Сыр өңірінде соны серпін бар
Қызылорда облысының әкімі Қуанышбек Ысқақов өңірде 6 айдың ішінде атқарылған жұмыстарды қорытындылап, алдағы жоспарлар жөнінде айтты,- деп хабарлайды Абай-ақпарат.
Бүгінгі күні Сыр өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуының барлық көрсеткіштері бойынша, өнеркәсіптік өнім көлемін қоспағанда, оң динамика қалыптасып отыр.
- Экономикаға тартылған инвестиция 2 есе, құрылыс 2,4 есе, тұрғын үйді пайдалануға беру 21,6 пайыз көлемі бойынша және ауыл шаруашылығында 2,3 пайыз өсім қамтамасыз етілді. Соңғы 6 жыл ішінде облыста мұнай өндіру көлемі 4,2 млн.тоннаға қысқарды. Болжам бойынша, биылғы жылы тағы 1,1 млн.тоннаға қысқарады деп отырмыз. Жалпы өңірлік өнімнің 35% және өңірдегі барлық өнеркәсіп өндірісінің 70% астамы мұнай өндіруге тиесілі екенін ескерсек, бұл әлбетте экономиканың барлық салаларына тікелей және жанама әсер ететіні белгілі. Облыстың экономикалық дамуындағы өсімге қол жеткізу үшін біз аймақ экономикасын индустрияландыру арқылы әртараптандыру стратегиясын жүзеге асырудамыз. Қазіргі таңда индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылған 24 жобаның 18-і 90%-дан 100%-ға дейін жоспарлы қуаттылығын игерді,- деді облыс әкімі Қ.Ысқақов.
2019 жылдың 1 жартыжылдығында өндірілген өнім көлемі былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 18%, ал экспорт көлемі 37% артқан. Сонымен қатар өңірдің ірі инвестициялық жобаларымен қатар шағын өндірістерді дамыту жөнінде де тиісті жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Бұған байланысты өңір басшысы:
- Осыған байланысты біз "қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасы аясында жалпы құны 12,6 млрд. теңге болатын 124 жобаны жүзеге асыру бойынша жұмыс жасаудамыз. Бұл - ет-сүт өнімдерін өндіру және қайта өңдеу, сусындар мен құрылыс материалдарын шығару. Осы жобаларды жүзеге асыру арқылы біз импортты төмендете отырып, бір мезгілде өзіміздің жергілікті шикізат базасын дамытамыз, - деді.
Облыс әкімі аймақта қолға алынып жатқан бағдарламаламаларға тоқталды. Айталық, "Ауыл – Ел Бесігі" жобасы шеңберінде әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды нығайтуға бағытталған облыстың екі аудан орталығында 21 жобаны жүзеге асыру бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда. Сондай-ақ ол "Байқоңыр" кешенін дамыту бойынша қажетті шаралар атқарылып жатқандығын жеткізді.
- Сонымен қатар, коммуналдық қызметтердің жоғары тарифі мен қолданыстағы салықтық режим тұрғындардың кәсіпке деген белсенділігін тежеп отыр. Осыған байланысты, Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының XV аймақаралық ынтымақтастығының форумы барысында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті–Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың "Байқоңыр" кешенінде еркін экономикалық аймақ құруды пысықтау туралы тапсырмасын жүзеге асыру
мақсатында, біз өз тарапымыздан "Байқоңыр" еркін экономикалық аймақ құру тұжырымдамасын және "Байқоңыр" арнайы экономикалық аймақ құру туралы үкіметаралық келісім жобаларын дайындадық. Президенттің қолдауын күтудеміз, - деді Қуанышбек Досмайылұлы.
Жақында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың төрағалығымен өткен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында Қызылорда облысының өзекті мәселелері қаралған еді. Елбасы әкімдіктің барлық ұсыныстарын мақұлдап, өңірдің 2019-2022 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарын бекітуді тапсырған болатын.
«Аталған тапсырманы орындау мақсатында ағымдағы жылдың маусым айында Үкіметпен Кешенді жоспар қабылданды. Кешенді жоспарды іске асыру нәтижесінде 2022 жылдың қорытындысымен жалпы өңірлік өнім көлемі 2 трлн 62 млрд.теңгеге ұлғайтылатын болады. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген мәжілісі өтті. Мәжілісте Мемлекет басшысы Үкіметке және аймақ басшыларына халықтың табысын көтеріп, әл-ауқатын жақсартуға бағытталған тоғыз міндетті жүктеді. Олар: индустрияландыру, агроөнеркәсіптік кешенді және кәсіпкерлікті дамыту, тұрақты макроэкономикалық орта қалыптастыру, бюджет қаражатын пайдаланудың тиімділігін арттыру, өмір сүру сапасын жақсарту, білім және денсаулық сақтау жүйесін нығайту, аймақтарды дамыту, мемлекет басқару тиімділігін және мемлекеттік қызметтер сапасын арттыру мәселелері. Біздің ендігі міндет – аймақта басталған жұмысты қарқынды дамыту. Бұған біздің әлеуетіміз де, мүмкіндігіміз де толық жетеді,- деді аймақ басшысы.
Abai.kz