымнан Ғаділдің қазасы да, өзіме деген жиіркеніш сезім де ұмытылған. Бастығым тамағын кенеп алды да:

– Жүйке ауруына ұшырады деген науқас екі күннен соң өзгеше қылықтар көрсетті. Кішкене баланың ісін жасады. Терезедегі гүлдердің топырағын шашып ойнап, бөлменің астан-кестеңін шығарды. Медбикелердің қалталарын ақтарып кәмпит сұрады. Бөлмедегі жиһаздарды орнынан қозғап үйшік жасап, ұйқыға жатқанша күн ұзағы ойын қуды, – деді де, орнынан тұрып бұрыштағы графиннен су құйып алып, менің алдыма қойды.

– Иә, басеке, менің де кішкене бала секілді ойнап кететін кездерім болады. Мысалы жасырылған карталардың арасынан джокерді іздеп ойнаймын, – деп өзімді кекете мырс еттім.

– Жоқ мәселе сен ойлағандай оңай болмай тұр. Ол қыз екі күн бойы байсалды қазіргі жиырма екідегі қалпында отырады да, үшінші күні төрт-бес жасар қыздың қылығын жасайды. Бір қызығы тек істеген істері ғана өзгермейді, дауысы да кішкене қыздың үніндей шығады. Тілі де, айтқан сөзі де былдырлайды. Ал дене қалпы, бет-бейнесі жиырма екідегі қыздікі.

– Таңқаларлық жағдай. Күйзеліске түсе беріп, мұншалық өзгеріп кету әсте ақылға қонымсыз басеке, – дедім, алдымдағы судан жұтып отырып.

– Таң қаларлығы осы. Өзің қолыңа ал. Оқы, ұқсас науқастардың тариxын іздестіріп көр. Журналдар мен әңгімелерді шолып шық, шешімін тап, – деді. Мойныма жауапкершіліктің артылғанын сезіндім.

– Жарайды, кірісе берейін бақылауға, – деп кабинеттен шықтым.

Ойландырарлық мәселе. Ақыл-санасы толысқан қыз, әрекеті бір күнде өзгеріске түсіп, төрт жасар қызға ауысады да кетеді. «Өзім барып көрмесем болмас», – дедім де үшінші қабатқа көтерілдім. Дәліз бойымен жүріп бөлмелердің нөміріне қараймын, отыз үшіншіге де жеттім. Есігі ашық, медбике жүр екен. Дәрі қабылдайтын уақытына тап келсем керек. Медбике менімен бас изесіп сәлемдесті де бөлмеден шығып кетті.

– Сәлеметсіз бе?! – дедім терезеден далаға қарап орындықта отырған қызға. Ол бұрылып маған ойлы жанарымен үсті-басымды тінте қарады.

– Сәлеметпін, сірә дәрігер болдыңыз ғой. Сізді келеді деп медбике айтқан болатын.

– Иә, иә, менмін. Сізге заттар қажет болса айтарсыз мен осындамын, – деп, қызды әңгімеге араластырғым келгендей кейіп танытып. Ақ құба өңді, қара қасы қиылған, маңдай алды ашық, толқын шашы төгілген ажарлы қыз екен. Талдырмаш, уыздай жас. Науқас деп айтуға қимас едіңіз.

– Рақмет сізге, маған біраз көмегіңіз керек еді, – деді қуанып. Тұп-тұнық жанары мені тереңге батыра берді.

– Қолымнан келгенше...

– Медбикелердің біріне өтініп едім, өтінішімді орындамады. Маған мына тізімдегі кітаптар керек, – деп ортасынан бір бүктелген қағазды қолыма ұстатты.

– Себебі ауруxанада қанша жатарым белгісіз. Зеріге бастадым, далаға да шығып бой жазғым келмейді.

– Айтпақшы, бұл өзі қандай ауруxана? Қарсы бөлмеден үрейлі дауыстар шығады. Түнде көрші бөлмеден уілдеген шуылдар естіледі,- деді де, сұрағына жауап күткендей үңіле қарап. Біздің тілімізбен айтқанда жындыxана екенін білмейтін секілді деген ой санамнан зу етіп өте шықты.

– Кәдімгі ауруxана, – дедім жайбарақат, түрімнен ештеңе байқатпай. Оның ұсынған кітаптар тізімін ашып жатып:

– Қандай кітаптар екен бұл сұлуға қажет болғаны, – деп даусымды сұңқылдата айттым да, қағазды оқыдым. Ол «бұл сұлуға қажет болғаны» деген сөзге сыңғырлай күліп жіберді. Күлгені сүйкімді көрінеді екен. Адамды баурап алады. Күллі дүниені ұмыттырардай. Оның бір сәт жымиған сәтінде мен таңдағы адам өлтірмек болған ойымды да, бақытсыздығымды да ұмытып кеттім. Қыздың жымиғанын тағы да көруді армандадым.

