Жастардың 85%-ы қазақша сөйлейтінін билік неге мойындамай отыр?
Белорустар мен қазақтардың тілі қыл үстінде. Алғашқы ұлт өз жерінде 81%-ды құраса да, бар болғаны 11%-ды құрайтын этникалық орыстардың тілінде сөйлеуде. Әрі Ата Заңдарында орыс тіліне мемлекеттік мәртебе берілген.
Ал өз елінде 71%-ды құрайтын қазақтар Ата Заңда арнайы жазылмаса да орыс тіліне мемлекеттік мәртебе беріп алғаны жасырын емес. Біздің билік Кремль алдында "бізде орыс тіліне қысым жасалып жатқан жоқ" деп ақталудан арылмай келеді.
Қазір беларустарда тіл соғысы басталып кетті. Мекемелердегі тақтайшалар, көшелер мен жер-су аттары бір ғана тілде, яғни, белорус тілінде жазыла бастады.
Біз соның алдында тұрмыз. Иә, Қазақстан тіл соғысының алдында тұр. Жаңа биліктің демократиялық өзгерістерге барудан қорқуының бірден-бір себебі Оңтүстік пен Батыс және өзге өңірлердегі қазақ тілді аудандардың жастарының саяси қозғалыстарға араласуы процесінің алдын алудан туындап отыр. Қазақ тілді жастарды өзге өңірлердегі саяси-әлеуметтік реформаларға араластырмау жолында әлі талай саяси айла-шарғыларға баратын болады. Ал, жастар бұған көне қояр ма екен?!
ҚР президентінің жанындағы стратегиялық зерттеулер институтының бас ғылыми қызметкері Тимур Козыревтың осыдан тоғыз жыл бұрын айтқан сөзінен Назарбаев кезіндегі билік қорытынды шығармады. Тоқаев билігі бұдан сырғақтай ма, әлде қолдай ма? Осы мәселе күн тәртібінде өткір проблема болып тұр. Орыс тілді жастар Әбілязов жағында. Қазақ тілді жастар одан тыс қалуда. Себебі оны орыс тілділердің қозғалысы деп санайды. Хош, енді Тимур Козыревтың сөзіне кезек берейік:
"Қазақ тілді әлем кеңестік дәуірге қарағанда байи түсті. Бірақ орыс тілді халық күнделікті тіршілікте қазақ тілін қолданбайды. Осы себепті қазақ тілді басылым еліміздің орыс тілді азаматтарына жабық қалып отыр. Бұл қатарланған параллель әлеуметтік саяси сала мен мәдениеттің қалыптасуына әкеледі. Ал ол дегеніңіз келешекте азаматтық сананың паралелль екі түрі қалыптасады деген сөз. Егер бұлай жалғаса берсе біз бірыңғай саяси ұлтты қалыптастыра алмаймыз", дейді.
Бірыңғай саяси ұлтты қалыптастыру жолында билік әзірше орыс тілінің пайдасына тістеніп айырылмай, желбуаз орыс-қазақ қостілділігі арқылы емес, тек бір тілдік қазақ тілі арқылы жүзеге асатынын Козырев бүгіп қалып отыр.
Оның пікірінше, басқа проблема туындап отыр. "Оңтүстік өңірлерде тәуелсіздік кезеңде қалыптасқан қазақ тілді жастар өсіп келеді. Және олардың санасында қазақ тілі мемлекеттік тіл болуы керек деген нық идея бекіген. Ол қыздар мен ұлдар тіл мәселесін өздерінің ата-аналарына қарағанда өткір қабылдайды және маңыздысы, оған белсенді араласады. Олардың ата-аналары үнсіз қалған жерде олар өз пікірлерін ашық айта алады. Егер 15-20 жылда олардың орыс тілді замандастары қазақ тілін түсінетіндей деңгейде үйренбесе, ол кезде қақтығыстық өседі", - деп есептейді ол.
Екінші жағынан Қазақстанда қазақ тілін енгізудің өңірлік ерекшеліктері бар. Кейбір өңірлерде бұл үдеріс тез жүрсе, кейбір жерлерде бұл үдеріс баяу жүруде. "Егер осы айырмашылық жалғасатын болса, ол келешекте одан да қиын болып, әлеуетті қатер тудырады", - дейді сарапшы.
Осы басты проблеманы шешу үшін елдің оңтүстігі мен батысында мемлекеттік тілді толық енгізіп, орыс тілінен бас тартуды жолға қоюымыз, солтүстік пен орталықта қазақ тілін дамыту үшін елдің оңтүстігі мен батысында өскен жастарды мемлекеттік қызметке тартудың қолға алуымыз, керісінше, аталған өңірлерде қазақ тілін керек етпейтіндердің мемқызмет пен бюджеттік салаларда мызғымай отырып алуын шектеуіміз керек. Тілді осы саладағылар үшін міндеттейтін болсақ, онда жағдай өзгереді. Тест арқылы көзбояшылықты жоятын кез келді. Тілді білмейсің бе, мемқызмет пен бюджеттік салаларда істей алмайсың, мәжілісте депутат бола алмайсың дегенді төтесінен қоятын уақыт туды. Ендігі жерде бұрынғы жалтақтық жараспайды.
Осы орыс тілді өңірлерге қазақ тілді жастардың билік көші басталуы керек. Арыстың, Жаңаөзеннің, Аякөздің т.б. қазақи қалалардың білікті жастары осы процеске ат салысып, бейбіт сипаттағы тілдік күреске араласуы ләзім.
Иә, еліміздің 51%-ын құрап отырған 1 мен 29 жасқа дейінгілер арасында тек қазақ тілінде сөйлеушілердің үлес салмағы 80-85% болатын болса, қалған 20-15%-дың 5%-ы қазақ тілін мүлдем білмейтіндер және 15-10%-ы екі тілде не орыс тілінің, не қазақ тілінің басымдығымен сөйлейтіндер әм ұйғыр-қазақ, өзбек-қазақ, тәжік-қазақ тілінде қарым-қатынас жасаушылар деп жіктеледі.
Қазақстанның барлық өңірлерін қоса алғанда қалған 49%-ды құрайтын 30-80 жас аралығындағылар арасында қазақ тілінде сөйлеу 40-45%-дан аспайды. Қазақ тілі 80-85%-ға тек 29 жасқа дейінгілер арасында ғана жетіп отыр. Бұл пайыз жыл сайын өсе түсетін болады. Керісінше орыс тілді жастардың саны азаяды. Олар өз тағдырын Ресеймен байланыстырып, сол жаққа кетіп те жатыр. Билік жастардың сөйлеу тіліндегі орын алған арасалмақты Солтүстік және Орталық Қазақстандағы орыс тілділер арасындағы демографиялық дағдырысты есепке алмай, орыс тілі үстемдігі пайдасына жұрттан жасырып отыр.
Ресми Нұр-Сұлтан қазақ тілінде сөйлеушілердің жас ерекшілігін есепке алмай, орыс тілінің нық орныққан үстемдігін сақтап қалу үшін 65%-ды құрап отыр деген жел сөзге орын беруде.
Түйін. Жастар қазақтанып жатыр, қалған жастағылар болса, қызмет бабы мен орыс тілді ұрпағының болашағы үшін қазақ тіліне балта шапқысы келеді. Ал, жастар бұған жол бере қоя ма екен?.. Ең алдымен ұлт болашағы Жастар еліміздегі қостілділіктің басына қара бұлт үйіруі керек. Бір тойда екі қалыңдыққа орын жоқ.
Әбіл-Серік Әліәкбар
Abai.kz