Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3624 0 пікір 11 Шілде, 2011 сағат 12:00

Алмас Қуанбай. «Сопылар ісі» халық пен билік назарында

 

Шілденің 7-і күні Алматы қаласы әкімдігінде «зікіршілер», «сопылар» аталып жүрген Қазақстандағы сопылық жол өкілдеріне қатысты дөңгелек үстел мәжілісі өтті. Оған тиісті мемлекеттік құрылымдар мен сопыларға араша түсуші зиялы қауым өкілдері қатысты. Бұл жиынның ұйымдастырылуына жазушы Шерхан Мұртаза, ғалым Мекемтас Мырзахметұлы бастаған зиялы қауымның 2011 жылдың мамыр айында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа жазған Ашық хаты себеп болған. Қоғам назарындағы бұл Ашық хат ескерілусіз қалмасы анық еді, сондай-ақ Исматулла Мақсұмға жала жабылды деген пікірдің дұрыс, бұрысы талқыға салынатын мезгіл ерте ме, кеш пе бір болатынын көпшілік күткен-тұғын.

 

Шілденің 7-і күні Алматы қаласы әкімдігінде «зікіршілер», «сопылар» аталып жүрген Қазақстандағы сопылық жол өкілдеріне қатысты дөңгелек үстел мәжілісі өтті. Оған тиісті мемлекеттік құрылымдар мен сопыларға араша түсуші зиялы қауым өкілдері қатысты. Бұл жиынның ұйымдастырылуына жазушы Шерхан Мұртаза, ғалым Мекемтас Мырзахметұлы бастаған зиялы қауымның 2011 жылдың мамыр айында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа жазған Ашық хаты себеп болған. Қоғам назарындағы бұл Ашық хат ескерілусіз қалмасы анық еді, сондай-ақ Исматулла Мақсұмға жала жабылды деген пікірдің дұрыс, бұрысы талқыға салынатын мезгіл ерте ме, кеш пе бір болатынын көпшілік күткен-тұғын.

Көптен күткен кеңес
Көзі қарақты оқырман «зікіршілер» тақырыбының «Хабар» телеарнасынан «Ақиқат» фильмі көрсетілгеннен кейін қоғамда қызу талқыға түскенін жақсы біледі. Фильмде он жыл бойы ашық әрі заң аясында қызмет еткен «Сенім. Білім. Өмір» республикалық қоғамдық бірлестігінің рухани тәрбие бағытындағы қыруар жұмысы ескерусіз қалып, біржақты, негізсіз қаралау орын алған еді. Мұндай «жаптым жала, жақтым күйе» әрекетке ашынған Халық жазушысы, қоғам қайраткері Шерхан Мұртаза бастаған 28 адамның Елбасы Н.Назарбаевқа жазған Ашық хаты көпшілік қауымның назарына да бірден ілігіп, қызу талқылауға түсті. Республикалық басылымдарда Исматулла ақсақалға тағылған айыптың жала, «Ақиқат» фильмінде көрсетілгеннің дені қолдан ұйымдастырылған сюжет екенін дәлелдеген бірнеше мақала да жарық көрді. «Сопыларға қиянат жасалып жатыр!» деп араша сұраған зиялылардың жан дауысы билік дәліздеріне де жетіп, әңгіменің ақиқатын ашу үшін осы басқосу ұйымдастырылған екен.
Жалпы ел ішінде нашақорларды қамап ұстап, адам құқығын таптады деген желеумен Қазақстандағы сопылық жолды ұстанушы «Сенім. Білім. Өмір» қоғамдық бірлестігіне қатысты даулы істің тұтануына сопыларды өкімет орындарымен арандатуға мүдделі «үшінші күштің» қатысы бар деген пікір бар. Дөңгелек үстелге жетекшілік еткен Алматы қаласы әкімінің орынбасары Серік Сейдуманов тап осы мәселенің қайшылықты жақтары көп екенін айтып қалды.
«Біржақты қаралау емес, сотта іс әділ шешілетініне сенеміз және құзырлы органдар тарапынан ұйымдастырылған бүгінгі шара бізге үміт сыйлады», - деді жиынға қатысқан жазушы Дидахмет Әшімханұлы.