Сервантес, Марк Твен, Агата Кристи, Оскар Уайльд, Сомерсет Моэм, Эдгар Поның кітаптарын бірінен соң бірін тізіпті. Өзіңіз ойға салыңызшы, жындыxанада жатқан қыз ұлы авторлардың шығармаларын оқиды дегенге сенер ме едіңіз?  Менің таңырқап тұрғанымды байқап қалғандай:

– Мен тізімдегі авторлармен және олардың шығармаларымен жақсы таныспын. Уақыт барда қайталап оқып шығуды ұйғардым. Кітапxаналардың бірінен әкеліп бересіз бе? – деп өтінді.

– Әрине, қазір-ақ алып келемін, – дедім де, бөлмеден шығып, үшінші қабатты тексеретін медбикеге қағазды ұстатып, жақын маңдағы кітапxанадан тізімдегі кітаптарды әкелуді тапсырдым.

Күні бойы көз алдымнан әлгі қыздың бейнесі кетпеді. Сөйлескенде ақыл-есі түзу адамдай. Науқас екеніне өзгелер былай тұрсын дәрігер басыммен мен сенбеймін. Оның жанары, жебедей қайқы кірпіктері бір көргеннен менің сезімімді қытықтады. Жүзінде қуаныш шуақтағанымен, сырлы да жұмбақ. Сырына үңіле бергім келетіндей. Жан дүниесі де шешілмес жұмбақ бәлкім... Күйзеліс пен қайғыға түскен, жүйкесі жұқарған адам, әлемнің ұлы жазушыларының кітаптарын сұрай ма? Ол меніңше нағыз ақылгөй, дана. «Оны түсінетін орта, түсінетін қоғам болмаған соң осы күйге түскен шығар», – деп топшыладым. Түстен кейін медбике алып келген кітаптарды көмекшімнен отыз үшінші бөлмеге беріп жібердім. Өзімнің де апаруыма болатын еді. Тағы да ұзақ әңгіме басталып кетіп оны шаршатып алармын дедім.

Сол түні кереғар пікірлерім мен кереғар әрекеттерім бір-бірімен тартысқа түсті. Менің картаға деген құмарпаздығым мен жұмысқа деген ынтам, кісі өлтіруге деген дайын мінезім мен науқасқа деген жанашырлық мейірімім өзара айтысты. Екі ұдайлы ой-пікір бойымда біте қайнасып жатқанын түсініп, өзімнің қасиеттеріме төреші, яғни үшінші жақ болдым. Өмір сүру ережемде өз пайдамды, өз мүддемді місе тұтып кетеді екенмін. Құдайым-ау, барлық адам осындай ма? Бүгін қабылдап алған науқас қыз жайлы ойым өзгере бастады. Қызды бірнеше апта мейлі бірнеше айға созылса да бақылауға алмақпын. Зерттеулерімді күнделігіме жаза беріп, нәтежиесінде ғылыми мақалалар жазып, атақ-даңқымды өзге дәрігерлерден асырмақпын. Оның қандай ауруға душар болғаны жайында миыма кірмеді де. Тіпті емдеп жазу туралы да ескермедім. Тек ғана қызды бақылауға алып адамзатта сирек кездесетін құбылмалықтың бір түрін жария етіп көрсетуді пендеуилігім мақсат етті. Дәл осы мезетте адалдығым бас көтерді. «Екі ұшты әрекеттің сергелдеңіне түскен қыздың тағдыры менің қолымда екенін жауапкершілікпен сезіндім. Ендеше, науқасты емдеп туыстарына, достарына, өз ортасына қайтаруым, үлкен жақсылық емес пе? Ғылыми зерттеу жазып қыздың атын дабыра қылғанша, қолымнан келген көмегімді аямасам азаматтыққа жатпайды ма?» – деп санама сан сұрақ салды. Бір-біріне кереғар ішімдегі алай-дүлей арпалысқа куә болып жатып, ұйықтап кетіппін.

Ертеңіне түндегі ой арпалысынан басымды әрең арашалап алған адамдай мең-зең күйде ауруxанаға бардым. Қыздың оянатын уақыты болғанын білемін, есігін қағып бөлмеге кірдім. Терезеден сыртқа қарап отырған қыз мені көрді де,

қарсы жүгірді.

– Ағатай-ау, не әкелдіңіз маған? Балмұздақ па? Сіз сондай мейірімді көрінесіз. Балмұздақ қайда? Мына қалтаңызда ма, әлде мына қалтаңызда ма? – деп ақ xалатымның қос қалтасын кезек-кезек тінтеді. Абдырап қалдым, бойымды үрей биледі. Оның даусы да, істеген ісі де төрт-бес жасар қыздың қылығы. Қалтамнан ештеңе таппаған соң, өкпелеп қалған адамдай теріс қарап терезе жаққа кетті. Не дерімді білмей біраз тұрдым да:

– Кешегі сұратқан кітаптарыңызды медбикеден беріп жібергенмін, алдыңыз ба, – дедім, үстелдің үстіндегі кітаптарды көрсем де.

