Сұлтан Тайғарин. Мұхамеджан Сералин ауылындағы мектеп неге жабылды?
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің назарына!
Редакциямызға Төлен Рамазанұлы деген азаматтан хат келді. Хатта Қостанай облысының Қарабалық ауданындағы мемлекеттік тілдегі мектептің жабылу мәселесі көтерілген. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «...Енді он жылдан кейін мектеп бітірушілердің 100 пайызы мемлекеттік тілді біліп шығатын болады...» деп айтқаны баршаға мәлім. Ал Қарабалықта мемлекеттік тілдегі мектептің жабылуына не себеп болып отыр? Осы орайда мәселенің анық-қанығына жету үшін Қостанай облысының Қарабалық ауданына журналистік сапармен барып қайтуды жөн көрдік.
«Әй, қап»
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің назарына!
Редакциямызға Төлен Рамазанұлы деген азаматтан хат келді. Хатта Қостанай облысының Қарабалық ауданындағы мемлекеттік тілдегі мектептің жабылу мәселесі көтерілген. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «...Енді он жылдан кейін мектеп бітірушілердің 100 пайызы мемлекеттік тілді біліп шығатын болады...» деп айтқаны баршаға мәлім. Ал Қарабалықта мемлекеттік тілдегі мектептің жабылуына не себеп болып отыр? Осы орайда мәселенің анық-қанығына жету үшін Қостанай облысының Қарабалық ауданына журналистік сапармен барып қайтуды жөн көрдік.
«Әй, қап»
Қостанай облысы көптеген қазақ зиялысын дүниеге әкелген құтты мекен болып табылады. Бұл өлкеден Алаш арыстары - Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатұлы, Бейімбет Майлин, Мұхамеджан Сералин және т.б. қоғам қайраткерлері шыққаны белгілі. «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді». ХХ ғасырдың басындағы Алаштың көгіне күн болмаққа ұмтылған ұлылардың байтақ даладағы қалың елінің қоғамдық санасын оятып, қалыптастыруда риясыз еңбегі өлшеусіз. Олардың артында халқымызға азық болар аса мол ғылыми, рухани, әдеби еңбектер қалды. Талай нәубетті бастан кешірсе де, ұлтының сол заманның көшіне ілесуіне Ахаңдардың аянбай күрескені ақиқат. Бірақ қазіргі таңда біз сол есіл ерлердің еңбегін аяқасты қылып жүргендейміз. Биыл Мұхамеджан Сералин 1911 жылы ашқан Алаштың «Айқап» журналының жарық көргеніне 100 жыл толып отыр. Кезінде «Айқаптың» бетінде қазақтың түбегейлі шешімін таппаған көптеген мәселесі ортаға салынып, таразы талқысына түсіп еді. Талай рет «Қап» дегізген істеріміз, ортақ мәселелеріміз болған-ды. Енді, міне, арада бір ғасыр өтсе де, тағы да «Әй, қап» деуге мәжбүр болып отырған жайымыз бар...
«Өрнектің» тасы өрге домаламай тұр...
Біз Алматы-Қостанай бағытында жүретін №43 пойыздан таңғы сағат 6.40 шамасында түстік. Қостанай бізді самалды, жылы желімен қарсы алған-ды. Алдымен жақын арадағы қонақүйге ат басын бұрдық. Біз баратын елдімекен Қостанай облысының солтүстік-батыс бөлігіндегі егінді ауданның бірі - Қарабалық ауданы. Қостанайдан 125 шақырым жерде орналасқан аудан орталығы Қарабалыққа жолға шықтық. Жан-жағын егінді алқап қоршаған жазық жолмен жүріп келе жатырмыз. Аракідік жазық жерге арнайы егілгендей бума-бума орманды алқапты көзіміз шалып келеді. Табиғатқа тамсанып келе жатып, Қарабалыққа да қалай жеткенімізді білмей қалдық. Қарабалық ауданының әкімдігінде болып, білім бөліміне келдік. Қарабалық аудандық білім бөлімінің бастығы Камиль Ибрагимов мән-жайды түсінген соң мемлекеттік тілдегі мектептің жабылудың мәнісіне «Өрнек» ауылында өтетін жиында көз жеткізуді ұсынды. Ә дегеннен-ақ, оның мемлекеттік тілден мүдіріп тұрғаны сезілді (мүдіріп тұр деп жұқартып айтқанымыз болмаса, қазақ тілінде нақты бірде-бір рет тіл қатқанын көре алмадық - автор). Сонымен Қарабалықтан 80 шақырым жердегі «Өрнек» ауылына жолға шықтық.
