Сенбі, 23 Қараша 2024
46 - сөз 2928 3 пікір 16 Шілде, 2019 сағат 11:35

Баланың талантын өзгенің пікіріне қарап тұншықтыру - қателік!

Таланттарды өлтіру жүріп жатыр. Кеше. Бүгін. Ертең. Тапа-тал түсте бір таланттың өлтірілгенін көрдім. Байғұс жас екен. Тым жас. Әртіс болғысы келеді. Бірақ ата-анасы "әртістік мамандық емес" деп, бұзау сүйрегендей дырылдатып отырып ҚазҰУ-ға алып кетті. Экономист етпек. Әттеген-ай. Жүргеновке түскенде, бәлки қазақтың Ди Kаприосы болар ма еді, кім білсін?...Сөйтіп ата-анасы өз баласының бойындағы талантын тұншықтырып тастады. Қап, әкеңді!

Жалпы ондай талант өлтіру бізде қалыпты жайт. Таланттарды бізде қоғам, көрші, туыс, тума, дос, ағайын, құда, таныс, ата-ана аямай азаптап өлтіруде. Анығы солардың пікірі. "Биші боламын" десе, "не істейсің секеңдеп" дейді. "Әнші боламын" десе, "жүр сол ызыңдап" дейді. "Әртіс боламын" десе, "ұялмаған әртіс болады" деген мақалмен аузыңды жабады. "Суретші болам" десең, қақ төбеңнен бір қояды. "Күйші боламын" десең, "жындысың ба" деп мелшиіп тұрады. Әрине, қарға дауысты әнші боламын, қисық аяқ икемсіз биші боламын, қарындаш ұстай алмайтын суретші боламын десе орнына қойып, бағыт беру керек. Алайда расымен таланты тасып, жүрегі сол бағытқа ұшып тұрса, неге балаға рұқсат етпеске?!

Бұл тек өнер саласына ғана қатысты емес. Жалпы. Біреу балықшы болғысы келер, болсын. Бәлки, Аустралия жағалауынан тунецті алғаш ұстап, аукционда 1 млн долларға сатқан қазақ болатын шығар. Біреу суретші болғысы келер, болсын. Бәлки, біз Қастеевтен асып түсті деп мақтанатын, о дүниеде Рембрандт "да ну" деп бас шайқатын мықты болар. Біреу гүл өсіруші болғысы келер, жолын ашайық. Мүмкін "қызғалдақтың отаны" атауын шынайы осы елге қайтарар.

Бар салаға қатысты дүние осы. Ғылымға ма, өнерге ме, спортқа ма, қай саланы сүйіп, қай салаға бейім, таланты бар, сол салаға берген дұрыс. Көршінің не айтқаны, қоғамның не дейтіні, туыстың не ойлайтыны маңызды емес, маңыздысы балаңыздың өз мамандығын сүйіп оқуы. Оған ынтық болуы. Сіз үшін біреудің пікірінен гөрі, балаңыздың өмірінің жарты уақыты өтетін мамандығында бақытты болуы маңызды шығар.

Ешбір ата-ана баласына жамандық тілемейді. Дегенмен баланың талантын өзгенің пікіріне қарап тұншықтыру қателік. Тіпті бұл саланың болашағы күмәнді деген күннің өзінде де, сол саланы сүйген адам одан нан тауып жейтініне мен сенемін. Өз саласын сүйген жан, сол салада жетістікке жетеді.

Мына граффитиді өз талантын аша білген жан салғанына қуанып отырмын. Біреу үшін бұл вандализм шығар, бірақ мен бір өнердің туындысын көріп тұрмын. Еуропада граффитимен байып кеткендер бар. Біз өз қазағымыздың баласы осылай граффиті саламын десе, ауызбен бір, әрекетпен екі мәрте жамбасқа лақтырамыз да, артынан Ресейден үй сыртына сурет салуға маман шақырамыз. Не дейміз енді, құй Карл! Қазір бізді талайды)

Асхат Қасенғалидың facebook парақшасынан
Abai.kz
3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1487
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5524