Дөңгелек үстелге Алматы қаласы әкімінің орынбасары Серік Сейдуманов, Алматы қаласы әкімдігі ішкі саясат департаменті директоры Кенжехан Матыжанов, ҚР Бас прокуратурасынан өкіл, аға прокурор Серік Бексұлтанов, Алматы қаласының аға прокуроры Сержан Байбатыров, Алматы қаласы ІІД экстремизм, терроризм және сепаратизммен күрес басқармасы бастығының орынбасары Ғани Жұмағұлов қатысты. Елбасына Ашық хат жазған зиялы қауым өкілдерінен жазушы Дидахмет Әшімханұлы, ҚР халық ақыны Әселхан Қалыбекова, «Дарын» сыйлығының иегері, ақын Светқали Нұржан, филология ғылымдарының кандидаты Болат Қорғанбек, журналист Амангелді Жұмаш, «Орда kz» тәуелсіз апталық газетінің бас редакторы Абай Балажан, т.б., қатысты. Сонымен қатар жиынға Қазақстан Мұсылмандар Діни басқармасы өкілдері келді.
«Бізге бұл жиын туралы хабар тым кеш, бір күн қалғанда ескертілді, бас аяғымыз құралып үлгірмедік», - дейді Оңтүстік Қазақстан облысынан арнайы келген Әселхан Қалыбекова. Дәл осы себептен іссапарда жүрген Шерхан Мұртаза мен Мекемтас Мырзахмет ағаларымыз да дөңгелек үстел мәжілісіне жете алмай қалды. Бірақ жиын барысында олардың арнайы сәлемі жеткізілді.
...Естеріңізге сала кетейік, Исматулла қариға және «Сенім. Білім. Өмір» РҚБ-нің өзге де мүшелеріне қатысты сот ісі шілденің 8-і басталды...

Құпия фильм - «Ақиқат ІІ»
Ел ішін ала тайдай бүлдірген авторы жоқ домалақ фильм көрсетілгеннен кейін фильмде жала жабылған танымал адамдардың наразылығы «Хабар» агенттігі жетекшілерінің бірі Серік Аббас Шахты «Абай.кз» интернет-порталы бетінен түсініктеме беруге мәжбүр еткен болатын. Түсіндіргенінен күмілжуі басым сол жауабында Серік мырза: «Фильм жасалу барысында шығармашылық топтың қолында көптеген материалдар болды. Оның ішінде нағыз шындықты көрсететін (кейбірі адам шошырлық) бейнетаспалар жеткілікті. Көбісі пайдаланылған жоқ. Көрмегендеріңіз сіздерге да жақсы шығар, әйтпесе, мақтап-мадақтап жатқан азаматтарыңыз бен тақсырларыңыз туралы әдемі түсініктеріңіз мүлдем өзгеру де мүмкін....» деп қалған болатын. Сол жолы-ақ, «Бұл неғылған тағы ашылмаған «Ақиқат», бұдан өзге де фильм түсірілген бе?» деген сұрақ туған. Осы жиынға құзырлы орын өкілдері сол «құпия қару» - арнайы бейнефильмді ала келіпті. Сөйтсек, жалпы көрерменге арналмаған, бұрынғысынан да сорақы екінші «Ақиқат» фильмі бар екен. Жиын басында Бас прокуратура өкілі Серік Бексұлтанов жиналған зиялы қауымды осы фильмді «тамашалауға» шақырды. Онда «Хабар» «Ақиқатынан» бөлек өзге де жантүршігерлік кадрлер бар. «Исматулла Абдуғаппардың жеке қорынан алынды» деген құжаттардың ішіндегі бір бейнекөріністе Ауғанстанда адамды қойша бауыздап, басын кесіп алып тастаған екі-үш түсірілім көрсетіледі. Бұл фильм жөнінде тәуелсіз журналист А.Жұмаш былай деді: «...Жүрегі тастай адам болмаса, қарапайым кісі қарап тұра алмайтын бұл сұмдықты Исматулла Мақсұм немесе оның шәкірттері Ауғанстанда жасапты-мыс. Мұны көрген адам әлбетте, «ясауишілердің» көзін құртыңдар» дері сөзсіз. Ал, бұл - толық жала, сопыларға еш қатысы жоқ кадрлерден тұратын фильмді прокуратура қызметкерлері алқа билерге көрсетпесіне кім кепіл? Ал, ол өз кезегінде сот әділдігіне кері әсер етпей ме? Алқа билер кәсіби заңгерлер емес, қарапайым азаматтардан құралмаушы ма еді?! Шілденің 8-інде басталған ашық сот отырысының екі бірдей мәжілісіне арнайы өтініш жазса да, басқа түгіл БАҚ өкілдерінің ешбірі кіргізілмеуі ойлантады. Сопыларға қарсы сергелдең басталған өткен жылдың тамызында белгілі бір мүддедегі адамдар Ақордаға монтаждалған фильм құрастырып апарыпты-мыс деген қаңқу сөз естіліп қалған болатын. Егер сол сөз рас болса, сонда көрсетілген фильм осы сияқты. Бір қызығы, сопылар жетекшілерінің адвокаттары «сопылар ісінде» зиялыларға көрсетілген жауыздардың «адам сойғыш» көріністері бейнеленген бейнематериал мүлде жоқ екенін, ондай мазмұндағы қандай да бір бейнетаспаға сараптама жасалмағанын айтып отыр! Соған қарағанда зиялылардың тамашалағаны - сопыларды құбыжық қылып көрсетуге арналған, оларды билікке жеккөрінішті көрсетуге мүдделі «үшінші күштің» заңсыз «құпия қаруы» демеске шарамыз жоқ!