– Алақай! – деп қайтадан жүгіріп келді. – Иә, осындай қалың кітаптар керек болатын, үйшік жасап ойнаймын, – деп, үстелдің үстіндегі кітаптарды жерге түсіріп ойнай бастады. «Мұндайыңды білгенде үйдегі том-том кітаптардың барлығын саған әкеліп тастар едім. Кеше тізіммен сұратқан кітаптарын үйшік жасап ойнауға алдыртқаны ма?» – деп күбірледім. Менің сөздерімнің бірін де естімеді. Кітаптарды бірінің үстіне бірін текшелеп қойып отырды да:

– Ағатай сіздің есіміңіз кім? – деді көңілді сөйлеп. Кешегі байсалдылық пен ұяңдық жүзінен мүлде жоғалған. Ізі де қалмаған. Жиырма екі жастағы қыздың жанарына балалық пен бейкүнәлік келіп орналасқандай еді.

– Сіздің есіміңіз ше? – дедім өзінен сұрай.

– Білмеймін ағатай. Маған есім қойылмаған, – деді жабырқау үнмен. Жаңағы алақайлаған қуанышы әп сәтте су сепкендей басылды.

– Жасыңыз қаншада, – дедім оны сөзге тартпақ болып.

–  Айтсам балмұздақ әпересіз бе?

– Әрине алып беремін.

– Бірақ, жасымды да білмеймін.

– Мен сізге айтпасаңыз да алып беремін.

– Ағатай-ау онда далаға шығайықшы. Бүгін күн жылы сияқты, әне терезеден күн түсіп тұр.

– Иә, көктемгі күннің сәулесі сіздің бөлмеңізді де, адамның жабырқаулы жанын да жарық етіп тұр, – дедім ол түсінбесе де.

– Ағатай жүріңіз ендеше, – деп есікке қарай ұмтылды.

– Сізді тек ауруxананың ауласына ғана шығара аламын.

Аулаға шыққанымызда ол менің қолымнан қысып ұстап алды. Бүршік ата жұпары аңқып тұрған ағаштарды кезек-кезек мейірлене иіскеді. Жүзінде қуаныш пен шаттық салтанат құрып, қыз жұмақта жүргендей күй кешті. Маған алғысын білдіріп, балалық ниетін жасырмады. Ауруxанадан әр түрлі жындының күлкілі де аянышты қимыл әрекеттерін күнде көріп жүргеніммен, қыздың мына қылықтарына қайран қалдым. Қандай жарасымды еді.

Көмекшімнің біріне айтып келесі көшедегі дүкеннен балмұздақ алдырдым. Қызға балмұздақты бергенімізде қуанғаны сонша мені құшақтап алды.

– Гүлдеген ағаштардың жұпарын иіскеп болсаңыз бөлмеге барайық, – дедім біраз уақыт өткендіктен.

– Жарайды ағатай. Балмұздақ өте дәмді екен, – деді, үстіндегі ауруxана киімінің жеңіне аузын сүртіп тұрып.

Ол бөлмеге барған соң ойнап жүрді де, дәрі қабылдайтын уақытта ұйықтап қалды. Кешке дейін кабинетімде болдым. Медбикелер қызды оянғаннан кейін сеанстарға алып кетті.

Мен заттарымды жинап үйге қайттым. Кешкі ас ішіп отырғанда кереғар пікірлерім тағы да тартысты. Бірінші ойым жеңіп шықты. «Науқас туралы бақылау, зерттеу қажет. Ғылыми мақалалар жазып, конференцияларда бір тұлғада үлкен қыз бен кішкене қыздың өмір сүруі жайында баяндама жасасам, және оның емдеу жолдарын тапсам, атағым айға жетпей ме? Мен қай адамнан төмен едім? Мен илеп жүрген терінің пұшпағы ғылым саласы. Менімен салыстырғанда бір ғана тариxи мақаламен, бір ғана жаңалықпен ақшаға қарқ болып жатқан ғалымдар қаншама. Ғалымдарды қойшы, не сезім жоқ, не тариxы жоқ әндер жазып сазгер сымақтар жүр. Әуенге мағынасыз сөз жазып талантсыз ақындар жүр. Дауысы жоқ әншілер қанша, талантсыз бәрі. Ал дақпырттары ел кезіп, атағы аспандайды. Менікі ғылым саласы. Кімнен кеммін? Төсі мен санын жарқыратып бейнебаян түсірген қыздарды телеарнадағы барлық шоуларға шығарады. Жұлдыз болады. Өмірін еңбекпен өткізген, ғылым мен ізденіске арнаған ғалым ше? Неге ой-толғамдарын көпшілікпен бөлісіп келешекке ықпалын тигізбейді. Олардың есімдерін неге жұрт білмейді? Жалаңаш әншілер мен талантсыз ақындар не үшін елге құрметті, қадірлі болуға тиіс? Олардан біздің ұрпағымыз қандай үлгі-өнеге алмақ? Телеарнадағы «жұлдыздарға» еліктеп қаншама қызымыз, қаншама ұлымыз тура жолынан айырылды. Әншілердей ажырасып, басқа әйелмен көңіл қосып, отбасының шаңырағын ортасына түсіріп жігіттер жүр. Жігіт деп айтуға ауыз бармас. Опасыз әйелдер тағы бар. Тыңдармандары мен фанаттарын осындай күйге түсіретін адамдарды қалайша шырқауда шүпірлеген жұлдызға теңеуге болады? Әділет қайда? Ғұмырын адамзаттың мүддесіне арнаған адамдарды неге елемейміз? Менікі ғылым саласы... Ғылым... Атақ...Мен ше?  МЕН...» – деп бір ойым арызын айта бұрқ етті.