Қостанай облысының Қарабалық ауданына қарасты «Өрнек» ауылына барғанымызда ауылдың сәні мен мәні болып отырған екі қабатты мектептің тегінде қара құлып тұр. «Бұл қалай болғаны?» деп бізді алып келген Камиль Ибрагимовтан сұрағанымызда, ол «Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 21 желтоқсанындағы «Білім беру ұйымдары желісінің кепілдік берілген мемлекеттік нормативін бекіту туралы» №1256 қаулысына сәйкес, мектеп оқушыларының контингенті нормативке жауап бермеуіне байланысты «Өрнек» негізгі мектебін жабуға тура келді» дейді. Тағы да «Әй, қап» демеске шараң жоқ. Еліміз азаттықтың жиырма жылдығын мерекелеуге дайындалып жатыр. Әр облыс, аудан, қала берді, ауыл осы жиырма жылда жеткен жетістіктерін тізбектеп, Елбасының назарына салмақшы. Ал Қарабалықтағы жергілікті билік мемлекеттік тілдегі мектептерді жабумен, қазақы ауылдардың болашағына қырын қараумен ерекшеленуде. Қайран, «Өрнек». Өз заманында елі үшін жанын пида еткен арысымыз, елінің біртуар ұлы - Мұхамеджан Сералиннің туған ауылы «Өрнек» дәл мұндай күйінде көреміз деп ойламадық. Біздің редакциямызға келген хаттың авторы Төлен Рамазанұлы бекер жанайқайға салмапты. Мемлекеттік тілдегі мектептің жабылуы тек «Өрнек» ауылымен бітпейді екен...
Хаттан үзінді...
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 21.12.2007жылғы №1256 Қаулысының талабы бойынша, шағын елдімекендердің бала саны аз негізгі мектептерінде кемінде - 41, жалпы орта білім беретін мектепте - 81 оқушы болуы керек екен. Осыған орай Қостанай облысының Қарабалық ауданында мемлекеттік тілде сабақ беретін Мағынай негізгі мектебі, Тастыөзек орта мектеп-интернаты 2000 жылдардың алғашқы жылдарында толығымен жабылса, «Өрнек» орта мектебі негізгі мектепке айналды, кейін 2009-2010 оқу жылының ортасында мектепте 38-39 оқушы ғана оқығаны үшін аудан әкімі өз өкімімен жоғарыда аталған қаулы негізінде «Өрнек» негізгі мектебін бастауыш мектепке айналдырды.
Бұл шара «заң-талап (қаулы) негізінде» болды делік, алайда елімізде 20-25 бала оқитын негізгі мектептер мен 45-50 оқушысы бар жалпы орта білім беретін білім мекемелері аз ба?! Мәселен, өзге аймақтарды сөз етпегеннің өзінде, осы Қостанай облысындағы Жітіқара ауданының орыс тілінде сабақ беретін негізгі мектептеріндегі оқушылар саны: Кусаканда - 32, Львовта - 23, ал Комсомолда - 21 бала. Сондай-ақ қаулы талабы бойынша, жалпы орта білім беретін мектептерде кемінде 81 оқушы болуы тиіс болса-дағы, орыстілді №6 Ырсай мектебінде - 52, Мүктікөл мектебінде - 54 оқушы оқиды... (дерек Жітіқара аудандық ресми сайтынан алынды. Бұл тізімді өзге облыстар мәліметтері негізінде де жалғастыра беруге болады) солай жалғасып кете береді. Жітіқаралық бұл негізгі және орта мектептер мемлекеттік тілде сабақ бермейді, тіпті аралас мектептер де емес, ғажабы, бала саны да қаулы талабынан анағұрлым аз!?. Осыған қарап, «Өрнек» ауылының тұрғындары: «Демек, Үкімет қаулысының талабы мемлекеттік тілдегі мектептерді қысқартуға (жабуға) бағытталмаса керек, сондықтан Қарабалық ауданының білім бөлімі, аудан әкімдігі жергілікті халыққа - біздердің балаларымызға обал жасап отыр-ау!» деп түсінбей жүрген жайы бар...