«Обьективті тергеу жүргізуге тырысқан адам бейнематериалдардың сопыларға еш қатысы жоқ екенін анықтар еді», - деді көрсетілімнен кейін маңғыстаулық ақын Светқали Нұржан. Бұл аталмыш екінші фильмде пайдаланылған материалдарды бұрын да көргенін айта отырып: «Фильмдегінің дені қаралау бағытында болған. Жаңағы адам бауыздау оқиғасы Ауғанстанда өткен. Маған осының үш дискісін Исматулла Мақсұм қолыма ұстатты да: «Мынаны айналайын, еліңе алып бар, - деді. - Бар да, әкім Қырымбек Көшербаевқа бер, көрсін, елін сақтандырсын. Бұл дін атын жамылған содырлардың апаратын жері осы», - деді. Сондықтан мұны бұрмалап әкеліп, Исматулла Мақсұмға сәйкестендірудің қажеті жоқ. Ондай әрекет ешкімге абырой да, пайда да әкелмейді».
Ал, фильмдегі адам бауыздаған қанішерлер туралы нақты анықтама мүлде жоқ. Қайда, қашан болған оқиға? Ол кезде Исматулла қари қайда болған? Немесе, ақсақалдың өзінен «қайдан алдыңыз» деген сұрау болды ма тым құрымағанда? Әрине, жоқ! «Хабардан» көрсетілген «Ақиқатта» көшедегі біреуді тепкілеп жатқан төбелесті фильм арасына сынамалап қосып жібергені секілді фильмді әсірелей түсу үшін істелген жаптым жала, жақтым күйе.
«Ясауи» вокалды тобының жер-жердегі концерттерінде «Сенім. Білім. Өмір» бірлестігі өкілдері халық алдында «дін атын жамылған қанішерлерден балаларыңызды қорғаңыздар. Олар ештеңеден тайынбайды. Ел тәуелсіздігіне кесірін тигізеді!» деп жар салып, сақтандырғанына ел куә. Он жыл ішінде өткізілген жүздеген кездесу-концерттердің бейнетаспалары мыңдап кездеседі. Солардың ішінде неге мұндай айыптауға негіз боларлық фактілер кездеспейді? Бұл фильмде сопылардың діни экстремизмнен сақтандырған қыруар шарасы туралы бір сөз жоқ. «СБӨ» РҚБ-ның тәрбиелік жұмыстары мүлде назардан тыс қалған!
«Сіздер фильмде «зәбір көрді, өзін өзі өлтірмек болды» деген адамдарды көрсетесіздер. Көзі ашық адам бұған сенбейді. Себебі бұл жерде статистика керек. Мысалы, қанша наркоман емделіп шықты, қаншасы өмірін жаңадан бастады. Статистикаға шаққанда, пәленшесі адам болды деп нақты дәлел көрсетілуі керек. Соның басым бөлігі болса, онда жұртты сендіруге болады. Сондықтан мұны тереңірек зерттеу керек деп есептейміз.