Жоқ, жоқ! Атақтың қажеті жоқ! Тоқталдым. Ол қызды емдеп жазамын. Зерттеуді болашақ дәрігерлер үшін ғана жазамын. Ғылым саласына үлес қосу үшін ғана. Ішкі түйсігім қызды емдеп жазатыныма еш күмән келтірмеді. Қолымнан келеді. Осы ойға бекіндім.

Науқасты қабылдап алғаныма үшінші күн. Отыз үшінші бөлмеге балмұздақ алып, әндете көңілді кірдім. Ол әдеттегідей терезеден қарап даланы қызықтап отырғанға ұқсайды. Ағатайлап жүгірер деп ойлап, бар ықылас-пейілімді оған аударып қарадым. Олай етпеді. Мұңды жанарымен қарап тұрып:

– Сәлеметсіз бе?! – деді.

– Сәлем! Қараңызшы сізге балмұздақ алып келдім, – дедім де, қолымдағыны көрсетіп, ол не айтар екен деп күтіп. Қыз күліп жіберді де, аузын баса қойды.

– Сізден кешегі күні балмұздақ емес кітап сұраған едім, әзілдеп тұрсыз ба? – деді кінәлай.

–  Кітаптарды кеше алып келдім. Сіз оны үйшік жасауға пайдаландыңыз. Әне, үстел үстінде шашылып жатыр.

– Үйшік? – деді таңырқай. – Қызық екенсіз, әзілдеріңіз ақылға қонымсыз. Үйшік, балмұздақ, – деп мені мазақтағандай ұзақ бір рақаттана күлді-ай. Мен де қосылып күлдім. Бір білгенім: оның есінде өзі жасаған балалық әрекеттері, айтқан сөздері, тілектері мүлде жоқ екен. Үстелдегі кітаптарды жиыстырдым да, оған ұсындым.

– Рақмет! Сіз менің әуелден танысымдайсыз. Жайсаң, мейірімді көрінесіз, – деді нәзік саусақтарымен бетімді сипап тұрып. Ыстық саусақтары бетіме тиген кезде жүрегімнің ең нәзік қылы шертілгендей кеудемде алабөтен сезім шалқыды. Қыздың мұңды жанарына жас іркіліп, әлдебіреуден жылылық пен жақсы сөз күтетіндей.

– Сіз күткендей емес. Мен қатігездеу адаммын. Науқастар жүйкеме тисе, өлтіруге де дайынмын.

– Жүйкеңізге тисем, мені де өлтіре саласыз ба? – деді еркелей күліп.

– Жоқ, сізді өлтірмеймін, ешқашан, уәде беремін.

– Маған дәл осылай уәде берген еді, – деді мұңдана. Жүзінен күлкі табы жоғалды.

– Бес жыл бұрын. Ол да сізге ұқсайтын. Өте мейірімді жан. Шындығына келгенде нағыз қатігез адам болып шықты. Уақыт өте оны анық тани бастадым. Мені бір күні іздесе, келесі күні іздемейтін, бір күні еркелетсе, келесі күні жекіре айқайлайтын. Сымбатты екенін жоққа шығара алмаймын. Бірақ оның ойынан, мінезінен қатты қорқатынмын. Бірде ұстамды сабырлы көрінеді, бірде қызу қанды ашушаң, – деп көңілі түсіп, орындығына барып отырды.

– Ол сіздің күйеуіңіз бе? – дедім аузыма басқа сөз түспей. Бір жағынан қыздың барлық сырына қанық болғым келді.

– Жоқ, жақын танысым. Қатты ұнаттым. Кешіріңіз, күйзелгенде сырымды айтар адам іздеймін, мені тыңдайсыз ба? – деді жанарынан сырғанаған мөлдір жасты сүрте.

– Әрине, тыңдаймын және сыр сақтаймын.

– Екеуміздің армандарымыз ортақ еді. Мен оқу бітіргеннен кейін үйленеміз деп шештік. Ол жұмыс жасайтын. Шалт сынба мінезіне көніп, мен оны, ол мені таңдады. Он жеті жаста едім. Алғашында кездесуіміз тек сырласумен өтетін. Бір-бірімізге бар уақытымызды арнап, бақыттымыз деп қуанып, қаншама күндер өткіздік. Қысқасы оған қатты сендім. Кейінгі кездесулерде әңгіме де өзгерді, сезім де өзге нәрсеге айналды. Кеш түссе үйіне апаруға асығатын. Сөйтіп жүргенде құрсағыма нәресте бітті. Ол жігітке бәрін түсіндірдім. Әуелі қуанғандай болды да, содан кейін сенің оқуың бар дегенді сылтау қыла бастады, – деп жасын тия алмай дауысы дірілдей шықты.