Т.Рамазанұлы хатта атап көрсеткендей, Жітіқара ауданындағы орыстілді негізгі мектептерде оқушылар саны: Кусаканда - 32, Львовта - 23, ал Комсомолда - 21 бала болып отыр. Ал жалпы орта білім беретін мектептерде кемінде 81 оқушы болуы тиіс болса-дағы, орыстілді №6 Ырсай мектебінде - 52, Мүктікөл мектебінде - 54 оқушы оқып жатқан көрінеді. Бұл орыстілді мектептер Қазақстан Республикасы Үкіметінің 21.12.2007 жылғы №1256 Қаулысының үдесінен шығып отырған жоқ. Солай бола тұра, аталған мектептер баз қалпында еш қысқару, жабылусыз өз жұмысын жалғастыруда. Мұны қалай түсінеміз? Қаулы, заң баршаға ортақ емес пе? Біз бұл жерде аталған орыстілді мектептердің жабылуын қалап отырған жоқпыз. Бірақ тура сондай жағдайда болып отырған мемлекеттік тілдегі мектептің жабылып, мәртебесі өзгеріп жатқанына қынжылып отырмыз. Әлде Үкімет қаулысы мемлекеттік тілдегі мектептерге ғана қатысты ма? Ал «Өрнек» ауылындағы 9 жылдық негізгі мектепте 38-39 бала бола тұра, ол 2009 жылдың 31 желтоқсанында жабылып, 2010 жылдың 1 қаңтарында 4 сыныптық бастауыш мектебі болып қайта құрылған. Осылайша жергілікті халыққа Жаңа жылда тосын сыйлық жасаған Қарабалық ауданының әкімдігі қақаған қыста қаншама халықты әбігерге түсірген. Ең құрығанда, оқу жылын толық аяқтауға мүмкіншілік жасамаған. Ал К.Ибрагимов болса мемлекеттік тілде білімді аудан орталығы Қарабалықта да алуға болатынын айтып, бұл пікірін өзінше дәлелдемек болады.
«Мектептің жабылуына себеп, біріншіден, бала санының жетіспеуі, екіншіден, білікті мұғалімдердің жетіспеуі болып отыр. Біз заңға қайшы әрекет жасай алмаймыз. Сол себепті аудан орталығы Қарабалықта балаларды оқыту үшін №3 Қарабалық жалпы білім беретін орта мектебі мемлекеттік тілде білім аламын деушілерге әзір тұр. Бұдан бөлек, аудандық бюджет есебінен «Жас Талап» мектеп-интернаты ашылған. «Өрнек» ауылының тұрғындары өз балаларын осы интернатқа жатқыза алады және оқушыларды 2 аптада бір рет үйіне автобуспен апарып, алып келу ұйымдастырылған» дейді ол. Апырмай, сонда қалай болды? Мәселен, мен баламды мемлекеттік тілде оқыту үшін 80 шақырым жердегі аудан орталығына апаруым керек екен. Сонда баланың құқығы, ата-ананың құқығы қайда қалды?..
Хаттан үзінді...
Еліміздің Ата Заңы, «Бала құқығы туралы», «Тіл туралы», «Білім туралы» заңдар, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі 25.07.03 ж. бекіткен №570 «Санитарлық ережелер мен нормалар» және т.б. бала құқығын қорғайтын көптеген талаптар бар. Мәселен, баланың ата-анасымен бірге тұрып, ата-анасының тәрбиесін алу құқығы («Бала құқығы туралы» заң, 25-бабы), ана тілде білім алу құқығы («Білім туралы» заң, 9-бабы, 3-тармағы) бар. Ал ҚР-ның «Білім туралы» заңының 8-бабы, 7-тармағында «мемлекет тұрғындар саны аз елдімекендердегі балалардың білім алу құқығын қамтамасыз ету үшін бала саны аз мектептердің жұмыс істеуіне кепілдік беретіні» айтылған емес пе? Балалар тәуелсіз атамекенінде мемлекеттік тіл мәртебесі бар ана тілінде білім алуы үшін не істеу керек? Әрине, ата-аналары балаларын қай тілде оқытқысы келсе өтініште көрсетуі тиіс! Алайда ауылдағы ата-аналар өз құқықтарын толық біле ме? Тіпті білген күннің өзінде өз құқығын бұл өңірде қорғай алмасы айдан анық. «Мемлекеттік тілде оқытқыңыз келсе - балаңызды аудан орталығындағы интернатқа беріңіз!» дейді «Өрнек» ауылындағы мектептің қызмет аясын қысқартқан Қарабалық ауданының әкімдігі, білім бөліміндегі мамандар. Сондай-ақ Святославка, Смирновка, Славянка, Михайловка, Станционное, Научное, Қособа, Приречное, Тоғызақ Бозкөл, Победа ауылдарындағы мектептерде мемлекеттік тілде білім алу әлі күнге шейін қарастырылмаған. Сондықтан болар, осы аудандағы ұлты қазақ балалардың 80%-ы мемлекеттік тіл мәртебесі бар ана тілінде білім алмай отыр, аудандағы барлық оқушылардың тек 7%-ы ғана мемлекеттік тілде білім алуда. Бұл - ел Тәуелсіздігінің жиырма жылдығы қарсаңындағы көрсеткіш! Ал қазақ тілі -мемлекеттік тіл мәртебесін алғалы екі мүшелге жуық уақыт өткен жоқ па!?.