...Фильмде сіздер «нейролингвистикалық бағдарлау тәсілін пайдаланған» деп айып тағып отырсыздар. Нейролингвистика дегеніміз - сөз арқылы адам санасын улау, ал мұнда адам жадын улайтын фактілер жоқ. Бұл да дәлелденбейді деп ойлаймын. Адам жадын улайтын сөздер Исматулла ақсақалдың уағызында, өткізілген құлшылықта, зікірде табылмайды. Мен 1997 жылы фольклордан кандидаттық қорғадым, содан бері осы Ясауи ілімін зерттеуге кірістім. Әулиеден медет тілеу, әулиелерді жағалау не екенін сол кезден ақтардым. Өзбекстанда жұмыс істедім, сопылықты зерттедім, Ахмет Ясауи ілімімен таныстым. Зікір дегеннің тарихы терең болса да, оны ашып зерттей алмаған едік. Соны ашып, түсіндіріп берген адамды қалай біз теріске шығарамыз?», - дейді Ашық хатқа қол қоюшылардың бірі, филология ғылымдарының кандидаты Болат Қорғанбек дөңгелек үстел отырысында.
«Бұлар Ясауи ілімін теріс насихаттап жатыр» деген айып жиі айтылады. Бірақ «Ясауидің шынайы ілімі - мынау!» деп көрсеткен жан жоқ. Егер ондай нақты, дәлелді сөз болса, соған тоқтайық. Оны ешкім айта алмайды. Ал анығына бармай, «сопылар - Ясауи атын жамылушылар!» деген құр байбаламға салмайық. «Абай мен Шәкірімді бетперде қылады» дейді. Шынымды айтайын, мен Шәкірімді Исматулла қаридай түсіндірген адамды көргенім жоқ. Неге біз бұл кісінің қазаққа істеп жатқан қызметінен бас тартуымыз керек?», - деді «Орда kz» республикалық газетінің бас редакторы Абай Балажан.
Демек, «жалған ясауишілер», «Абай мен Шәкәрімнің атын жамылғандар» деген айып әлі толық жан-жақты зерттеуді қажет етеді. Сондай-ақ деректі фильмге зиялы қауым тарапынан қойылар сұрақ легі де көп. Осыны байқаған «дөңгелек үстелге» жетекшілік етуші Серік Сейдуманов тақырыптың әлі де толық зерттелуіне мүдделі екен айтты.

Исматулла қари - Иран шпионы ма?
«Ақиқат» фильмінің көрсетілген екінші нұсқасында «Исматулла Әбдіғаппар Иранмен астыртын байланыс жасап отырған» деген пікір айтылды. Оған дәлел есебінде Исматулла Мақсұм және «Ясауи» вокалды тобының Иранға барған сапарын көрсетеді. Осыған қатысты да ақын Светқали Нұржан, сол сапарға бірге барған адам есебінде, болған жайдың анық-қанығын айтты. Ақынның сөзін сол қалпында бергенді жөн көрдік:

«Мен өзім куә болған Иран сапары туралы айтарым: ана кадрде көргеніңіздей, Иранда Нұр Муфиди деген кісінің қасында отырған - Мейрам Шаңдыбайұлы деген біздің қазақ ағамыз болады. Ол кісі - Иранда суннит қазақтардың муфтиі. Ал ол кісі - кәдімгі кәміл пірдің соңы, Бекет Атамыздың жетінші ұрпағы. Менің ағам. Ол кісі Исматулла ағамызбен түйдей құрдас. Бұрыннан, шетелде жүргеннен сыйлас. Сол кісі келін түсіріп, той жасап шақырғасын біз бірнеше азамат болып бардық. Қай маршрутпен барғанымызды да айтып берейін. Шымкенттен мәшинемен Ташкенге, Ташкеннен Тегеранға ұштық. Сол жерде бізді қазақ бауырлар күтіп алып, апарды. Біз барғаннан кейін Қазақстаннан дін ғұламасы келді деп, жаңағы кісілер құрмет қылды. Біреуі - суниттік оқу орнын бақылайтын шиғалық Иран мемлекетінің өкілі. Сосын, Нұр Муфиди деген кісі көрсетілді мына фильмде. Ол - Аятолла Хоменейдің серіктерінің бірі болған, Гүлстан уәлаятында кеңесші. Бізді сол кісі өзінің резиденциясында қабылдады. «Ем қабылдап жатыр едім, сіздер келді дегесін келіп отырмын» деді. Сол жерде әңгіме-дүкен болып, «Ясауи» тобының орындауында хикмет тыңдалды. Ырзашылығын білдіріп, қасындағы жігіттеріне «мына кісілерді күтіп, қонақ етіп жіберіңдер» деп тапсырма берді. 