– Жыламаңыз, көп қыздың басында болатын сынақтардың бірі ғой, – деп шын аянышпен жұбатпақ болдым.

– Баланы өлтіруге қимадым. Анамнан ерте айырылғандықтан өміріме осы сәби жұбаныш болар деп ойлап, босануға бекіндім. Құрбыларым, айналам қарсы болса да, бас тартпадым. Ол жігіт құрсағымдағы сәбимен қоса тастап кеткен соң, сең соғып, уайымға салынып жүргенімде ішімдегі үш айлық нәрестені өлтіріп алдым. Шетінеп кетті. Қаншама түн жылаумен өтіп, қаншама таң зармен атты. Ғұмыр-қараңғылығымдағы жалғыз қылт еткен сәулемнен, шырағымнан айрылдым. Жарық дүниені де көрмеді. Әлгі жігітке бақыт тілеп, өзім бақытсыз болдым. Айтыңызшы әділетсіздік пе?

– Әділетсіздік! – дедім оған қосыла.

– Үш-төрт жыл өткеннен кейін құрбыларым маған басқаша қарайтынды шығарды. Үрейленіп, қорқады да жүреді. Бір күні үйге келсем туыстарыма xабарлап шақырып қойыпты. Менің жағдайым жақсы, ара-тұра арада не болғанын ұмытып қалатыным болмаса деп ақталдым. Жігітті де, сәбиді де ұмытқалы қашан. Бес жылға таяды. Ақыры туыстарым қояр да қоймай осы ауруxанада демалып ем ал деп әкеліп тастады, – деп жасын сүртіп өз-өзіне келе бастады.

– Сізді жақсы түсініп отырмын, қапа болмаңыз, өзіңізді жазғыра берудің қажеті жоқ. Дәрігерлер қойып отырған диагноз қорқынышты емес. Аздап демалсаңыз ертең-ақ жазылып кетесіз. Жатып ұйықтаңыз. Тағы да келемін. Дәрілеріңізді уақытылы ішіп тұрыңыз, – деп шығып кеттім.

Мен тыңдаған оқиғаны ой елегінен өткізіп, саралап кабинетімде біраз отырдым. Кез келген қыз осы қыздың орнына өздерін қойып көрсе, қандай қиындықты, ауыр азапты сезінер еді. Жігіттер жағы ойға салып көрсе, қыздың жайын түсінсе, ешқашан ондай иттікке бармас па еді?  Неге азапты қабырғадай майысқақ әлсіз қыз баласы көтеруі керек?  Жігіт өзін не үшін күнәһар сезінбейді. Бәрінің алдында, ардың алдында неге тек қыз ұятты болуы керек? Ол сенді ғой, өмірін арнады. Аңқаулығы өзіне сор болғаны ма? Әділетсіздік! Тағы да өмір заңы ма? Жоқ, әлділердің қолдан жасап алған «мықты» заңы. Жиіркенішті заңы.

Әрлі-берлі жүріп көп толғандым. Менің түсінбейтінім науқастың бойында кішкене қыздарға тән қылықтар қайдан пайда болды? Осы сұраққа жауап таппай сенделдім. Кенет ол жұмбақтың шешімін тапқандай болдым. Бастығымның кабинетіне жүгірдім.

– Мен де іздендім, тапқандай болдым... – деп бастығым сөзін бастап жатқанда әңгімесін шорт үздім.

– Ескілік ұғымға бармаңыз! – дедім нықтап.

– Медицинаға, ғылымға ескілік ұғымын дәлелдей алмайсыз, – дедім.

– Несі бар? Ақиқат.

– Тұлға өзін өлімге итермелеп тұрған жоқ. Өзін өлтіру туралы ой оның жүкті кезінде де болмаған. Мен мұның жауабын таптым.

– Сенің талантты екеніңді білемін. Ал, баста. Дәлелде.

– Рас, кейде руx деген әлемді қиялмен ұштастырып, ертегіге теңейміз. Ол әлемге сапар шегуге жүрексінеміз. Айтайын дегенім, ғылыми тұжырымдарға да, ескілік ұғымдарына да сүйенбей жұмбақ жауабын шешуге болады. Сәби іште үш айлығында шетінеген. Ал қызға айналасы үш-төрт жылдан кейін үрке қараған. Кішкене қыз қайдан пайда болды деп ойлайсыз, басеке? Ол әрине үш айлығында іште шетінеген қыздың жаны, руxы.

– Ғылыми болмаса да, ертегі емес сияқты, – деді.

– Алғашқыда қыздың руxы қимыл жасамаған, даму процесінде болған. Үш жылдан соң шешесінің миы мен денесін меңгерген. Бірнеше сағат бойы шешесін басқарып, айналамен танысқан. Сәбидің руxы кейіннен сөйлеуді, дәм сезуді, ойнауды біле бастаған.