Баланың толыққанды отбасы тәрбиесін алуына, ата-анасының қасында болуына жағдай жасай алмасақ, біздің мына елдігімізге сын. Аудандық жергілікті билік неге өзге аудандардағы жағдайды саралап көрмейді? Мәселен, хатта айтылғандай, «Таран ауданындағы негізгі мектептердің бірінде небәрі 17 бала оқитын көрінеді». Бұл аудан негізгі мектебін қалай ұстап отыр. Неге Қарабалық ауданының білім бөлімінің мамандары, басы К.Ибрагимов болып, халықтың ұсыныс, тілегін қабыл алып, халқымыздың арда ұлдарының бірі - Мұхамеджан Сералин туған «Өрнек» ауылында негізгі мектептің болуына күш салмайды. Жабуға, қиратуға әзір тұратынымыз қалай?! Мәселен, бастауыш сынып мұғалімі Әлия Оспанова негізгі мектепті қайта ашуға қатысты былай деді: «Ауылдағы мектеп оқушыларының контингенті нормативке жауап беру үшін бізге 41 оқушы керек. Ауылда қазір бастауыш және негізгі сыныпта оқитын 34 оқушы бар. Енді шілде айында Амангелді ауданынан екі отбасы көшіп келеді. Біреуінде 6 бала, екіншісінде 2 бала бар. Басқа да көшіп келетін көпбалалы отбасылар да баршылық. Біз осы арқылы бала санын толтыруға дайынбыз. Бұдан бөлек, негізгі мектеп болу үшін бізге кейбір пәндерден педагогикалық кадрлар керек. Қазір бізге химия, география, тарих пәндерінен пән мұғалімдері қажет. Амангелді ауданынан көшіп келетін екі отбасында білікті, жоғары білімді мұғалімдер бар. «Дипломмен - ауылға» бағдарламасы арқылы да жас мамандар келуге әзір. Біз, ауыл тұрғындары, бәріміз осыған атсалысқалы отырмыз. Сол себепті біздердің сұрайтынымыз - аудандағы жергілікті билік негізгі мектептің қайта ашылуына барынша көмектесуі тиіс».
Тағы бір мәселе, аудандық білім басқармасы «Өрнек» ауылында негізгі мектепті жапқаннан кейін қайта құрған 4 сыныптық бастауыш мектептің ғимараты екі бөлмелі үй болып отыр. Бұл 40 мың теңгеге сатып алынған «үй-мектеп» ескілеу екен. Үлкен жөндеу жұмыстарын қажет етеді. Расында, осы күнге дейін бір кірпіші бұзылмаған екі қабатты мектепті жауып қойып, оқушыларды тар жерге топтастыру арқылы білім сапасын арттыра қою екіталай.
«Қазақстанның болашағы - қазақ тілінде»
Жергілікті халықтың тілек-ұсынысын құптап, 2011 жылдың 20 сәуірінде Қостанай облысы әкімдігі білім басқармасының бастығы С.Б.Бөрібаева Қарабалық ауданының әкімі Ф.И.Филипповке арнайы хатта жазған екен. Хат мәтінінде былай делінген: «...Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өз баяндамаларында барлық қазақстандықтарды біріктірудің басты факторы қазақ тілі болып табылады және мемлекеттік тілді дамыту үшін барлық күшті салу керек деген болатын...