Содан кейін Абдразақ Рахбар деген кісі бар. Ол сондағы саны үш миллион түрікпеннің жетекшісі, сунниттердің ірі тұлғасы екен. Онымен Иран басшылары сунниттер тақырыбында ақылдасып отырады екен. Олар Аққала деген жерде тұрады. Сол Аққала деген жерде зікір салып отырғанымызды көрдіңіздер фильмде. Зікір салып көрсетуімізді сол кісінің өзі сұрады, «шәкірттеріме зікір формаларын көрсетсеңіздер екен» деп өтініш қылды. Солардың өтінішімен жария зікір салдық. Міне, бар болғаны осы. Бұл менің Құдай алдында да, мемлекет алдында да, қазағымның алдында да беретін куәлігім. Сондықтан мұны бір Иран мемлекетінің кураторлары деп көрсетудің еш себебі жоқ. Оған дәлел таба алмайды.
Мен бұрын экстремизм деген не екенін ажырата алмайтын едім. Олар кім, қауіп қайдан деген сұраққа ең бірінші менің көзімді ашып, «отаныңды ойран қылатын күш келе жатыр, соны биліктегі азаматтарға түсіндіріңдер, ертең кеш қаламыз. Идеологиялық бос кеңістік болмайды, оған жат идеология ұмтылады» деп түсіндіріп берген осы Исматулла ақсақал. Біз барлық жұмысымызды жария жасадық. Бұл жерде біреуді көшеден сүйреп әкелген факті жоқ. Бұларды (наркомандарды - авт.) зарлап-еңіреп әке-шешелері әкелген. Өтініш, арыздары бар. Исматулла біреуді көшеден сүйреп әкеліп, тоғытып қамап ұстаған жоқ. Арыз жазып отырған нашақорлардың денін өз әке-шешелері барар жер, басар тауы қалмай, әкеліп тастаған. Сонда мемлекетіміздің қаншама ақшасын төгіп айналысатын шаруасымен бір үкіметтік емес ұйым айналысқан екен, соны адам емдеуге лицензияң жоқ деп осыншама қорлауға, төмпештеп қинауға болады ма, ағайын. Осыншама қаралауға, жала жабуға болады ма, жігіттер?!
Біздің (СБО РҚБ - авт.) бір айналысқан мәселеміз - экстремизмнен сақтандыру. Мысалы 2008 жылы «Үш қиян» газетінде «Ақтөбедегі Қыз әулие ағашын неге өртеді?» деген мақала жарияладық. «Шұбарқұдық шындығы» деген материалды «Қазақ әдебиетін» газетінде жарияладық. Өз журналистерімізді жіберіп, зерттеу жасаттық. «Шұбарқұдықта мұның алдын алмаса, үлкен проблемаға айналады» деп осыдан үш жыл бұрын ескерткенбіз. Біздің мемлекетіміздің басын айналдыратын проблема өсіп келе жатыр деп жазған едік. Енді оның шындығын көріп, жағамызды ұстап, не боларымызды білмей отырмыз қазір, әңгіменің шындығы... Жігіттер, мен ешқашан сектант бола алмаймын. Менің бабам Қожа Ахмет Ясауи - сектант емес. Егер ол сектант болса, менің атам - Бекет, Маңғыстауда жатқан 362 әулие сектант болатын болса, онда мен де сектантпын. Ал олардың ілімін төкпей-шашпай әкеліп ұстатып, Ахмет Ясауи бабаңның, Жүсіп Баласағұнның сөздерін үйреткен, мынау - мына аяттың сыры, мынау - мына хадистің мағынасы деп түсіндіріп берген Адамды мен ешқашан жау санай алмаймын. Мұның артында басқа күштер тұрғанын да біліп отырмыз. Біз көптеген, мыңдаған адамның өкіліміз. Біздің қара басымызды құрметтейтін қаншама адам бар. Біз халық атынан келіп отырмыз. «Осы жиыннан не жауап болады» деп құлағын түріп отырған адам көп. Мәселеге тура қарайық, бәріміз де шикі топырақтан жаралдық, сол шикі топыраққа енеміз. Бізден қазір бір ғана жауапкершілік сұралады. Ол - Отаныңның алдында арың таза ма? - деген сауал. Біздің бір-бірімізден артық туысымыз да, жан ашырымыз да жоқ», - деді Светқали Нұржан.