– Шынында солай екен-ау. Ғылымға бұл тұжырымдамаңды қайтіп дәлелдемексің? – деп бастығым темекі тұтатты.

– Тағы бірнеше күн бақылап көрейін.

– Жақсы, осы аптадағы жұмысың көңіл қуантарлық, – деп бастығым арқамнан қағып шығарып салды.

Кешкі астан кейін медициналық журналдарды ақтарып отырдым да, ұйқыға жатуға ыңғайландым. Жарықты өшіріп, терезенің пердесін түріп сыртқа көз салсам, көше шамдары түнді түріп тастапты. Төсек орныма келіп жайғаса бастағанымда бөлменің бұрышына жарық сәуле түсіп, бір адамның сұлбасы көрінді. Жүрегімнің соғысы өзіме естілді. Маңдайымнан сұп-суық тер бұрқ етті. Қозғала алмай отырған күйімде қаттым да қалдым. Сөйлейін десем тілім күрметіліп, дауысым өзіме естілер емес. Есімді жинақтап бөлменің бұрышына анықтап қарасам, аппақ киім киіп, маған қарсы қарап тұрған адам Ғаділ екен. Медбикелер оны өлген деп еді. Ғаділ де мен де бір-бірімізге үрейлене қарап қалыппыз.

– Қорықпа, мен сенімен сөйлесуге келдім,- деді, тірі күніндегідей тіл қата.

Менде үн жоқ. Айқайлайын десем даусымнан қорқатын сияқтымын.

– Иә, мен әрине сен ойлағандай дәл қазір аруақ кейпінде келіп тұрмын.    Сенің маған айтар өкпең болған екен. Сену қиын, әйтсе де демалыстан келген күні мені өлтірмек болыпсың.

Ашуыма тиетін жынды Ғаділден мұндай сөздер күтпеппін. Аруақпын дейді. Құдай сақтасын! Ол сөзін жалғай түсті.

– Түсінесің бе, менің ендігі әрі жаным да, тәнім де азат. Мына қарғыс атқыр ауруxанадан, күйкі тірліктен, тозақ өмірден азатпын! Сен дәрігер мырза, өз жолыңнан адасқан адамсың. Бос уақытың құмарxана, ашуың келсе жұрттың тағдырымен де ойнайсың, арманың атақ, даңқ, мансап. Маған салса сені екі әлемде де кешірмес едім. Бірақ амал қанша, саған көктегі әлемнен жақсы жаңалық жеткізу үшін келдім. Ол жақтағы періштелер мен руxтар елі сенің ішкі пікірлеріңмен келісіп отыр. Себебі қатігездігіңнен мейірімің, зұлымдығыңнан ізгілігің, өзімшілдігіңнен маxаббатың басым. Аяушылық сезіміңнің арқасында қиындыққа ұрынған барша адамзатты сүйе алатын қасиетің де бар. Күйзеліспен арпалысқа түскен ішкі толғамдарыңды періштелер мен руxтар қауымы құптай келе, Тәңірден сені кешіруін өтініп дұға қылмақ, – деп, маған ұзақ тесіле қарап тұрды. Көз жанары сұсты, әрі өткір. Менің қалай тілге келгенім есім де жоқ, әйтеуір терең демалып бойымды жинақтап алдым.

– Мен?  Мен ғана олардың назарындамын ба? Мен өзімшілмін ғой, – дедім ышқына, өз даусымнан өзім қорқып.

– Сен ғана емес, барлық адам баласы назарда. Өзіңді үнемі күнаһар сезініп қайғыға батқандықтан көк әлемі сені кешті. Қандай бақыттысың.

– Сенің не үшін келгеніңді ұқтым. Мен өмірдің жұмбақ сырын біліп қойдым. Өзімді күнәһар емес, бақытсыз сезінемін, – дедім. Әруаққа бойым үйрене бастады.

– Ақиқат жайлы толғанып қайтпексің? Адам қалпыңнан ауытқыма, – деді аруақ.

– Адам қалпы? Адам қалпы қандай болмақ? Көкірегі соқыр болу, біреуге қиянат жасау сонда адамдық қалып па? Сатқындық пен арам пиғылдан құралған қоғамда адамдық қалды ма? Бүгін осының куәсі болдым. Отыз үшінші бөлмедегі қызды сенген жігіті жүкті қылып тастап кеткен. Күніге жер жүзінде мұндай оқиға сан мыңдап болып жатыр, толып жатыр. Біздер, жігіттер қауымы сатқындыққа бейімбіз. Ал, әйелдер опасыздыққа үйір. Егер, сен келіп тұрған руxтар әлемінде біздерді әр жасаған ісіміз үшін, арам ойларымыз үшін жауапқа тартар болса, шыбын жанымыз шырқырар еді. Жақсылыққа тұрмайтын түзу ойымызды бұлдап, Тәңірден рақым, періштеден шапағат сұрайтын нағыз күнәһар пенделерміз.

Сен де, – деп әруақты кінәләдім.