Сізден «Өрнек» ауылындағы мектепті қаржыландыру мәселесін қарастыруды, тұрғындардың өтінішін қанағаттандыруды сұраймын. Өйткені аталған мәселенің шешілуі жанұя әлеуметтік институтының нығаюына, ауданда қазақ тілінде оқытатын мектептердің желісін дамытуға ықпал етеді». Аудан әкімі Ф.И.Филиппов мырза С.Б.Бөрібаеваның «Өрнек» ауылындағы мектепті қаржыландыру мәселесін қарастыруды, тұрғындардың өтінішін қанағаттандыруды» өтінген дәйекті сұрауына салқынқандылық танытқаныменен, Елбасының: «Қазақстанның болашағы - қазақ тілінде» деген талабына құлақ асуы қажет-ақ. Осы орайда біздің білгіміз келетіні, бұл қарқынмен Қарабалық ауданындағы шенеуніктер мемлекеттік тілді қалай дамытпақшы? Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «...Біздің міндетіміз - 2017 жылға қарай мемлекеттік тілді білетін қазақстандықтар санын 80 пайызға дейін жеткізу. Ал 2020 жылға қарай олар кемінде 95 пайызды құрауы тиіс. Енді он жылдан кейін мектеп бітірушілердің 100 пайызы мемлекеттік тілді біліп шығатын болады...» деген болатын. Елбасы биылғы Жолдауда жүктеген тапсырманы Қарабалық ауданының әкімдігі әлгіндей самарқаулықпен, жайбасарлықпен уақытында орындай алар ма екен?! Бұл сауал Үкіметке, Білім және ғылым министрлігіне де қатысты. Мәселен, мемлекеттік тілде білім алу үшін қандай да бір шарттың болғаны дұрыс па? Сонда 41 бала болмаса, негізгі мектеп ашылмауы керек пе? Ал 81 балаға толмаса жалпы білім беретін орта мектеп құрылмайтыны қалай? Бұл біздің тікелей болашағымызға жасалып отырған қиянат емес пе?
Сол себепті мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге бағытталған қажетті шаралардың бірі ретінде мемлекеттік тілде білім беретін мекемелер үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің 21.12.2007 ж. №1256 Қаулысы қайта қаралып, күшін жою керек. Қазақстандағы өзге тілде білім беретін әр мектептің қабырғасынан биылдан бастап, бала санына қарамастан мемлекеттік тілдегі сынып ашу міндеттелуі тиіс. Әйтпесе, мемлекеттік тілдегі мектептердің жабылуы, қызмет аясының қысқаруы жалғаса бермек.
Мәселен, «Алтын орда» республикалық газетінің 16 маусым, №24 (594) санында «Мектебіміз қандай болса, болашағымыз сондай» атты мақала жарық көрген болатын. Мақалада мектептердің жабылуы жайында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильянов Үкімет сағатында былай депті: «Мектептерді жабу мен мектептердің мәртебесін өзгертуде елдімекендерде тұратын халықтың мүддесі ескерілсе деймін. Осы мәселемен айналысқаныма үш-төрт жыл болды. Күз болса, Шығыс Қазақстан облысынан маған «екі бала жетпей қалды, үш бала жетпей қалды»-мен ауылдағы мектептің мәртебесін өзгертіп жатыр. Ақшаны үнемдейді» деген сарында хаттар легі келеді. Сондықтан осындай болмау үшін мектептерді жабу, мәртебесін өзгерту, біріншіден, қазіргі кезде қабылданған халықты жұмыспен қамту бағдарламасына үйлестірілгені абзал. Бізде мектептерді қалай жабады? Шығыс Қазақстан облысында екі жылдың ішінде 25 мектеп жабылып, мәртебесі өзгертілді. Ол 50 ауыл жоқ деген сөз». Иә, Нұртай Сабильяновтың бұл ұсыныс-пікірімен келіспеуге болмас. Сондықтан әлгіндей мемлекеттік тілдегі мектептің аясын қысқартатын Қазақстан Республикасы Үкіметінің 21.12.2007 ж. №1256 Қаулысы толықтай өз күшін жоюы қажет-ақ. Мұндай шара - мемлекеттік тілді дамытуда тасы өрге баспай тұрған өңірлердегі тұрғындарға үлкен демеу, ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында халыққа жасалған үлкен сый болар еді, мемлекеттік тіл қолданысына жан бітер еді, биік мінберден айтылған тапсырманың мезгілінде орындалуы үшін керекті бір іс болар еді.