«Елбасын құрметтеңдер!»
Ауғанстаннан келген оралман ағайын арасында Исматулла ақсақал туралы мынадай сөз бар. Сексенінші жылдары Исматулла қари: «Қазақстан деген ел боламыз, азат боламыз, мен сол кезде еліме барып, дін жаямын» дейді екен. Кеңес мемлекетінің қуаты кемімей тұрған кезде мұндай сөзді сандырақ көрген қазақ ағайындар қазір таңдай қағып айтады.
«Исматулла Әбдіғаппардың екі сөзінің бірі - «Елбасына дұға қылыңдар» болатын», - дейді Абай Балажан.
- Мен әлдебір ағымдар туралы қара аспанды төндіріп айтқым келіп отырған жоқ. Бірақ, әкең өлсе, түске жеткізбей көміп таста дегенді өз басым, ешқашан түсіне алмаймын. Бұл қазақы салт-дәстүрде ешуақытта болған емес.
Ал, мен осы қауымды не үшін қолдаймын? Ашық хатқа не үшін қол қойдым? Неге Исматулланы қолдап отырмын?
Ең алғаш маған баспагер ретінде ол кісінің екі кітабын алып келді. «Сіздің баспадан шығарсақ» деді. Мен: «Әуелі оқып шығамын, егер ұлтқа зиян болмаса, ұлтараздық қайшылық туғызбаса, онда жариялаймын» дедім. Өйткені мен 40 жылға жуық уақыт журналист болып келемін, мұндай тәжірибем жетерлік. Қауіпті ештеңе көргенім жоқ. «Құран сырларының әліппесін» қарап отырсаң, өте қарапайым тілмен тәпсірлеп берген. Оқып шықтым да «басамын» дедім. Зікір туралы деректерді Шоқан Уәлихановтан көрдім. 15 ғасырда зікір салынған. Содан кейін, зікіршілер бір жерде бір жарылыс ұйымдастырды, адам өлтірді деген факті бар ма, айтыңыздаршы? Естісем құлағым керең болсын! Егер бар болса, көрсетіңіздер, онда мен «бекер қол қойдым» деп өкінейін. Біз «зікірші біреуді өлтірді» дегенді естігеніміз жоқ. Сосын маған ұнағаны - ақсақалмен ең бірінші кездескенде, ол кісі маған: «Құдайдың жердегі көлеңкесі - Президентің, Патшаң, егер патшаңды сыйлай алмасаң, онда ешкімді де сыйлай алмайсың, өйткені, оның сендер білмейтін саясаты болады», - деді. Мен сыртқа шыққасын, «мынау шынымен ақыл екен» деп ойладым. Расында біздің елде қаншама саясат жатыр, біз, жазушылар - эмоцияның адамымыз, кейде сын айтып қалып жатамыз», - деді Дидахмет Әшімхан.
Жиында өз кезегінде халық ақыны Әселхан Қалыбекова: «Мен 1997-98 жылдары 2000 адамды бастап, наразылық шарасын да ұйымдастырғанмын. Билікке: «Халық ашығып отырғанда, сендер қарамайсыңдар.» дегенбіз. Кейін, Исматулла Мақсұммен кездескенде: «Айналайын, олай болмайды, бір дұғаң қабыл болса, патшаңа қыл, сонда ел боласың, береке кіреді» деп айтқаны менің жүрегіме енді. Осындай ақсақалын түрмеге жауып қойған қай елді көрдіңдер?» - деді.

Жиын жалғасады...