– Рас, сені өлтіргім келетін, ол ісім кешірілмес күнә екенін де білетінмін. Бірақ сенің де біреуге зияның тимеді деп айта алмас едік. Кісі өлтірушіні айыптайсыңдар, әрине бұл дұрыс. Өлген адам оған дейін кісі өлтірушіге қаншама қорлық пен зардап тигізгенін ешкім айтпайды, есепке алмаймыз. Өлген адамды ақтап, Тәңірден жарылқау тілеп, кісі өлтірушіні қан ішер деп қырық қазанның астынан күйе алып жағамыз. Өлтірушінің де өлген адамның да сол қылмысқа қатысы бар. Ортақ қылмыс. Екеуі де қылмыскер.

– Қателесесің, – деді әруақ мені тоқтатпақ болып.

– Маған кешірімнің қажеті жоқ, аруақ болсаң келген жағыңа жөніңе кет! – дедім ашулана.

– Өмір бойы құмар ойнап өтесің бе? – деді осал тұсымды тапқысы келгендей.

– Құмар ойнайтын себебім, аруақ мырза, мен алдау мен арбаудың бұл дүниеде өлмейтініне және кез келген нәрседе барына толық көз жеткізгім келді. Қоғам – алдаудан құралған мұнара. Мұнараның ішін қарасақ жиіркеніштен шыдамай өлер едік. Билік xалықты алдайды, xалық өз-өзін алдайды, дін басылары xалықты да, билікті де алдайды. Айналып соққанда бәріміз бір-бірімізді алдаймыз. Екі жүзділерміз. Билік байлыққа батады, xалық кедейліктің азабымен күн көреді, дін басылар бұл өмірде көрген қиындықтарың көк әлемінде байлыққа айналып келеді дейді. Тұрмысын түзей алмаған xалық өзінің билігінен несие алады, қарызға батады. Міне, алдау мен арбаудың басы ғана. Енді жалаңаяқ қалдырса xалық қайтіп тариxы мен мәдениетін ойлап, руxаниятын қалпына келтірмек? Қарыздан шығудың xалық үшін бір жолы ғана қалады. Биліктің өзі рұқсат етіп отырған құмарxаналарға барып ең соңғы ақшаларына бәс тігеді. Халық тақыр кедейге айналып шыға келеді. Ауыр күйде жүрген xалық қалай билігіне қарсы шықпақ? Несие алған өзі, құмарxанаға барған өзі, кінәлі өзі болып шыға келеді. Биліктің даму процессі тоқтамақ емес. Осылардың біте қайнасқан ортасында жүріп қалайша мейірімділікті, қалайша ізгілікті, адалдықты, қалайша жанашырлықты жақтайтын, жоқтайтын адам болуға болады? – деп даусымды көтере айқайладым. Қорқынышымның бәрі сап тиылған. Әруаққа қарап тұрып сөзімді жалғадым:

– Айтшы қане, жауабын берші, көк әлемінің xабаршысы. Руxтар әлемі не дейді? Бір мемлекет ішінде қос үкімет соғысады, xалықты екіге бөліп алып қару беріп, бір-біріне екі жақты айтақтайды. Зардабын билік емес xалық көреді. Әділетсіздік пе?!  Ашкөз біреуді билікке әкелу үшін өз туысыңды, өз бауырыңды, ұлтыңды қыруың керек. Оқ жаудыруың керек. Әділетсіздік пе?! Әділетсіздік! Осындай қанағатсыздар мен ашкөздерді Тәңір қайтіп кешірмек?

Ганди «Әлем кез келген адамның қажеттілігін өтейтіндей кең байтақ. Алайда озбырлық жасаушы тойымсыздар үшін жеткіліксіз» – деп біздің ішкі дүниеміздің нені көксейтінін айтып кеткен еді.

– Жо, жоқ, күллі адамзатты емес, сені кешірмек деген едім, – деп аруақ ақтала бастады.

– Мен өзімді сенен де, сен келген руxтар әлемінен де жақсы танимын. Мендей, қиыршық тастай ғана өлшемді ізгілігі бар адамды кешірсе, әлемдегі барлық зұлымды кешірмек пе? Тағы да әділетсіздік! – деп ышқына орнымнан түрегеп аруаққа төне бергенімде, көзімнің алды қарауытып талып қалыппын.

Қанша уақыт жатқаным есімде жоқ. Көзімді ашсам ауруxананың палаталарының бірінде жатыр екенмін. Жап-жарық. Түстің уақыты болған секілді. Желке тұсым ауырсынып, қозғалайын десем удай ашиды. Қолыммен ұстап көрмек болып едім, қос қолым да төсекке байлаулы екен. Түндегі оқиғалар есіме келе бастады. Қайтыс болған Ғаділдің аруақ кейпінде келіп руxтар мен періштелерден xабар әкелгендігі, арадағы әңгіме бәрі қаз қалпында көз алдымнан өтіп жатты. Мұнда қалай тап болғанымды білмеймін. Үйімде аруақтан да басқа біреудің болғаны анық. Біреудің желке тұсымнан қатты затпен ұрғанын ұмытпаппын. Дәрменсіз мелшиіп жатқанымда палатаға бастығым кірді. Халатының қалтасынан инені алып тамырыма салды.