МАҚАЛАҒА ОРАЙ:
«Өрнек» ауылының тұрғындары бірауыздан: «біз қайтсек те, Мұхамеджан Сералин сынды ұлт қайраткері туып-өскен ауылда негізгі мектептің болуына күресіп, бағамыз» дейді. Осы орайда ауыл тұрғындарының пікірлеріне кезек берсек.
Ержан Төлеуұлы, «Өрнек» ауылының тұрғыны:
- Мектепті 2009 жылы жапқан болатын. Бізге аудандық білім бөлімінің мамандары 9 жылдық негізгі мектептің жабылуының себебін оқушылар саны және сабақ беретін біліктілігі жоғары педагогикалық қадрлардың жетіспеушілігінде деп сендірді. Бұдан бөлек, аудандық білім басқармасы дағдарыстың болуымен түсіндірді. Біздіңше, бұл жылдық мектепті жабуға дәйекті жағдай емес. Өткен ғасырдағы Ұлы Отан соғысы кезінде осы ауылда балалар оқитын мектеп болған. Сол қиын-қыстау кезде жабылмаған мектепті ел аман, жұрт тынышта дағдарысты сылтауратып жауып тастау ақылға қонымды іс емес деп ойлаймын. Қаншама ата-ана өз балаларын оқыту үшін көп әуреге түсті. Қаншама ауыл тұрғыны жылы орнын суытып, өзге жерге қоныс аударды. Қарабалық аудандық білім басқармасының қақаған қыста елге қысастық қылып, мемлекеттік тілдегі негізгі мектепті жабуы Елбасының жүргізіп отырған саясатына селқос, бейжай қарау деп түсінемін. Егер де бұл мектепті осы жағдайда қалдыратын болса, онда еліміздің ардақты жазушысы, білікті журналист, қоғам қайраткері Мұхамеджан Сералин туған «Өрнек» ауылы да жойылып, құриды деген сөз.
Серікбай Медеубаев, «Өрнек» ауылының тұрғыны:
- Біздің мектепті жабамыз дегенде оқушылар саны жетіспейді деді. Оқушылар саны толық болу үшін біздер, ауыл тұрғындары, осы Қарабалық ауданынан-ақ балалар тауып алып келдік. Бірақ соған қарамастан аудандық білім басқармасы жылдың аяғында 9 жылдық мектепті жапты. Одан кейін 4 жылдық бастауыш мектепті қайта құрды. Біз, ауыл тұрғындары, өз балаларымыздың бізден жырақта болуын қаламаймыз. Балаларымыздың толыққанды отбасы тәрбиесін көргені дұрыс.
Қайырхан Әлмұхаметов, «Өрнек» селолық округінің әкімі:
- Қазақ журналистикасының алғашқы қарлығаштарының бірі, ел ардақтысы атанған «Айқапты» ашқан Мұхамеджан Сералин туған ауылда негізгі мектеп болуға тиісті. Кезінде осы арысымыз ең алғаш осы ауылда мектепті ашқан болатын. Бұл мектептің ашылғанын мен қалаймын. Мен қолымнан келгенше осы мектептің ашылуына атсалысуға әзірмін.
ТҮЙІН
Елімізде соңғы жылдары мемлекеттік тілдің қолдану аясы кеңейіп келе жатқаны белгілі. Десек те, кейбір солтүстік облыстарға қатысты олай деп айта қою қиын. Оған осы мақаладағы айтылған сөз нақты дәлел бола алады. Алаштың зиялы қауымы көптеп шыққан Қостанай облысында мемлекеттік тілдің даму деңгейі анау айтарлықтай жоғары қарқын ала қоймағаны «тайға таңба басқандай» көрініп тұр. Қазір сол зиялылар тіріліп келіп, біздің мына жайымызды көрсе, не бетімізбен қарар едік. Олар сонда не үшін, кім үшін азаттық жолында жалындап жанып, тағдырдың тезіне, тозақтың өзіне шыдауға мәжбүр болды? Ендігі кезекте Қостанай облысында мемлекеттік тілдің іргесі берік болып, тіпті оның Ресейдің оңтүстік облыстарында тұратын қандастарымызға көмегі тиюі керек еді. Егер де Қарабалықтағыдай мемлекеттік тілге, мемлекеттік тілдегі мектепке деген немқұрайды көзқарас өзге елдімекендерде де орын алып жатса, шыққан биігіміздің қандай екенін бағамдай беріңіз?!.
Сұлтан Тайғарин,
«Ана тілінің» арнаулы тілшісі
Алматы - Қостанай - Қарабалық - «Өрнек» - Алматы