Дөңгелек үстелде деректі фильмнен кейін аға прокурор Сержан Батырбеков айыптау қорытындысынан дайындалған баяндаманы зиялы қауым назарына ұсынып еді, фильмге ден қойылғандықтан, баяндама қызу талқыланбай қалды. Прокурор баяндамасында мынадай айыптау сөзін айтқан еді:
«Исматулла Әбдуғаппардың ұстанған діни бағыты - ислам діні ішіндегі суниттік сопылық бағытқа қайшы. Ясауи ілімін бетперде ретінде қолданатын жаңа діни ағымға жатады. И.Әбдуғаппар және «Сенім. Білім. Өмір» республикалық қоғамдық бірлестігінің ұстанған бағыты - Ясауи, Абай, Шәкәрім, тағы басқа қазақ ғұламаларының ұстанған жолына қайшы. Бұлар қазақ ғұламаларын өздерінің діни ілімін танытуға бетперде ретінде пайдаланған. ҚР-ның 2005 жылғы 18 ақпандағы «Экстремизмге қарсы күрес туралы» заңда жеке тұлғаның немесе заңды тұлғаның діни өшпенділік немесе алауыздықты соның ішінде, зорлық-зомбылыққа нашақормен байланысты алауыздықты қоздыруды, сондай-ақ азаматтардың қауіпсіздігіне, өміріне, денсаулығына, имандылығына немесе құқықтары мен бостандықтарына қатер төндіретін кез келген діни практиканы қолдануды діни экстремизмді көздейтін іс-әрекет ұйымдастыру және жасау экстремизм деп танылады. Сонымен қатар, өз еркінен тыс діни орталықтарда болып, болған топтық зікір рәсіміне қатыспаған адамдардың денсаулықтарына зиян келтіру фактілері діни экстремизм деп танылған». Қалалық прокуратура өкілінің баяндамасын мұқият тыңдаған зиялы қауым сопылардың «діни экстремизмнің» қандай түрін жасағанын түсіне алмады. Бар қызметін ұлы бабалар мұраларын жаңғырту, діни экстремистік идеологияларға қарсы тұру, азаматтардың бойында отансүйгіштікті көркейтуді мұрат тұтып, зиялы қауыммен, мемлекеттік құрылымдармен ашық әріптестікке арнаған қоғамның бір сәт өзінің «экстремизм» қамытын арқалап қалуы ақты қара қылудың классикалық үлгісі екен демеске шара жоқ. Дегенмен, «дөңгелек үстел» барысында өзара түсіністікке ұмтыла өрілген әңгіме құқық қорғау органдарының өкілдеріне де ой салмады деуге негіз жоқ. Осы сөзіміздің айғағына мәжілісті түйіндеген жиынға төрағалық етуші, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Серік Сейдуманов мырзаның ақ жарылған сөзі дәлел: (Сөзбе сөз):
«Біріншіден, алыс-жақыннан жиналып келгендеріңізге ризашылығымды білдірейін деп отырмын. Жиналғандарыңыз, көзбе көз кездесіп, пікір алмастырғанымыз өте жақсы болды. Газеттерден оқып біліп жатырмыз, алайда, осындай дөңгелек үстел басында бірінші рет кездесіп отырмыз, екі жаққа да жақсы болды деп ойлаймын. Өз ой-пікірлеріңізді бізге жақсы жеткіздіңіздер. Біз оны мәлімет ретінде, тек қана мәлімет ретінде емес, мазмұны жағынан тыңдадық. Біздің ойымыз да сол еді; біріншіден, сіздердің хаттарыңызды оқыдық, сосын, сол кісілермен кездесейік, ойларыңызды тыңдайық дедік. Екіншіден, қандай да бір мәліметті жеткізуді... Қазір көріп отырмыз, өте бір анық нәрсе емес екені көрініп тұр. Мына жағы жақсы, мына жағы жаман деуге қимайды екенсің. Мына келген кісілер өздеріне жазып алды. Бәріміз де қараймыз, әр қырынан қарайтын боламыз. Ал енді сіздер өздеріңіз жүрген жолдарыңыздан бір күнде тоқтамайсыздар. Секе, (Светқали Нұржан), өзіңіз айтып кеттіңіз ғой, не болса да ілім бәрібір бола береді деген сөз болды ғой. Ал, жағдай қалай болатынын болашақта көрерміз. Сіздер бүгінгі осы мәліметтерді алдыңыздар, көрдіңіздер. Объективтік жағдайда қарайсыздар, объективтілік керек қой, бәрібір. Басқа да бірдеңелер табылса, тағы да жеткізесіздер. Осымен