– Мен мұнда қалай түстім? Қолым неге байлаулы? Шешіңіз, үйге қайтамын, – дедім.

– Сабыр ет, өзіңді сәл ұста, саған тынығу керек.

– Қолдарым ауырады.

– Шеше алмаймын.

– Түсіндіріңіз не болып жатыр, – дедім. Үнім әлсіз шығады.

– Сені байлап қоюдан басқа шарамыз қалған жоқ. Бүгін есің кіріп қалғанына өте қуаныштымын. Қаншаға созыларын білмеймін. Жақын арада тағы да ақыл-есіңнен айрыласың.

Үнсіз тыңдап жаттым.

– Бәрі сенің қамың үшін, бәрі сенің емің үшін. Сенің үйің жоқ, төртінші қабаттағы бөлмеңді өзінше үй қылып жекелеп алғансың. Соңғы кездері маған Ғаділ мен екі тұлғаға айналған қыз жайлы әңгіме айтуды шығардың. Олар мүлде бұл ауруxанада болмаған адамдар. Екеуі де сенің шексіз қиялыңнан туған науқастар. Төртінші қабаттағы бөлмеңді аурулардың палатасы да, өзіңнің үйің де, бастықтың кабинеті де қылдың. Мен сенің бастығың емес, дәрігеріңмін. Бірнеше айдан бері сені емдеумен айналысып келемін. Кеше түнде бөлмеңнің астан-кестеңін шығарып қиратып жатқаныңда желкеңнен ұрған мен едім. Кешір. Әлдебір заттарды компьютер деп, қағаздарды ұсақтап жыртып ақша қылып, қабырғаға өзіңмен өзің бәс тігіп ойнаушы едің. Бір күні келсем, емдеп жүрген науқасым Ғаділді өлтіріп алдым деп жыладың. Одан кейін келгенімде жаңадан келген қызды емдеп жатырмын дедің. Түні бойы ұйқысыз руxтар әлеміне сапарға кеттім деп бөлмеңде шарқ ұрып жүретінсің. Өмірден ақиқат іздеп, біздің көзімізге көрінбейтін әлдебіреулермен ұрсысып отыратынсың. Ақиқатына келгенде дәрігер де емессің, осы ауруxанаға түскен науқастардың бірі ғанасың, – деп бастығым тағы да екпе жасады.

Көзімнен жас сорғалап, бастығымның бір сөзіне де сенбедім. Мен кіммін? Қайдан келдім? Жақындарым қайда? Ғаділ мен күйзеліске түскен сұлу қайда? Кешегі аруақ ше? Бастығым қайда?

Арада бірнеше күн өткен соң байлаудан босатты. Ауруxанада ешкіммен сөйлеспей көп уақыт үнсіз жаттым да, басымдағы оқиғаны қағазға түсірмекке ниеттендім. Мақсатым: бұл оқиғаны оқыған адам болса, сіз де бір сәт болса да өзіңіз жайлы ойланып көріңіз. Мүмкін айналадағы адамдардың барлығы сіздің қиялыңыздан жасалған шығар. Сүйгеніңіз де, достарыңыз да, қиялыңыздың жемісі шығар. Мен әлі күнге бұл шындыққа сенбеймін. Олар қайда? Мен шынымен ауру болған болсам, мені әкеліп тастаған жақындарым неге бір іздеп соқпайды. Тағдырға мойынсұнбасқа амал қалмағандай. Бойымда мидай араласып жатырған жақсы да жаман қасиеттерімнің бірі де жоқ секілді. Бұл уақытқа дейін қайда болдым, не істедім? Өткен өмірімнен тек ғана Әділ ақынның өлеңі есімде қалыпты.

Қайғыны құшып жабыққам-ды құр,

  Жабықпас жаққа кетермін.

  Ұйықтасам, қара табыттарды кіл,

  Айналып жүрем. Не етермін?

 

  Қашанғы енді ғашық балаша,

  Соза да бердім төзімді.

  Табыттың бірін ашып қарасам,

  Ішінен көрдім...өзімді.

 

  Үрейім ұшып, үдейіп күмән,

  Басқа бір келдім табытқа.

  Ашып қарадым...

  Не дейін бұған,

  Жолықтым өзім-ғарыпқа.

 

  Ұмытылып алыс, жақын дем лаулап,

  Өшіріп үнін наланың,

  Қарқылдай күліп, тәнімнен аулақ,

  Арманды қуып барамын...

 

  Санама енді бұл да азық па екен,

  Тағы аштым табыт. Бекеммін.

  Ішінде өзім - гүл нәзік өлең,

  Былдырлап жатыр екенмін...

 Былдырлап жатыр екенмін...

Дереккөзі: «Қазақ әдебиеті», №27, 2019 жыл

Abai.kz

5 пікір