тоқталады деген ой жоқ. Бәрібір өмір жалғасады. Мына жұмыстар жалғасатынын өздеріңіз де біліп отырсыздар, бір күнде тоқтала салмайтынын білесіздер. Бірақ сіздерді тыңдап жүретінімізге сеніңіздер. Біз билік жағынан әрқашанда тыңдаймыз, тыңдап жүреміз, бірге боламыз, ал мынау қазір сотқа берілгесін білесіздер, материалдар қарау жалғасатын шығар. Бірақ та сіздердің айтқандарыңызды мәлімет ретінде және мазмұндық жағынан қараймыз. Тағы да ризашылығымды, рахметімді айтамын. Хабарласып тұрыңыздар, телефондарымыз, кабинетіміз ашық әрқашанда. Бұл бір күнмен бітпейді, бір жылмен де бітпейтін шығар, сол үшін бірінші рет жиналып, осы қандай мәлімет қандай болса да әр жағынан болса да көріп тұрмын ғой енді, мына жақтағы мәліметтерді көрдім, мына жақты да тыңдадым. Қайшы келетіндері көп екен, өте көп екен. Сонымен әрі қарай объективтік жағын қарайтын шығар деген ойымыз бар. Сіздерге рахмет, кездесіп тұрайық», - деді. Жиын соңында зиялыларды бастап келген Дидахмет Әшімханұлы сөз сұрап, былай деді: «Бүгінгі әңгімеміз өте жылы болды деп есептеймін. Бүгінгі мына құқық қорғау органның азаматтарына өте риза болып отырмын. Өте бір жүзі жылы, иманды жігіттер екенсіңдер. Джек Лондон айтады: «жер жүзінде ешкімге бағынбайтын ЗАҢ деген құдірет бар. Заңнан ешкім әрі кете алмайды» деп. Біріміз заңға бас иеміз. Бірақ заң да Ақиқатқа бас иеді деп сенемін».
Дәл қазіргі уақытта Қазақстандағы ең өзекті тақырыптың бірі - дін. 90-шы жылдардағыдай емес, мемлекет кез келген діни тақырыпқа аса сақтықпен қарайтын уақытта зиялы қауымның Исматулла Әбдіғаппарға ғана емес, сол кісі насихаттаған Ахмет Ясауидің іліміне, ұлт руханиятына араша түсіп отырғанын өкімет орындары назарға алған сияқты.

P.S. Қазақстанның түкпір-түкпірінен ат терлетіп келген зиялы қауым қалалық әкімдіктегі дөңгелек үстелден кейін, ертеңінде шілденің 8-де өтетін сотқа қатысуға ниет білідіріп еді, ашық сот деп жария қылынған сот отырысы жабық өтті. Кейін процеске қатысушылардан белгеніміз, «Ақиқат» фильмінің басты кейіпкерлерінің бірі, «жәбірленуші» Алтынай Гахтибиева сот алдында «Исматулла ақсақалдан тәрбиеден басқа ештеңе алған жоқпын. Оларға қояр ешбір талабым жоқ» деп ағынан жарылған. Міне, қызық! Сонда Гахтибаеваны теледидарға біреулер мәжбүрлеп сөйлеткен бе? Бұдан бөлек айыпталушылар мен олардың қорғаушылары алдын ала тергеу кезінде істі қадағалаған Бас прокуратура өкілі С.Бексұлтановтың жұқалап айтқанда, заң аясынан шығып кететін «ерліктерін» еске алып, оны сот мәжілістерінен шеттету талабын қойған көрінеді. Судъя бұл талапты қанағаттандырып, прокуратура өкілін сот залынан шығарып жіберіпті. Шикі «істің» шикілігі осылай ашыла берер. Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам, таба жолы - тар деген осы болса керек.
Жиыннан кейін болған әңгімеде прокуратура өкілдері «сот ісі алқа билер арқылы қаралады» деген болатын. «Ал, алқа билерге осы шындық айтылды ма? Әлде оларға да ақпарат тек бір жақты жеткізілді ме? Алқа билер белгілі бір адамдардың ғана емес, қазақ халқының дүниетанымын қалыптастырған тәуелсіз Қазақстандағы Ясауи ілімінің тағдырын шешуге кірісіп отырғанын біледі ме екен? Араларында тарихшы бар ма?» деген сұрақтарға жауапты да көп ұзамай жариялап қалармыз...

Алмас ҚУАНБАЙ,
«Үш қиян» газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1483
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3255
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5502